Мақпал Мыса (Түнгі этюд)

 Мақпал Мыса (Түнгі этюд)

Мынау сыры бөлек түн,
Ғашықтардың мекені.
Жапырағы теректің
Сыбыр сыбыр етеді.

Аспантауды аймалап,
Самал есті жай ғана.
Төбемізден ай қарап,
Мүлгіп тұрды айнала.

Тау өзені арқырап,
Түн түндігін түреді.
Жұлдыз біткен жарқырап,
Қайнарбұлақ күледі.

Қайтқан кез бұл жыл құсы,
Тырна біткен тыраулап.
Ат үстінде жылқышы
Түннен дыбыс жүр аулап.

Жайлауды аңсап бар ауыл,
Асығады жазына.
Ойға қояр қарауыл,
Түн дегенің – қазына.

Жаным нұрға шөлдейді,
Іздегендей бұлбұл бақ.
Көңілімді тербейді
Тылсымы көп түнгі ырғақ.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру