Ақерке Асан (Түс...)

 Ақерке Асан (Түс...)

"...Тал бесік пен жер бесіктің арасы,
Атқан таң мен батқан күндей қарашы."
Аманжол Әлтай.

(Бұл өмірден ерте кеткен, аяулы періште, сіңілім Ханзадаға арнаймын...)



Жүректі шерлі қозғар мұң,
Жұтылып батса тозған күн.
Түсімде тұман торлайды,
Ұйқымды ұрлап бұзған түн...

Түбіне түсіп тамұқтың,
Мазасыз ойдан жалықтым.
Еркемнің үні естілед,
Жұмақтан жеткен талып тым.

Фәнидің ұзап төрінен,
Көбелек-ғұмыр көріп ем...
Сен гүлге қонған нұрмысың,
Түнектен тайып, сүрінген?

Күндерге іңкәр құмарттым,
Несіне тағдыр кінә арттың?
Сен құрақта қалған қызғалдақ,
Нәрінен өскен бұлақтың.

Елесің келсе күн күлген,
Періштем бе едің, кім білген?
Бейнеңнен сенің айналдым,
Түсіме еніп, түн түрген.

ХАНЗАДАМ, ғазал шырайлым,
Ойымды орап тұр қайғым.
Раятын жауып түс бітсе,
Анаңа сәлем дұғай мың.

Думанды бағым дарханым,
Базары кетіп арқаның,
Алашқа, Тәңір , қарашы
Қаһарлы қайғы артқанын.

Ботасын күтер бозіңген,
Көрем деп сені көз ілгем.
Күлімдеп тұрсаң, қайтемін,
Ағамның адал көзінен?!

Күрсініс ойға берілсем,
Жалғыздық ойдан жерінсем,
Бұлт үзіп сәби қолыңмен,
Жасымды сүртіп едің сен.

Періштем нұрды іздеген,
Жақсыдан үміт үзбеп ем.
Көңілім көктем болғанмен,
Санамда сартап күзгі өлең.

Ақжауын жауса себелеп,
Батамын мұңға неге көп...
Қанаты суға малынып,
Көрінбей кетті-ау көбелек...

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру