Пай, пай, Өмір! - Мұқағали Мақатаев

Пай, пай, Өмір!  - Мұқағали Мақатаев

 Пай, пай, Өмір!
Өтесің-ау бір күні.
Тыясың-ау қуанышты, күлкіні.
Өмір деген - бір жарқ еткен найзағай,
Өмір деген - көк аспанның күркірі.
Пай, пай, Өмір,
Өтесің-ау бір күні!
Болмағандай, жүрмегендей сенде біз,
Кетеміз-ау, әй, кетеміз,.. пендеміз.
Ұрпақтарға береміз де кезекті,
Біз кетеміз.
Кету үшін келгеміз.
Өмір деген - бұйым емес қолдағы,
Өмір дейтін - ұлы бекет жолдағы.
Қаның кеуіп қаталаған кезіңде
Сусыныңды қандырсаң бір болғаны.
Мына күн де, мына аспан да, дала анау,
Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау!
Өмір дейтін - тағатсыз бір қозғалыс,
Өмір дейтін - өлемін деп қарамау. 


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру