Ер кісінің киімі жатпас жерде


Батыста Есенгелді бай болыпты,
Мыңғырған төрт түлігі сай болыпты.
Жеті атадан бері қарай дәулеті асқан,
Болыс болып атағы сай толыпты.

Тоқалынан туылған Бекей атты,
Ұлы болған ақылды, асыл затты.
Данышпан, хат таныған білімді боп,
Беделі елге тарап асып жатты.

Ұлдары Бәйбішеден жаратылған,
Көре алмаған Бекейді дара туған.
Байлығыңды босына шашып жүр,-деп,
Жамандап кек алуға белді буған.

Сонда тұрып бай айтты: не амал қылам,
Екен ғой іштен шыққан шұбар жылан.
Балдары айтты, ойланба түбіне жет,
Мал ашуы, жан ашуы қайтады кек.

Осылай өзгерткен соң көз қарасын,
Залым әке мерт қылды өз баласын.
Жаман хабар қашанда жатпас жерде,
Жайылып ел араға мол тарасын.

Есті келін жүгініп қазы, биге,
Бай үстінен шағым мен жаны күйген.
Байлық қуған залым бай дүние үшін,
Айырды осылай,-деп, жардан сүйген.

Сөз төркіні келгенде құн төлеуге,
Есті келін қолқа айтты сөзді елеуге.
Байыма құт болмаған дүние, малы,
Құт болып жарыта алмас баз біреуге.

Жеті атадан бері қарай нәсіп еткен,
Төрінде ілулі тұр құндыз шекпен.
Сол шекпеннің үстінен бір аттасам,
Қайтады күйеуімнің құны кеткен.

Келіннің өтінішін қабыл алып,
Би, қазы шығарыпты сондай жарлық.
Қасиетті шекпен мен кеткен дейді,
Бағы тайып, сол байдың дүние тар ғып.

Бір жұтта мал, мүлкінен айырылып,
Қалыпты қанатынан қайырылып.
Аштықтан ақыр соңы өлген дейді,
Өкінгеннен пайда жоқ кеш ұғынып.

Ер кісінің киімі жатпас жерде,
Деген ұғым таралған солай елге.
Киімнің құты қашып, бағың тайып,
Пайда болмас шығарған маңдай терден.

Насыреддин Қожырбайұлы
Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу