Жер ана – сені сүйемін!


Туған жердің топырағын сүйемін мен!
Сүю ғана, түк емесін білемін мен.
Өзге жерде ғажап мекен бар десе де,
Өз жерімнің топырағына сіңемін мен…

Не десе де, Отаным бар. Бақыттымын!
Сынамаймын, назданбаймын, шақырып мұң.
Бабалардан мұра болып қалған жерді,
Әр уақытта қорғауға мен асықтымын.

Өміріміз – біздер үшін сынақ екен,
Қамшының сабындай-ақ, шұнақ екен.
Жаратқанның берген сыйы – Жер-анамыз,
Білсек, егер, қадірін – Жұмақ мекен!

Дінге, ұлтқа, жүзге, руға бөлінбестен,
«Адам» деген атымыз шықпай естен,
Тіршілікке пана болған Жер шарын
Сақтай алсақ, бір пәлеге төндірместен.

Адами парызымыз – осы болар.
Басымызға нағыз Бақ сонда қонар!
Өзімшілдік өртеніп кетсе егер,
Қайырым мен мейірімге әлем толар!

Өзге адамның көзінен ағызып қан,
Ашкөзденіп дүниесін жинап тыққан,
Ей, пенделер, не деген көр-соқырсың?
Жұрдай болған шынайы имандықтан.

Махаббат қой, бәрімізге керегі,
Бұл өмірдің, мейірімділік - тірегі!
О дүниеге аттанып бара жатып,
Өкінішке батар мекен жүрегі…

Аянбашы, бар кезіңде, әлемді сүй!
Шын көңілмен санаңа жақсыны түй.
Ұға алсаң, ұрпағыңа мұра болар,
Жер-ана біздер үшін – ортақ бір Үй!

Ағаш кетсе, жер бетінен ауа кетер,
Сонда адамның ұрпағы қалай өсер?
Бір балаңның бетінен көз алалмай,
«Осыған», деп, жиғаның текке кетер.

Отырғызшы бір терек балаң үшін,
Пырдай болып кетпейік, қырылып қыршын…
Адамзаттың кеселін «ақша» деген,
Қуып жүріп, адаспайық өмірден шын.

Сұрағаның Тәңірден, алдыңа келер!
Байлық болсын, бақ болсын – бәрін берер.
Шеше алдым, деп фанидің құпиясын,
Араныңды игермесең, бәрі бекер…

Сондықтан да, жеріңді сүй, еліңді сүй!
Махаббатты сезіне алсаң, бұл ғажап күй!
Өмір бойы осы күймен тербеленгенге,
Жұмақтың қақпасы ашық – санаңа түй!

 Асылжан Мұратұлы


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу