Cәбит Мұқанов (Балқаштың түні)

 Cәбит Мұқанов (Балқаштың түні)

Түн. Кең дала қалғыған секілденіп
Үнсіз тұр. Аспанда жоқ шөкім бұлт.
Сәулесі жұлдыздардың шабақтардай,
Бір сүңгіп, бір малтиды суда тұнық.
Су ғана емес, жұлдыз құрғақта да
Шашырап төгілгендей, жан-жақ дала
Бөленіп электрдің шамдарына,
Аспанмен жымыңдайды ойнап дала.
Дегендей дала «еркін дем аламын».
Гүрсілін солқылдатып кең алабын,
Заводтың моторлары зымырайды,
Жүрегі соққандай боп ен даланың.
Ыстық қан сол жүректен тарап бойға,
«Маған мол ішетұғын азық қайда?»
Дегендей бар дауыспен әнші гудок
Оята жер мен көкті салады айқай.
Сол кезде бұлдыраған Қоңыраттан
Динамит естіледі гүрс-гүрс атқан,
Құлайды салдыр-гүлдір мыстың кені
Ғасырлар ұйқтап жатқан, тас боп қатқан.
Дәл бұдан он жыл бұрын осы кезде,
Тасбақа, жылан, шаян, желден өзге
Жолменен жан жүрмеген жортып кеткен,
Түседі бір эшелон поезд көзге.
Дем бүркіп қызыл жалын қара қошқыл,
Шашырап тұяқ тиген жерден ұшқын,
Эшелон жылдам барып, тез қайтады,
Арқаға бөктеріп ап кенін мыстың,
Мыс кенін мешкей завод асап майдай,
Жұтқан кен қазандарда құрттай қайнай,
Шүмектен ақтарыла төгіледі,
Қызыл су шешек атқан гүлдей жайнай.
Шашылмай, бірақ, бекер төккен шешек,
Қалыпқа ақтарылып қойған төсеп,
Кеше сұр тас,- бүгін мыс - қызыл алмас,
Кеше құнсыз, бүгін көз қимас кесек.
Уа, менің қызыл алмас - қызыл мысым,
Кең байтақ даламның сен қаймағысың,
Туғанда ел басына қанды күндер,
Отанға қаймақтан да пайдалысың.
Майданға тоқып сенен тор,ау құрып,
Шырмалта құрған торға жауды жығып,
Сымыңмен үзілмейтін қызыләскер
Өлтірмек фашистерді буындырып.
Балқашта, Қоңыратта - мысты тауда
Мол қазна, жететұғын ел қорғауға,
Сол мыстан қызыләскер миллиондаған
Құрады ажал торын фашист жауға.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру