Cәбит Мұқанов (Жастық)

 Cәбит Мұқанов (Жастық)

«Оян» -
Деген есітіп таңнан ұран,
Мен көбіне таңертең ерте тұрам.
Далаға шықсам,
Күңгірт батыс жаққа,
Барады жиырылып түнгі тұман.
Таң түннің ыдыратып шетін сөге,
Болады ол уақытта алакебе,
Оянып ұйқысынан көзі жайнап
Қарайды әлденеге аспан төне.
Аспан төнген шығысқа мен де төнем,
Аспаннан ойым биік,
денем төмен.
Аспан да, мен де күткен ардақтының
Бетінен мен
Аспанның бұрын өбем.
Ардақтым - таң: көркем бет, сұлу тұлға,
Тұлға көркі тозбайтын мыңдар жылға.
Қыс, көктемді, жаз, күзді елемей ол
Бәрін бірдей бөлейді гүлді нұрға.
Таранып тоты құстай таң баптанып,
Әуел қызыл-күрең жай нарттанып,
Бір кезде мың құбылып,
Биік аспан
Бойына кетеді кең тармақталып.
Сонда мен өзімді-өзім ұмытам да,
Ғашықтай күлген жүзі жылы таңға,
«Құшағыңа ал!»- десем,
Шымқай жібек
Батсайыға бөлейді мені таң да.
Жатпаймын бөленіп жай еріншектей,
Ондайда тұра ма жан шегіншектей?
Сүйемін құмарлана таңды беттен
Ажары гүл жайнаған келіншектей.
Сүйем де,
Қызынамын, жалындаймын,
Жалын шалған майдай боп дауылдаймын.
Құмардан шықпай, (шығу мүмкін емес).
Келеді жетіп таңның жарындай күн.
Кербез таң күнді құшқан ойды мас қып,
Балқытып күннің нұры бойды мас қып,
Жерде тұрып, «не көрдім?» десем:
Ойға
Түседі таңдай сұлу, мәңгі жастық!
Жастық та мәңгі сұлу, сұлу таңдай,
Жастық, таң қатар тұрса бірін таңдай -
Алмаймын,
Екеуі де бірдей қымбат,
Өмірімде ең қымбат шыбын жандай.
Жастық та, таң да маған бірдей қымбат,
Екеуін шалқиды жан бірдей жырлап,
Үшінші бір қымбат бар -
Оным көктем,
Көктемде - тоты таңдай көрем гүл-бақ.
Атса да қыстыгүні тотыдай таң,
Таң нұрын тамашалар қарда жоқ жан.
Ал, көктемнің гүл бағы тоты таңды
Қарсы алады, сәніне еселеп сән.
Көктемде таң біліне тасқанда нұр:
Жер де гүл, мың құлпырған аспан да гүл.
Аспаннан нұр, жерден гүл бірдей бөлеп,
Жырлайды сол көрікті шалқып бұлбұл.
Таң, көктем, жастық!-
Бұлар ағайынды,
Бұлар бас қосқан көрік тағайынды.
Мен - СССР ақыны,
Осындай бір
Тамаша бақыт шолған маңдайымды.
Бұрынғы тақ, бұрынғы жастық
Қысқа
Ұрынып,
Қыстан үркіп ұшқан құстай,
Тайсалса,
Октябрьдің таңы ата,
Оралып келді ұшып біздің тұсқа.
«СССР» дейтін бізде туып көктем,
Жерде гүлдер құлпырып, таң да көктен.
Таң, көктем, жастық -
Жұбын жаңа қосып,
Үшеуі мол бақытқа бірдей бөккен.
Таң мәңгі!
Жастық мәңгі!
Көктем мәңгі!
Үшеуінен ақындық алып дәнді,
Таң бейнелі тамаша жастыққа мен
Шырқаймын жас жанымнан арнап әнді

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру