Cәбит Мұқанов (Колхозды ауыл осындай)

 Cәбит Мұқанов (Колхозды ауыл осындай)

Бар тәнін жұлдыз жапқан барқыт түнде,
Комбайнға күзетші шалмен бірге
Далада отырдым мен,
Кұлағымды
Бірдей сап шал сөзіне, басқа үнге.
Шалымның аты Кенбай - сөз ұясы,
Басы, бір жалғанның кең дүниясы;
Ертегі, өлең, жырдың, шежіренің
Миы бай, көркем, сұлу антологиясы.
Сарқылмас сөзі таудың бұлағындай,
Сиқыр сөз көлдің сұлу құрағындай;
Жортады желмаядай шал кеңеске
«Осылай болған екен, шырағымдай!»
Сусыным қанбай шалдың бұлағына,
Сөздері балдай жағып құлағыма,
Отырсам бізді тыңда дегендей боп,
Шулайды құс та, мал да, қыр ақы да.
Текелер пысқырынып бақылдайды,
Қаз қаққылдап, сауысқан тақылдайды;
Аш қасқыр ұлып, үрген иттің даусы
Темірдей тиіп көкке шақылдайды.
Жайылған жылқыларын беттеп айды,
Түгендеп жылқышылар құраулайды;
Егінге жолай алмай күзетшіден
Ыза боп тырна қатты тыраулайды.
Ойнаған жастар заулап әндетеді,
Жаңғырып жер өмірге ән кетеді;
Ішінде сол қызықтың отырғанда,
Лезде көтерілді таң етегі.
Шығыс жақ ұқсап бейне біздің туға,
Малынды қып-қызыл боп алтын буға;
Торғын көк көлін көктің көлбей жүзген
Ұқсады күміс түкті күн аққуға.
Сүйем мен таңды тудай, туды таңдай;
Таң нұры жүрегімнің қаны-жандай,
Мен жырлап көрген емен жүрегімді,
Туым мен таң нұрына бірдей малмай.
Жүректі шалған сәуле күй қылындай
Сыңғырласа, саулап жыр тілімнен бай.
Мен ағызам, тамаша таңның нұры
Секілді маған совет символындай.
Советтің символындай сұлу таңға,
Бөленіп жанды-жансыз нұрланғанда...
Солардың таңды қарсы алған үні,
Толықсып, толқып сыймай тұрды маңға.
Толқыған күй қимылы тәнін тербей
Шыққандай саяхатқа серуендей.
Мал өріске, құс көлге, адам іске
Тізіліп қарап жатты керуендей
Ниетпен ертеңіне егін ормақ,
Өткен кеш комбайнын колхоз оңдап,
Кенбайға тапсырғанда таң атқанша
Отыр деп ұры менен малдан қорғап.
Сақтығы нақ погран отрядтай,
Не қалғымай, шынтақтап яки жатпай,
Таң атқанда тапсырды Кенбай ағай
Комбайнды маңына жан жолатпай.
Жаурыны жап-жалпақ, шалқақ кеуде,
Сұңғақ бойлы, бітімді ұқсас дәуге.
Комбайншы рульде отырғанда,
Денесіне себілді күннен сәуле.
Ол өзі жігіт еді нұрға таңдың
Келбеті, көз бітімі ер боларлық,
Жүз процент сау шығып, военкомнан
Күз әскерге баруға алған жарлық.
Күресте жігіт емес беті қайтқан,
Еш қауіп жоқ жүрегін онықңшайған,
Отанды жаудан қорғау, я табиғат
Байлығын алу оған бірдей майдан.
Желкілдек құлан жалын желпіп желге,
Тұяғын құрыш болат қашап жерге,
Трактор шыға келді паркінен тез,
Жорыққа баратынын жарлап елге.
Жорығы онық барар егін жорық,
Піскен егін ой-қырға тегіс толып,
Толқып жатты, жиегі жер мен көкті
Астастырған кең, жалпақ, теңіз болып.
Кең теңіз ерсіл-қарсыл шалқып жатты,
Күлген күннің сәулесін тартып жатты;
Кызыл бидай қып-қызыл алтын қаймақ
Бетінде қап-қалық бпі қалқып жатты.
Тракторшы жігіттің бұйрығына
Бойұсынып, комбайнды құйрығына
Тіркеп ап, трактор да тақ қалдырды
Халықты жүрісіне, қимылына.
Күшіне жануардың қайран қалып,
Соқынан егін беттеп ерді халық;
Егінге кірді алып «Красиндей»
Малтыған мылқау, меңіреу мұзды жарып.
Денесі әрі алып, әрі епті,
Бір елі бөтен жаққа бұрмай бетті.
Жүргенде жанын сала, алған демнің
Дыбысы ендаланы дірілдетті.
Алқынбай, өкпе,танау қусырылмай,
Тетігі фабриктің ұршығындай,
Айналған комбайнның орағынан
Қырқылды егін жүннің қылшығындай.
Бір тісі қанша қырықса майырылмай,
Бір сабақтың басынан айырылмай,
Комбайн жұтты егін сабақтарын
Теңіздің балық жұтқан жайынындай.
Жұтқан сабақ сүйегі кемірілмей,
Қалмады, кемірілсе жемірілмей,
Саулады бір өңештен қызыл бидай;
Домнаның судай аққан теміріндей.
Жол болды ізі көштің сорабындай,
Сорап жолы алаша жолағындай,
Бидайдан тазаланып ұшқан қауыз,
Ұйтқыды желге қыстың боранындай.
Аққан бидай тынымсыз бір арылмай,
Тасыды бейне таудың бұлағындай,
Үйіліп сабан қалды, тасқын айдап
Сал болған өзеннің қу құрағындай.
Сия ма арнасына бұлақ тасса,
Жазыққа төгілмей ме жардан асса;
Бидай алтын қазына, оны төкпей
Құйып алып сақтайтын берік касса.-
Бар, ол касса - кең кебеже пятитонка!
Кебежесі болған емес оның орта;
Комбайн толған кезде пятитонка
Желмаядай келеді желе-жорта.
Мінгізген мыңды, көлік болған көпке
Берік бел, бауыры құт, алып - лөкке
Тиеді ауыр жүкті колхозшылар
«Жеткіз!-деп,- төкпей түгел үкіметке».
«Арт!- дейді,- ауыр қылып,- күліп
Кенбай,-
Егін көп, былтырғыдан биыл ел бай,
Жеке байды «бай» деп тек айтыпты ғой,
Боп көрген жоқ колхозға ешбір тең бай.
Колхозда жырту да той, егу де той,
Егінді шабу, соғу, бөлу де той,
Еңбекті тойлаттырған мемлекетке
Сыбаға ұлы тойдан беру де той.
Шофержан, машинаңа мол қылып арт,
Артарыңда қоямын жалғыз-ак, шарт,
Бұл жүгіңді бақытты тұрмыс берген
Партияға апарып тартуға тарт.
Сен оған айт: бір емес тобымыз де,
Әкеп тұрған бұл астық қорымыз де.
Бейбіт күнде нанымыз, соғыс болса,
Бір бидай жауларға бір оғымыз де.
Сен оған айт: төгілді нұр елге де;
Осы нұрды сөндірем дегенге де,
Колхозшының қаны да қас, ондай сұмды,
Жоямыз тізіп таптық көгенге де!»
Бас тартпай колхозшылар айтқан шарттан,
Путевка ап жолына Кенбай қарттан;
Тақтайдай грейдермен пятитонка
Жортып ала жөнелді бидай артқан.
Тымықты дауылдатып, желді үйіріп,
Жортақтап шабысына басты жүйрік;
Созылған бір көш жерге қою шаңнан
Шұбалта бұп-бұйра ғып тақты құйрық.
Бірдей ғып алысыңды, жуығыңды,
Апшысы басқан жердің қурылды,
Теңеді бұл шабысқа колхозшылар
Қобыланды батыр да Тайбурылды.
Шапқан сайын қайратқа бойы қызды,
Екпінді гуілдеді желдей ызғып,
Артына тақ боп қарап тұрғандардан
Ілезде қарасын ол бір-ақ үзді.
Қарамай тымық күннің шыжуына
Қажымай оның өткір қызуына,
Тоймады колхозшылар комбайнның
Егінді орған, соққан қызығына.
Ергенде комбайнға жұрттық сөзі:
«Осыны ақылдының ойлап өзі
Шығарған болар,- дейді,- ол кісіге
Керек істің өнімі және тезі».
«Бір ғажап өзі соғып, өзі қырған!
Е, бәсе осы керек жұртқа!
Мынадай қолымызда көлік барда
Шапса да өте қоймас балта мұртқа!»
Теңіздей тұрған егін толқып, шалқып,
Толқынды айдаған жел демін тартып,
Алғандай тынып кешке, бар қаймағын
Комбайн шашыратпай алды қалқып.
Ымыртта бригадир енді тоқта
Деген соқ колхозшылар келіп токқа,
Әр участок өзінің күндік ісін
Білуге есеп қылып қақты шотқа.
Есептеп әркім ісін шотқа қағып,
Күндік істің асыра орындалып
Қалғанын көрген кезде, күлді олар
Десіп «түгет біз бүгін Стаханов».
Көңілді орын еді токтың маңы,
Бақшадай жасыл орман батыс жағы;
Қасында айнадай кел, ақ шашағын
Жүзетін тамашалап аққулары.
Кемде-кем ондай келдің тетелесі,
Кел - аққу, қаз, үйректің ет-енесі;
Енесін еміп ескен семіз құстың
Бұлтиған тостағандай бөтегесі.
Қамысы жас баланың білегіндей,
Ұлпасы екі құстың түлегіндей,
Кел айнала шыққан шөп омартаның
Ширатылған таза, шым жібегіндей.
Қайыңдар күмістің сом бақанындай,
Жиі терек әскердің қатарындай.
Бұтақтар жапырағы сылдыраған
Өзбектің батсайы шапанындай.
Сұрғылт талы құйылған қорғасындай,
Ырғалуы жылқының жорғасындай,
Жақұт, шие, ақықтай жидегінің
Тәттілігі Алматы алмасындай.
Тобылғы қырдың қызыл қынасындай,
Гүлі кездің жанады шырасындай;
Сайрауы гүлге қонған бұлбұлының
Қазақтың бұлбұл құсы Күләшындай.
Тұрар ма ондай жерде бой қызынбай;
Па шіркін, не бар оның қызығындай;
Ауасын жұтсаң, бейне жас биенің
Майдағы балдай уыз қымызындай.
Сол жерде тіккен шатыр, таза күйме,
Берілген егіншіге жатыр үйге;
Күймеде патефондар кешкі салқын
Ауаны толқындырып басты күйге.
Ән, күйге құлағын жұрт салып тұрды,
Сұлу күйге сусыны қанып тұрды.
Бұлтсыз, сүттей жарық айлы түнде
Кызыл ту жалындай боп жанып тұрды.
Ай туға төне қарап төкті нұрды,
Төккен нұрдан толқынды ту құлпырды,
Құлпырған ту қасында бас колхозшы -
Бақыт күні батпайтын Ленин тұрды.
Теңіздей кім шалқымас ондай кеште,
Далада алқа-қотан жұрт кеңеске.
Кіргенде сусындайтын қымыз келді,
Кұйылған ысты саба, ысты меске.
Мол саба қандырады мұның бәрін,
Қытықтап қымыз исі мұрьшдарын,
Жұрт жұтып құмарлана денесінің
Қымыздан көрді лезде қызынғанын.
Қымызға қызық келіп араласты,
Көтеріңкі көңілдер судай тасты,
Қарқылдап күлді қарттар, ойын гүлі -
Ойнаған көріп өңшең өрім жасты.
«Не бар?- деп жекірмей шал қыз, қатынға,
Елемей ескі тұрмыс, ұятын да,
Аралас әйел, еркек ойнағанда
Айналды дала бейне театрға.
Не,- десең,- бұл театр?- Сол театр -
Дағдылы театрдан зор театр,
Залы - аспан, сахнасы сұлу дала,
Артисі миллионнан мол театр.
Кім,- десең,- сонша артист - ол ма? -
Халық.
Ұлы Отаннан бақытты тұрмыс алып,
Шат сезімін кернеген көрсететін
Сауықта биге, күйге, әнге салып.
«Кара жорға» секілді би де сонда,
«Серпердей» сұлу, тәтті күй де сонда;
«Еділбайдай» ән сонда, соның бәрін
Көріп көкке иығым тиді сонда.
Бақыт құсы далаға қонып тұрды,
Дала шаттық күйіне толып тұрды;
Кең дала арнасына ән-күй сыймай,
Кемерден төгілгендей болып тұрды.
Не кемітіп, немесе асырмайын,
Бұл ән, күйге мен қалай қосылмайын;
Шын сүйетін колхозды ауылымның
Көрдім мен, рақатта осындайын.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру