Жұмағали Саин (Ақын досыма)

 Жұмағали Саин (Ақын досыма)

Су сылдырап аққан кез еді,
Кешке арықтың бойында.
Жастар күліп жатқан кез еді,
Әуестеніп ойынға.
Достым, сонда біз екеуміз,
Бақшада гүл жамылып,
Жаттық ұзақ, ағаш төнді,
Алдына алқа тағынып.
Талай сырлар, талай жырлар,
Ағытылды, жырланды.
Талай күйлі, сұлу сөздер,
Ақтарылды сырланды.
Сонда сенің жүрегіңде,
Арман бар еді, сыр бар еді.
Сол сырыңды айтқаныңда,
Менен басқа кім бар еді?..
Менен басқа адам жоқ еді.
Сенің ол кез қасыңда,
Білім деген арман бар еді,
Арман бар еді басыңда.
Достым деп ең, міне қазір,
«Мен балапан ұяда,
«Қанат, топшым жетілсе әбден,
Ұшсам асқар қияға».
Гейне, Гете еңбектерін,
Қазсам деп ең, қоймастан.
Пушкин, Байрон балдарынан,
Татсам деп ең тоймастан.
Гоголь, Щедрин, Шекспирдің,
Қазынасын — қалғанын,
Том арқылы араласам,
Ескі дүние — жалғанын.
Содан кейін ұшсам деген,
Бар емес пе еді арманың?
Міне, бүгін қанат қақтың,
Қарыштадың самғадың.
Енді кәне, ақын достым!
Асқарына өмірдің,
Енді және жырлауына
Сұлу күйдің — көңілдің.
Ұшайық та, аспандайық,
Тынбай қанат зырласын.
Бар дауыспен ән салайық,
Колхоз — ауыл тыңдасын.
Бір жырлайық, бір оқиық,
Оқиық та, жырлайық.
Істе өсейік, шынығайық,
Жалықпайық, тынбайық.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру