Ілияс Жансүгіров (Кім екен?)

 Ілияс Жансүгіров (Кім екен?)

Бауырым, сәулем Күләнда!
Неліктен солғын ажарың?
Тұтылған айдай тұманда,
Неліктен төмен назарың?
Ақ дидарың тотығып,
Ақша бетің солыпты.
Жігерің жасып, от құрып,
Жанбастай болып сөніпті.
Жазық жаурын қайқайып,
Шыбық белің бұралып,
Құлағың қапты қалқайып,
Тамағың, жағың суалып.
Бүлдірген бетің сұрланып,
Тыржиып қабақ қатыпты.
Алмадай піскен нұрланып,
Тартылып ұртың батыпты.
Мөлдір тұнық қара көз,
Ажарсыз тартқан алайып.
Келте қара шашыңыз
Түбіт бопты шолайып.
Ақ білегің азғындап,
Білезіктерің босапты;
Қарағанға байымдап,
Саусақта жүзік бос қапты.
Ұзақ, сары таң көрмен тең,
Кірпігінде жоқ ұйқы.
Ұзақ, сары күн шермен тең,
Езуінде жоқ күлкі.
Көзіңнен аққан суық жас
Айғыздап бетгі шайыпты.
Суық жаспен аралас
Жүректен талап тайыпты.
Тамаша сауық, жиын той -
Біреуі де көңілсіз.
Достық, қастық, қызықты ой
Біреуі де сенімсіз.
От лебіндей ып-ыстық
Аузыңнан шыққан аһы-зар!
Кеудеңді кернеп, дерт қысып,
Көзіңнен сығып ағызар.
Өз жөніңді ұмытып,
Итке басыңды иесің.
Ұзақ таңға у жұтып,
Аһлап жастық сүйесің.
Айт шыныңды, сәулежан,
Кім мұңайтгы? Кім соқты?
Айырып ажар ақылдан
Әлде пері, жын соқты?
Шыныңды айт, неге бөгелдің,
Жүрекке жара салған кім?
Махаббат, талап, жігердің
Тамырын қиып алған кім?
Кім сарғайтты, налытты,
Айт, жасыма, жасқанба!
Дауыл менен жауыздың
Ұшқан күлі аспанға.
Өсекшіл жауыз қас дұшпан
Деді-ау әлде: күң екен.
Біз бұғаусыз арыстан -
Күң қылатын кім екен?

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру