Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (Көшпелі болған жұрттың шаруасы...)

 Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (Көшпелі болған жұрттың шаруасы...)

Көшпелі болған жұрттың шаруасы бар,
Сарт, ноғай жан сақтайды саудасы бар.
Жезқұйрық жапалақпен жемтіктес боп,
Сұрайтын бір-бірінен сауғасы бар.
Арасы ағайынның алыс болды,
Таласып, дамылы жоқ жарыс болды.
Жетіліп партиямен дәрежесі,
Жақсыға жаман адам таныс болды.
Жыртылды байға ерумен кедей таңы,
Көшінен адастырып байдың шаңы.
Күпілдеп, үйде отырып күжілдейді
Жігіттің қоразданған кейбір паңы.
Жаз болса, ауылдасың ыңғай қонып,
«Қызық қой бұ жүрген,-деп,-мұндай болып».
Өкшесін жылтыратып көп кедейлер
Жүрсе де ат пен тоннан жұрдай болып;
Біреуді пана қылып, сүйрегенсіп,
Мәз болып отырғанға саумал ішіп,
Мырзасы қасына ерген сол нашарың
Шығынын соған артар сырттан пішіп.
Басында бостандық жоқ, дамыл алмай,
Сапырылысып ертеңді-кеш жүрген талмай,
Тобындай қоңыр қаздың у-шу етіп,
Аттанар, көтерілер бірі қалмай.
Мұратқа бір жетеді тас салғанда,
Би, болыс, ауылнай боп басқарғанда.
Шығыны партияның суға аққандай,
Таласып, саннан кеміп тас қалғанда.
Жалаңдап аждаһадай ауылнайлар,
Беліне ақ киізден күйек байлар.
Сипырын бес тиынның бес теңге деп,
Кедейлер хат білмеген соры қайнар.
Мойнына сары жезден қарғы салып,
Алдына неше түрлі дау-шар барып,
Жиылып қара құстай билер отыр
Жемтігін өлексенің қоршап алып.
Осылай арам тамақ жеген бәрі,
Сақтанбас обал ғой деп жеткен әлі.
Жалықпас айта берсем, толып жатыр
Былайша заманада жұрттың халі.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру