Ілияс Жансүгіров (Беташар)

 Ілияс Жансүгіров (Беташар)

Айт - айт, келін, айт, келін,
Аттың басын тарт, келін.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін.
Келін келді көріңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Ала - құла демеңіз,
Атын айтып беріңіз.
Желп - желп еткен немене,
Желегің бе, туың ба?
Қыруар қырға нұр шашар
Желегің сенің қызыл ма?
Көгінде күнің нұр қосар
Бетіндегі қызылға.
Қызылды - жасыл бөленген,
Мынау қырдың. қызы ма?
Қылымсыма, қыр қызы,
Аттаған соң босаға.
Бетіңді бермен икемде,
Ашайын, айнам, сызылма!
Келін, келін, келдің бе?
Керілмей сәлем бердің бе?
Құтты болсын босағаң,
Құт келін бол еліңе.
Құтты болсын қосағын,
Қосылыпсың теңіңе.
Құт - береке оралсын
Желегіне, жеңіңе.
Күргейсіз күнге маңдай бер,
Ұмтылыңқыра, шегінбе.
Шеткерліктің шегесі - ау
Шегіншектік тегінде.
Келеде кеңес кеңейді,
Кер кеткен әдет шөмейді,
Қуанышын көңілінде.
Басыпсың қадам тауып жол,
Жармасып жаңа өмірге.
Оныңды ақын кұттықтайды,
Қуанышы көңілінде.
Тұсындағы торғайды
Қомсынбайды, қорғайды,
Жыры жылы, жерінбе.
Өзгеріпсің, өмірде,
Өлшегенде о күнге
Білезік жоқ па білекте.
Ойған танаң өңірде.
Омырауда ол сурет
Отырған кім, Ленин бе?
Жабырлаған жамағат,
Жуықтасын жолын бер,
Аш аранды келінге.
Ақ қоғадай бұралтып,
Айнам, бетіңді ашайын,
Анау бір өткен күндерді
Әуелі жырға қосайын.
Ол күнгі ауыл әлі бар,
Онан қалай қашайын.
Қаша алмасам жөні сол,
Ендеше саған басайын.
Қамқорсынып өз анаң,
Қыз табам деп ойлап па еді
Қыз тапсаң, араз болам деп,
Әкең айтып қоймап па еді?
«Күнге» кіндік кестіріп,
Қалжаға құртаң соймап па еді
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Осы күнге енді бір сәлем!
Асырады анаң амалсыз,
Алақанда аялап.
Ақ торсықтан сүт сордың,
Анаңның төсін аймалап.
Ақ бата оқып қой сойып,
Құда түсті бай, манап,
Жә бір жарлы мал берді,
Тайынша, тайлап, таналап.
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Қырқылжың қырттар қыжап қып.
Қылмаң қаққан қыз аңдып.
Қыз көнбесе «жесір» деп,
Сарапқа салған лаң қып.
Бесіктен белін шықпастан
Қыруар малын матаған,
Құлқындыны құмар қып.
Баса айттырды бай тәбет,
Көп «сұңқарға» сыңар қып.
Қылаң сақал шандыр шал
Күйеу болды күркілдеп,
Жиіркеніп ең жылан қып.
Сары су құйды санаңа,
Көңіл шер, көзді жылау қып.
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Матаулы малын әке алды,
Әже де алды аужалды.
Жеңгетайды жеңге алды,
Жеңге де киді дамбалды.
Құдаға қатын қадалды,
Қадалды да кәде алды.
Топыр болды, той болды,
Жан - жағына жар салды.
Тойды өлеңші толғантты,
Жамыратты жар - жарды.
Жар - жар емес, жанулы
Жүрекке салды қанжарды;
Жылады қыз жырлады,
Ағытты о да арманды.
Кейіді, күйді, қорланды,
Тудым деп неге қарғанды.
Ата - ананы қарғады
Қаңғыттың деп қарғанды.
Сүйткен қызды шал алды,
Қыз үйінде мал қалды.
Қыз қызықтан не көрді,
Қыз өмірге зарланды.
Ол шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Жарым жолдан жаяулап,
Жаңа жұрт көрдің жылысып.
Азаға салған арықтай,
Қоңыр желек қолпылдап,
Құтың қашты құнысып.
Абиырсыз абысын
Арсаңдап ашты бетіңді,
Сумаң қағып сұлусып.
Жыландардан жирендің,
Итере алмай имендің,
Имен қақтың қылымсып.
Топыр болды, той болды
Кәрі - жасы ыбырсып.
«Кешегі кеткен малымнан
Сілекей «қайтса болды» деп
Көрінді күндес биімеп.
Шал күйеуің шалмалап,
«Шәугімді әпер, ей», - дейді- ау,
Оқыранып, үйірсіп.
«Құтты болсын құт етек», -
Болсын деп шу - шу етеді,
Өңшең жылан құйыршық.
О шіркіндер о күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Қолында қоңыр домбыра,
Қыдырынды бір ақын
Қиқылдайды, сарнайды.
Домбыраның басына
Бәйбіше әлем байлайды.
«Беташар жолы сенікі» деп,
Әлеумет ақынды алдайды.
Жылан тиген жылқыдай
Оқиды, сені арбайды.
«Айт, келіншек, айт, келіншек...»
Арман таман айдайды.
Атын атап әркімнің
Әркімге сәлем арнайды.
Әркімге сәлем арнаса,
Алудың қамын қамдайды.
Өзінше о да өсиет.
Үйретеді хал - жайды.
«Өзін жатып, байыңа.
Тұр, тұрлама, келіншек;
Қаптың аузы бос тұр деп
Құрт ұрлама келіншек»,
Деп күйсейді, шайнайды.
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Одан әрі не болды,
Онысы өзіне аян ғой,
Оны менен сұрама.
Ақын әлгіні айтқан соң
Бай бадалғыр тұра ма,
Әйелге таң атты ма
Аттанған соң босаға?
Күндіз малшы, отыншы,
Түнде күзет қораға.
Батымды күндес баурады,
Болдың, қалдың қол бала.
Бүйідей бүрді сұр сона
Өгей ене дүзқара.
Қарарқұл, қортық
Қоңызбай
Қоқаңдады қамшы ала.
Жан жалын, қанын от күнде
Қазан соқты күл болдың,
Көмір болдың бір шала.
Жібек едің. жүн болдың,
Жүре - жүре күң болдың,
Отауын болды көр - мола.
Қол сілтедің дүниеге...
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Онан бері өтейін,
Келеге кеңес кіргізген
Кешегі күнге жетейін.
Өріске жұртты өргізген,
Бұл күнді айта кетейін.
Тұсына туып төңкеріс,
Бағыңа туып үлкен іс,
Басынды ашқан тұманнан.
Жылауыңнан жұбатқан,
Қабағыңнан қуантқан,
Қойныңды қаққан жыланнан,
Еркіндік беріп еліңе,
Қосып сені теңіңе
Шығарған шер - құмардан.
Ендігі сәлем шын сәлем
Бұл күніңе бір сәлем!
Айт, келіншек, айт, келіншек,
Атыңның басын тарт, келіншек.
Сауысқаннан сақ келіншек,
Жұмыртқадан ақ келіншек,
Алдыңғы түйең итіншек,
Итіншек деп ренжіп
Басқа соқпа, келіншек.
Артқы түйең тартыншақ,
Тартыншақ деп қабаржып
Көтке соқпа, келіншек.
Осы күнің, қай күнің?
Зарығып көрген заманың,
Күніңе туған сәйкестен:
Тулы жерде қайрат қыл,
Істейтін жерде еңбек ет.
Ептейлі жерде ебінше еп.
Жасарарсың, жасарсың,
Жауынды жазғы сен бір шөп.
Өнер үйрен, білім біл,
Оралында ойна, күл,
Ойлай, біле өмір шек.
Өзің жатып байыңа
Тұр - тұрлама келіншек.
Байың жатып жайына,
Қылқылдама, келіншек.
Жалқау болса жатқызба
Жұлқыла да, келіншек.
Болғандарың игі емес
Екеуің бірдей еріншек.
Қатар жүр де, қатар тұр,
Еріншектік - шегіншек.
Еңбегіңді еншілес,
Еңбексіздік - еміншек.
Үй шаруасын сен құра,
Желекті адам жеңілтек.
Тұз шаруасын сен құра,
Малыңды бақ, егін сеп.
Осылай бетіңді ашайын.
Желегіңнен жетелеп,
Жөн осы деп төтелеп,
Ілгергі елге қосайын.
Жол осылай жөн білсек.
Қуаныш қылған қоғамың,
Беташарға не бермек,
Кім жомарт, кім көңілшек?
Бергені сол жұртыңның
Бәрекелді десеңші,
Мәзбін соған: күлемін
Болғанымша көк ішек.
Күлкім сенін күнің ғой,
Көркіңді күттім, күнішім.
Көркей, көгер, гүліңді ек.
Көркей, көгер сенімен
Көгерерміз көгерсек.
Құтты болсын отауың,
Атың «қызыл» қойыпсың.
Дөдегесін дүрдитіп,
Оған борлат ойыпсың.
Ортасына от жағып,
Тойыңа тоқты сойыпсың.
Қайғысыз қазан асыпсың,
Қазанның түзе қайқысын.
Оңынан түндік ашыпсың,
Ошағын түзе ойқысын.
Ілгері аяқ басыпсың,
Өкшең түзе шойқысың.
Керегеңді кеуделет,
Тарта байла танғышын.
Белбеуіңді бекемде,
Беленді жердің желі жын.
Сынын түзе үйіңнің,
Орналастыр олқысын.
Мінін түзе киімнің,
Оңалт олпы - солпысын.
Аялап айран ұйтыпсың,
Айнымай айран ұйысын.
Жеделде, сүтті суытпа,
Ертерек күй ұйтқысын.
Қосағыңды қузай көр
Заман мынау көші - қон,
Бөле ұйықтасын ұйқысын.
Тап - тұйнақтай тазала,
Қоқсымасын қоқысың,
Отауының орны сол:
Тәрбие - тәлім еліңе
Болсын, отау отырсын.
Қабаржыма, қалың қол
Бергелі тұр қол ұшын.
Қонайын, құстай түтейін,
Қодар қолын көтерсін.
Қалың қалды - азатсың,
Шамдансын да шал жатсын.
Құбылмасын қорқыныш,
Өз басынды теңеуге
Білімнен шүйке шүйкелеп.
Өнерден өрмек тоқырсың.
Жаңа тірлік жассыңдар,
Өңшең, көзді соқырсың.
Сауықсын десең соқырлық,
Ұмтыларсың, оқырсың.
Ендігі үміт отауда,
Отауыңа кітап жи,
Оны ауылың оқысын.
Айт, айт келін, айт, келін.
Күлген күнді көрдің бе,
Ай жүзіңді аш, келін.
Кешкен елді кердің бе,
Аядай алға бас, келін.
Жаңа өмірге өрлепсің,
Жас сүлгім, жас көгім.
Өмір майдан өзгеше,
Әзірлен оған әліңше,
Жас жасақ, әйел әскерім.
Ауылда әдет әлі бар:
Қас дұшпаның, қаскөйің.
Оны жеңер жалғыз жол,
Жолың әне - оқу ол.
Өз талабың, жігерің,
Қағаз оқы, хат таны,
Сауатыңды аш, келін.
Оқығаның өкіл бол,
Әлеуметке бас, келін.
«Қазаншы қатын да үкімет
Басқарсын», - деген Ленин.
Ол ұранды орында,
Орындау оз міндетің.
Білімсіз теңей алмаспыз
Тең теңсізің, бас кемін.
Беталды сөйлей бермейін,
Беташар бітсін осымен:
Жамырашы, жасашы
Жас өркенім, жас өрім!
Бәріңе менен бір сәлем!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру