Күләш Ахметова (Құндақ)

 Күләш Ахметова (Құндақ)

Ертеңіне барады елім көшіп
Елді ойласам, қонады көңілге шық.
Менің алтын тамырым сол жақта еді,
Алтындарым жүр екен не күн кешіп?!
Аңсаулармен тербелер арман — шынар,
Аңсағанға табылар алдамшы нәр.
Сол жақта,
сол жақта сол мөлдір қалпы
Дүниеге қарайтындар қалған шығар.
Жүректері даладай жырға құмар,
Есен болғай елдегі, қырдағылар.
Есен болса, еңсесі басылмайтын
Сол жақта келешектің құндағы бар!!!
* * *
Көңілім, нәзік қылықтым,
Назыңды неге ұмыттың?
Құрсауында құрықтың
Тасқа ұрған тұяқ кетіліп,
Сауытқа тиген қылыштай
Қайтқанда жүзі үміттің,
Тәкаппар тұсқа тең келіп:
"Ақын қыз, қалың қалай?" — деп
Сұрайтын жақсы жігіт кім?!
Қақпайлаған арғымақ
Қанатынан қар борап,
Қалыңнан қашан ұзаған?
От ұшып көзден ызадан,
Майданға қалың кірген соң
Алдаспан қалмас жүзі аман...
Зүрият көзді дүние
Үр жаңарып, біздерге
Бұрылар ма екен бұ заман?!
* * *
Ақиық ғасыр сен болсаң,
Адамзаттық жыр өрген,
Мыңдағанның ішіне
Мінсіз сөзбен кірем мен?
Қазағымда жүз туса,
Қатарында жүрем мен.
Ошақтыда он болса,
Ортасында гүлі ем мен.
Жібегіміз желбіреп
Жерден алтын тапқандай,
Жігіттерден қап қоймай,
Алаулы, асау шақтарда
Қатарлас келіп қапталдай,
Ордасына жырдың кіргенбіз
Омырауласқан аттардай.
Самғайтындарға аспан бар,
Жалғайтындарға дастан бар.
Мұң болды маған туғаннан
Мұзбалақтар су ішкен
Мұзбұлақ аққан асқарлар.
Көркемдік еді іңкәрім,
Көкірегімді баспаңдар!
Қара өлеңін қазақтың
Біздердей біреу сүйіп пе?
Қарлығаштайын ұшып та,
Қанатым күнге күйіп те,
Қоныс іздеймін сөзіме
Арсыздықтардан алыста
Надандықтардан биікте!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру