Күләш Ахметова (Базардағы әйелдер)

 Күләш Ахметова (Базардағы әйелдер)

Құндағынан адал туған ұлға зар
Жер-Ананың бір мысалы бұл базар.
Алыңыз да алыңыз деп тұрғандай
Біздің жаққа аударылып кіл назар.
Құн тұрақсыз, теңге деген сиқырлы,
Тектілікті тұралатты тұрқы үлгі.
Ханым, саламатсыз ба, неге сіз
Сұлу жүзбен қорландыңыз бір түрлі?
Сіздің тана көзіңізде сұмдық бар.
Сұмдық мұңнан тұратындай құрлықтар.
Қалпағыңыз жарасып тұр шілтерлі,
Шілтерінен тарқалады шындықтар.
Ханым, сіздің даусыңызда дарын бар.
Затыңызды алып жатыр нар ұлдар.
Нар ұлдардан түңілдім мен намыссыз,
Жәбірленіп қарағанда ханымдар!
Мына заман — бір қауесет, бір аңыз.
Ханым, сіздің сіңіліңіз-ау мына қыз...
Қап арқалап келе жатыр қайысып,
Қап ішінде — елдік ұят, күнәміз.
Сіңіліңіздің бар сияқты бөпесі.
Бөпесінің жоқ сияқты көкесі.
Бөпесіне сүт беретін мезгілде
Жүк көтеріп келе жатқан беті осы.
Ханым, сіздің орыныңыз бұл емес.
Айналаңыз хош иісті гүл емес.
Көңіліме секем алдым елді ойлап,
Енді көңілім еркін құстай түлемес.
Секем алдым. Сейілмеді сұр тұман.
Сұр тұманнан суырылып бұлқынам.
Кімдерге олжа — тұтас ұлтты айыру
Уызынан, тамырынан, ғұрпынан?!
Қазағымның шаңырағында кие мол.
Қасиетінен айырғанды сүйе ме ол?!
От Анасы, ошағыңа орал сен,
От Анасы, бесігіңе ие бол!!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру