Күләш Ахметова (Алтын жаңбыр)

 Күләш Ахметова (Алтын жаңбыр)

Дайындаған жырға тілін —
Дарияның жағасында.
Ақмешіт пен Алматының
Ізі жатыр арасында.
Ұлы жырдан тамыр өріп,
Ұлы Сырдан қанып ішкен.
Өлең жазған еміреніп,
Мөлдір-мөлдір сағынышпен.
Жүрегінен мұң кетпеген —
Жұртын сүйген, төзім берген.
Жан рухын суреттеген
Жарқын-жарқын сезімдермен.
Ұлан бақыт аңсаттырған —
Нұрлы күндер болды қандай!
Жылап жатып қаусап тұрған —
Мұңды күндер болды қандай!
Өрге тартса қоңыр көшің,
Даңқ тұғыры — қия беткей!
Дауыл жықпай ғұмыр кешу —
Қиын болар қияметтей!
Күрделі — өмір өрнектері.
Өткерген-ді халқым бәрін.
Сексен жылда көрмеп пе еді
Сан тереңнің тартылғанын?
Берді тағдыр белестерін,
Тиді қиын сұрақ оған.
Қалу керек емес пе еді
Құлагерлер құламаған?!
Жанған жылдар елестері —
Шындық, күрес, айтыспенен.
...Қалу керек емес пе еді
Бәйтеректер жай түспеген?!
Ғұмыр керек тұлғалы ерге,
Ақын кем бе кемеңгерден —
Дәуір бойы туған елге
Алтын жаңбыр өлең берген?!
Ашар адам парасатын,
Жасар жаңа аңызды өзі.
Гүл мен құрмет жарасатын
Әкеміздің — абыз кезі!
Сұңқар үнмен түлеп ұштық,
Іңкәр едік сазға мұндай.
Жырлары әлі —
Жүрегі ыстық
Жас ақынның жазғанындай!
Жыр — жанында, жүрегінде.
Сұрар бата, дұға кімнен?
Неткен бақыт бұл өмірде
Өз шыңына шыға білген?!
Жабыққанда дауа дерсің,
Жан нұрына шарпылған жыр.
Жарық түнде жауа берсін
Ақ қағазға алтын жаңбыр!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру