Мұхтар Шаханов (Ел тілегінің күші)

 Мұхтар Шаханов (Ел тілегінің күші)

Тағдырының той-қызығы тарқаған
Өлкедегi ең бай әрi қарт адам
Сәуле шашқан досы түгiл қасына,
Шығып алып құзар таудың басына,
Жаратқаннан ұлы демеу сұрады,
Үш күн, үш түн жалбарынып жылады.
- О, тәңiрiм,
Санам мұңға шайлықты,
Бердiң маған бұл маңда жоқ байлықты.
Адам аз ба барлықты даңқ санаған,
Бiрақ бақыт таба алмадым мен одан.
Қарттық жеңдi,
Көрде тұр бiр аяғым,
Осыменен бiтпек пе өмiрбаяным?
Көз жұмарда ненi демеу етемiн,
Байлығымды кiмге сенiп кетемiн?
Пейiлi мен мерейiнен таң атқан
Бiр нәресте сыйла маған, жаратқан?!
Сүмбiле шың болып лезде жап-жарық,
Үн естiлдi ақша бұлтты қақ жарып:
- Сен перзентсiз өтесiң бұл өмiрден,
Саған сондай жалқы тағдыр берiлген,
Ол шешiмiм өзгермейдi және де!
- О, жаратқан, тәттi арманым өле ме? -
Деп сорлы қарт тұманданып көз алды,
Ұзақ тұрды, сосын қайта сөз алды. -
Онда маған мұңға төзер сана бер,
Және үш күндiк ғұмыры бар бала бер.
Нәрестемнiң иісiн жұту мен үшiн
Басты арманым, едi қарттық жеңiсiм...
- Мейлi, болсын! - дедi Тәңiр дауысы,
Алтын нұрмен арайланды тау iшi.
Неткен жұмбақ ғұмыр едi бұл тәттi,
Тоғыз айда жас тоқалы ұл тапты.
Нәрестесiн құшып, иiскеп шал сорлы
Сәл де болса тағдырынан бал сорды.
Жомарт көңлiн шуақты ойға батырып
Той жасады елдi түгел шақырып.
Ат мiнгiздi жiгiттерге санатты,
Балалы үйге сауын сиыр таратты.
Мәрттiк нұры асқақтатып қиялды,
Жетiм-жесiр тоғыз қойдан сый алды...
Пейiл барда зейiн қалай қалғысын,
Шын жүректен бiлдiрдi жұрт алғысын:
- Бойлайтындай ел мен жердiң сырына
Ұзақ ғұмыр берсiн, Алла, ұлыңа!
- Ер мен ездiң жiгiн оңай сезiнген,
Құдiреттi күш кетпесiн сөзiңнен!
- Перзентiңнiң мейiрiм ойнап көзiнен,
Жомарттығы асып түссiн өзiңнен!
- О, құдайым, пендем десең сен егер,
Мына қартқа құламас бақ бере гөр!
Уәделi үш күн тақау қалды бiтуге,
Бейшара шал жаманшылық күтуде.
Төрт күн өттi, он күн өттi... бала аман,
Бiрақ қауiп өшер емес санадан.

Қырық күн де желiп өттi асыға,
Шал қайтадан заңғар таудың басына
Көтерiлiп, алғыс айтты тәңiрге:
- Мұндай шаттық көрмеп едiм өмiрде,
О, жаратқан, сенiм өлсе - ер жетiм.
Өзiң үш күн ғұмыр берген перзентiм
Әлi тiрi. Бiр күннен соң бiр күннен
Қатер күтiп, ұйықтай алмай жүрмiн мен.
Өр адами тағдырымды ырза ғып,
Еттiң маған неге мұнша мырзалық?
- Жоқ, сен өзiң мырза екенсiң, о пендем,
Адамдығын ту ғып шырқау көтерген, -
дедi Тәңiр ақша бұлттың iшiнен. -
Сен және де дархан жүрек күшiмен
Қуантуға тырыстың әр адамды,
Сол пейiлiң сақтап қалды балаңды.
Қатал тiрлiк қасiретiнен арыған,
Сенiң жомарт мiнезiңдi таныған
Үлкен-кiшi түгел айтып ақ тiлек,
Жатты өзiңе, балаңа да бақ тiлеп.
Адам ылғи бiр iзгi iстi сағынса,
Игi тiлек арнасынан табылса,
Демелсе егер тiлек көптiң қолымен,
Ескерусiз қалдыра алман оны мен.
Жомарттық - бұл мәңгi арымас қайсар күш,
Саған алғыс айтқандарға айт алғыс!!!...

Қарттың кенет шарықтап ой-шынары,
Ашылғандай шаттығының бұлағы,
Бұлттан бөрiк киген тауды жаңғыртып
Қуаныштан айқай салып жылады.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру