Алты жыл бойы сынақтан өткен маманды ақша бермегені үшін жұмысқа алмай қойды

Алты жыл бойы сынақтан өткен маманды ақша бермегені үшін жұмысқа алмай қойды

Елімізде жылдан жылға жоғары оқу орнын бітіріп, қайда «тетік тауып қаланарын» білмей жүрген жастар көбейіп барады. Біреулер оған себеп жұмыс орындарының тапшылығы десе, енді бірі жастардың жалқау болып бара жатқанын тілге тиек етеді. Қалай десек те, бүкіл қоғамды жайлаған парақорлық пен тамыр-таныстық нағыз мамандардың жұмыссыз қалуына себеп болып отырғанын айтқан жөн.

Мемлекеттік органға қызметке тұруды айтпағанда қарапайым мұғалім болып жұмысқа орналасу жас мамандарға біршама қиындық туғызуда. Жоғары оқу орнынан география пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан Айнара Дәулетқызы мектепке жұмысқа орналасудың оңай еместігін алға тартады.


"Жұмысқа орналасу үшін не танысың, не ақшаң болуы керек"

Оның айтуынша, жұмысқа кіру үшін не танысың, не ақшаң болуы керек.

«Бізде жұмыс іздеп жүрген жастар көп қой. Өзімнің оқу бітіргеніме үш жылдан асты. Мұғалімдік жұмыс іздеп бірнеше мектептің есігін қақтым. Резюмемді қалдырып кеттім, алайда дыбыс болмады. Диплом алған жылы бір мектепке барғанымда мұғалім болып орналасу үшін менен 1000 доллар сұрады. Ол кезде менің ондай ақшам жоқ еді. Тәжірибем де жоқ.  Тағы бір мектепке барып едім, гүл егетін 100 ыдыс сатып әперуді сұрады», - дейді Айнара.

Бұл ұсыныстар жас маманға жақпай қалған.

«Өз мансабымды осылай пара беріп бастасам, арғы жағы қалай боларын болжай алмадым. Сөйтіп ұстаз болу туралы ойымнан айнып қалдым. Қазір мамандығым бойынша емес, басқа салада жұмыс істеймін. Оған өкінбеймін. Қазіргі мұғалімдерге қарап жаным ашиды», - дейді ол.

"Мектеп директоры басшылық қызметте 10 жылдап отырмасын" 

Отандық мектептердегі түйткілді мәселелерді көтеретін facebook-тегі "Қазақстан мұғалiмi" тобы жариялаған үндеуде ұстаздардың қазіргі жай-күйі ашық көрсетілген. Олар ашық хатта жергілікті биліктің қолбаласы болған мұғалімдердің жайынан бастап, қағазбастылық мәселесі, мәжбүрлі түрде ақша жинау туралы жайттарға биліктің көңіл аударуын сұрайды.

Білім және ғылым министрлігіне арналған үндеудің авторлары мектеп директорының басшылық қызметте 15-20 жылдап отыруын сынға алған. Оның соңы парақорлыққа апаратынына назар аудартқан. Оған 300-ге жуық адам қолдап, қол қойыпты.

«Бір мекемеде басшылық қызметте 15-20 жылдап отыру таныстық-тамырластыққа апарады, ол ары қарай сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа ұласып кетеді. Сондықтан мектеп директорларының бір орында тапжылмай ұзақ отыруына мүмкіндік берілмесін, 3 не 5 жылда бір ауыстырылып отырсын», - деген талап қойып отыр желі қолданушылары.

 

Алты жыл бойы сынақтан өткен маманды ақша бермегені үшін жұмысқа алмай қойды

 

Алты жыл сынақ мерзімінен өткен маманды прокуратура қызметке қабылдамай тастады


Ал, Ақтөбелік тұрғын баласын алты жыл сынақтан өткізіп, жұмысқа қабылдамай қойған прокуратура жүйесін айыптап отыр.

«Балам қалалық прокуратурада алты жыл бойы 20 мың теңгеге маман болып, қоғамдық жұмыс жасады. 2010 жылдан бастап, сол жерде сынақтан өтіп жүрді. Прокурор болу арманы болғандықтан аз ақшаға қарамастан, қоғамдық қызметтен бас тартқан емес. Кеше, 2016 жылдың қаңтарында балама жасың 35-ке толады деп өткізбей тастады. Балам өз еркімен арыз жазып шығуға мәжбүр болды. Бұл жастарға көрсетілген қамқорлық емес, қорлық», - дейді жұмыссыз қалған маманның анасы Алма Төлебаева.

Аслан Төлебаев Ақтөбе қалалық прокуратурасының штаттан тыс бұрынғы қызметкері. 1981 жылғы жігіт 29 жасында прокуратураға сынақтан өту үшін жұмысқа алынады. Анасының айтуынша, сынақ мерзімі алты жылға созылған. Әртүрлі себептермен қызметке алу кейінге шегеріле берген. Ал, жақында құқық қорғау органдарына қызметкерді жұмысқа қабылдау талабына сай «35 жасқа дейінгі азаматтар қабылданады» деген желеумен, прокуратураға қызметке алынбайтыны хабарланған.

 


 

"Халық әділдік іздеп баратын органды жемқорлық жайлап отыр"


«Шыны керек, екі бірдей дипломы бар балама жұмыс табылады. Тек 35 жасқа келгенше сенделтіп, баламды бұлай қорлағанына ызаланамын. Балаларымды еңбекке, адалдыққа үйреттім. Осы жағдайдын кейін балам «Апа, бізге неге ақша жинауды үйретпедің?» дегенде өзім қиналдым. Ақшасы барлардың заманы! Қалтасы қалыңдар ғана жұмысқа тұрады. Халық әділдік іздеп баратын органды жемқорлық жайлап отырса, басқадан не күтуге болады? Егер менің баламның білімі сәйкес келмесе ол жерде неге алты жыл бойы ұстайды? Баламның осы ұзақ мерзімнің ішінде жұмысқа кіремін деген үміті болды. Ал, қазір сағы сынып жүр. Осыдан кейін біздің жүйенің тазалығына сендіріп  көр!», - дейді анасы.

Ақтөбелік тұрғын бас прокурордың тексеріс жасағанын қалайды

«Баламның жұмысқа кіре алмай қалуы сол жердегі кадр бөлімінен көремін. Әртүрлі сылтаумен  созып келді. Ол жерден енді әділдік шығып, ұлымды жұмысқа алады дегенге сенбеймін. Бірақ, кейінгі жастарға сабақ болсын. Уақытпен есептеспестен, сол жерге жұмысқа кіру үшін қаншама бала жүр. Балам арызын жазып шығып кеткеннен кейін келесі айда хабарласып, есеп жасауға көмектесуге шақыртып алды.  Келіншегі «барма» десе де, «су ішкен құдығыңа түкірме» деп жібердік. Егер қолынан келмейтін адам болса, олай шақырмас еді. Балам бәріне қолын сілтеп отыр. Мен баламның құқығын қорғау үшін жауапты мекемелерге арыз жазатын боламын. Бас прокурорға арыз жазып, қол астындағы қызметкерлердің не жасап жатқанын айтып беретін боламын», - дейді Алма Төлебаева.


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру