Абайдың қара сөздеріндегі ата-ананың рөлі


Абайдың қара сөздерінің мән-мағынасына терең үңіліп оқып жүрміз ба?


З.Ахметов ұлы тұлға жайлы “Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы”,-деп бағалап кетсе, К.Кулиев қайталанбас тұлғаның дәрежесін мына сөздерімен келтірген: “Орыстар үшін - Пушкин, ағылшындар үшін - Шекспир, грузиндер үшін - Руставели... қандай ұлы құбылыс болса, Абай да қазақтар үшін сондай теңдессіз құбылыс.”
Абай Құнанбайұлы - қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, қайталанбас шоқтығы биік ерекше дара тұлға. Артынан өшпес із қалдыра тұғын Абайдың әр туындысын ықыласпен, түсіністікпен ұғыну әр қазақтың борышы деп білемін. “Ер есімі – ел есінде” деген дана халықтың мақала осы тұсқа дәл келеді.
Абайдың қара сөздері - қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, өмір салтын, тәрбиесін, қазақ халқының даналығын жан жақты ұштастыратын еңбегі. Абайдың әр қара сөзінің терең тәрбиелік мәні бар. Дінге деген көзқарасы, халық арасындағы елеулі мәселелер, қарапайым халықтың тұрмыс тіршілігі мен өзінің философиялық көзқарасын әсерлі де мәнді жеткізген ең керемет туындысы деп білемін.
Жалпы саны қырық бес қара сөзді құрайтын бұл прозалық шығарманың тақырыптары да әр алуан болып келеді. Көлемі жағынан болсын, мағыналық тереңдігі жағынан болсын әр қайсысы өз алдына бір төбе. Мектеп жасынан баланы Абайдың қара сөздерімен тәрбиелейтін болса, қазақ елінің болашағына нық сеніммен қарауға болады.
Ендігі жерде “қара сөз” деген жанрдың мағынасына тоқалайық. Белгілі ғалым және саясаткер Ғ. Есім: «...Абай ойына келген нəрселерін еркін айту үшін, өзі арнайы жанр ойлап тапқан. Ол — сөз жанры. Ақынның қара сөздері — нағыз еркін ойдың жанры. Мұнда ешқандай бір дəстүрге, тəсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған, мазмұн өзіне лайықты форма тапқан. Көптеген философтар ойларын формаға бағындырып немесе жүйе құрып əуре болғанын білеміз. Абай болса, ондай істермен айналыспаған, өзінің айтқысы келген ойларын еркін білдірген. Абай ашқан «сөз» жанры, өкінішке орай, қазақ мəдениетінде өріс алмады. Сірə, оған кінəлі, Шəкəрім тілімен айтсақ, «нақтылы ойдың» заманы болса керек. Адам өз ойындағысын айтқаны үшін кінəлі болған заманда, əрине, сөз жанрының өрістеуі, Абай дəстүрін жалғастыруы мүмкін емес еді. Абай дəстүрі, яғни сөз жанры бүгінде жаңғырып, жалғасуы керек, оған алғышарт бар. Қазіргі плюрализм деп жүргеніміз, кезінде Абай қолданған ойлау тəсілі...» [1], — деп анализ жасап, жанрдың мағынасын кеңінен ашып, түсіндіріп берген.
Абайдың қара сөздерінің ішінен ата-ананың қадірін бейнелеуіне ерекше мән беріп тоқталып өткім келеді. Себебі, адамның өмірде өз орнын табуы, мінез-құлқының қалыптасуы, жеке дара тұлға болуы ата-ананың тәрбиесіне, олардың балаға құйған материалдық және моральдық инвестициясына тікелей байланысты. Абай толыққанды отбасының тәрбиесінде болуы, оның ұлы тұлға болып, қазақ халқының қайталанбас үлгі тұтарлық болмысына айналуына үлкен септігін тигізді. Оның қара сөздерінің басып көпшілігінің түпкі ойы ата-ананың қадірін білу, оларды құрметтеу болып саналады. Негізінде Абайдың қара сөздерін бір сыпыра оқып шығып түсіне салу қиынға соғады. Себебі, автор айтқысы келген ойды, тақырыптың түпкі мән-мағынасын астарлы оймен, бір оқиғаны мысалға ала отырып жеткізуге тырысқан.
“«Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек”[2], – деген Абайдың жиырма тоғызыншы қара сөзінен алынған үзіндінің мән-мағынасына тоқталғым келеді.
Бұл үзіндіде байқағанымыздай ата-ананың қадір-қасиетін барлық өмірлік қажеттіліктен жоғары санаған. Ата-анамыздың бізге жасаған әр бір жақсылығы еш бір алтынмен, тәттімен бағаланбауы керек. Негізінде бұл аталмыш қара сөзде қазақ халқының қисынсыз мақал-мәтелдерінің мән-мағынасын ашып, жіті тоқталған. Міне осы мақал да орынсыз айтылған мақалдардың бірі деп түсіндірілген. Ата-анамыздың бізге жасаған жақсылығын, біз өзіміздің ұрпақтарымызға жасап қайтара аламыз. Қорыта келгенде, “ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің” деген сөз өте орынды келеді.
Қорыта келгенде, Хакім Абайдың қара сөздері - қазақ халқының тарихында мәңгілікке қалатын, жылдан жылға қадір-қасиеті тереңдей түсетін ең керемет сәтті шыққан туындысы. Әр қара сөзінің мән мағынасы тереңде жатыр. Сондықтан да, өзін толыққанды тұлға санағысы келетін әр бір адам ұлы тұлғаның шығармаларын оқып шығуы керек. Есті кісілердің қатарында болғың келсе, Абайды оқы!

Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті,
философия ғылымының кандидаты
Талшын Бақытжанова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты



Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Советханқызы Р. Абайдың «Қара сөздері» — білім мен тəрбиенің қайнар бұлағы // Ел. — — № 40 (116). — 2 қазан. — 4-б
2. Абайдың қара сөздері https://abai.kz/post/6

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу