Жол-көлік полициясы тоқтатқанда нені білу керек?
ЖПП қызметкері қай жерде тұрады?
Жол полициясының инспекторы жол қозғалысының қатысушыларына көрінетін аумақта болуы тиіс. Яғни қандай да бір кедергілердің ар жағында (ағаштар, ғимараттар және құрылыстар, жарнамалық қалқандар және т.б.), сондай-ақ тоқтау мен тұру тыйым салынған орындарда орналаспауы керек.
Қалада және трассада жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін радар қолдануға тыйым салынбайды.
ЖПП қандай жағдайда тоқтата алады?
Жол-патрульдік полициясы сізді:
1) Жол ережесін бұзсаңыз;
2) Ұрланған көлік құралдарын, сондай-ақ жол-көлік оқиғалары, көлік құралдарын пайдаланумен байланысты өзге де қылмыстар болған жерден қашып кеткен көлікті іздестіру (рейд жүргізу) кезінде;
3) «Жол жүрісі туралы» заңның 54-бабына сәйкес, Сіздің көлігіңізді:
— медициналық көмек көрсетуге кетiп бара жатқан медицина қызметкерлерiне;
— жедел медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды аурухаларға жеткізуге,
— терроризмге қарсы операциялар жүргізу кезінде медицина қызметкерлерiне, iшкi iстер органдарының және ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлерiне;
— жол-көлік оқиғалары кезiнде бүлінген көлiк құралдарын тасымалдау және зілзала болған жерге бару үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне беру үшін;
4) Стационарлық полиция бекеттерінде сіздің құжаттарыңызды тексеру үшін (Жол жүрісі туралы» Заң, 54-б, 3/1);
5) Мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың қозғалысты шектеу, туралы шешімдерін орындау кезінде;
6) Сізге куә болған жол-көлік оқиғаларының, әкімшілік құқық бұзушылықтың, қылмыстың жасалу мән-жайлары туралы сауал қою қажеттігі туындағанда;
7) Жол жүрісін реттеу үшін тоқтата алады («Жол жүрісі туралы» ҚР Заңы, 52-б.1-т.).
Қалай тоқтатады?
ЖПП қызметкері қызметтік көлікпен жүрсе, сізді тоқтату үшін дауыс зорайтқышпен көлігіңіздің белгілерін немесе мемлекеттік нөміріңізді атайды. Ал жаяу инспектор сізге таяғының көмегімен қайда тоқтау керектігін көрсетеді.
Осыдан кейін ЖПП қызметкері өзінің лауазымын, арнайы атағын, тегін және қызмет ететін бөлімшесін, сондай-ақ тоқтату себебін айтуы керек. ЖПП қызметкерінің рұқсатынсыз сізге немесе жолаушыңызға көліктен шығуға болмайды.
ЖПП қызметкерінен нені сұрай аласыз?
Сіз ЖПП қызметкерінен оның қызметтік куәлігі мен төс белгісін (жетонды) көрсетуін талап ете аласыз. Қазіргі таңда ЖПП қызеткерінің төс белгісі өзгерген. Жаңа төсбелгі суретте көрсетілген.
ЖПП тоқтатқанда өзіңізбен қандай құжаттарыңыз болуы керек?
— Жүргізуші куәлігі (жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлік және жеке басыңызды куәландыратын құжат);
— Көліктің тіркелгенін растайтын құжат;
— Сақтандыру полистері;
— Тасымалданатын жүкке рұқсатнама.
Осы жерде айта кететін бір нәрсе бар. Қазіргі таңда сізге тиісті емес көлікті айдауға сенімхат талап етілмейді. Көлік иесінің мәліметтері сақтандыру полисінде көрсетілсе жеткілікті. Сондай-ақ, көлікті басқа біреуге басқартып, өзіңіз жанында отырсаңыз сенімхат қажет емес.
Жоғары жылдамдық үшін қанша айыппұл төленеді?
Жылдамдықты белгіленген режимнен 10 км/сағатқа дейін асыруға жол беріледі. Одан асса, айыппұл төлейсіз.
- 10-20 км/сағаттан асырғанда, айыппұл 10 АЕК (21210 теңге);
- 20-40 км/сағаттан асырғанда,15 АЕК (31815 теңге) мөлшеріндегі айыппұл (қайта бұзған жағдайда 1 жыл ішінде – 40 АЕК (84840 теңге);
- 40 км/сағ. артық – 30 АЕК (63630 теңге) (1 жыл ішінде қайта бұзған жағдайда – 40 АЕК).
Жол қауіпсіздік ережелерін бұзғанда салынатын барлық айыппұл түрімен мына жерден таныса аласыз.
ЖПП сізге айыппұл салса, оны қаулы шыққан күннен бастап 30 күн ішінде төлеуге міндеттісіз.
Егер жол қозғалысы ережелерінің бұзылуымен немесе ЖПП қызметкерінің тоқтату себептерімен келіспесеңіз, бұл туралы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада жазбаша баяндай аласыз.
Баршаңызға сәтті сапар тілейміз!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: Жол-көлік полициясы тоқтатқанда нені білу керек, туралы, айыппұл, көлік, жағдайда, қандай, қызметкері, аласыз, теңге, сізге, немесе, қызметкерлерiне, сізді, құралдарын, полициясы, сондай, патрульдік, керек, Жүргізуші, органдарының, болған