Бақытты жанұя құрудың жолы қандай?

Бақытты жанұя құрудың жолы қандай?

Адам тірі жүргенде: сүйішпеншілік, таңқалу, өкпелеу, қуаныш-қайғы, мейірім-шапағат т.б. әртүрлі сезімдердің жетегінде жүреді. Осы сезімдерді шегінен асырмай тізгіндеп, оларды тұрақтылық пен тепе-теңдік жағдайында ұстай білген адам, өкінішке ұрынбайды. Осы сезім құбылыстарын тізгіндей білген адам – бақытты жанұя құра алады. Ішкі сезімдері құбылмалы пенделер құрған шаңырақ ұзақ ғұмырлы болуы қиын. Сондай-ақ өзімшіл, тәкәппар адамдар да жанұя бақытын толық түсіне алмайды. Өйткені, жанұя бақыты – мейірімділік пен қайырымдылыққа негізделген.
Адам баласының өмірін тулап-толқып, буырқанып жатқан теңізге теңесек, сол бір асау бұйра жал толқындардың ығырынан шаршаған пенде бір сәт, жайлы ыстық құм төселген жып-жылы жағажайға барып дем алғасы келеді ғой. Ендеше, жанұя дегеніміз – сол бір ыстық жағажай. Адам арпаласып жатқан тірліктен шаршағанда барып жан тыныштығын табатын орын – өз жанұясы. Өйткені, жанұяда сыртқа шықпайтын қайғы-мұң, қуаныш-реніштер бөлісілінеді. Яғни, жанұяда бөліске түскен қуаныш көбейеді де, қайғы азайады.
Жалпы «Адамдар не үшін үйленеді?» деген сұраққа: «өмірді бөлісу үшін үйленеді» деп жауап беруге болады. Өмір деген әркез теп-тегіс, жап-жақсы бақытты, шаттықты күндерден ғана тұрмайды. Бақытты жанұя дегенміз – бірін-бірі түсіне алатын, үнсіз сыйласа білетін жұптар. Түсінісу деген –тұрмыста кездеспей қоймайтын қайшылықтарды ушықтырмай, ұрыс-керіссіз шешу. Және бір түрден, келесі бір ортақ пайдалы түрді шығару білу. Әрине, адамдар бір-біріне ұқсамайды.Сөйте тұра, бір-біріне ұқсамайтын екі адамның ортақ жанұя құрып, өмір сүруі де оңай шаруа емес.
Бақытты жанұяны құру үшін ерлі-зайыптылар бір-біріне тәуелді емес, алайда, бір-біріне адал, жіпсіз байланған түрде өмір сүруге дағдыланады. Бұл беріктік рухани жан-дүниелерінің жақындығымен, сезімдерінің тазалығы арқасында орнайды. Осы адалдық пен беріктік жанұяға ерекше серпін беріп, көңілге шаттақ ұялатады. Егер бұлай болмаған жағдайда, олар сырт көзге күліп-ойнап, шаттықта жүрген сияқты көрінгенімен, рухани тұрғыдан жүдеу, құлдырап, құлауға дайын тұрады. Мұның соңы екі жақтың ажырасуына апарап соғады. Шаңырағы шайқалған жарымжан жандардың рухы күйзеліп, халі нашарлайды. Мұндай күйге ұшырған тұста: дүние мен ақырет, ақыл мен жүректің тепе-теңдігін сақтау қиындайды.
Бақытты жанұяда ерлі-зайыптылар өздеріне тән жақсы қабілеттерін тұмшаламай, бірін-бірі бағалап, санасып отырады. Мәселен, ері әйелінің өзгермелі кездеріндегі сезім ауытқушылығына жылы шырай танытып, көңілін аулайды. Әйелі де күйеуінің жұмыстан арқалап келген бар ауыртпашылығын ұмыттырып, жұбата біледі. Жанұядағы талас-тартыс есікті жапқан кезде сыртта қалуы керек. Ішке кірген бүлік, отбасын бүлдіреді. Сондықтан жанұяда қандай бір кішкентай түсініспеушілік пайда бола бастаса оны тезірек сыртқа шығарып тастау керек.
Бірін-бірі құрметтейтін жанұялар шешім қабылдар кезде ақылдасып, ортақ жақсы жолды таңдайды. Бұлай істеу отбасылық келіспеушілік пен кикілжіңнің болуына жол бермейді, талас-тартыс пен жанжалдың алдын алады. Нәтижесінде ортақ ақылдасудың жемісі – жанұяға шырай беріп тұрады.
Өмірде көп кездесетін мәселе – бақытты жанұя құру үшін, қоғамда дара тұлға болу шарт емес. Қоғамда тұлғалар көп болғанымен, үлгі-өнеге алатындары шамалы. Осындай бетке ұстар тұлғалардың үлгілі жанұя құруға дәрменсіздігі, олардың өмірінде заманауи түсініктердің басымдыққа ие болуынан. Яғни, олар жанұя мәселесінде, еркек пен әйелді бөліп-жарып, әр қайсысына жеке-жеке маңыз жүктеп, бала мен жігітті бөлек-бөлек категорияларға жіктеп, осы бөліністерді бір-бірімен байланысы жоқ деп, түсіну өте қате және бұндай түсінік бар жерде жанұялық береке-ынтымақ сақталмайды. Шын мәнінде еркек пен әйел бүтін заттың екі бөлігі болғаны сияқты, жастық, балалық, жігіттік, қариялық… кезеңдер бірінен бірін бөліп қарайтын бөлек категориялар емес, өзен сияқты бөлінбей ағып жатқан өмірдің заңды жалғасы болып табылады.

Дайындаған: Бекен Қайратұлы, дереккөзі

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру