СЮЦАЙ ЖҮЙЕСІНІҢ ШАРИҒИ ҮКІМІ


Сюцай – раджа-йога философиясына негізделген нумерологияның бір түрі. Бұл жүйенің сенімінде адам өміріндегі белгілі сандар (туған күні, неке қиған кезі т.б.) бір планета энергиясымен тығыз байланыста болады. Сандарда адамның мінезі, қабілеті, өмірге келген мақсаты, болашақта орын алатын оқиғалары қамтылған. Егер сандар энергияға сәйкес келсе, өмірі жақсы, ал сәйкес келмесе, келеңсіз жағдайлар орын алуы мүмкін. Сюцай адамдардың тағдырын өзгертеді деп сенеді[1].

Бұл жүйемен шұғылдану шариғатымызға қайшы. Себебі:

  1. Адамның тағдырын сандарға байлап, оның жағымды немесе кері әсері бар деп сендіру.

Мұндай нанымның нәтижесінде адамның Аллаға емес, сандарға сенімі артады. Дінімізде мұндай сандар болжамына сеніп, Алланың құдіретіне, тағдырына шәк келтіру – үлкен күнә. Ислам сенімі бойынша әлемдегі барлық құбылыстар, өзгерістер Алла Тағаланың қалауымен ғана жүзеге асады[2]. Сонымен қатар, тағдырды, болашақты Алладан басқа ешкім білмейді. Алла Тағала қасиетті Құранда: 

قُلْ لا أَمْلِكُ لِنَفْسِي نَفْعًا وَلا ضَرًّا إِلا مَا شَاءَ اللَّهُ وَلَوْ كُنْتُ أَعْلَمُ الْغَيْبَ لاسْتَكْثَرْتُ مِنَ الْخَيْرِ وَمَا مَسَّنِيَ السُّوءُ إِنْ أَنَا إِلا نَذِيرٌ وَبَشِيرٌ لِقَوْمٍ يُؤْمِنُونَ

«(Уа, Мұхаммед) оларға: «Мен Алла қаламайынша, өз-өзіме титтей де пайда келтіре алмаймын, сондай-ақ өзіме келетін зиянның да бетін қайтара алмаймын. Егер ғайыпты (болашақты) білетін болсам (еш уақытта шығынға ұшырмай) әрдайым мол табысқа кенеліп отырар едім һәм (алдағы қауіп-қатерден алдын-ала сақтанар едім) басыма ешқандай жамандық та, бәле-жала да келмес еді. Мен бар болғаны иман келтіретін қауымға ескертуші әрі сүйіншілеушімін» деп айт»[3], – деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғайыптың кілті бесеу деп, оның бірі ретінде ертеңгі күні не болатынын бір Алладан басқа ешкім білмейтінін атап өткен[4].  

Ибн Халдун: «Сандар мен әріптер арқылы болжам жасау ғылыми әдіске негізделмейді. Олардікі жай болжам мен сезім ғана», – деген[5]. 

  1. Сюцай – пал ашудың бір түрі.

Шариғатымызда пал аштыру және жұлдызнамаға сену – харам. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

من أتى عرَّافًا أو كاهنًا فصدَّقَهُ بما يقولُ فقد كفرَ بما أنزلَ على محمَّدٍ

«Кімде-кім балгерге, сиқыршыға, не сәуегейге барып бір нәрсе сұрап, оның айтқандарын растаса, онда ол Мұхаммедке түскен нәрсеге күпірлік еткен болады»[6], – деген.

Әбу Жағфар әл-Уаррақ ат-Тахауи өзінің «Ақидату ат-Тахауия» атты кітабында әһлі суннаның сенімін баяндап, былай дейді: «Біз ешқандай сәуегейді, көріпкелді және Құран мен сүннетке, сондай-ақ үмбеттің бірауызды пікіріне қайшы келетін нәрсені айтқандарды растамаймыз»[7].

Имам Зәһаби: «Бұл дүниенің және оның тұрғындары мен таулары жоқ болатыны туралы үзілді-кесілді дәлелдер келген. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Оның қашан болатыны бір Алла ғана аян. Кім оны арифметикалық есеппен, нумерологиямен, пал ашу және осыған ұқсас істермен білемін десе ол – адасушылық»[8], – дейді.

Осы және өзге де себептерге байланысты сюцай жүйесіне немесе соған ұқсас басқа да тылсым күштермен айналысуға, оларға жүгінуге шариғатымызда қатаң тыйым салынады.

 

ҮКІМ:
  1. Сюцай жүйесінде сандар болжамына сеніп, Алланың құдіретіне шәк келтіру және адамның тағдырын болжау – харам.
  2. Мұсылман адам тағдырға иман келтіріп, жақсылық пен жамандықты бір Алладан деп сеніп, болашақты болжайтын түрлі наным-сенімдерден аулақ болуы тиіс.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

 

[1] https://www.wday.ru/stil-zhizny/motivatsiya/nauka-syucai-kak-uznat-vse-o-svoem-soznanii-i-missii-po-date-rozhdeniya/. https://zhasalash.kz/ruhaniyat/bibigul-tilesqyzy-syucaj-gylymy-filosofiyamen-tikelej-bajlanysty-22197.html. https://www.instagram.com/stories/highlights/17959206127542522/, Gulmirazh_zhanat. https://www.instagram.com/p/CgCOMbgLSp1/

[2] Һидаяту әл-мурид, 91.

[3] «Ағраф» сүресі, 188-аят.

[4] Бұхари, №7379.

[5] Мухаммад Сәлим әл-Хидр, Жәдәл әл-мәзһаб уә әт-тәрих, 44.

[6] Әбу Дәуіт, №3904. Термизи, №135. Ибн Мәжә, №639. Ахмад, 2/408.

[7] Абдулғани әл-Ғұнайми, Шарху ақидату ат-Тахауия, 197.

[8] Әл-Мәнәуи, Фәйду әл-қадир шарху әл-жәмиғ әс-сағир, 3/732.


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу