Арапа күні не істеу керек?

Арапа күні не істеу керек?

Арапа күні – күндердің ең қадірлісі. Сол күні жасалған ізгі амалдардың сауабы бірнеше еселеніп беріледі. Расында, оның нағыз мөлшерін Алладан басқа ешкім білмейді. Дәл сол сияқты, ол күні жасалған күнәлар да бірнеше еселеніп жазылады.

Арафат тауына келер болсақ, ол – Алла Тағаланың қажыларға тарту еткен жері, ал Арапа күні – Алланың, олар қай жерде болмасын, Өз құлдарына берген сыйы. Сол себепті, қажылық жасай алмай, Алланың үйіне бара алмай және Арафат тауына аяқ баса алмай, қынжылған жандар осы күнді пайдаланулары керек.

Адам Аллаға шын ниетімен ұмтылып, қандай игі амал жасаса да, Қиямет Күні оның сыйын көретіні сөзсіз. Бізді Аллаға жақындата түсетін ең маңызды амалдардың бірі – Арапа күнгі ораза болып табылады.
[media=https://www.youtube.com/watch?v=hDJQy6pJPmk]

Арапа күнгі ораза


Арапа күні – бұл Зүл-хиджа айының тоғызыншы күні. Ол күні ораза ұстау мүстахап амал (сүннет) болып табылады. Муслим және тағы басқа да ғалымдар жеткізген сахих хадисте Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Арапа күнгі ораза жайында сұралғанда, оның былай дегені айтылады: «Сол күні ораза ұстаған адамның өткен жылғы және келер жылғы күнәлары кешіріледі».

Мұсылмандардың анасы Айша Масрукқа (оларға Алла разы болсын), былай деген: «Әй, Масрук, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Арапа күнгі оразаны басқа мың күнмен салыстырғанын естімедің бе?» (Байхақи, Табарани).

Имам Рамали Арапа күнгі ораза екі жылдағы үлкен және кіші күнәлардың өтемі болады деп ант еткен. Бірақ, біреуге жасалған күнә жәбірлеуші өзі ренжіткен адамынан кешірім сұрағанынан кейін ғана кешіріледі. Ол күні науқас адам мен жолаушы (қиындық туындаса) ораза ұстамаса болады. Қиындық болмаса, ораза ұстай бергені жөн. Қажылық жасайтын адам Арафат тауында Аллаға құлшылық жасауға әлсіреп қалмас үшін ол күні ораза ұстамағаны абзал.

Оразаның кестесін сайтымыздың намаз уақыттары бөлігінен қарап біле аласыздар. Сәресіні (таң атпай тұрып ауыз бекіту) – таң намазына 10 минут қалғанда аяқтаған абзал. Ифтар уақыты (ауыз ашу) – ақшам намазының кіруімен басталады.
Мерекелік күндердегі Тәкбір Ташрик

Арапа күні деп аталатын Зүл-хиджа айының 9-шы күнінің (3-ші қазан) таң намазынан бастап, құрбан шалу мейрамының 4-ші күнінің, (яғни қазан айының 7-шi жұлдызы) екінті намазына дейін, мұсылмандар әр парыз намазынан кейін тәкбір ташрикті оқулары тиіс. 

Оған Алла Тағаланың мына сөздері дәлел бола алады: «Санаулы (маъдудат) күнде Алланы зікір етіңдер». («Бақара» сүресі, 203). Құран тәпсіршілері «санаулы күндер» деп, қажылардың Мина жазығында болатын күндері жайлы айтылғанын жеткізді. Ол күндер «ташрик күндері» деп те аталады.

Әлидің (Алла оған разы болсын) Арапа күні таң намазын оқып болғаннан кейін тәкбір айтуды бастап, ташриктің соңғы күндерінің бірінде екінті намазынан кейін тәкбірді соңғы рет айтқаны жеткізіледі. (Аби Шейба мұны «Әл-Мусаннаф» кітабында риуаят еткен).

Әрбір еркек, намазды жамағатпен оқыса да, жеке өзі оқыса да, әр парыз намаздан кейін осы тәкбірді дауыстап айтуға міндетті. Әйелдер болса, іштей оқиды.

Тәкбір Ташрик сөздердінің айтылу тарнскрипциясы мен мағынасы:

«Аллаху Акбар, Аллаху Акбар, Лә иләха илләЛлаху, уаЛлаху Акбар, Аллаху Акбар уә лиЛләхиль-хәмд».


(Алла бәрінен де ұлық, Алла бәрінен де ұлық. Алладан басқа тәңір жоқ, және Алла бәрінен де ұлық. Алла бәрінен де ұлық және барлық мақтау-мадақ Аллаға ғана лайық).


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру