«Құдағи сырғаның» сырын білесіз бе?

«Құдағи сырғаның» сырын білесіз бе?

Өзімнің ай десе аузы, күн десе көзі бар жалғыз қайынсіңлім бар. Қазақтың салт-дәстүріне сай есімін атамай, оған «Еркем» деп ат қойып алғанмын. Бойжетіп отырған сол қайынсіңлім бір күні тұрмысқа шықты. Келін етіп түсіріп алған жеріне қуғыншылардың бірі болып қайттым. Сонда құдалар жағы арада ай өтпей жатып, той жасайтындарын айтты. Мұны ата-енем естіген соң, бар бала-шағасын жинады.
Сөзді бастаған қайынатам: «Өздерің білесіңдер, бүгінгі уақытта жетісіп отырған ешкім жоқ. Ағайынның бірінде бар, бірінде жоқ. Кейбірі жай сыртқы жүнін қомпайтып жүргеннің керін жасауда. «Тойға мынадай апарасыңдар» деп ешқайсысына салмақ салмайық. Әрқайсысы шамасы келгенін алып барар. Ал қыздың соңынан апаратын бар дүниені өздерің алыңдар. Біреуге міндетсінгенді суқаным сүймейді», – деді.
Бұған келіскен үш ағайынды «Жарайды» деп бастарын изесті. Өйткені, екі қайным тым жас, әлі жұмыс істемейтін. Сонымен, не керек, бұл басқосу қорытындысында қыздың соңынан алып баратын дүниелерді, тойға бір апта қалғанда алатын болып, келісіп кеттік. Әйтсе де, қызықтың көкесі басталды да кетті. Ертеңіне Шымкенттегі «Қырғы базарда» жаңа құдағимен кездесіп қалсам бола ма? Жылышыраймен амандасқан құдағи амандық-саулықтан соң «Қалай, тойға келуге дайындалып жатқан шығарсыңдар?» - деп бір қойды. Жаман ештеңе ойламаған мен: «Иә» деп жауап бере салдым. Әзілдеген сыңай танытқан ол: «Әй, ертең тойда маған алтыннан «Құдағи сырға» тағуды ұмытпаңдар», – деді. «Жақсы», – деген мен іштей: «Мұнысы несі, айтпаса да тағылатын нәрсе ғой, оны неге айтты екен?» - ойладым да қойдым. Арада көп уақыт өтпей ата-ененің үйіне барған мен асханада жүріп, өзімнен кейінгі кіші келінге болған жайтты айттым. Таңырқаған ол:
- Қойыңызшы, онысы несі? Негізі, «Құдағи сырғаны» қыз алған жақ тағу керек қой, – деді. Мен болсам:
- Жоқ, екі жақ та тағады, – деймін келіспей. Сөйтіп, ауладағы тапшанға дастархан дайындап жатқанымызда көрші үйдегі Дина апа келіп қалды. Тапшанның бір шетіне отырған одан кіші келін:
– Апа, «Құдағи сырғаны» тойда тек қыз алған жақ таға ма, әлде, екі жақ та таға ма? – деп сұрады. Аздап ойланып барып сөйлеген апа:
- Әй айналайындар-ай, біріншіден, «Құдағи сырға» тойда тағылмайды. Қазіргілер салтты білмеген соң, бұзып жүр. Екіншіден, оны тек қыз алған жақ қана тағу керек. Бұрын біздің кезімізде «Құдағи сырғаның» тағылу уақыты бір жылдан кейін болатын. Неге? Оның себебін мен сендерге айтайын. Қыз ұзатылған соң енесі оның тәлім-тәрбиесіне, ісіне бір жыл қарайды. Сол аралықта келін өзін тек жақсы жағынан көрсете білсе ғана енесі құдағиына разылығын білдіріп, «Құдағи сырға» тағатын. Онда да оны қазіргідей тойда тақпайтын. «Құдағи сырға» тағудың өз жоралғысы бар. Ол үшін арнайы құдалар жаққа «Құдағи сырға» бара жатыр» деген хабар жібереді. Құдалар жағы қатты дайындалмаса да, бір қойын сойып, жақын-жұрағаттарын шақыратын. Жігіт жақтан келген 2-3 әйел құдағиға жақсы қыз тәрбиелегені үшін алғыстарын білдіріп, сырға тағады. Ауылда «Құдағи сырға» тағылған ананың жүзі жарық, абыройы асқақ болады. Ал тағылмаса, ұят саналатын. Ондай жағдай болмас үшін біздің кезде тұрмысқа шыққандар: «Төркінімді ел-жұртқа масқара етпейін, шешеме «Құдағи сырға» тағылсын» деп бір жыл бойы өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысатын. Сөйтіп жүргенде ерке қыздардың өзі жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, әдепті, пысық болып шыққанын білмей қалатын», – деп білгенін бізге айтып берді.
Иә, «Құдағи сырғаның» жөні осындай екен. Қазір үйленген күні-ақ той жасап, бір-біріне сырға тағып жатқан құдағилар бар. «Құдағи сырғаның» мәні кеткен соң кейбір келіндердің ененің дегеніне көнбей, оның соңы шаңырақтың шайқалуына ұласып жататыны да сондықтан шығар?!

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру