Құран бағыштау әдебі

Құран бағыштау әдебі

Ассалəмүғаләйкүм, Қайтқан кісіге Құран бағыштау үшін мешітке бару шарт па? Үйден өзім бағыштайтын болсам қандай сүрелер мен дұғаларды оқысам болады? Жəне Қүран бағыштау үшін арнайы уақыт бар ма? 

Уағалайкумассалам,

Құран бағыштау жалпы алғанда парыз емес. Бірақ мұсылман, әрі қазақ баласы дүниеден өткен ата-бабасының жаны жаннатта болсын деген ниетпен, ол кісілердің атынан дұға жасап, қайырымдылық сауапты амалдарды үзбей орындап отырған. Бұл амалды Пайғамбарымыздың ﷺ Бұхари сахих хадистер жинағында келтірілген мына бір хадисіне негіздеуге болады.

«Пайғамбарымыз ﷺ айтады: Адам баласы қайтыс болған кезде амал дәптері жабылады, тек мына үш кісінің амал дәптері жабылмайды. Жария садақа жасаған яғни үзілмейтін садақа, пайдалы білім және дұға қылатын салихалы ұрпағы». Яғни, қайтыс болғаннан кейін ата-анасы үшін баласының Алладан олардың күнәларын кешіре гөр, оларды жәннатқа кіргізе гөр деген дұғасы пайда береді екен. Алла Елшісінің ﷺ тағы бір хадисінде былай дейді: «Расында жәннатта бір адамның дәрежесі көтеріледі, сонда ол «маған бұл дәреже қайдан келді, мен мұндай болатындай амал жасамадым ғой» дегенде, періштелер оған: «Бұл артыңда қалған балаңның сен үшін Алладан кешірім сұрағаны,» – дейді». (Бұхари)

Бізге жеткен сахих хадистерден байқап отырғанымыздай, қайтқан кісінің біліп-білмей жасаған күнәсі болса, Алла кешіреді деген сеніммен артынан Құран бағыштап, дұға ету салихалы ұрпақтың қасиеті.   

Оқылған Құранның әрбір әрібіне сауап жазылатыны баршаға аян. Осы сауапты басқа кісіге сыйға берсе, яғни бағыштаса болады. Ал Құранның кез-келген жерінен қай жерде, қай уақытта оқыса да сауап.

Дегенмен, көпшіліктің жаттауына және айтуына оңай саналатын Фатиха, Ықылас сүрелеріне (1 рет Фатиха, 3 рет Ықылас сүресін оқуға) көбіне басымдық беріліп жатады. Сондай-ақ, Ясин, Мүлк сүрелерін оқыса да болады. Бұл екі сүренің қасиеті жайлы бізге мынадай хадистер жеткен:

«Ясин оқыңдар. Бұл сүреде он берекет бар. Аш адам оқыса – тояды. Киімі жоқ адам оқыса – киім табады. Бойдақ оқыса – үйленеді. Қорқуда болған адам оқыса – сақ болады. Мұңды адам оқыса – көңіл-күйі көтеріледі. Жолаушы оқыса – сапарда жәрдем табады. Жоғалған нәрсе табылады. Науқас адам оқыса – шипа табады. Өлгеннің жанында оқылса – азабы жеңілдейді. Шөлдеген адам оқыса – суға қол жеткізеді».

«Кімде-кім ата-анасының немесе екеуінен бірінің қабірін әр жұма сайын зиярат етіп, сол жерде Ясин оқып тұрса, Алла Тағала оны Ясин сүресіндегі әріптердің мөлшеріндей кешіреді».

«Құран кәрімнің жүрегі – Ясин. Сөзсіз бұл сүре дерттерге шипа. Кімде-кім Алланы және ахиреттіктерді ойлап Ясин оқыса, Алла оны міндетті түрде кешіреді».

«Құранда 30 аяттық сүре бар. Ол сүренің Қиямет күні араша түсуі адамды Тозақ отынан сақтап, Жәннатқа кіргізеді. Бұл – Әл-Мүлк сүресі».

Сонымен бірге, Құран бағыштағанда алдымен ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ рухына, оның пәк әһли-бейтінің (ұрпағының), Алланы сүйікті, салиқалы құлдарының рухтарына бағыштап, артынша өзіңіздің аталарыңыздың есімдерін атап шықсаңыз болады.

«Нұр Астана» мешітінің ұстазы

Отаров Ілияс


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу