Сатиралық ертегі: Екі суайт

Сатиралық ертегі: Екі суайт

Баяғы заманда заманы бір замандас, қатары бір құрбылас үш адам болыпты. Бұлардың екеуі өтірікші болыпты да, біреуі оларға үнемі төреші болыпты. Төреші дегеніміз әділі мен расын, өнері мен өтірігін көзбе-көз, бетпе-бет айтып беретін адам екен.
Сол екі өтірікші мен бір төреші қартайып, тұғырдан түсіп, тоқсанға келіп, тоқтасып қалған шағында бір үйде бастары қосыла қалыпты. Осы екі өтірікшінің екеуінің де құрыққа сырық жалғап, бір сөзге екі сөзді қосақтап, көпіртіп, лепіртіп сөйлеуді өздеріне үлкен өнер санайды екен.
Бұлардың ол сырына ежелден қанық, өзінің үзеңгілес жолдасы төреші Тайжан:
– Үшеуіміз де кәрі буын, көпті көрген көне екенбіз. Келешектің гүлі – жас буын, мынау отырған балбөбек балалар да ести отырсын. Мал сойылып, ас түскенше сары қымызды сіміре отырып, әңгіме дүкенін құрайық. Кәне, Түсіпбек пен Бейсенбек, өткен-кеткеннен әңгіме шертіңдер, – депті, оларды тым қолтықтай түсіп.
– Жөн айтасың, Тайжан! Мұндай бас қосыла бермейді, бас қосылғанда көңілді отырған бір ғанибет. Бірақ төрешіміз өзің бол, кәне, қайсымыз бұрын сөйлейік, – депті Түсіпбек, желпіне отырып.
– Онда бастапқы сөзді Түсекем бастап, соңғы сөзді Бейсекем жалғап кетіп отырсын, – депті төреші Тайжекем.
– Әне бір жылы қатал бір жұт болды. Ақпан айы ақырып, қаңтар айы қақырып келді. «Ту» деген түкірік жерге түскенше қатып қалып, жағаңа жабысып жатқан бір үскірік күн еді. Бір айғыр үйірімен ықтап кетіп, соны іздеп, ат сабылтып келе жатқан бетім еді.
Шоқ болып өскен қызыл тобылғының түбінен бір қоянның көжегі кездесе кетті. Ойда жоқ жерден, көбек үстінен шыға келгенімде қоянның қашуға да мұршасы келмеді. Көзін бақырайтып, құлағын жымитып, етпетінен шөге түсіп, жата қалды. Жалма-жан атымнан түсе қалып, көбегінен көтеріп алсам, көжектеп жатқан бір еркек қоян екен. Уай, то-б-ай, баға келсем, өз өмірінде еркек қоян да бір көжек табады екен ғой. Міне, саған тамаша! Соны мына мен өз көзіммен көрдім! – депті Түсіпбек тапжылмастан.
Сонда миығынан күліп отырған түлкі көзді Тайжан төреші:
– Онда өз өмірінде ер адам да бір бала табатын болғаны ғой. Дәуде болса, сол ақпанның қақаған аязында сенің сақал-мұртыңа да қырау қатып қалған шығар, – дегенінде, өтірікші де болса, адамның аңғалы екен, өмір-бақи сақал-мұртына бір тал қылтанақ бітіп көрмеген көсе Түсіпбек:
– Рас айтасың, Тайжан! Ол күні сақал-мұртыма қырау біткен қатып бақты, – деп, қара шыбын тайғанап жығылардай қызыл күрең иегін бір сипап қалыпты. Тыңдап отырған үлкен аға, кіші іні ду күліпті.
– Бір жылы қыс аяғы ұзап, қар кеш кеткен қара дауылды көктем еді. Үлкен ұлым Жұман екеуміз есік алдындағы күресінге шығып тұр едік. Аспанға қарасам, нақ үстімізден қаңқылдап ұшып, жалғыз қоңыр қаз кетіп барады екен.
– Әй, Жұман! Ана бір жануардың жұмыртқалайтын тоқымдай құрғақ жер таба алмай, қанатын зорға қағып, әзер-әзер ұшып, үрпін шашып бара жатқанын қарашы! – дедім.
– Әке, үрпін шашып бара жатқаны рас екен. Өйткені, жаңа үстімізден ұшып бара жатқанда бір тамшы уызы менің бетіме тамып та кетті, – деді балам.
– Уау, Бейсенбек! Жылқыда өт, төрешіде бауыр, құста сүт болушы ма еді? Ағама жеңгем, апама жездем сай демекші, өзіңе балаң да сайма-сай екен ғой! – депті төреші Тайжан.
– Қысты күні айдалада қоста жатып жылқы бағушы едік. Қара құрық қалың жылқыдан қалай аңдысақ та, күнара бір жылқыны қасқыр жеп кететін болды. Бір күні барлық жылқышы ыза болып, қару алып, жортуылға шықтық. Сол күні жеті қасқыр тобымен келіп, жылқыға шапты. Көзді ашып-жұмғандай болмады, бір желіндеп жүрген топ басы биені жарып тастады. Екі жылқышы жарау қос атпен тұра қудық.
Жылқыны құйрығынан тартып тұрып, тоқтатып, мұрттай ұшырып, басқа қасқырларға жығып беретін бір қызыл шолақ, көкжал арлан қасқыр екен. Қос атпен ұтылап қуып, таянып қалғанымызда, жаны қысылған алты қасқыр ортасындағы арлан қасқырды тастай қашты.
Сөйтсек, бағанағы көкжал арланның екі алдыңғы аяғын ертеде қақпан қиған, нақ тізеден шолақ екен. Жаңағы алты қасқыр көкжалды кеудесіне көлденең ағаш салып, кезекпе-кезек аузымен тістеп отырып, алып қашады екен.
Біз арланға алданып тұрғанымызда, басқасы ұзап шығып, бізден құтылып кетті. Көкжалды соғып алып, біз кері қайттық. Содан кейін, көзіңіз жамандық көрмесін, қасқыр атаулы маңымызға да жоламай кетті, –деді Түсіпбек.
Көзі күлімдей түсіп, көңілі түйткілденген Тайжан:
– Түсекем, шылғи өтірігіңе беп-береке, бірақ, ұятыңа дәл он серке! – деді.
– Ана жылы қыс ортасында, бір атан өгізім зым–зия жоғалып кетті. Бармаған жерім де, іздемеген ой-шұқырым да қалмады. Көктемнің бір көксоқта күні еді. Көнек тауының беткейіне қой жайып тұр едім. Сол таудың қойнауындағы Қойтастан көзіме бір қуыс шалынды. Жалма-жан әлгі қуысқа шауып барып, белімдегі қол күректі ала салып, үш-төрт күрек кесек қарды ойып-ойып тастап едім. Сізге өтірік, маған шын, ар жағы ұзын өзек сияқты үңірейіп, төбесі жабық қора сипатты көше болып кетті.
Сол төбем тимес өзекпен кетіп бара жатсам, жолымда тоқ сиырдың жас тезегі мен жаңа жүрген ізі жатыр. Ізбен індетіп, жарты шақырым жерге барсам, бұдан жарты жыл бұрын жоғалтқан атан өгізім, өркеші жоқ түйедей болып, басын бір бүйіріне қайырып салып, жануарым бырт-бырт күйсеп жатыр екен. Жатқан жерінің шөбі мен көгі тура тізеден келеді.
Асыл шөп пен тұнық судың неше алуаны сол жерде екен. Ат пен өгізім жонынан жарылардай нән семіз екен. Қыстай қалың қардың астында қалған көкорай шалғынға әбден бордақыланып алған екен. Қуыстан шығарып алып, қойыммен қосып, үйге айдап қайтып, атам марқұмды әкесі базардан келгендей етіп, бір қуанттым, – деді Бейсенбек.
– Онда, айыр тұяқ сиыр малын бағып әуре болмай-ақ, қыс болса-ақ, Көнек тауының етегіне айдап салу керек болды ғой, – деп, жымың-жымың етті Тайжан төреші.
– Қалың керуен Қырғыз ағайынның Тоқпақ, Пішпегіне кіре салдық. Сол сапардан қайтып келе жатқанымызда, үш күн, үш түн нөсер жауын болды. Енді ұзап жүре алмайтын болған соң, бір өзеннің қырқа тұсына келіп, еру болдық. Түн қараңғы, көзге түртсе, көргісіз. Қара нөсер жаңбыр төгіп тұр. Ат арқандайтын бір бұта да таба алмадым. Сонан соң жалғыз тал бозды қазық етіп, бір түп бетегенің түбін қазып алып, оны қолағаш етіп, шу асау атымды әзер дегенде арқандадым. Ол жақтың бетегесі қалақтай, бозы таяқтай болады екен, – деді Түсіпбек.
– Иә, ол жақтың елі мен жерін, бетегесі мен бозын біз де көрген едік. Әйтсе де, дәл осың көзге шыққан сүйелдей сөлекет болды, – деді төреші Тайжан.
– Жас кезімде тоғыз шақырым жерде кетіп бара жатқан қызыл алтайы түлкіні көрдім. Ол түлкіге қасымда ертіп келе жатқан құмай қара тазымды қостым… Ал енді, бертін келгенде, бір көлден жалғыз ауыз бытыра мылтығыммен бір атқанда отыз бес дар қоңыр үйректі бір-ақ жықтым. Сөйтіп, атқан үйрегімді әзер дегенде жинап, бір қайық етіп, алып шықтым,–деді Бейсенбек.
– Әй, Бейсенбек! Тіпті, түйтігің де жоқ екен. Ең болмаса, сол атқан үйрегіңнің санын үш есе азайтсаң, қайтер еді, – деді Тайжан төреші.
– Жасымда, адам айтып болмас, адамның қырағысын көрдім. Ол заманда жауласқан екі ел, екі қырағысын таудың басына шығарып қойып, қарауыл қаратады екен. Қарауыл қарайтын сол екі тауының арасы жеті күндік жер болады екен.
Сонда қазақтың қарауыл жігіті:
– Таудың басында бір зат отыр. Бірақ адам екенін де, құс екенін де анық айыра алмай отырмын, – депті.
Сонда қалмақтың қарауыл қызы:
– Мені осы жерден ол көріп отыр. Бірақ не адам, не құс екенімді айырып біле алмай, дал болып отыр. Қазақ қарауылы мені «Құс екен» деп, қапыда қалсын. Бұлғары қара тоқымды біреуің менің үстіме лақтырып жібер де, екіншің тоқымның соңынан іле бір тостаған ақ ұнды шашып жіберіңдер. Мен сол мезгілде қара тоқымның тасасымен домалап, ойға түсейін.
Сонда қазақ қарауылы өз адамдарына:
– Жоқ, бұл қарауылда тұрған адам болмады. Саңғып ұшқан Оралдың ақ иық қара бүркіті болды дер, – депті.
Ақырында, сол жауласқан екі елдің әкімдері екеуі де қырағы-ақ екен. Осы екеуінен дүниеде теңдесі жоқ адам қырағысы туады деп, екеуін ерлі-зайыпты етіп, қосыпты. Сол екеуінен қырағы бала тумай, түк көрмейтін суқараңғы бала туыпты, – деді Түсіпбек.
– Көпті көрген көнелер айтқан. «Екі қырағыдан бір су қараңғы туады» деген мәтел осыдан қалған ғой! – деді талғампаз Тайжан.
Екі өтірікшінің сөзін алма кезек тыңдап отырған үлкен-кішісі аралас барлық қауым:
– Тайжеке! Осы Түсекең мен Бейсекеңнің қайсысының өтірігі шынға бергісіз? Қайсысының өтірігі қисындырақ, нанымдырақ, қызығырақ? – депті.
Сонда төреші Тайжан ойланбай, тайсалмай:
– Иә, кәзіргі біздің заманға қарағанда, осының екеуін де өтірікші деуге болады және бірінен-бірі басым жатыр.
Ағама жеңгем сай,
Апама жездем сай,
Бірін-бірі аялаған, әлди-ай, – дегендей, Түсіпбек пен Бейсенбек те біріне-бірі сайма-сай. Анығын айтқанда:
– Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен деген рас-ақ. Сіздер мен біздер осы өтіріктің өзіне емес, қиыстыра, қызықтыра айтқан қисынына сенейік, –депті төреші қарт Тайжан.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру