Суыр сұңқар су қайда

 Суыр сұңқар су қайда

Ерте заманда сиыр сызылған кербез, суырыла шапқан жүйрік болыпты. Әрі асқан тәкаппар, мақтаншақ та екен.

Бір күні әлгі сиыр атпен ерегісіп қалып, екеуі жарысқа түсуге уәде байласады. Бұрынғы өткен жарыстардың бәрінде сиыр бәйге бермейді екен. Осы жолы аттан да озып, төрт аяқты жануарлардың арасындағы ең жүйрігі деген атаққа біржола ие болуды мақсат етеді.

Көмбеге төреші болып арыстан келеді. Бәстің жайын ұққан соң, ат пен сиырды бір күншілік жолға жолбарыс айдап барып, екеуін қатар тұрғызып қояды да өкіріп тұрып, кері қайтуға белгі береді.

Құйрығын көкке шаншып алып, танауы пысылдап, сиыр ә дегеннен-ақ қарасын үзіп, зулай жөнеледі.

Сиырдың артынан желдей жүйткіп, үдей шауып, ат келе жатады. Жол ортасында бәсекелесушілерге сусын беру үшін суыр тосып отырады.

Бір кезде оза шауып, елірген сиыр суырға жетіп келеді де:

— Суыр сасық, су қайда? – дейді.

Сиырдың тәкаппар мінезіне ренжіп қалған суыр:

— Сиыр сасық, су мұнда, – деп, сасып, борсып кеткен лай суды ұстата салады. Шаңырқап, шөлдеп келген сиыр судың қандай екеніне қарамастан, сіміріп жібереді де одан әрі шапқылай жөнеледі.

Әрі-беріден соң, суырдың қасына шаршап, шөлдеп ат келеді.

— Суыр сұңқар, су қайда? – дейді еркелетіп.

— Жылқы тұлпар, су мұнда! – деп, суыр мөлдір, тұнық суды атқа ұстата береді. Таза, тұнық суға қанып алған ат бойына тың қуат қосылғандай болып, құстай ұшып, самғай жөнеледі.

Сасық, лай су кеудесін алып қалған сиыр онша ұзап кете алмайды да екі-үш қырды асқан соң, оны ат қуып жетіп, жанынан желдей жүйткіп өте шығады. Содан көмбеге бірінші болып жетеді.

Содан бері жылқы төрт аяқты жануарлардың ішіндегі жүйрігі болып қалыпты. Кеудесін лай, сасық су алып қалған сиыр содан бері шабандап, жүгіре алмайтын күйде қалады. Сиырдың жатқан кезде ыңырана күрсінетіні - өзінің астамшылық етіп, суырға айтқан дөрекі сөзіне күні бүгінге дейін өкінгені екен деседі.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру