Сатиралық ертегі: Үш ағайынды жігіт

Сатиралық ертегі: Үш ағайынды жігіт

Бір Келдібай Оразбайұлы деген байдың үш ұлы бар екен. Үлкен ұлының аты Үш вершок деген, ортаншы ұлының аты Екі вершок деген, үшінші ұлының аты – Бір вершок деген екен. Қашан, кім бұлардың атасы, тіпті-ақ, кәрілікке жетіп, өлер халге келгеннен кейін бүтіл өзіне қараған малдарын, сатып алған пұлдарын далаға, бір көлдің қасына көміп қойып, өзінің балаларын шақырып алып айтады:

– Балаларым, тез уақыт ішінде мен өлемін, менің байлығым сендердің біреуіңе тиеді, со мезгілде, егер де өлейін деп жатқан аталарыңның ең соңғы насихатын алғандарыңа ғана. Менім насихатым мынау: «Қасымызда көршілес болып отырған мырза Түлкінбай ұлыменен үш жылға шейін еш бір қатынаспаңдар. Бұ адамның өзі ғұмырынша жаман адам. Маған залалынан басқа нәрсесі болған жоқ», – деп айтып, шал өліп кеткен. Әкесі өлген соң балалары қалған пұлдарын қарасып, іздеп, қарамаған жер қоймай, ешбір таба алмай, ақыры, нашарлықпенен күндерін өткізе бастаған екен. Сонда бір күні олардың үйіне мырза Түлкінбай ұлы кіріп, үлкен ұлы Үш вершокке айтады:

– Маған мал бағуға келіп тұр, ақы беремін, бәлкім, сөйтіп барып, оны-мұны жиыстырып алып, шаруаңды түзетіп аларсың, – дейді. Сонда үлкен ұлы айтады: «Жоқ, саған қызметкер болмаймын, әкемнің айтып кеткен өсиеті бар, сен оныменен жаман тұрған екенсің, оған әрдайым жамандықтан басқа нәрсе қылмапсың», – дейді. Мырза кетіп қалып, келесі күні тағы келіп, Үш вершоктан сұрайды: «Қалай ойландың ба, маған қызметкер болып тұруды?» – деп. Сонда үлкен ұлы айтады: «Жоқ, мырза, жүре беріңіз, мен саған қызметкер болмаймын», – дейді. Сонда мырза қабағын түйіп, үйіне қайтып кеткен соң үлкен ұлы ойланады, «Кім біледі, әкемнің байлығы маған тие ме, тимей ме, онан бері аштан өліп қалармын», – деп. Келесі күні Үш вершок жүгіре басып, мырза Түлкінбай ұлының үйіне келіп, айтады: «Мені ал, сенің малыңды бағайын, ақыма не бересің?» – деп, Үш вершок сұрайды. Сонда мырза күлімсіреп айтады: «Енді маған қызметкердің, тіпті, керегі жоқ, біреуді алып қойдым», – дейді. Сонда Үш вершок көршісінен сұрайды: «Маған да бір орын бер», – деп. Сонда мырза Түлкінбай ұлы айтады: «Жарайды, мен сені қызметкерлікке алайын, бірақ уәдемен, не бұйырсам, соны қыласын, маған ашуланбастан. Егер де үш мәртебе ашулансаң, мен сені ұрып өлтіремін, бұған көнемісің?» – дейді. Мұнысына Үш вершок көніп, жүргеніне бір жұма да болмай, жүрген иесіне үш мәртебе ашуланады. Жүрген байы бұйырады: «Бар, сиыр сау», – деп, сонда Үш вершок жауап қайтарып айтады:
– Сиыр саумақ қатын ісі, қатындар қыла берсін, мен малыңды бағуға жалданғанмын, сиыр саууға кіргенім жоқ, – дейді. Сонда бай тағы да бұйырады:
– Бар, тезек жи отқа жағуға, – дейді. Сонда Үш вершок айтады:
– Тезек жию менің ісім емес, қатындар ісі, қатын жисын өздеріне тиісті жұмыс болған соң, – дейді. Сонда жүрген иесі тағы да айтады: «Бар, менің бешметімнің түймесін қада», – дейді. Үш вершок жауап береді: «Мырза әлденені табады, қашан, кім мен қатын болған мезгілімде қатын ісін қылсам керек, еркек жұмысы емес», – дегеннен кейін, мырза Келдібай Оразбай ұлының үлкен баласын ұрып өлтіреді. Мұнан кейін оның ортаншы баласы мырза Түлкінбай ұлына қызметкерлікке жалданғалы келді.
Екі вершок айтады: «Менің ағам сенде қызметкер болып жүр ғой, сондай қызметкерлікке мені де ал», – дегенде мырза күлімсіреп айтады: «Бірақ маған ешбір қарсы келме. Егер де екі мәртебе маған ашулансаң, сені ұрып өлтіремін, осындай уәдеге көнемісің?» – дейді. Сонда Екі вершок айтқан уәдесіне көніп, жүргеніне бір жұма болмай, жүргізген байыменен жатады да, ұрысып-керісіп ашуланысады: «Не үшін қатындардың қылатын жұмыстары – жіп иіру менен киізге әртүрлі ою оюды қыл дейді», – деп. Қарсы келгеннен кейін оны да ұрып өлтіреді, мұндай болған оқиғалардың бірде–бірін білмей, ең кіші інісі – Бір вершок өзі аш болған соң ойлайды: «Менің ағаларым осы күнде тойып жүрген шығар, мырзада жүріп, қымыз ішіп, қой еттерін жесіп, мырза бай адам ғой, мен де оған қызметкерлікке жалданайын» деп ойлай салып, барып, мырзадан орын сұрайды. Сонда айтады: «Жарайды, мен сені алайын, бірақ не қыл десем, соны қыласың. Егер де бір мәртебе маған ашулансаң, сені ұрып өлтіремін, осыған көнесің бе, Бір вершок?» – дейді. Сонда Бір вершок айтады: «Не жұмысың болса да, қыламын, бірақ сен маған ашуланбасаң, егер де сен өзің бір мәртебе ашулансаң, мен сенің өзіңді ұрып өлтіремін», – дейді. Сонда жалдап тұрған мырза күлімсіреп айтады: «Мен неге ашуланамын, мен қызметкер емес, менің ісім бұйыра беру», – деп, – «Жарайды», – дейді. Сонда Бір вершок бір күні қойларын жайғалы айдап барып, күні бойы ыстыққа жайып жүріп, суармастан кешке таман үйіне айдап келеді, сонда мырза қойларының суарылмағанын көре салып айтады: «Вершок, сен қойларыңды суарсаң болмай ма, айдап барып, қойларыңды суарып кел», – дейді. Мұнан кейін Вершок қойларды суға айдап барып, судың ең терең биік жары бар жерін таңдап алып, қойларын суға қоя береді, қойлар суды көре салып, суға түсе-түсе қалып, бірінің үстіне бірі түсіп, суға кетіп бара жатқанда пысқырғандары әлдеқайда жаңғырығып естіледі. Ақыры, бес жүз қойдан он-ақ қойды үйіне айдап келген соң, қызметкері Вершокке мырза ашуланады. Сонда уәдесі бойынша байдың басын алып, қызын қатындыққа алып, жақсы тұра бастаған мезгілде келесі жылы малдары өліп қалып, Вершок мүлде кедей болып қалды.
Міне, Келдібай Оразбайұлының байлығы ешкімге қалмады, балалары әкесінің өсиетін тұтпағандары себепті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру