Қиял-ғажайып ертегі: Пырақ

Қиял-ғажайып ертегі: Пырақ

Бұрынғы өткен заманда, дін мұсылман аманда Қасым атты хан болыпты. Ханның өзі хандығын елден асырса да, басында бір қайғы болыпты. Бір баланың жоқтығынан хан алты әйел алыпты. Алты әйел алса да бала көрмепті. Бір күні хан отырып елін жинап бата алып, қажыға бармақ болыпты. Сол оймен халқын жинатып, ақ бата алып қажыға жүреді.

Хан бірнеше күндей жол жүріп, Алатау деген тауға келіп түнейді. Түнде көзі ұйқыға ілініп кетсе, түсінде үш пері адам болып келіп: «Хан басыңды көтер, қолыңды жай, Құдай сенің тілеуіңді береді, еліңе қайт, барғаннан кейін бір әйелің екіқабат болады!»—дейді де ғайып болады.

Хан ұйқыдан басын көтеріп алса, ешкім жоқ. Сонымен хан, еліне қайтады. Еліне келіп, арада бірнеше ай өткеннен кейін ең кенже әйелі жүкті болып, бір ұл табады. Хан ұлдың атын Пырақ қояды.

Пырақ он-он үш жасар бала болып жақсы-жаманды ажырататын болады. Хан Пырақты атқа міндірейін деп, қол астындағы халқын жинатып, үлкен той істемек болады. Барлық тойға керекті нәрселерді даярлап, халқына хабар береді және алыс жерде екі досы бар екен, оған да хабар береді. Досы атпен келуге алыс болған соң, бір ағаш ат істетеді. Ол ағаш аттың оң құлағын бұраса—ұшатын, сол құлағын бұраса—қонатын болады. Соған әлгі досы мініп, ұшып келіп, жоғарыдан түсе қалады. Алыстан келген мейман деп, үйге кіргізіп алады.

Бір уақытта ойнап жүрген Пырақ: «Жаны жоқ ағаш атқа қалай мініп келді?»—деп тамаша көріп, аяғын үстіне салып, оң құлағын бұрап жіберсе, ағаш ат аспанға ұша жөнеледі. Халық дереу Қасым ханға хабар береді. Хан шығып қараса, бала аспандағы ала бұлтқа араласып көрінбей кетеді.

Хан баладан айрылып, жиналған халқын тарқатады. Пырақ ойға қалады: «Әке-шешем және елімнен айырылдым. Аттың сол құлағын бұрайын, бір өлім ғой» деп ағаш аттың сол құлағын бұраса, бір қаланың шетіне түседі.

Ағаш атты сол арадағы белгілі бір үлкен тастың астына тығып, жаяу қалаға келеді. Бір үлкен қораға келсе, қораның ортасында шам жанып тұр екен. Шамның жанына барса, бір кемпір келіп: «Әй, балам, түн ішінде не қылып жүрген баласың?»—деп аты-жөнін сұрап, үйіне апарып тамақ береді. Тамақ береді де: «Балам, сен бұл жаққа бір жаманшылық болып келіп қалыпсың. Енді сен маған бала болғын!»—дейді.

Пырақ: «Болайын»,—дейді. Сонымен төсек салып беріп, жатқызады.

Таң атады. Кемпір баланың тамағын беріп, қолына ақша беріп, «Базарға барып, тамаша қылып кел» деп жібереді. Пырақ базарға барып, аралап келе жатса, бір сұлу бала самауыр қайнатып, шай сатып отыр екен. Пырақ әлгі баланың аты-жөнін сұрайды. Бала бастан-аяқ жайын айтады. «Мен де сендей бір ханның баласы едім, бір ханның қызына ғашық болып, содан осы жерге келіп шай сатып отырмын»,—дейді бала. Пырақ: «Сен ғашық болсаң, сол қызды іздеп бармай, мұнда шай сатып отыруың қалай?»—дейді. Сонда самауыршы бала: «Менің ғашық болған қызым жанында қырық нөкері бар, осы дүкеннің басында отыр»,—деп қызды сыртынан Пыраққа көрсетеді.

Пырақ қыздың тұрған жерін анық біліп, үйіне кетіп қалады. Кешке Пырақ кемпірді ұйықтатып тастап, баяғы тығып кеткен ағаш атын алып мініп, хан қызының үйіне барып, ағаш атын қоя салып, есіктен қараса, қырық нөкерімен хан қызы да ұйықтап қалған екен. Үйге кіріп, ұйықтап жатқан хан қызының бетіне ақ шәйі орамалды он екі қабаттап жауып, сүйіп алып үйіне қайтып барып жатып қалады. Ертеңіне ханның қызының күтушілері қызды күндегідей өлшесе, салмағы бір мысқал күндегіден артып қалыпты. Оны ханға білдіріп, хан бұйрық қылыпты: «Есігіне, бояу жағып қой, кімде-кім келіп жүрсе, ертең мәлім болады. Киімі бояу болған адамды дарға асып жібергін!»—дейді. Ханның жарлығы бойынша уәзірлері есігіне бояу жағып қояды. Пырақ түнде тағы келіп қараса, қыздар тағы ұйықтап қалған екен, бетіне орамал қойып сүйіп алады да үйіне қайтып кетеді. Сол күні бейсенбі екен. Ертеңгі намазға бармақ болып, ертерек тұрып, бір суға барып, дәрет алып отырып, үсті-басының бояу болып қалғанын көреді. Сүйтіп отырғанда, бір диуана келеді. Пырақ барлық киімін сол диуанаға беріп, үйіне барып жатады.

Күтушісі келіп, қызды өлшесе, тағы да екі-үш мысқал ауырлап қалыпты. Хан естіп, қаһарланып, дереу жан-жаққа жасауыл шаптырып қаратады. Бір жасауыл намазға жиналған адамдарға барса, баяғы бояу жағылған киімді киіп тұрған бір диуананы көреді. Көре салып: «Сен екенсің ғой!»—деп, ондай-мұндай сөзін тыңдамай, дарға астырады.

Сол күні келіп жүрген кім екенін білейін деп, барлық қырық қызды ұйықтатып тастап, ханның қызы өзі ояу жатады.

Пырақ күндегісіндей барып бетінен сүйе бергенде, қолынан ұстай алады. Сүйтіп, Пырақтың аты-жөнін сұрайды, Пырақ бастан өткен істердің бәрін айтады. Қыз балаға ғашық болады.

—Сен ертең де кел. Мен әкемнің казынасынан ат басындай алтын, қой басындай күміс ділдә алайын, екеуміз қашайық!—деп сөз береді. Таң атқанша сол арада болып, үйіне қайтып келеді.

Пырақ күндіз үйінде болып, түнде уәде бойынша келсе, барлығы даяр болған екен. Қызды дүниесімен ағаш атқа мінгізіп алып, екеуі ұшып кетеді. Ұшып отырып бір жерге келіп қонса, бір үлкен қала екен. Сол қалада тұрамыз деп, қаладан бір үй табады. Ол үйге күніне үш ділдә беріп, тұратын болады. Арада үш-төрт күн өтеді. Пырақ сол қаланың ханымен танысуға көңіл беріп, баяғы әйеліне ақыл салады. Әйелі Пырақтың көңілін қимай: «Мейлің, бүгін шақыр!»—дейді.

Пырақ шақырып келеді. Әйелі неше түрлі тағам істеп ханды әбден күтеді. Пырақ ханды дос қылып, жанып тұрған шамды өшіріп, тартуға бір табақ ділдәні ханның алдына қойып еді, қараңғы үй жарық болып кетеді.
Үйінен хан ділдә алып шыққанын көріп қалып, қаланың қарақшылары ел тегіс ұйықтаған кезде, Пырақтың үйіне кіріп, барлық ділдә, ақшаларын ұрлап кетеді. Барлық ақшасынан айырылған Пырақ: «Қалай күн көреміз!»—деп жылап отырады. Пырақтың әйелі диуанаға берем деп, терезе түбіне жеті тиын алтын қойған екен, сол ақша есіне түсіп қараса, ақша орнында тұр екен. Әйелі ақшаны алып Пыраққа: «Жаным, жылама, мына жеті тиынға базарға барып келгенінше жібек алып кел!»—дейді.

Пырақ базарға барып, жібек алып келеді. Ханның қызы жібектен дереу кілем тоқып, кілемнің ортасына өзінің суретін басып Пыраққа береді. «Апарып сайдағы лайға малып, сілкіп-сілкіп жіберсең, жарқырап кетеді. Базарға алып бар, он бес сомнан кем сатпа, ақшасына тағы да жібек алып кел!»—дейді. Пырақ кілемді апарып, лайға малып, сілкіп-сілкіп жіберіп еді, кілем жарқырап шыға келді. Бір қашқарлық он бес ділдәға алып, тағы үш кілемдік ақша берді. Пырақ он бес ділдаға жібек алып, қалған пұлын әйеліне береді. Әйелі жібектен тағы кілем тоқып, ақша алған қашқарлыққа апарып береді. Әлгі қашқарлық кілемдегі суретке ғашық болып, Пыраққа: «Мен сізден оқысам бола ма!»—дейді.

Пырақ: «Болады, оқысаң, ертең менің үйіме келе ғой!»—деп кетіп қалады.

Ертеңіне қашқарлық үйіне барып, кіре бергенде Пырақтың әйелін көріп талып қалады. Оны Пырақтың әйелі сезеді, бірақ күйеуіне сездірмейді. Пырақ кашқарлықтан:

—Неге талып қалдыңыз?—деп сұрайды. Қашқарлық: «Қояншығым бар еді»,—деп жауап береді.

Қашқарлық Пырақтан біраз сабақ алып, кетерінде Пыраққа: «Әйеліңізбен менің үйіме меймандыққа келіңіз»,—деп шақырады. Ертеңіне Пырақ әйеліне: «Жүргін»,—десе әйелі: «Бармаймыз»,—дейді. Пырақ шақырған жерге барамыз деп болмайды. Ақыры әйелі бармаған соң, Пырақ өзі кетеді. Қашқарлық Пыраққа ішкілік ішкізіп, мас қылып, бір тамға апарып тастайды да, қолындағы алтын сақинасын алып, Пырақтың әйеліне бір жігітті жібереді. «Мына алтын сақинаны көрсетіп, Пырақ шақырып жатыр десең, әйелі келеді»,—деп тапсырады жігітке.

Әйел алтын сақинаны көргеннен-ақ, бір пәленің болғанын сезеді, жігітке білдірмей бір қанжар алып, қашқарлықтың үйіне келеді. Үйге кіре, бергенде, жігіттер жабылып, әйелді Пырақ жатқан тамға кіргізіп жібереді. Әйел тамға кіріп барса, қараңғы тамда Пырақ жатыр. Дереу қанжарымен тамның бір жерін тесіп, Пырақты шығарып, енді өзі шығайын деп жатқанда қарауылдар көріп қойып, әйелді ұстап алады. Айрыларда әйелі Пыраққа: «Сен енді түсіңді өзгерт те, нан сатқын»,—деп, ақыл айтады. Қыз жалғыз өзі бір тамда қамауда жата береді. Ауқат берсе, ішпейді.

Сүйтіп, арада үш күн өткеннен кейін, қыз тамның терезесінен қарап отырса, нан сатып жүрген Пырақты көреді. Қыз бір жігітті шақырып алып, қолына хат жазып беріп: «Мынау хатты апарып берсең, анау сатушы нан береді»,—деп Пыраққа жібереді. Пырақ хатты алып, нанды беріп жіберіп, енді хатқа қараса: «Бүгін түнде тамыр болған ханның екі атын, екі қылышын сұрап алып, терезенің тұсына келіп тұрғын!»—депті.

Пырақ ханға барьш екі ат, екі қылыш сұрап алып, түнде тамның түбіне келіп тұрғанда ұйықтап қалады. Пырақ ұйықтап жатқанда адам жұтатын бір жалмауыз келіп, атқа мініп, тұра береді.

Бір уақытта қыз терезеден секіріп түсіп, атқа мініп, жалмауызды Пырақ екен деп жүре береді. Таң атқан соң қараса, жуан келген бір қара жігіт қасында келеді. Әлгі жігітке сыр бермей: «Қайда барамыз?»—дейді.

Жігіт: «Жүре бергін»,—деп ертіп бір үлкен қораға алып барады. Мал қамаған бір қораны көрсетіп болып, екінші қораға барса, толған көгендеп тастаған адамды көреді.

Одан шығып далада тұрғандарды көрсетеді. Қыз білмегенсіп: «Бұл немене?»,—дейді. «Бұл адамды тартып өлтіретін дар» дейді. «Оған қалай тартып өлтіреді?»,—деп таңданады. «Білмесеңіз мені тартып көріңіз»,—дейді.

Сол арада жалмауыз киімін шешіп, мойнына арқан салып тұрып: «Қоя бер дегенде қоя бергін»,—дейді. Қыз: «Болады»,—деп жалмауызды дарға тартады. Жалмауыз қоя бер дегенде де қоя бермей, асып байлап тастап, жалмауыздың киімін еркекше киіп алып, барып қорадағы көгендеулі адамдарды босатып, өзі жүріп отырып Көкек деген қалаға барып, еркек болып тұра береді. Бір күні ел жиылып, басқа жақтан келген сүйкімді, мінезі жақсы, ақылды жігітті өлген ханның орнына хан сайлайды. «Хан болдың, енді ханның әйелін ал»,—деп әйелін неке қылып қосады. Хан болып қызмет етіп жүріп, әйеліне «Қырық күндей маған жақындама»,—дейді. Сүйтіп, өзінің суретін бастырып, отырған тамның есігіне жапсырып қояды. «Кімде-кім келіп осы суретті сұраса, маған айдап кел?»—дейді. Бір күні қарап тұрса, бір қара жігіт келіп, суретті сүйе береді. Жігітті дереу ханға айдап келеді. Оны дарға астырып жібереді, ол баяғы жалмауыз екен. Арада неше күн өткеннен кейін тағы біреу келіп, суретті құшақтап жатқан жерінен жасауыл айдап, ханға әкеледі. Хан ор қаздырып, оның ішіне жылан, тағы басқа түрлі бақа-шаянды толтырып, жаңағы адамды ішіне тастайды. Ол қашқарлық екен. Ханның алған әйеліне қылған уәдесіне екі күн қалып, Пырақтың келетін жолына қарап отырады. Адам келмей кеш болып қалып, жатайын десе бір жасауыл бір жаман киімді мүсәпірді айдап келіп ханға білдіреді. Хан қараса, баяғы Пырақ. Сол арада хан құшақтасып көрісіп, киім киіндіріп, ертеңінде елін жинап, бастарынан өткен істерін айтады. Сол арада ана әйелді де Пыраққа қосып, Пырақ екі әйелді алып, еліне қайтып, әкесін, елін аман көріп, мұратына жетеді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру