Қиял-ғажайып ертегі: Сиқырлы тас

Қиял-ғажайып ертегі: Сиқырлы тас

Баяғы өткен жақсы заманда бір үлкен бай болған екен, сол байдың жалғыз баласы болыпты. Жалғыз баласының жасы толған соң, бай «баламның қызығын көремін»,—деп жыл сайын жанындағы жәрмеңкеге жібереді екен, саудаға бір мың теңге ақша беріп, һәм сауданың жөнін білмейтұғын баласы сол жолы әкесінің берген ақшасына бір мысық сатып алыпты. Өз үйіне қайтқан соң, бай баласының келгенін есітіп, «балам не нәрсе сатып алып қайтты»,—деп қуаныш көріп, баласына келіп амандасып болған соң сұрайды: «Әй, қарағым, сен не сатып алып қайттың берген ақшама?»—деп. Баласы жауап береді: «Әке, мен бір түрлі хайуан сатып алдым, өзінің өнері сол: бұл жер үстіндегі тышқаннан тышқан қалдырмайтын мысық деген»,—деп. Бай баласының бұл сөзіне ешбір жауап айтпай, үйіне қайтты дейді.

Келер жылы сол уақытта тағы да баласының қызығын көрмекке, саудаға екі мың теңге ақша беріп, базарға жібереді. Бұл жолы баласы базардан екі мың теңгеге бір бүркіт сатып алыпты. Үйіне қайтып келген соң, тағы да әкесіне айтады: «Әй, әке, бұл жолы мен бір түрлі құс сатып алдым. Сол құсым көктегі құстан құс қалдырмаса керек, бәрін қырып жойып бітіреді»,—дейді. Әкесі бұл сөзіне де еш жауап қайтармапты. Келер жылы тағы да сол уақытта үш мың теңге беріп, тағы да базарға жібереді. Бұл жолы баласы бір тазы ит сатып алып қайтты. Үйіне келіп, әкесіне мақтаныш қылып, айтады: «Ата, мен бұл жолы бір тазы ит сатып алып қайттым, оның өнері сол: жер үстіндегі қояннан, түлкіден, қасқырдан түк тастамайды»,—деп. Атасы еш жауап айтпай қойыпты. Төртінші жылы төрт мың теңге ақша беріп, бай баласын тағы да базарға жіберіпті. Баласы бұл жолы бір үлкен сандық сатып алыпты, ішінде не бар-жоғын білмей, кілтіменен. Сатқан кісі бұған айтыпты: «Бұл сандықты ашпай, бір керек бек қиын уақытта ашыңыз, егерде жай уақытта ашсаңыз, өзіңізге зиян келтіреді»,—деп.

Байдың баласы сандықты үйіне алып келіп, қуаныш қылып, әкесіне айтыпты: «Бұл жолы мен берген төрт мың теңге ақшаңызға бір сандық сатып алып қайттым»,—деп. Әкесі баласының ақымақтығын біліп, еш жауап бермей, өз үйінен біржолата қуып жібереді, өзінің сатып алған мысығын, бүркітін, итін һәм сандығын беріп. Байдың баласы жылай-жылай өз үйінен шығып, жұртынан ұялғанынан біржолата айдалаға шығып кетеді, сандықты арқасына салып алып. Жасынан мұндай жамандықты көрмеген байдың баласы біраздан кейін шаршады. Бір жерге дем алуға, сандығын жерге қойып, өзі ойланып отырса, осы сандықты сатып алғандағы сатушының айтқан сөзі ойына түседі.
Сандықты сол жерде ашып қараса, ішінде бір үлкен жылан жатыр екен. Жыланды бала көріп талып қалыпты. Көптен соң көзін ашып қараса, жылан адамның тілімен сөйлепті, «Әй, жігіт, сені мен көрдім, мені сатып алғаныңа көптен-көп Алла разы болсын! Енді сен мені өз үйіме жеткіз. Ондағы менің аталарым сенің қылған жақсылығыңа қарай шамасы келгенінше, жақсылық қылар»,—деп. Байдың баласы олай ойлап, былай ойлап, не болса да бағымды сынап көрейін деп, жылан жатқан сандықты қақпағын жауып, қайтадан арқалап жыланның айтқан жеріне жол жүріпті. Недәуірден соң бір сайдың ішіне келсе, іші толған жылан екен, адамзатты көріп, жыландар бәрі басын көтеріп алып, ысқырыпты. Байдың баласы туғаннан бері мұндай істі көрмеген сорлы қорқып, қорыққанынан арқасындағы сандықты жылдам жерге қойып, қақпағын ашып, ішіндегі жыланды босатып қоя берді. Жылан сандықтан шығып, өз тілінше ысқырады. Барша бастарын көтерген жыландар қайтадан өз орындарында жатады. Сонда жылан жорғалап өз ініне жүре бастапты. Байдың баласы соңынан қалмай, жүгіріп отырыпты. Недәуірден соң жылан бір үлкен інге келіп кіріп кетіпті. Байдың баласы іннің аузында тұрып қалыпты, біраздан соң жылан іннен шығып, адам тілімен көп-көп рахмет айтып, бір жасыл тас алып беріп қоя береді: «бұл тас қыл дегеніңді қылады, бірақ бос жерге тастаушы болма»,—депті. Байдың баласы қуанып сол жерде тасқа: «Мені жылдам итіме, құсыма жеткіз!»—депті. Сонда көз ашып жұмғанның арасында байдың баласын айтқан жеріне жеткізіпті. Байдың баласы бұл тастың қасиетін білген соң, бек қуаныш көріп, мысығын, бүркітін, итін алып, тасқа айтыпты: «Енді бізді ешкім білмейтін патшаның жеріне жеткіз»,—деп. Тас оның айтқанын мақұл көріп, көзді ашып-жұмғанша бай баласын барша хайуандарымен қалаған жеріне жеткізді. Жерге түскен соң жан-жағына қараса, алыстан бір үлкен шаһар көрінеді. Бай баласы итін, құсын, мысығын алып шаһарға келіп, ең шетіндегі бір үйге сөйлес қылса, ол үйде бір шал мен бір кемпірден басқа ешкім жоқ екен, ол шал мен кемпір бай баласын біржолата бала қылып алыпты. Баласы күнде таңертең аңға шығып, құс әкеліп, шал-кемпірді асырап жүріпті. Бір күні бай баласы күн шықпай далаға аңға шығып бара жатып, күннің екі бөлік болып шығып келе жатқанын көріп, аң-таң қалып, қайтадан шал мен кемпірге келіп: «Мұның себебі не?»—деп сұрады. «Қарағым, бұл жерде күн біреу-ақ, екінші күнмен қатар таласып шыққан хан қызының нұры»,—дейді. Бай баласы сол жерде хан қызының нұрына ғашық болып, «не болса да мұны мен алайын»,—деп, алмақшы болыпты. Сол көңілімен келер күні байдың баласы «ханның қызын айттырып кел»,—деп кемпірін жібереді. Туғалы мұндайды есітпеген кемпір әуелі шошып, бай баласы тілеп сұраған соң, кемпір бармақшы болып­ты. Бай баласы оған үйретіпті: «ертең ерте таң атпай сен ханның ордасына барып есігінің алдын сыпырып тұрғайсың. Хан тұрған соң бұл не қылып жүрген кемпір деп сұраса, сен өз жайыңды айтқайсың. «Ханның қызын балама айттырғалы жүрмін деп», – дейді. Хан сонда ашуланып сені зынданға сал деп құлдарына бұйырар, құлдар сені зынданға тастап жібергенде, сен аман-есен өз үйіңе келесің»,—дейді. Сонымен бейшара кемпір ертеңіне ерте орнынан тұрып, ханның қызын айттырмаққа ханның ордасына барады. Хан оянған соң, кемпірді көріп: «Не жаймен жүрген кемпірсің»,—деп сұрады. «Мен сіздің қызыңызды айттырғалы келіп едім»,—дейді кемпір. Сонда хан ашуланып, құлдарына бұйырады: «Дереу кемпірді зынданға сал»,—деп. Құлдары кемпірді қолынан ұстап апарып, зынданға тастап жіберді, кемпір зынданға түспей, аман-есен өз үйіне қайтып барды.
Кемпір өңі-түсі екенін білмей, көптен соң есі кіріп, баласына жайын айтыпты. Баласы ертеңіне тағы да кемпірді ханның қызын айттыруға жібереді. Кемпір ханның үйіне келіп, тағы да есігінің алдын тазалап жүргенін хан көреді. Кешегі кемпір екенін білген соң, құлдарына сенбей ханшаларын қосып жіберіпті зынданға тастауға. Құлдары ханшалардың көзінше кемпірді зынданға тастап жіберіпті. Оның орнына кемпір тағы да өз үйіне келіпті. Келген соң баласына жайы-күйін айтыпты. Байдың баласы кемпірді үшінші мәртебе ханның қызын айттыруға жіберіпті. Үшінші қабат барғанда әдейі ханның өзі шығып, кемпірді өз қолынан кескілеп, отқа жандырып жіберіпті.

Онан кейін баяғы жасыл тас күлін жиып алып, кемпірді тағы да тірілтіп, өз үйіне әкеліпті. Кемпір өлместігін білген соң, ертеңіне тағы да барып, ханның қызын сұрапты. Хан кемпірді көріп мұның өлместігіне көзі жеткен соң «мұнан, мұныменен құтыла алмаспын қалың малды көп сұрап, шошытып құтылайын» деп кемпірге айтыпты: «Әй, кемпір, мен саған қызымды берейін, бірақ қалың малына қырық қара ала аяқ жорға, қырық қара жүйрік ат бер, ені-түсі бірдей болсын, қырық нар түйе бер, түсі бірдей болсын, бір түсті қырық сиыр, қырық қой бер, ені-түсі бірдей болсын, қырық ешкі бер, ені-түсі бірдей болсын, онан соң бір түннен қалдырмай жерде тіреуі жоқ, жерде де емес, көкте де емес, алтын сарай жаса; екі бәйтерек орнат, бірі алтын, бірі күмістен болсын және екі бәйтеректің түбінен бұлақ ағызып қой, сонда мен қызымды беремін»,—деп. Кемпірді хан сол сөзіммен жұбаттым, құтылдым,—деп жіберіпті. Кемпір үйіне келіп, баласына бастан-аяқ ханның тілегенін, қалың малын айтыпты. Байдың баласы кемпірді тамаққа тойғызып, өзін жатқызып, өзі далаға шығып, жасыл тасты алып, бастан-аяқ ханның сұраған қалың малын айтып, бек қатты бұйырып, тасты қоя беріп өзі үйге келіп жатыпты. Ертеңінде орнынан тұрса, бәрі де айтқанындай екен.

Хан тұрып қараса, өңі-түсі екенін білмепті, біраздан соң есі кірген соң қараса, кешегі сұраған қалың малының бәрі, у-шу, азан-қазан болып, ордасының жанында жүр екен, не көкте емес, не жерде емес, алтыннан жасалған сарай күнмен шағылысып тұр, гауһар тастан жасалған күмістен орнатылған екі бәйтерек тұр. Оның түбінен бұлақ ағып жатыр. Хан аң-таң қалып тамаша қылып, кемпірдің баласына қызын бермекші болып, күйеуді шақыртып алып, бастан-аяқ хал-жайын сұрап, байдың баласына қызын қырық күн ойын қылып, қырық күн тойын қылып берді. Байдың баласын өзінің орнына хан қылып, біраздан соң хан дүниеден қайтты. Хан өлген соң, барша жұрты байдың баласына қарап қалды. Байдың баласы хан болса да жасынан үйренген әдеті, күнде ерте тұрып, итін ертіп, құсын алып, аң аулап жүреді екен. Бір күні айдалада аң аулап жүргенде бір қу аяқ кемпір кез болады. Кемпірді көріп, хан аяп, өз үйіне қызмет қылуға әкеп қояды. Кемпір ханның үйінде ханшасынан басқа адамды көрмейді. Не жұмысы болса да өзі істеліп, өзі қылынып тұрғанын көреді. Кемпір мұны көріп, ханға айтуға батпай, ханшадан сұрапты. Ханша айтады: «ханның бір жасыл тасы бар, осы жұмысты сол істейді»,—дейді. Сонда кемпір айтады, маған жұмыс қылғызғанша, бәрін сол тасқа істетейік, хан аң аулап кеткенде, тасын үйге тастап жүрсін депті. Соны сұрап алып қал,—дейді. Ханым мұны мақұл көріп, тасты ханнан сұрап алып қалған екен. Бір күні тас кемпірдің қолына тиген соң, тасты алып, айтады: «Осы ханшаны алтын сарайымен, менімен Қарақұл деген ханның жұртына көз ашып-жұмғанша апар»,—деді. Тас айтқанын орнына келтіреді. Кемпір Қарақұл деген ханның кемпірі екен. Ханның ханшасына қыз күнінен ғашық болып жүреді екен. «Осы ханның ханшасын алып кел»,—деп жіберген кісісі екен. Қарақұл ханның жұртына келген соң, Қарақұл хан қырық күн ойын, қырық күн тойын қылып, баяғы ханның қызын алып қатын қылады, өмір дәурен сүріп тұрады.

Байдың баласы аңнан қайтса, үйінің орнында жұрттан басқа түк таба алмай, зар-зар жылап, ел-жұртынан айрылып, бүркітін, итін, мысығын алып, айдалаға шығып, адам жүрмейтін, құлақ естімейтін жердегі бір үлкен өзеннің бойына барып, балық аулап, тамағын асырап тұрады. Сөйтіп, жүріп көп жылдар өтті. Бір күні мысығы менен иті екеуі отырып, өзі-өзі ақылдасты: «Бұл біздің байымыз бізге қанша ақша шығарып, сатып алды, бізді осы күнге шейін асырап сақтап тұрды. Біз бұған бір жақсылық көрсеткен жоқпыз»,—десті. «Енді біз байымыздың жоғалтқан тасын іздеп тауып берелік, – депті. Соныменен иесі ұйықтап жатқанда ит пен мысық екеуі тасты іздеуге сапар шекті. Көп күндер, көп айлар, көп жылдар өткен уақытта ит пен мысық бір үлкен шаһарға келіпті. Шаһардың ішін аралап жүрсе, не көкте емес, не жерде емес, бір алтын сарайды көреді. Көріп, баяғы өз байының сарайы екенін танып, сол сарайдың жанынан шықпай жүріпті. Бір күні Қарақұл хан көріп, мысық пен итке тамақ бергізіпті. Ит, мысық сол үйді бірі ішінен, бірі тысынан күзетіп жүріпті, сөйтіп, жүріп мысықты Қарақұл хан жақсы көріп, тамақ ішкенде жанына отырғызатын болыпты. Мысық тастың ханның өзінде екенін біліп, итке айтыпты, ит бұған ақыл үйретіпті: «Сен бір күні хан тамақ ішіп отырғанда бір тышқан ұстап алып, тірідей жұтып қой, хан мұны көріп, мырс етіп күліп, сені қабырғаға түртіп жіберер, сонда сен тышқанды қайтадан құсып жібер, сонда хан жүрегі айнып, қақ дегенде аузындағы жасыл тас ұшып жерге түсер, сонда сен тасты тез тістеп маған бер, мен үйден ала қашып кетермін, сені арқама мінгізіп, сонан соң байымызға апарып береміз»,—депті. Иттің үйреткенін мақұл көріп, мысық иттің айтқанындай, бір күні тамақ ішіп отырғанда қылыпты, хан «қақ» дегенде аузындағы жасыл тас ұшып жерге түсіпті, сонда мысық тасты ала қашып, итке беріпті. Ит мысықты арқасына мінгізіп, алып қашып, көп күннен соң баланың балық аулап жатқан жеріне келіпті. Өзеннің бойына келген соң ит, мысық дауласыпты. Судан өткен соң мысық айтыпты: «Тасты сен маған бер, сенің аузың үлкен, шаршағанда қырылдап тас суға кетер»,—депті. Ит бұл ақылға көнбей, судың ортасына келген уақытта мысықтың айтқаны келіп, иттің аузынан тас түсіп кетіпті. Сол уақытта ұшып келе жатқан үйрек тасты қағып алып, жұтып қойып, кете барыпты. Арғы жақтағы байдың баласының бүркіті мұны көріп, ұшып барып үйректі ұстап алып, иесіне беріпті, ит пен мысық судан шыққан соң өзді-өзі ұрысыпты, байдың баласы иті мен мысығына риза болып, үйректі сойып жіберсе, үйректің ішінде тас жатыр екен, бек қатты шаттанып, қуанып, сол жерде тасқа бұйырады: «Көз ашып-жұмғанша Қарақұл ханның қатынын, кемпірін, өзін барша алтын сарайымен баяғы орнына алып кел!»—деп. Тас бәрін алып келді. Байдың баласы жұртына келіп, жұртының көзінше Қарақұл ханды, өзінің қатынын, кемпірді—бәрін қылыштап өлтіріпті. Онан кейін жұртына разы болып, өзінің орнына бір жақсы адамды хан қылып отырғы­зып, өзі итімен, мысығымен, бүркітімен, тасымен, «бұл дүниенің баяны жоқ»,—деп жаһан кезіп кетіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру