Қиял-ғажайып ертегі: Жүсіп мерген

Қиял-ғажайып ертегі: Жүсіп мерген

Бір күні Жүсіп өзінің шиті мылтығын алып келе жатса, бір ағаштың басында қарақұс отыр екен. Жүсіп атайын деп оқтала бергенде, қарақұс: «Мерген, сен мені атпай-ақ қой»,—дейді. Әуелі таң қалып қалған Жүсіп ойланып: «Осы қарақұстың тірі жүргенінен өлгені артық болар»,—деп, атуға екінші рет оқталады. Қарақұс тағы да: «Мерген, мені атпай-ақ қой!»—дейді. Жүсіп тағы да ойланып, үшінші рет қарақұсты қарауылға алғанда: «Мен сенің қолыңа қонайын, сен мені бақ»,—дейді.

Жүсіп құстың айтқанын жасайды. Бір күні қарақұс Жүсіпке:—Сен арқама мін, орманға апарайын,—дейді де, Жүсіпке арқасын тосады. Жүсіп мысықтай ырғып құстың арқасына отырып қалың тоғайға келеді.

—Сен осының ішінен бір үлкен ағаш таңда!—деді қарақұс. Жүсіп көрсеткен ағашқа қарақұс қонады да, ағашты сілкілейді, бірақ оған ағаш сына қоймайды. Қарақұс: «Мені әлі де бақ»,—дейді. Жүсіп құсты екі ай бағып, қайта әкелгенде Жүсіптің таңдаған ағашы шорт сынады. Сонда қарақұс: «Сен менің арқама мін»,—деп әмір етеді. Жүсіп қарақұсқа мініп, аспанға ұшады. Қарақұс аспанға шарықтап, бір теңіздің үстіне келе бергенде Жүсіпті тастап жібереді де, суға жақын келгенде іліп әкетеді. Екінші рет жанып жатқан өрттің үстінен тастап жіберіп, отқа жақын қалғанда іліп әкетеді. Үшінші рет құздың үстінен тастайды да, тасқа жақын қалғанда қағып әкетеді. Сонда қарақұс бір төбеге қонып, Жүсіптен: «Сен жаңағы судан, өрттен, таудан қорықтың ба?»—деп сұрайды.

—Қорықпағанда ше, жаным көзіме көрінді,—дейді Жүсіп.

—Е, көзіңе көрінсе, мені әуелі «атам» деп жанымды көзіме көрсеткенсің! Ал, Жүсіп, осы төбенің етегінде менің елім бар. Соған сен барып әкемнен сүйінші сұра. Менің мұндай халге жеткенім—соғыста қолымнан, аяғымнан айрылдым, мені Құдай осындай халге жеткізді. Сен әкеме барғанда қанша мал берем десе де алма, тек кішкентай қызыл сандық бар, соны алам де,—дейді. Осы сөз бойынша барған Жүсіп құстың айтқанын айтады. Әкесі сонда: «Жан дегенде жалғыз баламнан аяғанымды ит жесін»,—дейді де, сандықты береді, бірақ: «Сен бұл сандықты ашпа, ашсаң, көп қиындық көресің»,—дейді. Қырық күн ойын, отыз күн тойын жасағаннан кейін карақұстың әкесі қырық уәзірін ертіп, Жүсіпті еліне аттандырыпты. Жүсіп бір аралға келгенде: «Осы сандықта не бар дейсің»,—деп ашып келіп қалса, сол бойда бірдеме жалт ете түседі де, Жүсіптің үстіне алтын мұнара тігіле қалады. Қырық уәзір қырық, жерден «жүр-жүрлеп» айқайлапты. Жүсіп жүре алмайды. Жүре алмай, жылап отырған Жүсіптің қасына бір мыстан кемпір келіп: «Үйіңе барғанда үйіңде сен танымайтын бір бала бар, соны осы аралға әкеп тастап кет»,—деп бұйырады.—Жарайды. Әйтеуір, осы үйді қайтадан сандыққа салып бер,—деп жалынады Жүсіп. Мыстан келісіп, үйді сандыққа салып береді.
Көп кешікпей Жүсіп үйіне келеді. Үйінде өзі кеткеннен кейін туған баласы бар екен. Баласының аты Серік екен. Жүсіп сол Серікті әлгі аралға тастап кет деп, қырық уәзірге қосып жібереді. Қырық уәзір жолда аралға тастап кеткеннен кейін Серік жылап отырса, мыстан келіп: «Балам, жылама! Судың ортасына барып бойлап қолыңды серме, сонда қолыңа есіктің тұтқасы ілінер, сол есікті аш та жүгіре бер. Алдыңнан тағы бір есік шығар. Сол есікті ашсаң алдыңнан хан шығар, сол саған бір жұмыс тапсырар»,—дейді.

Мыстанның айтқанын Серік мүлтіксіз орындайды. Хан: «Бүгін тынық, ертең бір жұмыс тапсырамын»,—дейді. Ертеңіне Серікке ұшы-қиыры көрінбейтін бидайды «таң атқанша орып бер» деп бұйырады хан. Сол кезде ханның бес қызы бар екен, ең кішісі Серікпен жасты екен. Серік жылап отырса: «Сен неге жылайсың?»—дейді қыз. Серік қызға жайын айтады. Сонда қыз тұрып: «Ту, со да сөз бе екен, жүр, екеуіміз орып келейік»,—дейді. Қыз барады да бес бауға толтырып «ә» дегенше орып тастайды. Ертеңіне хан Серікті далаға ертіп шығады. Дала алай-дүлей жел екен, сол желге барып бес қап тарыны ұшырады да, «таң атқанша жина» деп, бұйырады. Серік қызға келеді, қыз екеуі тарыны лезде бес қапқа жинап алып, аузын буып қояды. Енді хан «ат үйрет» дегенде Серік қуанып кетеді. Сонда қыз:—Ол тағы, саған үйрету қиынға түседі. Сен мына екі шоқпардың біреуін ал, үстіне мінгенде ат көкке ұшады. Сонда сен осы шоқпармен атты бастан ұр. Ол сенің ұрғаныңа қарамас, қолың талар, бірақ қолыңның талғанына қарама, ұра бер. Егер ұрмасаң, сол аттың үстінде өлесің,—дейді қыз. Серік қыздың айтқанын дәл орындайды. Серік ертеңіне хан ордасына келсе, ханның басы көкпеңбек болып ісіп кеткен екен. Бұған себеп—кешегі ат болып жүрген ханның өзі еді. Қызының Серікке көңіл қосқысы келетіндігін аңғарып, хан Серікке: «Енді бес ат келеді, соның ішінен таңдағаныңды ал»,—дейді. Таң ата бес ат келеді, төртеуі тұлпар, біреуі ақсақ тай. Серік ақсақ тайға жабысады. Хан тұрып: «Төрт тұлпардың біреуін алмай тұрып, ақсақ тайды неге аласың?»— дегенде, Серік: «Өзім жаман адаммын, маған жаман ат жарайды»,—деп жауап қайтарады. Енді бес қызын хан жерге көмеді де: «Осы қыздардан сүйген қызыңды тауып ал»,—дейді. Серік іздеп-іздеп бір жерді қазса, өзінің сүйген қызы Гүлбаршын шығады. Бұл баяғы өзіне көмектесетін ханның кіші қызы еді. Хан Серік пен Гүлбаршынды қосады. Гүлбаршын асқан сиқыршы болады.

Бір күні Серік елін ойлап қамығып отырғанда Гүлбаршын: «Неге қамығасың?»—дейді. Серік елін сағынғанын анық айтады. Қыз сонда:

—Жолға даярлану керек,—деп жол жабдығына кіріседі.

Бір күні кешке Гүлбаршын екеуі қашып кетеді. Кетерде Гүлбаршын шынашағын кеседі де, жататын жеріне бір, жуынатын жеріне бір, шығатын есікке бір тамшы қан тамызып кетеді. Таңертең хан қызметшілеріне: «Күйеу баланы шақырып кел!»—дейді. Қызметші келіп: «Жаңа киініп жатыр»,—дейді. Екінші рет «жуынып жатыр» дейді. Үшінші рет «келе жатыр» деп хабарлайды. Күте-күте келмеген соң ханның өзі келсе, манағы қызметшінің көріп жүргені Гүлбаршынның қаны екен. Қызының қашып кеткенін білген соң, хан қырық уәзіріне қызын қудырады. Қырық уәзір Серікке жақындай бергенде, Гүлбаршын—қызғалдақ, екі ат—қой, Серік—қойшы болып қалады. Қырық уәзір қайта қуғанда, Гүлбаршын—ай, екі ат—мола. Серік—молда бола қалады. Уәзірлер қашқан қыз бен күйеуді ұстай алмай қайтып келеді. Келіп көргендерін ханға айтады. Хан енді өзі іздеп шығады. Хан Серікке жақындайды. Сонда, Серік—қасқыр, Гүлбаршын—балық, аттар—су бола қалады, хан келіп суды іше бергенде, қасқыр келіп ұрттан алады. Хан сол кезде қырық уәзіріне: «Қой, бұл қыз бір жарылған жұмыртқа болар»,—деп үйіне қайтады. Серік пен Гүлбаршын, сөйтіп, өзінің дегеніне жетеді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру