Есекмерген

 Есекмерген

Бір кісі өлер алдында артында қалып бара жатқан жалғыз баласы Есекмергенге өзінің басынан өткендерін айта келіп:

«Балам, сен аң аулап жүріп жалғыз орманға барма. Бара қалсаң, тақыр жердегі молаға түнеуші болма», – дейді.

Баласы: «Мақұл» дейді. Бірақ бала есейген сайын: «Әкем маған неге орманға барма деді? Осы орманға барып моланы, тақырды бір көрейінші», – деген ойға келеді де бір күні садағын асынып орманға келеді. Бала жас болса да батыр, құралайды көзге ататын мерген екен. Өзіне-өзі сенімді, орманды емін-еркін аралап, құс атып алады, оларды пісіріп жейді. Ақырында, орманда түнейді. Түнде үш ағаштың басын құрастырып от жағып, жол қазанына ет асып отырғанда, қасына ұзын бойлы бір жезтырнақ келеді. Мерген жезтырнаққа ет береді. Бірақ ол берген етті алып жей алмайды. Есекмерген етті аузына қасығымен салады. Ет жеп болған соң, жезтырнақ кетіп қалады. Жезтырнақ кетісімен, Есекмерген оттың қасына бір томар ағашты әкеліп жатқызып, басына бас киімін кигізіп, үстіне сырт киімін жабады да өзі бір биік ағаштың бұтағына шығып, жезтырнақты күтеді. Жезтырнақ мерген жатқаннан кейін ептеп келіп, жаңағы томар ағашты бассалады. Жезтырнақтың тырнақтары томарға шегедей қадалып, кіріп кетеді. Енді ол томардан тырнағын суыра алмай әлек болады. Міне, сол кезде Есекмерген оны садағымен атып өлтіреді де тырнақтарын кесіп алады. Сол түнді орманда өткізіп, енді моланы іздейді.

Ақырында о да табылады. Мерген атып алған аңдарын асып жеп, бір күні моланың жанына түнейді. Түнде тамақ жеп отырғанда, баланың қасына таутайлақ келеді. Бала әуелде таутайлақтан сескеніп қалады. Бірақ артынша жүрек тоқтатып: «Бұның жаны тілінде болар, өйткені жалаған жерін ойып кетеді деуші еді», – деп ойлайды да тілін кесіп алады. Сөйтіп, таутайлақ та өледі.

«Екеуінен аман өттім, енді несіне қорқамын», – деп мерген тақыр жерді іздейді. Тақыр да табылады. Мерген бір түнді сол жерде өткізеді. Түні бойы ештеңе келмейді. Танертең тұрса, айналасын биік тау қоршап қалыпты. Есекмерген таудан әрі де, бері де өте алмайды. Аласа жерін іздеп шығайын десе, жаңағы тау сілкініп қалады да биіктеп кетеді. Ақыры тауға тіл бітеді.

— Сен Есекмергенсің, мен айдаһармын. Сенің батырлығыңды біліп, сені осындай айламен қолға түсіріп отырмын. Менің екі туысым бар еді. Біреуі – жезтырнақ, екіншісі – таутайлақ, ал сен оның екеуін де өлтіріп отырсың. Олар маған қиыншылық жағдайда көмек көрсететін еді, енді олар жоқ. Сондықтан сен бұдан былай маған болысатын болсаң ғана еліңе аман жіберемін, – дейді.

Есекмерген: «Жарайды, босатсаң, болысайын» – дейді. Жаңағы тау айдаһар болып, енді Есекмергенді өзінің мекеніне алып келеді. Келсе, айдаһар айтқандай, өзінен басқа тірі айдаһар қалмаған екен. Олардың бәрін басқа бір ордалы айдаһар жыл сайын өлтіріп тұрады екен. Олар бүгін соңғы айдаһарға келіп, соны өлтірмекші екен. Бірақ бұған Есекмерген дос болып, енді екеуі бірігіп қарсы тұрады. Есекмергеннің қолында қылышы және жезтырнақтың тырнағы бар. Осы екі қаруын кезек сілтеп, ол ордалы айдаһарларды қырады. Бұған көңілі толған жалғыз айдаһар Есекмергенге ат басындай алтын, қой басындай күміс береді. Есекмерген бұған ырза болып елге қайтады. Ақырында елін де табады.

Есекмерген елден кеткенде, оның артында жалғыз шешесі қалған. Ол баласын жатса да, тұрса да ойлайтын, көзінен сорасы ағып, жылаумен жүретін. Ақыры баласы аман-есен келіп, шешесін қуантыпты.

Сөйтіп, Есекмерген қызықты дәурен сүріп, бай болып, барша мұратына жетеді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру