Жерден шыққан Желім батыр

 Жерден шыққан Желім батыр

Баяғы уақытта бір кемпір бар екен. Оның үш баласы болыпты. Ол кемпірде түк мал болмапты. Күнелту үшін базарға жусан алып барып сатады екен. Сатқан жусаннан тамақтарынан артылып, күнде бес тиын қалады екен. Бір күні сол артылып қалған бес тиындарын санаса, едәуір пұл болып қалыпты. Қыс келе жатыр, балаларыма шапан әперейін деп, қалаға барып, үш баласына үш шапан сатып алады.

Үйіне келгеннен кейін, кемпір үлкен баласына: «Ауылдың артындағы үйлерге барып, байғазы сұрап кел!» – дейді. Баласы, «Мақұл», – деп бара жатса, тұман болып, адасып кетеді. Оның артынан ортаншы баласы: «Мен де ағамның артынан барам», – деп кетіп бара жатса, жолда жолбарыс жолығып, оны жеп қояды. Онан кейін кішкене баласы: «Мен де барам, олар келмей кетті», – деп шешесінен сұрайды. Шешесі жібермейді. Жылап қоймағаннан кейін жібереді. Бара жатып адасып, бір тамға келеді «Кім бар екен?» – деп, әйнегінен сығаласа, үш дәу жатыр екен. «Оятсам өлтірер», – деп, бала жан-жағына қараса, елу-алпыс кілт тұр екен, соны алып, басқа жағындағы тамдарды ашуға кіріседі.

«Барлығын ашпай бір-екеуін ғана ашайын», – деп бір тамын ашса, үш тұлпар тұр. Үшеуінен таңдап, бір қара тұлпарды мінеді. Екінші тамды ашса, үш сауыт, үш қылыш, үш ер, үш найза, үш мылтық, үш садақ тұр. Олардан да таңдап ең жақсысын алады.

Сауытты киіп, ерді ерттеп, қылыш-мылтықтарды асынып, дәудің есігінің алдына шығып: «Кім бар-ау, кім бар-ау?» – деп айғайлайды. Бір дәу: «Мен бармын», – деп шыға бергенде, бала қылышпен басын кесіп алады. Екінші дәу: «Жаңағы бізге бермей өзі жеп жатыр ма?» – деп шыға бергенде, бала оны да найзамен шаншып тастайды. Үшінші дәу «Менің екі інімді өлтірген қандай дәусің?» – деп ақырып шығады да: «Алыспақ керек пе, атыспақ керек пе?» – дейді. «Атысқан атасының басын алған, алыспақ керек», – дейді бала.

Екеуі сол жерде үш түн алысып, бала дәуді әбден шаршатып, үйінің жанындағы құдыққа итермелеп тығып, аузын таудай таспен бекітіп тастайды.

Онан кейін бала еліне барып, шешесін ертіп келіп, дәудің үйін өзіне үй қылып алады. Бала күнде аңға шығады, киік, құлан және басқа аңдарды атып әкеліп күнелтеді.

Бір күні бала аңға кетерде, шешесін шақырып алып, құдықты көрсетіп: «Мына құдықты ашпа», – дейді. Баласы аңға кеткеннен кейін кемпір тасты көтерсе, құдықтан өрлеп бір дәу шығып келеді. «Сені өлтірем», – деп ақырады дәу. Кемпір: «Өлтірме, мен саған әйел болайын», – дейді.

Сол жерде кемпір дәуді құдықтан шығарып алып, үйіне әкеліп, тамақ беріп, бір сандыққа салып қояды. Бала аңға кеткенде, шығарып алып, дәумен ойнап-күліп отырады. Кешке келерде, сандыққа салып қояды. Тоғыз ай, тоғыз күн болғанда, кемпір бала табады. Баласын қай жаққа тығарын білмей, дәуден ақыл сұрайды.
— Бүгінше ептеп тығып тұр. Ертең балаң аңға кеткенде, менің қара тұлпарымды мін де сен баланы балаңның аңнан келетін жолына апарып бір ошақ қазып, соның ішіне киізге орап тыға қой. Егер бұл шын менің балам болатын болса, менің атым сол ошақтың жанынан өте бергенде сүрінеді. Сонда аттың аяғы бір тасқа тиіп, тастың сынығы ұшып барып баланың денесіне тиеді. Онан кейін бала жылайды. Жылағаннан кейін бала атынан түсіп, баланы саған әкеледі. Әже, мына баланы бақ, маған серік болсын, дейді. Сонда сен: “Балам, сен ақылыңнан адасқан екенсің, бұл бала перінің баласы ма, жынның баласы ма? Қайтып апарып таста” де. Онан кейін апарып тастайын деп әкете бергенде: “Әкелші, сен үшін бағып берейін” деп айт, – дейді.


Кешке кемпірдің баласы келеді. Таң атқаннан кейін ұйқыдан тұрып, күнде мініп жүретін атын ерттеп жатқанда, кемпір: «Қарағым, дәудің қара тұлпарын мін, бұл ат шаршады ғой, бүгінше тынықсын», – дейді. Бала шешесінің сөзін мақұл көріп, қара тұлпарға мініп, аңға кетеді. Артынан кемпір барып, бір жерошақ қазып, соған киізге баланы тығып келеді. Кешке баласы аңнан келе жатып жерошақтың тұсынан өте бергенде, аты сүрініп кетеді. Аяғы бір тасқа тиіп кетеді. Тас ұшып барып ошақтағы баланың денесіне тиеді. Бала шыр ете түседі. Атынан түсе қалып, баланы алып үйіне әкеліп, шешесіне. «Әже, мына баланы бақ», – дейді. Шешесі: «Сен ақылыңнан адасқан екенсің. Бұл бала перінің баласы ма, жынның баласы ма?.. Қайтып апарып таста», – дейді.

Бала апарып тастайын деп кете бергенде, кемпір: «Әкелші, сен үшін бағып берейін», – дейді.
Оның атын жерден шыққан Желім батыр қояды. Желім батыр бір күнде бір жасқа, екі күнде екі жасқа, он күнде онға келеді. Бір күні дәу кемпірге: «Балам болса ержетіп қалды, сандықтың бір жерін тесіп қой, баламды көріп отырмасам, ішім жарылып кетер», – дейді. Кемпір мақұл көріп, сандықтың бір жерін тесіп қояды.

Бір күні кешке екі баласымен кемпір әңгімелесіп отырғанда, жерден шыққан Желім батырдың көзі сандықтың ішіндегі тесіктен қарап жатқан дәудің көзіне түсіп кетеді де: «Аға, көз жылтырайды», – дейді. «Ол кім?» – деп, ағасы қарай бергенде, дәу сандықтан шыға келеді. Сол жерде екеуі таң атқанша алысады. Бір уақытта дәу жықпақшы болады. Сонда бала шешесіне: «Менің аяғымның астына талқан, дәудің аяғының астына тары сеп», – дейді. Шешесі баласына қастық қылып, дәудің аяғының астына талқан, баласының аяғының астына тары себеді. Бала онан бетер тайғанап, жығылып бара жатқанда: «Жерден шыққан Желім батыр, қайдасың?» – дейді. Желім батыр жүгіріп барып, дәудің басын қылышпен кесіп алады да ашу үстінде шешесін жұдырықпен бір қояды. Желім батырдың жұдырығына не шыдасын, кемпір де сеспей қатады.

Ертеңіне ағасы: «Қарағым, аңға барып, аң атып келейік, сосын мен қалаға барып келейін», – дейді. Сөйтіп екеуі аңға шығып кетеді, бір айлық аң атып әкеледі. Ағасы қалаға жүрмекші болады да Желім батырға: «Мен қамшымды босағаға іліп кетемін. Кешіксем, соны алып, «ағам қайдасың» деп іздерсің», – дейді.

Ағасы кетеді. Бір жыл болады, әлі келген жоқ. Бір күні Желім батыр ағасын сағынып, уайымдап отырса, босағадағы қамшыдан қан тамып тұр. «Уһ, уһ, ағам», – деп, қара тұлпарын ерттеп мініп, ағасының артынан іздеп кетеді. Бірнеше айлар жүріп, қалаға жетеді. Барса, біреуден «ағасы ханның қызына ғашық екен, ол қызға ғашық сол жерде бір дәу бар екен, соны өлтірем деп барса, дәу ағасын өлтіріпті» деп есітеді. Бұл сөзді естіген соң: «Не де болса, сол дәуіне барайын», – деп жолға шығады. Жолда ханның үйіне бара кетпекші болады. Барса, ханның есігінің алдында жүрген қатындар: «Күйеу», – дейді. Себебі Желім батырдың түрі ағасынан айнымайды екен. «Күйеуі несі?» – деп, Желім батыр таң қалады. Қатындар Желім батырдың өзін ханның қызына алып барады. Сөйтіп, Желім батыр жеңгесімен танысып, ертемен тұрып, дәудің үйіне барып сөйлеспек болады.

Желім батыр барған соң, дәу шыға келеді. Желім батыр: «Менің ағамды өлтірген сен екенсің. Ағамның орнына қызынды бер, болмаса басыңды аламын», – дейді. «Кел, алысайық, қайсымыз жықсақ, жығылғанымыздың сөзсіз басын кесейік», – дейді дәу. Екеуі алыса кетеді. Желім батырдың күші басым келіп, жыкпақшы болады. Сонда дәу: «Жықпа, ағаңды өлтірген жоқпын, тауып берейін», – дейді. Ағасын үйде бір теріге орап қойған екен. «Бірақ, бір сөзім бар, ағаң хан қызына ғашық екен, оған мен де ғашық едім. Бір күні ағаң менің хан қызына ғашықтығымды естіп, мені өлтірмек болып келген екен. Мен шығып едім, сөз қатпай: «Алыспақ керек пе, атыспақ керек пе?» – деді. Сол жерде екеуіміз алыса кеттік, бір уақытта мен жығатын болдым. Онан кейін ағаң: «Мені білдірмей бір жерге сақтап қой», – деді. «Неге?», – деп едім: «Менің бір інім жалғыз қалды, сол батыр болса, бір келер, оған шейін өлтірместен ұста, келмесе, өлтіргеніңе ризамын», – деді. Сонан кейін мен: «Осының обалына қалмайын», – деп өлтірмеп едім. Енді сен келдің, сен бір ер екенсің, мен саған бас ұрып қызымды берейін, – деді.

Сол жерде дәудің қызын Желім батыр алып, ханның қызын ағасы алып, екеуі еліне қайтып, мұрат-мақсаттарына жетіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру