Тоғыз тоңқылдақ бір шіңкілдек

 Тоғыз тоңқылдақ  бір шіңкілдек

Ертеде екі қатыны бар бір адам болыпты. Мұның үлкен қатынынан тоғыз ұлы бар екен, тоқалынан бір-ақ ұлы бар екен. Үлкен қатынынан туған тоғыз ұл зорлықшыл болыпты. Сондықтан оларды жұрт: «Тоңқылдақ» деп атапты. Бәйбішеден туған тоғыз тоқалдан туған жалғыз ұлды шырылдатып, зорлық қыла беретін болғаң соң, оны жұрт: «Шіңкілдек» деп атапты.

Әкесі өлген соң, бұлар аз ғана малдан айырылып, жұтап қалады. Бәрі қаңғырып, мал іздеп, бір жерге келеді. Тоғыз Тоңқылдак малды бірге жаяды, Шіңкілдек малды бір бөлек жаяды. Тоғыз Тоңқылдақ бір Шіңкілдекке қастық қыла береді.

Бір күні Шінкілдектің далада жайылып жүрген жалғыз ешкісін Тоғыз Тоңқылдақ өлімші етіп сабайды. Шіңкілдек жылап, ешкісін бауыздап, сойып отырса, бір алты ақ ала бас атан жайылып, мұның қасына келіпті. Шіңкілдек ешкісінің қанын түйелердін басына жағыпты. Содан кейін бұлардын бәрі де қызыл ала бас атан болыпты.

Біраздан соң бір кісі келіп, Шіңкілдекке:

— Шырағым! Бір алты ала бас атан көрдің бе?.. Мына бір алты қызыл ала атан сенікі ме? – депті.

Шіңкілдек:

— Басқа түйе көргенім жоқ, – дейді.

Кісі кетіп калған соң Шіңкілдек ешкісінің етін қызыл ала бас атанның біреуіне өңгеріп, өзгесін үйіне айдап келеді. Шіңкілдектің алты атан айдап келгенін көріп, Тоғыз тоңкылдақ келіп:

— Е, Шіңкілдегім! Бұл алты қызыл ала бас атанды қайдан әкелдің? – деп сұрайды.

Шіңкілдек:

— Ойбай, құдайдың өзі берді! Осы түйелер келді де, ешкімнің қанын бастарына жағып, иесіне танытпай, менің түйем болып қалды. Ешкінің қаны таусылып қалды. Егерде көп болғанда көп түйе басын бояп, бәрі менікі болатын еді, – дейді.

Тоғыз Тоңқылдақ жалма-жан өзді-өзі ақылдасып: «Ойбай, біз де түйелі болайық!» деп, ертеңіне барлық ешкілерін далаға апарып бауыздап, қандарын әр жерге құйып, күні бойы аңдып отырып еді, бір де түйе келіп, басын боямайды. Сонан соң бұлар: «Қап бәлем, Шіңкілдек бізді алдаған екен!» деп үйлеріне қайтып, Шіңкілдекті өлтірмек болады. Шіңкілдек мұны біліп, өзі далаға барып, жасырынып жатады. Түнде Тоғыз Тоңқылдақ келіп, Шіңкілдек екен деп, Шіңкілдектің ұйықтап жатқан шешесін өлтіріп кетеді.

Таңертең Шіңкілдек өлген шешесін киіндіріп, басына жаулығын орап, тірі кісіше бір түйесіне отырғызып, өзі артына мініп, бір елге қарай жүреді. Жүріп бара жатқанда, бұларды Тоғыз Тоңқылдақ көріп: «Бұл неге өлмеген?» – деп, таңғалысып, Шіңкілдектен сұрай бастайды.

— Әй, Шіңкілдек, сен өлген жоқ па едің? – деседі. Шіңкілдек:

— Түсімде бір тоғыз кісі келіп, өлтіріп еді, құдайдын өзі тұрғызып жіберді. «Сені өлтірем дегендердің өзі мерт болады!» деді, – деп жүре береді.

Тоғыз Тоңқылдак қорқып, тан-тамаша болып қалады.

Шіңкілдек жол жүріп, бір ауылдың жанынан өте бергенде, бір топ бала-шаға, қыз-келіншектер шығып, ит қосып Шіңкілдектің түйесін үркітті. Түйесі үркіп, шешесі мен Шіңкілдек жығылып қалады. Шіңкілдек ойбай салып жылап, өліп жатқан шешесінің басын құшақтап отырады. Жұрт жиналады.

— Не болды?.. Не болды?.. – деп, келіп сұраған жұрт, Шіңкілдектің өлген шешесін көреді.

Шіңкілдек:— Мына қыздар түйемді үркітіп, шешемді өлтірді. Ең алдымен келіп, түйені үркіткен ана қыз! – деп бір сұлу қызды көрсетеді.

Ауыл адамдары олай сөйлесіп, былай сөйлесіп, құнға Шіңкілдекке сол қыздың өзін береді. Шіңкілдек қызды алып, үйіне келеді. Келген соң, Тоғыз Тоңқылдақ жиналып:

— Ой, қызды қайдан әкелдің? Қызды қайдан әкелдің? – деп сұрайды.

Шіңкілдек:

— Бір ауылға барып едім, өлген кемпірді жинап, базарға апаруға дайындалып жатыр екен, әрбір кемпірдің орнына бір қыздан беріп жатыр екен. Сонан соң шешемді өлтірдім де оны апарып беріп, мына қызды алдым! – дейді.

Тоғыз Тоңқылдақ жалма-жан өз шешесін өлтіріп, қыз береді деген жерді іздеп жөнеледі. Өлген шешесін алып, неше күн жүріп, бір ауылға апарып: «Мына өлген кемпірге кім қыз береді?» – деп, сұраса, жұрт: «Мына оңбағандар не айтады?» деп, өздерін сабап-сабап жіберіпті. Тоғыз Тоңқылдақ Шіңкілдекке қатты ашуланып қайтады.

Олар шешесін өлтіріп, алып кеткенде, Шіңкілдек өзінің әкелген қызы мен екеуі үйінің жанында тұр еді, бір кісі келді. Шіңкілдектен жөн сұрап:

— Шырағым, мына бала қарындасың ба? – дейді. Шіңкілдек:

— Иә, қарындасым, – дейді. Кісі:

— Қатыным өліп, әйел іздеп шығып едім. Жүз қой алып, қарындасыңды маған бер! – дейді.

Шіңкілдек: «Тағы да бірдеме қылып, қатын тауып алармын», – деп ойлайды да:

— Жарайды, берейін, – деп қызды әлгі кісіге береді. Кісі уәделесіп:

— Өзің келіп қойынды алып кет, – деп, қызды әкетеді.

Тоғыз Тоңқылдақ өз шешесін өлтіріп, қыз ала алмай, ашуланып: «Енді қайтсек те Шіңкілдекті өлтіреміз!» деп келсе, Шіңкілдектің қызы жоқ, өзі отыр.

Тоғыз Тоңқылдақ:

— Е, қызын қайда? – дейді.

— Ойбай!.. «Енді өлі кемпірдің де, тірі кемпірдің де керегі жоқ!» – деп, қыз берген ауылдың адамдары келіп, қызын тартып алып кетті, – дейді.

Тоғыз Тоңқылдақ:

— Ой, сен иттің кесірінен біз де шешемізді өлтіріп алдық, – деп, былай шығып: «Бәрібір, мұны өлтіру керек!» десіп, уәделесіп қояды.

Шіңкілдек оны сезіп, кешке: «Түйемді күзетем» деп, киініп, түйелерінің қасына жатқан болады. Құм мен жүнді араластырып, жүнмен көйлек-шалбарын толтырып, кептеп, басына жаман тымағын баса кигізіп, өзі тәрізді адам қылып, түйелерінің қасына жатқызып, өзі бір жерге барып бұғып жатады. Түнде Тоғыз Тоңқылдақ келіп, Шіңкілдектің өзі деп, манағы оның қолдан жасаған «адамын» буындырып өлтіреді де, көтеріп апарып, ағып жатқан терең өзенге тастайды. Оны Шіңкілдек көріп алып, қызды алған кісіні іздеп, түнде жүріп кетеді. Қызды алған кісіден екі-үш күнде жүз қой алып келеді. Мұны көріп, енді Тоғыз Тоңқылдақ тіпті қатты таңданады. Бәрі Шіңкілдекке келіп:

— Ой, сен суға кетіп өлген жоқ па едің? Мына қойды қайдан әкелдің? – дейді.

Шіңкілдек:

— Анау күнгі мені өлтірген тоғыз кісі тағы да өлтіріп, суға тастап еді. Суға батқан соң, құдай тағы да тірілтіп жіберді. Көзімді ашып қарасам, судың асты толған қой екен. Содан мына жүз қойды әрең айдап шықтым. Егер де көп кісі болғанда, аяқ астынан көп қой айдап шығатын екен. Барғанда, кісі қойын-қоншына тас толтырып бару керек екен. Әйтпесе, кісі судың түбіндегі қойдың көп жеріне бара алмайды екен! – дейді.

Мұны естіп тоғыз Тоңқылдақ:

— Ойбай, ендеше дәл қойдың көп жерін көрсет, біз де түсіп айдап шығайық! – дейді.

Шіңкілдек тоғыз Тоңқылдақты ертіп, ағып жатқан өзеннің ең терең, шымырлаған шүңейт ирімдеріне келіп:

— Ең қойы көп жер осы екен, – дейді.

Тоғыз Тоңқылдақтың әуелі біреуі тас байлап, суға түсіп, қолын ербеңдетіп, батып кетеді.Шіңкілдек:

— Ойбай, анау қолын бұлғап: «Бәрің де тез түс!» – деп жатыр. Қалың қойға киліккен екен. Бәрің де тез түсіңдер! – дейді.

Тоғыз Тоңқылдақтың өзгелері де суға қойып-қойып кеткенде, оларды су ағызып ала жөнеледі. Сөйтіп, тоғыз Тоңқылдақтың бәрі де суға кетіп, Шіңкілдек тапқырлықпен өмір сүреді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру