Төрт дәруіш – ұшқыш кілем

 Төрт дәруіш – ұшқыш кілем

Баяғы заманда қара басы бақ-дәулетке емін-еркін болса да дүниенің ауыр бір арманына ұшырайтын адамдар болған екен. Сондай бір арманды адам иен далада зар илеп, жападан жалғыз келе жатады. Аты – Мұратқан. Сонда Мұратқан «не қылам, үш жыл сандалып көк өгіздің уақиғасын біле алмадым, бұл былай тұрсын, іздеп шыққан қыздың да жүзін көріп, ауыз екі сөйлесе алмадым, енді мұны ұшқан құс, жүгірген аң білмейді, қайтып кетуге ел-жұртымның қайда қалғанын тағы білмеймін. Көкте екенімді, жерде екенімді қазір білер жан жоқ» деп, төмен қарап аяңдап келе жатыр еді, адамша азынаған бір дауыс құлағына жетті. Адамзат көрмегеніне, ел-жұрттың бетін көрмегеніне талай замандар өткен Мұратқанға мына дауыс бір түрлі қорқыныш сияқты да болады. «Я, Алла, бұл не ғажап, бұл жерде адам баласы жүрмейтін еді ғой» деп, жан-жағына көз салып қарап тұра қалды. Қараса, алдына бір үлкен дәу таяп, төніп келіп қалған екен. Әлгі дауыс қоймай, мұны шақыра бергендей болды. Мұратқан бұл да өзімдей адам шығар деп, тауға қарай жүрді. Биік тауға таяп келгенде, бір үлкен құс сияқты нәрсені көрді. Мұратқан, басы адам сияқты болған соң, бұл адамша тіл біледі екен деп ойлады. «Ей, бері келгін», – деп дауыс берді. Оны құс тыңдамай кетіп қалды. Мұратқан ойланып, «адам сияқты құс болады деуші еді, осы екен ғой, мұнан гөрі дұрыстау біреуі тағы бар шығар» деп, таудың басына қарай жүрді. Бір заманда таудың басына жетті. Келсе, бір биік тау, жан-жағына қарады, еш нәрсе көрінбейді. Жалғыз-ақ етекте бір қара тұр. Онысы бейіт болып шықты. Оның ішінде бір нәрсе қараңдайды. Онан басқа еш нәрсе жоқ. Мұратқан біраз дамылдап отырды да «қой, бүйткенше өлген артық, ақыр ит жемеде кетеді екем, онан да жанымды қинамай, тастан секіріп құлап өлейін» деп, әлгі биік тасқа келіп, енді құлайын деп тұрғанда, арт жағынан бір дауыс: «Ей, ақымақ, Құдайсыз ажалды өзің сұрама, бейітке барсаң мұратыңа жетесің», – деді. Артына жалт қараса, дәнеме жоқ. Сонан соң, «анау қарайған бейіт екен ғой, оған да бара кетейін» деп ойлады. Соған қарай жүрді, кіріп келсе, ішінде үш адам отыр. «Ассалаумағалайкүм», – деді Мұратқан. «Ағалайкүмассалам, жоғары шық», – деді отырғандар. Біраз отырған соң, үшеуі бір-бірінен жөн сұрасты. Отырған үшеуі Мұратқаннан халін баян етуді тілек етті. «Сонан соң бәріміз де кезекпен айтамыз», – деді. «Жарайды», – деп, Мұратқан сөз бастады. Бірінші дәруіш: «Мен Бағдат шаһарындағы патшаның баласы едім. Әкемнің патшалық дәрежесі үлкен. Қол астына бірнеше шаһар қарайды. Мен жалғыз баласымын, әбден кәмелетке толдым. Бір күні жалғыз өзім сарайда отыр едім, ойыма әлденелер түсті. Қой бүйтпейін, не қылсам да дәулет жетеді ғой, әкем бетімнен қақпайды, халық аузында жүрерлік бір іс істейін деп ойладым. Сол шаһарға қараған балташы, ұста барлығын жиып алып, шаһардың орта тұсын көрсетіп:

«Осы жерден сыртын неше түрлі өрнекпен безендіріп, маған тамаша бір сарай саласыздар. Қараған адам қайтып көзін алмайтын болсын. Алтын, гауһар, інжуден салынсын, қараңғы түнде неше шақырымдай жерді жарық қылып тұратын болсын. Мен өзім сарай біткен кезде келіп, бір-ақ көрермін. Және қырық есігі болсын, әр есік әр қабырғадан шығатын болсын. Егерде осы айтқандай болмай, сарай көңіліме ұнамаса,тегіс бастарыңды алам», – дедім. «Құп, тақсыр», – деп шу ете түсті. Осымен жүріп кеттім. Мен сарай салғызып жатырмын деп әкеме айтпадым. Сонымен аң аулап, саяхаттап жүре бердім, жарты ай аңда болсам, жарты ай үйде, осы сауықпен бір жыл өтті. Бір күні қасыма қырық нөкерімді ертіп алып, сарайымның біткен-бітпегенін көруге келдім. Келсем, біткен екен. Өзіме хабар етіп, көрсетуге күтініп отыр екен. Байқап қарасам, сарайдың сыртына адам баласының көзі тояр емес, алтын-күміс жалатыпты. Қайран қалып, көзімді айырмадым. Бұл алтын күмбез сарайдың сұлулық тамашасын көрген адам соған қарап тұрумен-ақ өмірінің қалай өткенін білетін емес. Енді ішін көрейік деп, бір есігінен кіріп едім, есім шығып кетіпті, қайдан келіп, қайда баратынымды ұмытып кеттім. Қырық жігіт қасымда, әлгі сарайды үш күн аралап зорға бітірдім. Ішінде жүріппіз де қойыппыз. Бой жазып біраз жүрген соң, бір жігіт: «Мұнымыз қалай, түк көрмеген кісіше жан-жаққа қарап жүріп алғанымыз?» – деді. Артыма жалт қарап: «Қанша уақыт болды?», – дедім. Жігітім: «Бүгін біз келгелі үш күн болды», – деді. «Ендеше, қайтайық», – деп, далаға қарай жүріп едік, жол таба алсақшы. Әрі-бері жүріп едік, жол таба алмадық. Сонан соң үй салған бір балташы есіктен шығарды. Қайтып келген соң әкеме хабар салдым.

— Жарайды, – деп, әкем қырық уәзірін қасына ертіп, сарайды көруге кетті. Аралап жүріп қайтты. «Жасым алпысқа келді, неше жыл патшалық дағуасын құрдым, осы уақытқа дейін артыма мұра болып қаларлық бір іс істемеген екенмін. Балам, қайырлы болсын», – деп әкем маған риза болды. Кешікпей мен сарайға кірдім. Кірген соң қырық есігіне қырық күзетші қойдым. Қайыршы келетін болса, әр есігінен бір мың ділдә беретін қылып қойдым, сөйтіп, салтанатпен бірнеше уақыт өмір сүрдім. Бір күні нөкерім қасымда, көңілім шаттанып, әңгіме-дүкен құрып отырып: «Осы дүниеде менен де салтанатты патшазадалар бар ма екен, шіркін, бақ - мынау, дәулет - мынау, жомарттық, сән-салтанат - мынау, енді осыларыма лайық ай мен күндей бір сұлу жарым болса», – дедім. Нөкерлерім үндемей отырды да: «Тақсыр, олай демеңіз, кім жоқ дейсіз, дүниеге кім келіп, кім кетпеді осы күнде. Мысыр шаһарының Ыбырайым атты патшасының, Шамшибану деген қызы бар, оның сұлулығына теңдесетін жан жоқ, он төртінен туған айдай, көзі түскен адамды еріксіз елжіретіп әкетеді. Оның қазіргі патшалығы және жомарттығы сізден он есе артық, оның да осы секілді сарайы бар. Мың жерден есік шығарған, келген қайыршы болса, сол есіктің бәрінен қайыр алады, бір алғанда, қайыршы басы он мың ділда алады. Оның бұл жалғанда теңдесі жоқ және сол жерге келген қонақты қандай асығыс шаруаң бар болса да үш күн қондырмай жібермейді. Сол қыз келсе, әрине, бұл сарайыңыз мұнан да артық гүлденер еді. Бірақ ол келмейді ғой», – деді. Мына сөз маған мейілінше ауыр тиді. Қатты қаһарым келіп:

— Сен, лағнат, аузыңа келгеніңді оттап, не деп былжырап отырсың, осынша халықтың алдында масқараладың, – деп, әлгі нөкерімді жазалайтын болып, екі жендет шақырып алып:

«Мынаны дарға тарт!» – дедім. Енді жендет тартып жөнелгенде: «Тақсыр, дат», – деді. Көз көрген жолдас қой, «айта қой, датыңды» дедім. Көзінен жасы ағып:

«Тақсыр, мен сізге айтқанда, сізді кемітейін деп, болмаса, қорлайын деп ойлаған жоқ едім. Көп қызмет істегенімен, сізге тәуір әйел керектігін ойлап, не қылса да соны алсын деп едім, сізге еш қастығым жоқ, енді менің сізден сұрайтыным, хан әмірің екі емес қой, мені қазіргі өлімнен босатып, қашан Шамшибану қыздың сондай екенін білгеніңізше, зынданға сала тұрыңыз, егер менің осы сөзім өтірік болса, ризамын, басымды алыңыз, болмаса, рас болса, қайтесіз, нақақ қанымды төгесіз бе?» – деп, еңіреп қоя берді. Мен бұл сөзге тоқтадым да:

«Ашу үстінде жаза бердім, қанша жазасы болса да кештім», – дедім.

Ол: «Жоқ, тақсыр, хан әмірі - біреу, мені зынданға салыңыз, қыздың хабарын білген соң босатарсыз», – деді. «Жарайды», – деп, оны салдырып тастап, қанша сауыт-сайманмен Шамшибануды іздеп жүріп кеттім. Шамшибануды іздеп көп қайғырдым. Арып-ашып шаршадым. Өзім жаяумын. Әлдеқандай заман болады деп, істетіп, киіп шыққан темір етік таусылып, оймақтай қалғанда, темір таяқ таусылып, тебендей қалғанда, екі көзіме көк шыбын ұялап, қыбырлап қана келе жатыр едім, бір мезгілде алыстан ызылдаған дауыс шықты. Дауыс шыққан жаққа қарап байқасам, ат үстіндегі адамдай біреу алдында бір нәрселер салып айдап жүрген секілді. Азырақ тұрдым да «қой, неде болса бұған барайын» деп ойлап, ептеп аяңдап жүріп келе жаттым. Өмірден күдер үзгендей таяп келсем, адамзат екен. Келе амандасып, жөн сұрастық. Мен шалға Мысыр шаһарының қызы Шамшибануды іздеп келе жатқанымды баяндадым. Қойшы шал менің сөзімді тыңдады да: «Ой, байғұс, оған жолығып, амандасам деп әуре болма, өзі осы күні ауру, адамзатқа көрінбейді, не себептен болғанын білмеймін. Үстіне әкесі де кірмейді дейді. Сыртынан барған сен бір мүсәпір адамсың, жолығам дегенге болар ма екен. Ал, барам десең сол Мысыр шаһары осы арадан түстік жерде, мен сол ханның отардағы қойын бағып жүрген кісімін», – деді. Қойшының жөнімен шаһарға қарай жүріп кеттім, күн бата шаһарға жеттім. Шаһардың сән-салтанаты адам қарап тоймайтын сұлу екен. Жолыққаннан патшаның сарайын сұрайын деп, тамашалап бір көшемен жүріп келе жатыр едім, бүйір жақтан «тоқта» деген дауыс шықты, қарасам бір адам жаныма келіп:

«Қайда барасыз, тоқтаңыз, бүгін мынау үйде қонақ боласыз», – деді. — Патшамыздың әмірі бар: «Қонақ қылмай адам баласын өткізбе», – деген, үш күн мұнда боласыз да баратын жеріңізге сонан соң барасыз», – деді. Тоқтағым келмей, не болса да патша сарайына барып жетейін деп едім, босатпады. Амал бар ма, еріп үйіне келдім. Кіріп келсем, сол үйдің өзін қонаққа деп арнап салдырған екен. Қарап отырдым, осы қонақ үйдің өзі сарайыма таяу бар екен. Отырысымен тамақ әкелді. Жасаған сайманы көрмеген қымбатты нәрселерден екен. Ішіп болған соң, ыдыс-аяқты апарды да енді біздің мүліктен шықты деп, бір бұрышка үйіп тастады. Аздан соң ет әкелді, оған да жасаған нәрселерді анадан артық, көзді тайдыратын, қалай адам баласының қолына түсті екен, бұл нәрсе тек періде ғана болуы мүмкін ғой деп ойладым. Сонымен үш күн жаттым, тамаққа жасаған нәрселердің бірін-біріне қоспады, бірінің артынан бірін бағанағы бұрышқа үйе берді. Мерзімді уақытым толған соң, жүруге ұлықсат сұрадым. Енді ұлықсат берді, бірақ сізге айтатын сөз мынау: «Үйілген нәрсе біздің мүліктен шыққан, тағам берген соң, сіздің мүлкіңіз болып қалған, бірге ала кетіңіз», – деді. «Жоқ, рақмет, көлігім жоқ, алып жүре алмаймын, керегі жоқ», – деп едім: «Жоқ, болмайды, патша білсе, басымызды алады, мұны алмай кете алмайсыз», – деді даяшы. Алмаймын деп едім еріксіз берді, амал бар ма, алып шығып, арқалап келе жатыр едім, жолда бір қайыршы кездесіп, Құдай алдында қарыздығым жоқ деп нәрселерді әлгіге беріп, патшаның сарайының жөнін сұрап алып жүріп кеттім, енді көшенің ортасына жете бергенде және біреу ұстап алып, қонасың деп жібермей, тағы қондырды. Байлаудағы адамдай қонбайымын десем болмайды. Бұл да әлгіні істеді, сонымен қыздың сарайына жеткенше, тоғыз қондырды. Сол арада берген нәрсе бір шаһардың мүлкіне тұрады деуге болар. Бұдан құтылып өтіп, қыздың сарайына келдім. Бір адам жүгіріп шығып, үйге кіргізді. Кірген соң, жөн сұрасып отырдық. Әлден уақытта бір бәйбіше адам келіп жайымды білген соң, бір жендетін шақырып, менің шаруамды айтты. Жаңағы келген кісі қыз Шамшибанудың даяшысы екен де бәйбіше шешесі екен. Ол отырды да: «Ой, шырағым, сенің қолыңнан келмейді ғой, – деді. — Себеп, осы күні Оңтүстік жақта бір патшаның баласы бір көк өгізге жылында бір дүре салып, артынан өзі зарлап жылайды екен. Өмірі осымен өтіп келе жатса керек. Сол не себептен сөйтеді, соның кінәсін біле алмай, Шамши қазір қайғы үстінде, кімде кім соны біліп келсе, мейлі, қайыршы болсын, мен соған тиемін дейді», – деді. «Жарайды, оны мен табам», – дедім де соны іздеймін деп жүріп кеттім. Сонымен айлар, жылдар жүріп отырып, айтқан жөнмен, іздеп, арып-шаршап бір шаһарға келіп жеттім-ау. Бір көшенің бойын өрлеп жүріп келе жатыр едім, бір шал адам ұшырасты. Шалдан:

— Ата, бұл шаһар не деген шаһар? – дедім. Шал тоқтап:

— Балам, өз жолың болсын, қайдан келесің? – деді.

— Айтқаның келсін, мен бір мүсәпір баламын, баласы жоққа бала болам, – дедім.

— Ой, қарағым, перзент көре алмай, өмірім жылаумен келе жатыр еді, маған бала боласың ба? – деді қарт.

— Жарайды, ата, болам, – дедім. Шал қошеметтеп бетімнен сүйіп, үйіне ертіп алып келді. Бір кемпірі бар екен, ол да қуанып, жылап көріскендей болып жатыр. Сол уақытта күн сәске еді. Шал мен кемпір айтты: «Балам, біз мына халықпен бірге баратын жеріміз бар», деді. Жөнін сұрап едім, «көк өгізді жігітке барамыз» деді. «Ата, мен де барайын, сізге бала болдым ғой, осы бастан ел таниын», – дедім. Менің көңілімді қия алмай екеуі: «Жүрсең, жүре ғой», – деді. Қуанып кеттім. Өне бойларына қара киіп алды, маған да кигізді. Далаға шықсақ, бүкіл шаһардың халқы қара киген, батысқа қарай шұбырып кетіп бара жатыр екен. Барлық халық шаһардан үш шақырымдай бір тоғайдың жанына барып, қаз қатар тізіліп отырды. Бұлар біраз отырғаннан кейін, бір көк өгіз мінген жігіт келді, артына мінгескен бір жігіті бар, жарты шақырым жерге келіп түсіп, артына мініп келген жігіттің қолындағы қоржынынан бір кесені алып, мінгескен жігітке берді. Ол отырған топқа жүгірді, халықтың бәріне, басынан аяғына дейін кесені көрсетіп өтіп, қайтып жолдасына келді. Кесені қолына алды да жар салып, үш бөліп, қылышпен жігіттің басын қағып тастап, көк өгізді жігіт зарлап кеп жылады. Жылаған уақытта шыққан даусына адамның сай-сүйегі сырқырады. Тыңдаған халықтың бәрі төмен қарап жыласып отыр, біреуі жоғары қарамайды. Бағанағы жігіт жылап-жылап өгізіне мініп ап жөнеле бергенде, мен соңынан тұра жүгірдім. Кетіп бара жатқанда, жанымда отырған шал: «Қайда барасың, қарағым, өлтіреді», – деп, жылап қоя берді. Оған болайын ба, іздеп келген шаруамның өзі сол еді. Жүгіріп бара жатқанымда, бір жігіт «мынау адамды жын соққан ба, ұстаңдар, жібермеңдер, ажал түртіп жүр ме, өзінің дені сау адам емес, босатпаңдар» деп, ұстап, жібермей-ақ қойғаны. Енді қайтерімді білмедім, онан босап баруға тұратын мекенін пенде білмейді, адасып қалдым. Ызаланып, енді екінші жылға қалдым. Сол баяғы алғашқы келген шалдың қолында мен бала, ол әке болып жүре бердім. Жыл он екі ай өткен уақытта көк өгіздің келер уақыты жетті, әке-шешем қал деді, мен барам деп, ақырында менің көңілімді қимады, ертіп жүрді. «Бірақ ана жылдағыдай тағы жүгіріп жүрме, өлтіріп тастайды, ол жігіттің алдына ешкім барған емес», - деді әкем. Мен «жарайды» деп, алдап жүріп топқа келдім. Отырғаннан кейін әрі-беріден соң көк өгізді жігіт келді. Баяғысындай кесе беріп, жігітті жіберді. Жігіт елге көрсетіп болып, қайтып барған соң, кесені сындырып, жігітті өлтіріп, ой, зарлап жылады дейсің. Сонан соң өгізіне мініп жүре бергенде, артынан тағы жүгірдім. Отырғандар: ой, мына жігіттің дені сау емес, ұста деп, тағы жібермей қалды. Досым, замандасым, қайғысына ортақ едім, жібер деп халыққа жалынып едім, әке-шешем өтірік айтады деп, ешкім мені босатпады. Сонан сорым қайнап, жылай-жылай үшінші жылға тағы шал мен кемпірдің қолында тұра бердім. Ол екі байғұс өз баламыз деп мені жақсы күтеді, жанын үзеді. Кейде: «Қарағым, сен неге күліп-ойнап жүрмейсің, әрқашанда ренжіп жүресің, не ойың бар, айтшы? Әлде тамағың аш па? Болмаса, киімің жаман ба?» – деп сұрайды. «Жоқ, ата, өзімнің мінезім солай», – деп айтпаймын, тек жүрем де қоям. Сонымен тағы бір жыл өткен соң, елдің баратын уақыты болды. Дәл ертең барамыз дегенде: «Әке, мен бір жерге барып келем», – деп, кешке жақын кетіп қалдым. Жігіттің келетін жолындағы белгілі бір тоғайға келіп, жасырынып, бұғып елге көрінбедім. Ертеңінде дәл түсте жігіт шаңды бұрқыратып келе жатыр екен. Алдынан жүгіріп шығайын дедім де «қой, оным асығыс болар, қайтқан бетінде жолығайын» деп тұрдым. Баяғыдай өгізінен түсіп, елге кесені көрсетіп, қайтып барғаннан кейін кесені сындырып, жігітті өлтіріп, жылап-жылап зарлап болып, бір ақырып қалды. Отырған ел ағытқан қозыдай шаһарға қарай жөнелді. Олар кеткен соң, жігіт те жөніне қарай қайтты. Жүре бергенде, артынан жүгірдім. Тақай бергенде артына жалт қарап, қылышын суырып ала ақырып, маған тұра ұмтылды. Мен «бәрібір өлетін адаммын, онан да осы менің қаныма сіз ортақ болып, басымды алып тастаңыз» деп, басымды ұсына бердім. Таяу келіп, қылышын қынына салды да: «Бұдан былай жүрме, егер жүрсең басыңды алам», – деді де жүріп кетті. Мен қарап тұрмадым, артынан тағы жүгірдім.

Барлық қаһарын тігіп алып, маған қарсы шапты. «Басымды алып тастаңыз, ақыр өлем» деп, басымды ұсындым. Басымды шаппады, қайырылып жүріп кетті, мен де жүрдім, енді қайырылып қараған жоқ, жүре берді, мен де жүре бердім. Әлден уақытта бір үлкен күмбезге келіп кірді, артынан мен де келіп кірдім, келсем көк өгізді бір бағанаға байлап қойыпты. Үлкен сарайдың жан-жағы есік, төрдегі бір есіктен дауыс шығады, соған қарай аяңдап келдім, бұрынғыдай емес, бойым үйренді, қорқу кетті. Барлық мұратыма жеткен болып жүрмін. Әлгі үйге келіп кірсем, жігітім зарлап, жылап отыр, өзінен басқа адам жоқ. Есік аузында садақ ұстап бір адам тұр, түрінен адам шошитын. Сарайдың кірер аузында қорқып тұрдым. Жігіт жылап болып, бір ақырып қалып еді, бір есіктен өңкей қара киген біркелкі жігіт кіріп, бәрі де төмен қараған күйі, өң жоқ, түс жоқ айнала отырысты. Оң жақта бір шымылдық құрулы тұр, оның ішінде бір қыз жатыр, әлден уақытта бір ақырып қалып еді, бағанағы отырғандар қасқырдан үріккен қойдай топырлап, кірген есіктен шығып кетті. Олар кеткен соң, жігіт шымылдықтың ішіне кіріп, ой, зарлап жылап еді дейсің, даусының зары қара тасты жібіткендей. Мен үйдің ішіне кіріп отырдым. Мұның қалай деген ол жоқ, өз ісімен әуре. Жылап, зарлап болып, көзін сүртіп, қыздың іргесінен бір жуан таяқты алып шығып, бір ысқырып қалып еді, қылыш асынған бір-екі жендет жетіп келді. Көк өгіздің төрт аяғына төрт қазық қағып, мықтап байлап қойып дүрені салды. Кейін өз қолынан жонына жүз таяқ және салды. Ол жарамай сынған соң, өгізді шалқасынан салып қойып және бір таяқпен бауырын тілгілеп, екі бүйіріне екі жүз таяқ салды. Өгіз өкіргенде, құлындағы даусы құраққа шықты. Әрі-беріден соң өгіз шала-жансар қалды. Төрт жүз таяқты салып болып, өгіздің ауыз-басын торғын орамалмен сүртіп жіберіп, кілемнің үстіне құс төсек салып, жатқызып койды. Қайтып үйіне келіп отырды, аздан соң тамақ әкелді,оны ішіп болды да мені қасына шақырып алып: «Кәне, шырағым, бейнет көрген адамға ұқсамайсың, өлімге жаныңды қиғандай тірліктен үлкен не арманың бар, айтшы?» – деді. Айтшы дегенде қуанғаннан жылап қоя бердім. Мен өзімнің кім екенімді, басымнан кешкен уақиғамды бастан-аяқ қалдырмай баян қылдым. Көк өгізді жігіт: «Ой, сіздікі ештеңе емес, Құдай сені ертең-ақ жарылқайды, себеп менің уақиғамды біліп алып қайтасың, өмірі өлгенше қайғы жайлап кететін мені айтсаңшы», – деп сөз бастады. — Мен де бір патшаның баласы едім, әкемнің ешбір перзенті болмай, үш қатын алған екен. Ең кіші қатыны, менің анам, екі қабат болған уақытында әкем: «Баламның өміріне кітап ашып бер, бақытты бола ма, жасы ұзақ бола ма, қыз бола ма?» – деп, шаһардағы барлық бақсы-балгерлерді жиып алып сұрапты. Бақсылар кітаптарына қарап, балдарын ашып-ашып, бәрі де үндемейді, патша: «Неге айтпайсыңдар, не көрдіңіздер?», – деген екен, сонда бір ішіндегі ғұлама үлкені: «Әйеліңіз ер бала табады. Атын Әшім қойыңыз, – депті.

— Онан соң он екі жасқа келгенше, жер астына сақтаңыз, әйтпесе, өмірі қысқа болады, өзінің көргені - бейнет» – деген екен. Әкем еркек бала деген соң қуанып, бірнеше жұмыскер жиып алып, жерден сарай жасатқан. Оны болған соң, он екі жылға жететін азық үйдіріп, шешемнің айы-күні толған уақытында қанша даяшымен, мені оқытатын молдамен - бәрімізді жер астына түсіреді, шешем сол жер астында босанып, сонда асырап, сонда тәрбиелеп жүріп жатады. Мен ештеме білмеймін, кәдімгідей сейіл құратын жері бар, жақсы оқып жүрдім. Сонымен жасым он бірге келді, бір күні сейіл құратын жерге барып қыдырып, әрі-бері жүр едім, жоғарғы жақтан бір болымсыз жарқыраған саңылау көрінді, әлгіні тамаша қылып қарап тұр едім, әрі-беріден соң, алтын таққа мінген дүниеде тендесі жоқ бір сұлу қыз әлгі тесіктен түсіп қасыма келіп, мені алдына алып құшақтап, қысып-қысып оң бетімнен бір, сол бетімнен бір сүйді де қайтадан ғайып болып жоқ боп кетті. Ешбір тұрағын білдірмей кетіп қалды. Ол кетісімен, әлгі жерде талып қалыппын. Әрі-беріден соң көзімді ашсам, шешемнің екі көзі бұлаудай, молда дем салып отыр, ғашық оты ішімді күйдіріп әкетіп барады. Не болды деп молда мен шешем сұрайды, айтуға аузым жоқ секілді. Әкеме хабар салып, жер үстіне алып шықты. Ат жетер жерден бақсы іздеп, ешбір ем қыла алмай қойды. Ақыры шаһарымыздағы бір ғұлама қарап: «Бұл бала жазылмайды, бұл ғашық болған болу керек, пәлен шаһарда бір дәрігер бар, соның бір қарағанынан қалмайды, баланы сонда жіберіңіз, бәрібір шақырғанмен, ол келмейді, мен өзім бастап апарайын, дәрігерге қанша тарту, сыйлықпен жіберіңіз», – деді молда.

Мұны есітіп әкем пақыр мен жазылғандай болып қуанып, ырғап-жырғап жүргізді. Арада бірнеше күн жол жүріп дәрігерге келдік. Әлгі дәрігердің әдеті халқын жылында бір қарайды екен. Елінде жөнді ауру болмайды, адамды ажалға да талғап қана Құдайдан қорыққаннан береді екен. Сонымен мен барған кезде, елінің жиылып көрінетін уағы болып қалыпты. Шаһардан бес шақырым шамасындай жерде сарайы бар екен, соның алдына елі жиылып, қаз қатар отырады екен. Өзі жалаңаш келіп, елді қарайды. Сол елмен бірге мен де келіп отырдым, дәрігер келіп, басынан төмен қарап-қарап, қайсыбіріне ауруың жоқ деді, әлде қайсына бір жапырақ қағаз берді, қайсыбіріне дәрі берді, бәрі де оңдалып тарап кетіп қалды. Маған келді де бетіме қарап өтіп кетті, өзімнің түсім сарғайып, өңім бұзылып кеткен болуым керек. Анау қарамаған соң жаннан күдер үзіп, өледі екем ғой деп ойлап отырдым. Әбден ел тарап болған соң, шал келіп, мені ертіп өз сарайына алып келді. Үйіне келіп, бір үлкен сандыққа алып келіп, аузын ашып, астыма орындық қойды. Сандық толған кітап. «Мынаны оқи бер» деді де өзі кетіп қалды. Оқып отырмын, еш нәрседе шаруам жоқ, күн сайын тәуір болып келе жатқан секілдімін. Шүкір, жаман емеспін, кітаптардың бәрін алты ай ішінде оқып бітірдім. Бір күні бір кітапты оқып отыр едім, ұстазым бір аурулы шалды алып келіп, шалқасынан жатқызып қойыпты. Кітапты оқып отырсам, кітапта: «Көсеу темірді отқа қыздырып, «бісміллә» деп аурудың басына таяп апарсаң, мойнына жабысып тұрған кенедей дерт темірдің басына жабысып шығады, темір ыстық болса, шал өліп кетеді» делінген екен. Әлгі өзімнің ұстазым шалды осылай емдегелі жүр екен. Ұстазым темірді ысытып алып кетті. Байқасам, темір ыстық. Таяп, тиіп кетсе, өліп кететін. Ауруға жаным ашып, «ата, өліп кетеді» дедім. Сол-ақ екен темірді лақтырып жіберіп, шашын, сақалын жұлып, ойбай салып, үйден шығып безіп кетті де қалды. Онда жұмысым болған жоқ. Жүгіріп келіп, темірді суытыңқырап жіберіп, далаға шықсам, ұстазым жарылып өліп қалыпты. Бұл не деген ғажап болып кетті деп жүрсем, ол кісі мынау өзімнен қалай асып отыр деп, күншілік етіп жарылып кетіпті. Сонымен шалды ақ жауып, арулап қойып, сарайларын аралап жүрсем, бір бөлмеде кішкене ғана бір сандық тұр. Ашып қарасам, ылғи дұғалық, ісмиағзам дұғасы. Әлгілерді қолыма алып, оқып көрсем, пері байлау шарттары бар екен, алып оқып, ойлап отырдым. Баяғы қыз осы періден шығар, бұларды байлайын деп, бір дұғалықты алып оқыдым. Әлден уақытта: «Жаным, бұл не қылғаның, қырасың ба мұнша», – деп, жиылып келіп тұрған ылғи перілер. «Сендерде менің шаруам жоқ, патшаларыңның қызын әкелсеңдер босатам, болмаса, бәріңді қырам», – деп едім, Жымыр деген бір ұшқын жіберіп, патшаның қызын алдырды. Өзімнің неше жыл зарығып сал ауру болған, Шахинорды есіктен алып келгенде, есімді білмей талып кеттім. Әлден уақытта көзімді ашсам, баяғысындай алдына алып, су бүркіп отыр екен. Құшақтап көрісіп, жә, Құдай, тілекті бердің деп, мауқымды бастым. Байлаған перілерді босатып, некемді қидырып, осы сарайымды өзіме бөлек етіп салдырып, өзіме арнаған үйге кіріп, сәт күні екеуіміз қосылып жатқан едік, сырт жағымнан бір дауыс: «Ой, ақымақ, тозаққа кетесің, қойныңдағы ісмиағзам дұғасын бері әкел», – деді. Байқағам жоқ, суырып бере салдым, қолына түскен соң таптыра ма, алды да кетті. Сөйтсем, мені перілер алдап, аңдып жүреді екен. Өздерін байлайтын дұға қолдан кетіп қалды. Ана шымылдықтың ішінде жатқан қыз не өлі емес, не тірі емес шала-жансар. Көк өгіз - сол дұғалықты сұрап алған пері. Ұстап алып, жылында кегімді бір алам. Зарлап жылайтыным: ана қыздың күйігі, сол пері тірілмейді, бұл дүниеде осымен қосыла алмай кеткенім-ау деп жылаймын. Халықты иіріп алатыным, бәрі де менің осындай болғаныма қайғылы. Өзім барып жылап, зарлайтыным: халыққа ашықтығымды білдіремін. Өлтіретін жігітім - сол ұстап қалған перілерім. Жылында біреуін ел көзіне көрсетіп өлтіріп қайтамын. Қайтып келіп дүре салатыным, шыдай алмай кек аламын. Торғын орамалмен ауыз-мұрнын сүртетінім жаным ашиды. Осы уақиғаға міне бес жыл болды. Содан бері тартқаным қасірет, – деп сөзін бітірді.

«Енді рұқсат беріңіз, Ісмиағзамды мен іздеймін», – дедім. «Жоқ, осы өнермен мен де неше жыл таба алмай зарлап отырмын. Қор боласың, елге бар да ғашығыңды қуантып, мақсатыңа жет», – деді ол.

«Жоқ, іздеймін, өлсем сізден артықпын ба?» – деп, дұғалықты іздеп жолға түстім. Қайда екенін ешкім білмейді, әйтеуір, бетім ауған жаққа қаңғып жүріп кеттім. Бет алды сандалып жүріп, қаңғып, еш дерегін білмей, «қой, таба алмай барғанша, өлгенім артық» деп, бір тауға шығып, жартастан құлап өлем деп тұрғанда, бір дауыс: «Ей, ақымақ, неге кетесің, ана бейітке бар, үш дәруіш отыр, соған барсаң мұратың хасыл болады», – деді. Мұнда келіп едім, сіздерді көрдім», – деді Мұратқан.

Екінші дәруіш:

— Енді сіз сөйлеңіз, – деді үш дәруіштің әуелгі екеуі. Мұратқанның алдында келген адам сөзін бастады. «Мен Жазира шаһарының патшасының баласы едім,әкем сонша жақсы, ақыл иесі адам болды, мен еркемін, жасым кәмелетке толып, сейіл-серуен құрып жүрмін, қасыма ерген қырық нөкерім бар, бұл жалғанда теңдесім жоқ деп ойлаймын. Еш нәрсе ойыма кіріп шықпайды, бір күні серуенге шығып аң аулап келе жатыр едім, алдымыздан бір басы алтын, бөксесі күміс киік ойнақтап шыға келді. Құдай берді деп, алды-артымызға қарағаным жоқ, бет-бетімізбен қуып жөнелдік, киік қашып келеді, біз қуып, айқай салып келеміз, ештемемен жұмыс жоқ, есі-дертіміз киікке жету, ол жарқ-жұрқ етеді. Аттары шаршаған жігіттер бірте-бірте қалып жатыр, онда шаруам жоқ, есі-дертім киікті ұстасам деймін. Киік сонша қызықты, шіркін-ай, ұстай алып сарайымнын ішіндегі бақшаға қоя берсем деймін. Атым жүйрік, болдырар емес, неше түрлі болып аспанға ұшып кетеді. Біз мезгілде артыма қарасам адам көрінбейді, бәрінің аты болдырып, қалып қойыпты, мен оны керек қылғам жоқ, қызумен киікке қызыға-қызыға қуып жүре беріппін, күн батуға таянған мезгіл еді. Киік те болдырды, менің атым да болдырып келе жатқанда, алдымыздан бір үлкен су кездесті. Бұған киік те келді, мен де келдім. Қайда барарын біле алмай секіріп суға түсіп жүзіп жөнелді, шыдап тұра алғаным жоқ, мен де түстім, әлден уақытта ол да шықты ар жағына, мен де шықтым. Және қашып жөнелді, беті таяу тұрған бір тау бар екен, соған қарай тартты, мен де қалғаным жоқ. Таудың бір үлкен терең сайына қарап қашып келеді, мен де қуып келем, сайдың төр жағында бір көк күмбез тұр, киік келді де соған кіріп кетті.Артынан келіп, атымды байлап тастап мен де кірдім.Келсем дәнеме жоқ. Екінші бір есіктен қарадым, іш жағын неше түрлі етіп безеген екен, кірсең шыққысыз бір сарай. Соның дәл төрінде киік сұлап жатыр, оның басында ақсақалды бір шал жылап отыр. «Сені кім осындай қылды, жануарым, құдай, оны да сендей азапқа салсын» деп отыр екен. Екінші бөлмеге қарасам оң жақ қабырғада бір шымылдық құрулы тұр. Аржағында, ай десе аузы, күн десе көзі бар, қара қасы қиылып бір қыз отыр. Көзім түскен кезде, бойымнан тағат кетіп, жан-тәніммен ғашық болып: «Ей, сен не қылған адамсың?» – дедім. Үндемейді, жымия қарап көрген сайын сабырымды алып барады. Жақын келіп: «Ой, сен не деген жансың, неғып отырсың?» – дедім, үн жоқ бедірейіп отыр. Үндемегеніне ызаланып: «Жаным-ау, неткен жансың, жөніңді айтсаңшы», – деп, дәл қасына жетіп келсем сурет екен. Не болып кеткенімді білгенім жоқ, сурет болса да есім шығып талып кетіппін. Суретті құшақтап, зарлап, жылап отыр едім, жасы алпыс-жетпіс мөлшерінде бір қарт адам кіріп келді де: «Әттеген-ай, жас басына мына дертке қайдан душар болып қалды, сорлы бала,мұнда не шаруаң бар», – деді.

— Бәрібір ол сенің қолыңа түспейді, ғашықтық дертінен өлгеннен басқаң жоқ, – деді ақсақал қасыма келіп, жылап отырып:

— Ата, – дедім, – құдай үшін маған жөн-жобасын, қай түрі екенін айтып көрсетіңіз, – дедім шалға.

— Шырағым, мен шал емеспін. Биыл жасым жиырма сегізге шығады, осы қыздың әуресімен шашым, сақалым ағарды. Менің балалау кезім еді, жиырмаға жетер-жетпес уағым. Ром шаһарына барып келе жатқанда, бір сәнді, салтанатты үлкен шаһарға кез келдім. Шаһарға таяп келіп қасына қондым. Күн ыстық, түс мезгілі еді. Шатырды тігіп тастап жатыр едік, аздан соң бір жігіт келді, сол шаһардікі екен, әдемі, еркек затқа бітпеген пішіні бар, періште десең болады. Ат үстінде тұрып:

«Жолдарыңыз болсын, қай жердікісіз?», – деді. «Айтқаныңыз келсін, Ром шаһарына барып келе жатқан керуенбіз», – дедім. Үш-төрт жас менен кіші ол: «Ағай, бері келіңізші, сізде бір шаруам бар еді», – деді. Бұрын көріп-білген кісім емес, бірдеме істегелі жүр ме деп қорқақтап, бөгежектеп едім, «қорықпаңыз, мен де адам баласымын, не қылам дейсіз» деді мұңайып, жіңішке дауыспен майдалап қана. Қасына бардым. «Ажарыңыз тәуір болған соң сізге бір іс тапсырайын деп келдім. Бармасаңыз айтпаймын», – деді. «Айтыңыз, түріне қарай барамын», – деп едім, ол: «Мойныңызға алсаңыз айтам, әйтпесе айтпаймын, нәсіліңізді көргесін сіз орындай алады деп келіп отырмын», – деді. «Жарайды, енді айта ғой, тәуекел, барайын», дедім. Қалтасынан бір сөз жазған қағаз алды да: «Мына хатты сонау ақ мұнараның ішінде, сегіз патшаның санаты отырады, сол күмбезге барыңыз, күн батыс жақтағы есіктен кірсеңіз кішкене көше бар, соның жан-жағында бөлек-бөлек есігі болады, аузында күзетші, кісі көрсе атады, сіз соларды көргеннен қолыңызды көтеріп барыңыз, қасына барған соң хатты көрсет, сізді нұсқап жібереді, сонан оң жақ қабырғада үш есік болады, сіз соның екеуінен өтіп, үшінші есікті ашып тұрсаңыз төрінде аяқ-қолы шынжырлаулы бір арық жігіт отырады, мына хатты сол жігітке беріңіз, беріп қолына тиген соң жарты ауыз сөзге келмеңіз, тез кейін қайтыңыз. Осыны істегенде, шапшаң тез барыңыз, егер жауапқа келемін деп бір сәт кешіксеңіз сіз бұл дүниелік адам болмайсыз. Басыңыздың қалай кесіліп қалғанын біле алмай қаласыз», – деді. «Мен қызбын, әкем бермеймін деп, ұстап отырған менің ғашық жігітім еді», – деді. Мен қызбын деп айту мұң екен, жан-тәніммен ғашық болдым. Жүрегімде сабырлық қалмады. Мен осындай халге душар болдым деп ішкі сырымды айтқым келіп еді, бірақ мұның хатын апарып, әуелі оның ішкі сырларын біліп алайын деп ойлап «құп болады» ден, хатын алып жүріп кеттім. Айтқанындай-ақ күмбезге келіп, көрсеткен есіктен кірдім. Мен кіріп келсем, үш есік тұр. Төргісінің аузын ашып қарасам, бір жігіт отыр, аяқ-қолы шынжырлы. Нұсқасына қарасам, адам баласының жаны ашитын, арықтығы ар жағынан сүйектері көрініп тұр, бір түрлі мехнат көріп отырған адам. Түрін қарап тұрсам, құр қу сүйекті құрап қойған секілді. Не қыларымды білмей, осыны істеген адамды, шамам келсе, отқа итергім келіп қаным қайнап, жөнін сұрайын деген оймен хатты қолына беріп, «жаным-ау, мұнша саған не болды» деуім-ақ сол екен, дүние жүзі қозғалғандай шатыр-шұтыр етіп, зілзала орнағандай болды. Не екенін білмеймін, өліппін де калыппын, сонан кейін көкте екенімді, жерде екенімді білмеймін. Бір уақытта кішкене есім кірейін депті, қозғалуға дәрмен жоқ, өне бойым ұсатылып қалған, қимылдатпайды, басым зеңеді. Байқасам мүшелерім өзімдікі емес секілді. Жан-жағыма көз жіберсем өзімді табытқа салып, көтеріп жүр. Өне бойымды қызыл қан жауып кеткен, жатқан жерімде қара құрттай кісі каптап жүр, басым быт-шыт болып жарылып қалыпты. Бұл қалай деп сұрайын десем, шамам келетін емес, көтеріп жүрген адамдарға «мені бір оңашалау жерге апарыңыздар» дедім. Іздеп келіп алатын жолдастарым қайда екенімді білмей жүр ғой, әлде мынадан қорқып қашып кетті ме екен деп те ойлаймын. Әйтеуір топтан шеткері бір жерге алып келіп, табытыммен қойды, ептеп байқасам бұрынғыдан көрі есімді жиып қалыппын. Топтың ортасында биік құрылған табыт тұр, үстінде бір өлген адам жатыр. Астында бір еңгезердей әдемі жігіт, басында айыр қалпақ, қолында қос желек найза, үстіне киінгені торқа сауыт, мойнында садақ, екі көзінен жас ағып, бауырым-ай, тыянағым-ай, жүзіңді көріп, ауыз екі қоштаспадым-ау» деп зарлап, найзасына сүйеніп жылап тұр. Сонша көп халық табытты айналып жылап олар да тұр. Тұруға шама жоқ, бір кісіні шақырып алып, «мынау не уақиға» деп сұрадым. Ол адам жайланып, жаныма отырып, мұны сұрасаң айтайын деп, бетіме қарады да: «анау табытта тұрған жігіт, бағанағы өзің хат апарған жігіт еді. Сен сөйлеспей бере салып, кейін қайтқанда адам білмейтін еді. Ешкімді сөйлестірмеуге, ешкімге көрсетпеуге патшаның қойған адамдары сенің даусың шыққанда соғып кетті. Қыздың дұғасы бар деп айтуы да сол еді. Анау өлген жігіт патшаның баласы. Және оның інісі де патша. Бірақ бұл патша болғанда арық жігіттің әкесіне қарайды. Қыз сол кіші патшаның қызы. Інісі ағасын өлтіріп, орнына үлкен патша болсам-ау деп жүреді екен. Бір мезгілдер болғанда, ол есебін адамға сездірмей, бір мыстан кемпірге ақы беріп, ағасын өлтіріп, мұра менікі деп, баласына бермей ағасының орнына патша болды. Сонымен ол жүріп жатты. Екеуінің әкесі бір туысқан кісілер болса да қыз жігітке ғашық, жігіт қызға ғашық. Мұны бір күні қыз әкесі сезіп қойып, «екі тозақы, бұлар шариғатқа қисық іс істеді және мені халыққа масқаралады, патша қызы інісіне ғашық деген әңгіме елге жайылды, мұны жөншілікпен өлтірмей масқаралап өлтірейін» деп ойлады. Ақыры жігітті шынжырлап қысып ұстады. Сөйтіп ешбір адам айла таба алмай қыз жүре беріп, ешкім білмейді, сырттың адамы деп, сені жіберген еді. Өзің сөйлесем деп мына бейнетке ұшырап жатқаның, жаңа сенің сөйлескеніңді қыз әкесі патша біліп, жігітті дарға тартып жіберді. Сол екі ортада, арық жігіттің бір апасынан туған жиені болушы еді, бетіне жан келмейтін мықты батыр болған еді. Бір күні түс көреді де, халқына қару-жарақтарыңды алыңдар, менің нағашым бір пәлеге кездесті, соны біліп қайтам» деп іздеп келген еді, мынау арық жігіттің өлген үстінен шықты, келе айғай салып араласып берді. Сол жерде дар басына жиылып тұрған халықтан біліп, патшаның басын алып, нағашысын анау мұнараға салып, өзі астында жылап, зарлап тұр. Қыз Күләнда әлгі батырдың қасында бір талып, бір тіріліп отыр», – деді бөтен адам. Сөйтіп отырғанымызда баяғы өзімнің көрген жолдастарым жылап, шулап, мені тірі тауып алғанға өздері қуанып, мені сол табытыммен көтеріп қосқа алып келді. «Кәне, енді біз жүрейік, өстіп отырып осылардың бірдемесіне ілініп кетерміз, кайтайық», – деді жолдастарым. Менің онда жұмысым жоқ, есіл-дертім Күләнда, енді бір көріп сонымен сөйлессем деймін. Күләндамен сөйлессем бе деген оймен ақырында жігіттерді тоқтаттым. Екі-үш күн өткізіп, жараларым тәуір болды. Соның жүзін көрейін деп, шаһарға таман аяңдап келдім. Сұрастырып білсем, батыр жиен бір бөлек алтын сарай салдырып, соған қызды бөлек күттіріпті. Жан-жағын қоршаған әскер. Мұнан күдер үзген соң қайтерімді біле алмай, сандалып келе жатып, енді әуре болмайын, себеп – ол менің қолыма енді түспейді, мұның суретін алсам да болар деп ойладым. Күләнда қыз күймелі пәуескемен келе жатыр екен, күн ыстық, пердесін ашып, мені көріп, атын тоқтатып тұрып: «Әй, жігіт, сен сөйлеспегенде өлмейтін еді ғой, бірақ та жазу осылай шығар, сен де қас қылған жоқ шығарсың», – деді. Сонсоң мен жылай бердім. Ол «неге жылайсың?» деп сұрады. Өз халімді айтып ем: «Ой, бейшара, әуре болма, батыр білсе, екеуімізді де өлтіреді, онан да өзің бар да еліңді тап», – деді. «Ең болмаса суретіңді берсеңші», – дедім. «Ендеше, алтын сарайдың батыс жағына бар да тұр, қазір мен де барамын», – деді қыз. Келіп тұрдым, әлден уақытта, күн батар мезгілде қыз келді. Көрді де бір нөкерін шығарып алып, «үйдегі менің суретімді әкеп берші» деді. Нөкері алып келіп маған берді. Сонсын Күлән қош айтысып, сарайға кіріп кетті. Жылай-жылай мен қайттым. Ана тұрған сол қыздың суреті, –деді шал. — Ол үшін әуреленбе, ала алмайсың, өзің жазым боласың, қайт», – деді. Мұны естіп, тағы жалынып, зарлап: «Ататай-ау, рақым қылсайшы, мендей құлыңа жөніңді айтсаңшы, барайын», – деп шалдың аяғын құшақтап жалындым.

— Тоқта, – деді бір уақытта, – сенің зарың менің сүйегімді сырқыратты, енді айтайын. Шал мені ертіп биік таудың басына алып шығып, жөнін көрсетіп: «Осымен тоқтамай жүре бер, алдыңнан бір үлкен көл, жайқын су кездеседі, сонан аман өтсең еліне барасың, – деді. — Егер де осы жолмен жүріп отырып суды тапсаң сол суда менің астылы-үстілі байлап қойған кемем бар. Соған мін, және батысқа қарай аға бер, басқа жаққа бұрылсаң ғұмырыңда табу жоқ», – деді. Мен бәрін сұрап алып, «құдай, енді өзің оңғар» деп, жолға түсіп, жүріп кеттім. Шалдың көрсеткен жолымен тура аман-есен суға келдім. Суды жағалап жүріп кемені тауып, біраз осы жерде тынығайын деп үш күн жаттым. Төртінші күні жүрмек болып, кемені дайындап, суға түсіп кете бардым. Күн батысқа жүріп, кемені айдап келе жатыр едім, күн бұлттанып жел тұра бастады. Дауыл соқты, мен кеменің астындағы қабатына түсіп алып жаттым. Әлдене уақытта жел шығып судың жүзі боранша көпіріп, толқын таудай болып, кемені айдап жөнелді. Біресе аударып, біресе домалатып жүріп келеді. Менде ес жоқ. Кемесімен суға кетем ғой деп жылап қорқып, жанымменен қош айтысып жүріп келемін. Бір мезгілде жел басылғандай болды. Кеменің үстіңгі қабатына шығып қарасам қалай кетіп бара жатқаным білінбейді. Дүние жүзі көкпеңбек су, дүниенің ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейді. Мен жылап-еңіреп, «мына судан енді шыға алмай өлгенім ғой, Күләндам жүзіңді бір көре алмай кеткенім бе» деп, ботадай боздап жылай бердім. Бір уақытта жел қайта көтеріліп, таудай толқындар кемені аударып-төңкере бастады. Мен сорлы тағы кеменің астыңғы қабатына кіріп жатып алдым. Кемені толқын тербеп айдап, сырғытып келеді. Осымен судың бетінде жеті күн жүрдім. Әлдене уақытта кемені жел айдап жағаға алып келді. Қуанып, секіріп түсіп, кемені байлап тастап, қырға шығып, жүгіріп келе жатырмын. Көздің ұшында шаһар көрінеді. Биік ақ мұнарасы бар. Жүгіріп шаһарға келдім. Келсем адам жоқ, бір түрлі сәнді шаһар. Бұл не шаһар деп, аралап келе жатып ортасында күнше зейнеттеп салған сарайды көрдім.Айналып жүріп бір жақ есігінен ішіне кірдім, сарайдың асты-үстінде адам айтқысыз алтындаған құрулы тақ бар екен. «Е, тәңірім, бұл шаһардың адамдары, малы, жан иесі қайда кеткен, апат келіп қырылды ма екен, болмаса қалпымен жолаушылап кетті ме екен» деп тұрып, тақтың үстіне шығып, өз елімдегі патшалық өмірім ойыма түсіп, масаттанып отыр едім, әлдене уақытта даладан дауыс шықты. Не дауыс екен деп есім шығып, далаға шықсам шаһардың іші толған маймыл. Мен есімнен айрылып талып кеттім. Менің үніммен маймылдардың жұмысы жоқ. Мені көріп қалып, шуласып, «құдай берді, мынаны патша қылып аламыз, жезтырнақ бізге тимейді» деп шырқырасып жатыр. Бір мезгілде көзімді ашсам бетіме су сеуіп отырған ылғи маймыл, тағы не пәлеге жолықтым деп зарлап мен жылап отырсам, маймылдар бізге өсиет айтып отыр деп ойлапты. Мен зарлап, жылап болған кезде бір үлкен тақтайды екі маймыл көтеріп алып келді. Тақтайда жазу бар екен, әкелді де менің қарсы алдыма қойды. Бұл не нәрсе деп тамашалап қарап тұр едім, жазылған сөз мынау екен: «Бұл шаһарға келген адам баласы осындағы жазу бойынша, маймылдарға патша болып тұра береді. Егер кетем деп ойласа, өмірін қорлықпен шірітеді. Шыдамай, кетем деп күн шығысқа қарай жүрген адам жезтырнаққа кез болады, оңтүстікке жүрген адам кісі етін жейтін адамға кез болады, солтүстікке жүрген адам - шеті жоқ су болады,осы маймылдарға патша болып тұрса, ақиретте ақ жүзді иманды болады», – деген. Ақырында «мұны жазған мен, Сүлеймен пайғамбармын» деп қол қойған. Мына жазуды оқып мен тағы да талып кеттім. Өліп кетті ме деп маймылдардың есі шығып, шуылдап, су сеуіп тағы тірілтіп алды. Бір уақытта маймылдар өзі сойып жесін деп бір семіз қой берді. Неше күн су бетінде жүріп, қарным ашып қалған екен. Маймылдардың енді қастық қылмайтынына көзім жетіп, қойды өз қолыммен сойып, бұзып, қазанға асып жедім. Сөйтіп мен маймылдарға патшалық өмір ете бердім. Түн болса маймылдар, жатсам да маймылдар айналамды қоршап ұйықтайды, қашып құтылу қиын-ақ. Таң атып тамақтанып болған соң бір итті ерттеп, мені мінгізіп алып, ертіп жүрді. Күн шығысқа қарай келе жатырмыз,сәске мезгілде бір үлкен дарияға келдік. Сол күні жезтырнақтар маймылға шабуыл жасайтын күні екен, әлдене уақытта қара құрттай қыбырлап келе жатыр. Маймылдар мені шыр айналып, тығылып, шулап тұрды. Жезтырнақтар таяп келіп, мені көріп, маймылдарға тие алмай, иіріліп тұрып қалды. Маймылдар қуанып, адамзаттан патшамыз бар деп, жезтырнаққа көрсетіп, жүгірісіп жүр. Егер адамзаттан патша қойса, жезтырнақ тимейді екен. Олар иіріліп тұрып-тұрып тарап кетті. Түс болған соң біз де шаһарға қайтып келдік. Күндіз-түні уайым-қайғы, қалай кету есебін таба алмай жылаймын да отырамын. Бір күні ойланып отырып, «қой, бүйтпейін, халқымды аралайын деп бұларға әмір қылайын. Сонан соң өздерімен өздері әуре болып кеткен кезде қашайын» деген ойды ойладым да халқымды жиып алып, «мен алыста жатқан елімді аралаймын» деп, жүйрік итті ерттетіп, міне салып, ел аралауға жүріп кеттім. Құмырсқа жақтағы бір маймылдың ауылына келіп қондық. Патша келген соң есі қала ма, арақ-шарапты жинап, малды сойып, естері шығып шуласып жүр.Сөйтіп отырғанда мен барлық жұртты жинап алып,арақ-шарапты ішкізіп, түгел мас болған кезде итке мініп алып, қашып жүріп кеттім. Мастықтары қайтып естерін жиған кезде, олар тұрып мені іздейді. Кетіп қалғанымды біліп, барлығы жиылып, ойбайлап, жыласып, енді өлдік деп шулап, иттеріне мініп алып, менің кеткен ізіме түсіп алып, қуып береді. Олар қуып, жақындап келе жатқанда мен де жаңа ғана құмырсқаның жұртынан өттім. Құмырсқалар жалғыз мені байқамай таң алдында шырт ұйықтап жатқан еді.Мына қуған маймылдардың дүбірімен оянып, көріп әдейі өз жұртына іздеп келген жауды аясын ба, қарсы шығып соғыс салды. Мұны көріп, маймылдар мені қууға шамасы келмей құмырсқалармен соғысып қала берді. Мен сол жүргеннен жүріп, тоқтамай үш күн, үш түн жүрдім.Тынымсыз жүрген ит онан ары жүруге жарамай болдырып, өлім халіне келді. Берейін десем түк тамақ жоқ,енді қайтерімді білмей, я құдай мен ғаріпті осынша неге аямадың деп уайымдап отырдым да «қой, бүйтпейін, мұнымен отырып өліп қалармын, жүріп тіршілік қылайын» деп, итті тастап, жаяу қаңғып жүріп кеттім. Көп жүрдім. Ел-жұртымның бетін көре алмадым. Ылғи шөл. Жапан дүз дала. Әбден халім бітіп өлудің аз-ақ алдында болып келе жатыр едім, алдымнан бір биік тау көрінді. Соған аяңдап келдім. Басына шығып қарайын, жан-жақтан не көрінер екен деп ойлаған едім, әлім бітіп, шаршап қалай шығарымды біле алмай тұрдым. Дәл тұрған жерімнен бір биік тас көрінді. «Қой, бүйтіп ит жемеде өлгенше, мына тастан құлап өлейін» деп, енді секіргелі тұрғанымда, арт жағымнан бір дауыс: «Ей, ақымақ, имансыз неге өлесің, онан да анау бейіттің ішінде екі дәруіш отыр, соған барсаң мұратың хасыл болады», – деді. Мұнда келіп едім, мына екеуіңді көрдім», – деді.

Үшінші дәруіш: Мен де бір патшаның баласы едім, әкем сонша қаһарлы, алдына еш адам келмейтін түсі суық адам еді. Сол кісіден мен жалғызбын. Және бір қарындасым бар. Басқа ұл туысым жоқ. Сайран етіп, сауық құрып жатамыз. Еш уайым жоқ. Қасыма ерген нөкерлерім бар. Күнде сауық. Әкемнің қартайған уағы еді, бір уәзірі бар, ол да халыққа қадірлі, бірақ қатаң мінезді еді. Бір күні әкем ауырып, үш күн жатып, дүниеден қайтты. Өзім жас, әкем өлген, уайым-қайғымен қараланып мен жүрмін. Шешем тәуір кісі еді. Бір күні: «Балам,өлгеннің соңынан өлмейсің, осы елдің түрі жаман, түбінде ертерек мына әкеңнің орнына отыр, өйтпесең ана уәзірдің мінезі жаман, қан ұртты адам еді, іштен жүріп бір күні халықты өзіне аударып алып, таққа отырар да сені қаңғытып жіберер, онан бұл ұялатын кісі емес. Саған менің айтқан ақылым», – деді шешем. Мына сөзді түсініп, елімді жинап алып:

— Ай, халқым, әке өлсе балаға мұра деген еді. Мынау әкемнің орны бос тұрмасын, – дедім елге. Анау-мынау деп отырғанда уәзір сөз бастап еді, отырған ел соны мақтады. «Патшаны енді көп болып тас салып сайлаймыз, мен болам деген кісінің бәрі де патша бола берсе, елдің бәрі де патша болар», – деді ол. Анау-мынау деп едім, елдің беті ауып кеткен екен, сол жерде табан аудармай уәзірді патша қойды. Уәзір мені сол сарайдан шығарудың қамына кірісті. Жас болсам да жөншілікпен шығам ба, тартыса кеттім. Ақырында уәзір қойған жоқ, өзімді қорлықпен масқаралап айдап шықты. Сонымен не қыларымды білмей, сандалып жүрдім. Сол әкем патша болып тұрғанда бір досы бар еді. Бір күні жылап соған келдім. Ол мені көріп жылап, «қайран, шырағым Зейнел-ай» деп, құшақтап,біраз тұрып, шешем, қарындасым - бәрімізді үйіне ертіп келді. Отырып:

— Ей, Зейнел, әкеңмен Құдай дескен дос едім. Сен мына халге ұшырап қалған екенсің. Әкең тірі уағында бір перінің патшасымен дос еді, соған жылда бір барушы еді, қолқасына бір маймылдың суретін әкелуші еді, сол сурет отыз тоғыз болып еді, барғанда мені қалдырмай алып барушы еді, сонда пері айтушы еді, осы сурет қырыққа толса не болам десең боласың, кімде қандайлық кегің болса, соны қалай да аласың деп еді, сен соған барып мына болған халіңді айт, әкеңмен достығын айт,сонан соң анау қалған маймылдың суретін сұрасаң берер, мен соған ертіп барайын, – деді. Әкемнің досы екеуміз жүріп отырып, бір күндерде періге келдік. Күтіп алды. Сонан соң болған халді айттым, әлгі пері патшасы отырып, басын шайқап:

— Балам, сені қайдан білейін, ешбір сырыңды алғаным жоқ, әкең адал достыққа жарайтын жақсы кісі еді, – деп отырды да, – жарайды, жарайды, әкеңмен дәмдес болып едім, бір рет сынап берейін. Мен адамзат патшасы Онзила шаһарының қызына ғашық едім, мен соны тартып алам деп барғанымды біліп еді, ісмиағзам дұғасын оқып жолатпай қойып еді, сонан не істерімді білмей отырмын. Не ықтиярымен бермейді, соны қас қылмай әкеп берсең маймылдың суретін берейін, – деді. Пері патшасы соны айтып, қолымызға «мынаумен іздейсіңдер» деп, бір қыздың суретін берді. Қарасақ көрген адам жолында өлетін. Суретті алып, патшаның ғашық қызын іздеп кеттік. Көрсеткен жөнімен іздеп, неше күн жүріп келе жатыр едім, елсіз далада иығына қоржын салған бір қайыршы шал кезіге кетті. Сәлем беріп жөн сұрады:

— Балалар, мен сол шаһардікімін, – деді. Қайыршыдан мына жақсылық хабарды естіген соң, мен тұрып:

— Е, ақсақал, қайырсыз мың теңге аласыз ба, жоқ қайырлы бір теңге аласыз ба, – дедім. Қайыршы:

— Қайырсызды не қылайын, қайырлы бір теңге беріңдер, шырақтарым, – деді. Сол жерде қайыршыға бір ділда беріп жүріп кеттік. Жөнін сұрап, бір мезгілде шаһарды тауып алып, күн кешкірген уақыт, шаһарды аралап келе жатыр едім, шаһардың орта тұсында бір үлкен алтын сарай тұр екен. Бір жағы құлаған, ішінде бір шал, бір қыз отыр. Келсек бағанағы қойнымыздағы суреттегі қыз. Көңіл шат болып, осында қонайық деп келе жатсақ, отырған шал бағанағы өзіміздің қайыр берген шалымыз. Аттарымызды байлап тастап, ассалаумағалайкүм деп кіріп келдік. Көргеннен-ақ тани кетті. Бәрі де жылап отыр. Шал қалбалақтап:

— Жоғары шығыңдар, балалар. Жолдарың болсын, қарақтарым, сендердің бір теңгелерің, қайырлы, берекелі болып, бүгін соған да көп нәрсе алдым. Мына балам қуанып көп алғыс айтып отыр, – деді. – Алла сендердің жолдарыңды қылар, біз де мүсәпір адам едік, – деді. Сонда қуанып отырып, қасымдағы досым сөз бастап, пері патшасы жібергенін айтып, қызды сұрады. Шал мынау сөзді естіп, жылап сөз бастады:

— Балалар, мен заманында патша едім. Қапыда құдай тағала мына күйге салды, сол пері лағнат келіп, соғысып, мал-мүлкімді талауға салып, көп қинау көрсетті. Мен де патшамын, жөншілікпен қызды бермедім. Енді күллі елді бүлдіретін болды. Сонан соң молдалар жиып, періге ем мынау болады деп, бөрі ісмиағзамның дұғасын оқыды. Әрі-беріден соң албасты секілді басып отырған пері әскері бір сағатта кетіп бітті. Кетсе де тыныш кеткен жоқ. Осылайша өзімізді ғарып қып, мына сарайдың бір жағын бұзып, барлық адамдарымызды жылатып кетті. Сонан бері осы халмен күн көріп жатырмыз. Сіздердің кешегі берген ақшаларыңыз өзім осы халге келгеннен бері көрген қайырлы нәрсем болды. Енді, балалар, сендерге не айтам, өзім мына халде отырмын, заттарың тәуір көрінеді, періге осы баламды бермеймін деп түсіп отырмын ғой, қалай қып аласыздар, өстіп отырып бұл баламды енді жылата бермейін, құдай алдынан жарылқасын, – деді шал. Осы күні сол сарайда болып, ертеңіне қызды алып келе жатырмыз. Мен қызға жан-тәніммен ғашықпын. Жоқ жерде өзімнің ғашық екенімді қызға айттым. Қыз - Шарбану:

— Мен қайдан білейін, менде не ерік бар, мені не қылғалы алып келесіздер, – деп, ауыр күрсініп жылады.

— Жаным, Шарбану, мен сендік, енді ешкімгебермеймін, ықтиярмысың, – дедім.

— Ондай күн болатын болса, өз нәсілімнен қайда барам? Амал жоқ, ерік кетіп келе жатырмын. Онда да мен қанша баянды болып тұрар дейсін. Құса болып өлем. Нәсілің адам, пері емессіз ғой, сізге мен де ғашықпын, не қылсаң да ықтиярмын, – деді. Шарбану сөйтіп тұрғанда бағанағы досым келіп:

— Ой, ақымақ, былай жүр, естіп пе ең патшаның айтқан сөзін. Қастық қылма дегені қайда. Бұған қатысып алып берсең, сен де, қыз да, мен де бұл жаһанда болмаймыз. Есің жоқ, біз ана қалаған маймылдың суретін алсақ барлық мұратқа жетеміз, жолаушы болма, – деп ұрсып, қуып жіберді. Енді таң атып бұл қонған жерден жүріп кеттік. Ертең мен қыздың қасына келіп, әр түрлі сөз айтып отыр едім, досым және келіп ұрысты. Мен әрібері көнбей:

— Маған енді маймылдың суретінің керегі жоқ, осы Шарбануды өзім алайын, – деп айтып едім, досым маңына отырғызбады.

— Бұл жерде әзір ақымақтық қылма, суретті алсақ, осы мұраттың бәрі де болады. Мен өзім бәрін де орындаймын, – деп қызға жолатпады. Осымен келе жаттық. Енді екеумізді аңдып жақындастырмады. Ішімнен қан өтіп мен жүрдім. Ақырында аңдушыны алдаушы жеңеді деген ғой, бір қапысын тауып, Шарбанумен қосылып қалдым. Оны досым біліп қалып, ойбай салып, «сен бүлдірдің енді бізге түк жоқ» деп, жер теуіп ұрысты. Мен досыма жалынып: «Ей, ағатай, маған жаныңыз ашыса, осы Шарбануды өзім алайын, енді маймылдың суретінің керегі жоқ», – деп зарлап жыладым. Олай-бұлай айтып едім болмады. Зарығып жылап жалындым, болмады. Ақыры менің көңілімді қимай айтты:

— Жарайды, енді тұра-тұр, осы перілердің мұрнына исі келсе, жоламайтын бір дәрі болушы еді, кінә өзінен болсын, оның исі мұрнына келсе, Шарбанудан безіп кетеді, тастайды. Сонан кейін қызды да аламыз, маймылдың суретін де аламыз, – деді. Сонымен қыз Шарбанудың қолына дәрі жақты. Бірнеше күн жол жүріп алып келді. Сонан соң бізді бір бөлек үйге әкеліп кіргізді, қызды оңаша бір үйге апартты. Тамақ ішіп болған соң, досымыз екеуімізді қыз отырған үйге әкелді. Әр-беріден соң, Шарбанудың қасына барып еді, иіскелеп тұрып шошып секіріп шықты. Сүйтіп біздің қасымызға келіп, ақырып:

— Бәтшағар, сен неше келіп, менің неше түрлі сырымның бәрін білгенсің. Антұрған, саған мен көрсетейін, – деді. Маған келіп: «Ей, оңбаған, дос болам дейсің, адамзат опасыз келеді», – деп, екеумізді жаққа екі тартып еді, дүние жүзі зілзала орнағандай шақыр-шұқыр етіп астан-кестен болды. Мен өліппін де қалыппын. Сонан кейінгі халдің не болғанын білмеймін. Бір уақыттар болғанда көзімді ашсам ел жоқ, күн жоқ бір меңіреу сар далада жатырмын. Досым да жоқ, қыз да жоқ, перінің шаһары да жоқ, не жер екенін біле алмай естен танып, жынды кісіше біраз отырыппын. Аздан соң есімді жиып, алып, бір таныс жер табылар ма екен деп едім, жердің бәрі жат, әкеден, тәжі-тақтан, ел-жұрттан айрылған былай тұрсын, бәрінен мынау өтіп кетті. Ыза мен дерт ішке симай жылап. «Я, құдай, неңді алдым, осынша жас басымнан ғаріп қылғандай, енді мынау күйікті тарттырғанша, ал, құдай», – деп, ызаланып, жылап жатып, ұйықтап кеткен екенмін. Түсімде әкем келіп айтады: «Шырағым, ренжіме, алланың жазуы осы, осыдан аумай, бетіңді күн батысқа қойып жүре бер. Алдыңнан бір биік заңғар тау көрінеді. Соның батыс жақ етегінде бір бейіт бар, соған барсаң барлық тілеуің қабыл болады», – деді.

Сонан еш нәрседе жұмысым жоқ, қатты қуандым. Түсімдегі аян бойынша жобалап жүріп келсем, бейіт тұр екен. Ішіне кірсем мына кісі жалғыз отыр екен», – деп, сол жақтағы біреуін көрсетті. Өзге отырғандар:

— Жарайды, бұл осымен тоқтасын. Енді сіз айтыңыз, – деді бәрі ең алғашқы келген біреуіне. Ол сөзін бастады.

Төртінші дәруіш отырып:

— Мен бір уәзірдің баласы едім. Әкем ағалы-інілі немере еді. Екеуі де уәзір еді. Екеуі өлердей дос, сонша жолдас, бір-біріне жанын қиятын еді. Екеуінде де бала болмапты. Сүйтіп жүргенде аруақ жар болып, екеуінің де кейінгі алған қатыны жүкті болыпты. Өте қуанышты, шаттанып жүріпті. Менің әкемнің аты Фазыл еді, анау уәзірдің аты Қамза еді. Бір күні менің әкем Қамзаны қонаққа шақырып, кеңесіп отырып, екеуіміздің де әйеліміз жүкті болды, екеуі бірдей ұл тапса нұр үстіне нұр, екеуі бірдей қыз тапса онда керегі жоқ, егерде екеуміздің әйелміз бірі ұл, бірі қыз тапса, қосайық, – дейді. «Ата-ененің жоралғысы, менің әйелім ұл табады, сенің әйелің қыз табады деген сөз емес қой», – дейді, менің әкем отырып, Қамза отырып айтады: «Бұл дұрыс сөз, осы сөз менің де ойымда бар еді, бір айтайын деп жүр едім», – дейді. Осыған екеуі де сөз байласып қояды. Бір күндер болғанда, ай-күндері жетіп екеуі босанады. Менің шешем ұл табады, Қамзаның әйелі қыз табады. Ол қыз тапты деп ренжімейді, әйтеуір перзентке зар боп жүргенде адамдар қатты қуанып, неше күндей ұдайы той қылады. Сонымен екеумізді тәрбиелеп жүрді. Екеуміз де сұлу, көркем болыппыз. Менің атымды Хасен ойыпты, қыздың атын Күлзайра қояды. Сонымен екеумізді бір жерге күтіп, бір жерге асырайды. Көз тиеді деп жасырып асырайды. Осымен бірнеше уақыт өтіп, бес жасқа толған соң молдаға береді. Оқып жүрдік, тәуір ғылым иесі болдық. Бір күні менің әкем отырады да:

— Ұлы жоқ адам сорлы, мал-мүлкі иесіз тұрған бір нәрсе емес пе. Қызды балам деуге бола ма, ертең өскен соң біреумен кетеді. Ақыры жиған-тергені сол қызды кім алса, соныкі болады. Менің артыма ие болады, мұра болады деуге болмайды. Біздің Қамза да сорлы адам ғой, жасы болса келіп қалды. Мирасқоры жоқ. Күлзайра да біреу үшін асырап отырған балапан емес пе, – депті. Бұл сөзді Қамза естіп, ботадай боздап жылап:

— Мына сөзді Фазылдан естігенше өлейін. Мен Күлзайраны ұлдан артық көріп жүргенде Фазыл мынаны айтты. Ертең біреу мұнан да жаман сөз айтар. Онан да мына Фазылдың сөзін естімей, құлақ естімеске кетейін, – деп Қамза бір түнде қашып кетеді де қалады. Оны ешкім білмейді. Жалғыз-ақ жапырақ қағазды жазып, төрт бүктеп, есіктің маңдайына қыстырып кетеді. Бұл мұнымен бара тұрсын. Әкем ертең ертемен тұрып, уақытында қызметіне кетеді. Ол күні Қамза уәзір бармайды. Менің әкем «бұл кеше кешке аман еді, ауырып қалды ғой, көңілін сұрайын» деп, есіктен шығып келе жатса, есіктің маңдайында төрт бүктеулі қағаз қыстырулы тұр. «Мұны кім қыстырды екен, бұрын бұл жерде еш нәрсе болмаушы еді» деп, тамашалап келіп алады. Қараса, жазылған қағаз, жазған сөз мынау: «Қош, досым Фазыл, ақиретте көрісерміз, бұл жалғанда енді екеуімізге бір тұрып, бір жүруге нәсіп етпеген, енді көз көрмес, құлақ естімеске кеттім, менің қалған дүниемді сен жиып аларсың, ақыр менде ұл бала жоқ, иесіз дүние ғой», – деп, аяғына атын қойыпты. Әкем мына сөзді оқып, «дүниеде мен жазым басқан екем, сөзімді естіген екен ғой, қайран досым-ай» деп, есінен танып қалады. Есіктің алдында бұл кісінің талып жатқанын шешем көріп, «не болып қалды» деп, есі шығып қорқып, «әлде, Хасеніме бірдеме болып қалды ма» деп ойлап, оған қарамай жүгіріп үйге келді. Мен жаспын, ештемені парықтаған уағым емес. Артынан мен де шықтым. Келсем әкем әлі талып жатыр. Әкемді көргең соң мен шырқырап бас салып, жылап жатырмын. Шешем енді қайтерін білмей, әкемнің бетіне су бүрікті, әкем аздан соң есін жиып, көзін ашты. Зарлап жылап, не болды, не көрдің, біреу ұрды ма, болмаса бір нәрсе көрдің бе, неге бүйтесің деп шешем сұрап еді, әкем ештеме емес деп айтпады. Сол уайымдаған бетімен үйге келді. Келген соң: «Қайран досым-ай!» – деп және жылады. Досым деген соң шешемің түсі бұзылып: «Не болыпты, Қамза өліп пе?» – деп сұрап еді: «Қашып, көшіп кетіпті, маған тастап кеткен хаты мынау», – деді. Шешем қағазды алып оқыса, жазылған сөз әлгі. Бұл хаттағы сөзді естіген соң мен де ботадай боздап жылап, баршамызға бір үлкен қайғы болып, не қыларды білмей құр жылаумен отырдық та қойдық. Осы қайғымен әкем уәзірліктен шықты. «Іздеймін», – деді. Ешбір дерегін біле алмады. Осы уайымда жүріп әкем өзінің айтқан арманын қылып ауып кетті. Мен дәулеттен айрылдым, жай кетуге айналды. Сонымен бір уақыттар болғанда, әкем дүниеден қайтты. Жетім бала, жесір қатын болып калдық. Әкеден онша дәулет болмады. Мен сол уақытта он үш жасқа келдім. Бір күні «бүйтіп отырмайық, бір кәсіп істейік» деп, мен келіп базардан бір балаған жасап алып, ылғи халуа пісіріп сататын болдым. Жұрт халуамды тәтті деп, екінші өзімді де тамашалап келді. Халуам өтімді болды, осымен пайда қылып жақсы болып тұрдым. Иә, бұл осымен тұра тұрсын. Сонымен Қамза сол кеткеннен мол кетті. Басқа патшаның қол астына барып уәзір болды. Күлзайра тамаша болып өсті. Адам баласы қарап тұрғандай, он төртінен туған айдай толықсыды. Сонысынан қауіптеніп Қамза Күлзайраны ешкімге көрсетпеді. Сонымен ол да жата тұрсын. Енді екі періден сөйлейік. Пері патшасының, Шымыр, Әмір деген екі жол қараушысы жаңа дүние жүзін түгел кезіп жүріп, бір жерде кездесіп, көрген-білгендерін әңгіме қып отырып, Шымыр айтады:

— Ей, Әмір, мен бір нәрсе көрдім. Дүние жүзінде бір адамзаттың қызы бар. Аты-Күлзайра. Шіркін-ай, мұнша да көрік біте береді екен. Кез келіп сол шаһардың ішін аралап жүрдім. Бір қараңғы үйден өтіп келе жатсам, терезеден жарық көрініп тұр екен. Ептеп бақылап қарасам, жаңағы қыз қараңғы үйді нұрымен жарық қып тұр екен. Қайран болып соны патшаға айтайын деп келе жатыр едім, – деді Шымыр Әмірге.

Сонда:

— Ей, сенің оның өтірік. Мен бір жігіт көрдім. Аты - Хасен. Құдай тағала бұл секілді адамды да жарата береді екен. Сенің мына айтқаныңнан он есе артық. Бір күні сол уәзірдің тұрған шаһарында келе жатыр едім, анадайдан бір сәуле бетіме түсті. Әлгі сәулеге қарап келдім, келсем бір нашар ғана үйдің ішінен жарық шығып тұр, ақырын ғана келсем, сол үйдің іші айналасымен жап-жарық болып тұр. Кірсем, үйдің ішінде бір нашар ғана жігіт жатыр. Тікелеп қарасаң көзіңді шыдатпайды. Біраз тұрып кайттым. Өзіміздің перілерде осы секілді жан бар ма екен деп байқайын деп келе жатыр едім, – дейді Әмір пері. Шымыр айтты: «Сен өтірік айтасың, қыз әдемі болу керек», – деп. Әмір айтты: «Хасен жігіт әдемі», – деп. Шымыр: «Ендеше, мен қызды әкелейін, сен жігітті әкел, сонан соң қатар салып қарайық, қайсы әдемі екен, әйтпесе біле алмаймыз», – деді. Әмір «жарайды» деп, екеуі қыз бен Хасенді алып келуге жүріп кетті. Әрі-беріден соң Әмір Хасенді тауып алып, қыздың үйіне алып келе жатты. Бұл екі арада Күлзайра қыздың басында бір хал болып қалды. Бір күні хан аңнан келе жатып, уәзірдің қызын көріп қалып, жан-тәнімен ғашық болады. Үйіне келіп отырып, тағына мінген соң уәзірін шақырып алады да: «Сенің қызың бар ма?» – деп сұрайды. Уәзір сасыңқырап: «Жоқ еді, тақсыр», – деді. Патша долданып: «Бар қызын жоқ деуін қарашы, әлде маған бермейін деп отырмысың, бермеген өнеріңді көрейін», – деп, жендетті шақыртып алады. Сол кезде патшаның қаһарына шыдамай: «Тақсыр-ай, биттей тұра тұршы, айтайын, қызым бар, жасым болса келіп қалды, өзіңіз көріп отырсыз, жалғыз бала болған соң, әзір ешкімге бермеймін деген антым бар еді, сол уәде бойынша айтып салдым, ғапу етіңіз, «не қыл дейсіз», – депті. Мына сөзді естіп, патша қаһарынан қайтып,«қызыңды маған бер, әйтпесе басыңды алам» дейді. Уәзір «жарайды» деп, ренжіп үйіне келеді. Түсі өзгерген. Екі көзінде жас бар. Қатыны: «Неге бүйтесің, не болды», – деп сұрап еді, Қамза жылап: «Осынша жасқа келгенде көзімнің ағы мен қарасындай бала еді, соны патша бер деді, бермесең үй-ішіңмен түгел қырам», – деді деп, Қамза көзінің жасын тыя алмай өкіріп қоя береді. Әкесін көріп Күлзайра шыдай алмай: «Әке, жылама, патшаға жауабын өзім беремін» – дейді. «Қарағым-ай, сен не жауап бере аласың», – деп, әкесі мұңайды. «Жоқ, әке, қызымның өзі біледі деңіз, сонан патшаның өзі келеді, болмаса кісі жібереді», – депті Күлзайра. Әкесі «жарайды» дейді. Патша әрі-беріден соң шақырып алып: «қалың малыңды алып қызыңды кешіктірмей бер», – депті. «Жарайды, тақсыр, қызымның өзіне өзің барып сөйлес, болмаса кісі жібер, менің де көзімнің ағындай жалғыз қызым еді, бір ауыз сөз салмай бара салуға көнбес, болмаса бірдеме етіп өліп кетіп жүрер, туғалы беті қайтпаған бала еді», – депті. Мына сөзге патша ойысып, бір уәзірін жіберді. Уәзір кеп айтқан екен, қыз: «Мен патша екенмін деп масаттанбасын, менің теңім емес, қу түбірді құшақтап жата алмаймын, өз теңім керек, кім болса да жас керек», – депті. Уәзір мына сөзді естіп, патшаға айтып келеді. Бұл сөз патшаның өңменіне салған найзадан кем тиген жоқ. «Патшаға қыз тимепті» деген сұмдық сөз ә дегенше-ақ ел арасына жайылып кетті. Патша дереу «осы шаһардан өзі жынды бір жас адам тауып әкел» деп бұйрық қылды. Уәзір сол жерде шаһарды кезіп жүріп бір жынды бала тауып алды. Жасы сол кезде он бес, он алты шамасында еді. Алып келіп патшаға берді. Уәзір ызаланып, қорланып, терісіне сыймай отыр. Хан қаһарына мініп: «Дереу екеуіне бүгін қалыңдық ойнат, мына жынды бала күйеу болады. Күлзайраны осы жындыға берсін, болмаймын десе қыз да, әкесі де бетін айтсын, қарсылыққа қаһарымды көрсетіп, түгел дарға тартам», – деп, әмір қылды.

Уәзіріне «тез қайтып кел» деп жіберді. Уәзір келіп, патша осылай айтады деп айтып еді, Қамза ойланып, төмен қарап отырып, қорланып, «патша не қылса да әміріндемін» деді. Уәзір осылай деп айтты деді. Сол күні патшаның әмірі бойынша, Күлзайраны жындыға қоспақ. Кеш болған соң жындыны күйеушілетіп алып келді. Бір оңаша үйді босаттырды. Төсекті салып жындыға ұқтырып, не қылсаң да Күлзайраның қасына жат деп, уәзірлері қайтып кетті. Бірақ жынды не білсін, баруға бата алмай, Күлзайраның қарсысында тұрады да алады. Бұлар бүйтіп тұрғанда, Әмір, Шымыр – екі пері мені алып жетіп келді. Шымыр: «Үйде кім бар екен, мен біліп шығайын», – деп ішке, қыздың жатқан үйіне кірді. Келсе, адам сиқы жоқ біреу тұр, қыз ызаланып бетін бүркеп алған екен. Сол жерде Шымыр осылай да осылай екен деп Әмірге айтып келді. Сонан екеуін сыналық деді. Әмір, Шымыр қайта жүріп, жындыны алып шығып, далаға апарып, жасыра салып, мені үйге алып кірді. Кірсем қыз кішкене тыныштанып ұйықтап қалыпты. Перілер мені қасына әкеп жатқызды. Енді өздері кейінірек барып тұрды. Мынау жақсы деп айта алмай, енді былай қылайық деп, Әмір пері айтты: «Бірі ұйықтағанда бірін оятайық, қайсысы бетінен бұрын сүйсе сол сұлу», – деді. Сөйтіп келіп мені оятады. Сонан соң көзімді ашып қарасам, бір түрлі қош иісті, таза ауалы, жібек пен торғыннан басқа ештеңе төселмеген үйде жатырмын. Қасымда бір қыз жатыр. Мына халді өзіме сыйғыза алмай қайран болып, Күлзайраға қарап отырдым. Өне бойым балқып, денем шымырлап, құдай мына халді маған көрсетеді екен-ау деп, ыстық жас көзімнен шығып кетті. Не қыларымды білмей, басқаға қарауға дәрменім жоқ, ештеңе дей алмай жалтақтап, өңім бе, түсім бе деп қарадым да отырдым. Оятайын деп едім пері соғып кете ме деп қорқып, оята алмадым. Сөйтіп отыр едім бар бойым балқып, ұйқым кеп, еріксізден еріксіз ұйықтап қалдым. Мен ұйықтаған соң Күлзайраны оятады. Ол оянып, шошынып, әлде ұйықтаған соң қасыма келіп жатқан жынды ма деп ойлап, мұнымен бүйтіп өмір өткізгенше, өлейін деп өңі бұзылып ұшып тұра келеді. Қарап, бір тамаша, адамға ұқсамаған, өзіне теңдес бір жігітті көреді. Мен ұйықтап жатырмын. Сол жерде Күлзайра қуанып, өзін-өзі ұстай алмай менің бетімнен сүйіп алады. Онан мен сескеніп оянып тұра келдім. Екеуміз сол жерде құшақтасып, бастан өткен оқиға халді айттық. Сол уақыт таңға жақындап қалған уақыт еді. Пешпетім, бөркім бар, киімнің бәрін шешіп қойғам. Екеуміз амандасқан соң басқа сөзді қойып, көңілдің несібесін тойғыздық. Содан соң екеуміз бірдей маужырап, сол құшақтасқан бойымызбен ұйықтап қалыппыз. Бір уақытта оянып көзімді ашсам, не онда емес, не мұнда емес, бір көріп-білмеген, сыртын шыр айнала қорған соққан шаһардың сыртында жатырмын. Есім кетіп, не болғанымды білмей басым шыр айналды. Сөйтсем, біз ұйықтағаннан кейін екі пері мені алыпты да кетіпті. Таң атыпты, басымды көтеріп қарасам білмеген жер, енді Күлзайра естен кете ме, көзімнен жас аға берді. Не қыларымды білмей, қорғанды жағалап жүріп келе жатыр едім, қойнымда бір нәрсе сыртылдайды. Алып қарасам, төрт бүктелген қағаз екен. Ашып қарасам барлық болған уақиғаны жазып кеткен. Есім шығып, мынаны көрген соң қайғы басып, енді ешкімге өлімтігімді көрсетпейін, бәрібір Күлзайра табылмаса, менде тіршілік жоқ деп ойладым. Бірақ Күлзайраның тұрған жерін жазбапты. Осымен не қыларымды білмей қаңғып жүріп кеттім. Бірнеше уақыт жол жүріп, қарным ашып, есім кетіп, жүдеп келе жатып ойладым. «Қой, бүйтіп өлгенше, тез өлейін деп, бір үлкен дарияға келіп, секіріп өлейін», – деп тұрғанда жоғарыдан бір дауыс:«Ей, бейшара, түспе, неге кетесің. Ана тұрған бейітке барсаң мұратың хасыл болады», – деді. Мұнда келіп, сандалып, мұратым қалай хасыл болады деп ойланып отыр едім, мына кісі келді, – деп, өзінен кейін келген бір дәруішті керсетті. Бұл төрт дәруіш әңгімелерін аяқтап болып отырғанда сырттан бір адам:

— Ассалаумағалайкүм, – деп кіріп келді. Бұған бәрі де қарап қалды.

— Жоғары шығыңыз, – деді отырған дәруіштер.

Келген кісі:

— Жоқ, отыра беріңдер, менің айтатын бір сөзім бар. Ол қайсы десеңіздер, мен өзім патша едім, жасым мынау, орта жасқа келдім. Бір күні түсімде әкем: «Қара әулиенің бейітіне барсаң, ішінде төрт дәруіш отырады, сөйлесіп, соның сөзін әбден бітірген соң қатының ұл тауып, мұратың хасыл болады», – деді. Міне, менің келгеніме бүгін бір жыл болды. Сіздер де сөздеріңізді бітірдіңіздер. Жаңа ғана бір кісі: «Әйеліңіз ұл тапты», – деп сүйінші сұрап келді. Сіздердің арқаңызда құдай мұратымды хасыл қылды. Енді жүріп біздікіне қонақ болыңыздар. Жайларыңызды білдім, шама келсе, көмек қылайын, көптен ел көрмей жүрген шығарсыздар, – деді. Патшаның сөзін естіп, қалай қыламыз деп, дәруіштер ақылдасқан кісіше, бірінің бетіне бірі қарады. «Бұл қалай, әруақ өтірік айта ма, мұратымыз қане хасыл болғаны?» – деп, көздерімен ишараттап сөйлесті. Сонда біреуі отырып:

— Көзім әлі ештеңеге жеткен жоқ, жүріңдер, барайық, – деді. Барлығы да: «Барсақ барайық», – деп, патшаның үйіне келді. Келсе, елінің бәрі қуанышты. Оның үстіне бұлар келді. Патша үйіне кіргізді. Баланы орап қойыпты. Той қылып жатыр. Сөйтіп отырғанда «бала жоқ» деп біреу келді. Бәрінің де есі шығып кетті. Жүгіріп қатынына келсе, бала жоқ. Қатынының көзі бұлаудай. Патшаның есі шығып, талып кетті. Біраздан соң су бүркіп тұрғызып алды. Патшаның көзі күндіз-түні жылаумен болды. Осымен үш күн өтті. Патша «я, құдай өзің алдың ба, не ғажап болғанын білмедім, алла» деп жылап алды. Сөйтіп отырғанда біреу тағы жүгіріп келді, «бала табылды» деп. Патша қуанып, баласын әкелдіріп көрді. Сөйтіп қуанысып отырғанда біреу баланы ораған кілемді жайды. Баланы әкеліп тастаған да осы кілем екен. Жұрт кілемді тамашалап, қарап отырса, бір өзі қаншама дүние-малға тұратындай. Жұрт кілемді жайып қойып үстіне отырысты. Үстіне патша, төрт дәруіш бесеуі отыруы мұң екен, кілем алып ұшып жөнелді. Ұшырып отырып бір қиын құздың, таудың арасына салған шаһарға алып келіп, алтын сарайдың алдына түсірді. Әрі-беріден соң перілер қаптап шығып, құрметтеп, бұларды қарсы алды. Сарайға келсе, алтын тақтың үстінде патша отыр екен. Ортасынан орын берді. Бұлар отырған соң пері патшасы сөз бастады:

— Менің сіздерді алдырып отырғаным, менің әйелім босанып қыз тауып еді. Сонан бір шабарманды дүниежүзін аралап бүгін осы менің қатыным босанған күні кімнің қатыны босанып ұл тапса, соны алып кел деп едім, сол күні сенің қатының босанып ұл тапқан екен. Сонан соң екі баланың біріне-бірінің көзі үйренсін деп үш күн мұнда, үш күн онда апарып тастайтыным сол, – деді. Перінің патшасы: «Енді асықпаңдар, құдай қосқан құда болдық», – деді. Пері патшасы осыны айтты да адам көрмеген ойын-сауық істеп көрсетті. Бірімен-бірі күрескенде, ойнап, қылыш шабысқанда, Құдай мыналардың қасына жолата көрме дегендейсің. Себеп, екі пері алыса кеткенде, бірін-бірі жығып салып, қылышпен екі бөліп, қанын ағызып тастайды. Әрі-беріден соң «бісміллә, ұйықтап кетіппін» деп, тұра келіп және алысады. Осындай ойындармен екі күн өтті. Ертеңіне тұрған соң пері патшасы: «Саяхатқа шығайық, жер аралайық, сіз келген соң біздің бәрімізді көріп кетіңіз», – деп, төрт дәруіш, және патша бесеуін бір кілемге мінгізіп ұшып жөнелді. Зуылдатып келе жатты. Бұлар өздерінен-өздері жандарынан күдер үзіп, болмаса ана жолдастарымызбен қоштаса алмадық десіп келеді. Әрқайсысы іштерінен сүйтіп ұшып келе жатыр еді, пері патшасы тұра қалып: «Ей, құдалар, мына адамзаттың бәрі жиналып, неге бүйтіп күңіреніп жатыр», – деп сұрады. Дәруіштер:«Білмейміз, біздің көзіміз жетпейді», – деді. Енді шетінен барып көрейік деп, таяп келіп, пері патшасы төмен қараған уақытта, Мұратқан боздап қоя берді. Әлден уақытта есінен танып құлап кетті. Пері патшасы «бұған не болды» деп, бір дәріні мұрнына иіскетіп еді, Мұратқан ұшып тұра келді. «Ей, шырағым, саған не болды, мұның қалай, неге бүйттің?» – деп еді, ол халін айтуға аузы келмей, кемсеңдеп жылай берді. Қасындағы дәруіштің біреуі: «Тақсыр, мұның жылайтыны мынау болу керек», – дей бергенде, Мұратқан өксігін басып, «мен өзім айтайын» деп, сол жерде бастан-аяқ халін айтты.

— Анау тұрған сол көк өгіздің иесі, жылап отырған сол, ғашығы осы күнге дейін шала-жансар, соны қайтерін білмей, өмірін жылаумен алып келе жатыр. Анау жатыр. Анау жиналған сол жігіттің елі, ананың қайғысына әлі де күйзеледі, – деді. Мұратқан мұны айтқанда пері патшасы: «Келгеннен бері халіңді неге айтпағансың», – деп, ызаланып: «Ол жігіттің ісмиағзамын әкеткен перінің атын білмейсің бе?» – деп сұрады.

— Жоқ, білмеймін, бірақ сол пері Жауһарнегінің шаһарынан деп еді, – деді Мұратқан. Мұны естіп алып, пері патшасы алып кел деп бұйрық қылды. Баяғы Шымыр тоқтамай сабап кетті. Ол келгенше қалған үш дәруіш: Қайдархан, Зейнел, Хасен үшеуі де жылап қоя берді.

—Я, енді сіздер халдеріңізді айтыңыздаршы, – деді пері патшасы. «Мен айтам, мен айтам» деп, үшеуі таласа бергенде оң жағында отырған Зейнелге: «Сен айтшы», – деді. Ол да әкесінің өлгенін, уәзір оның орнына патша болғанын, онан оны қуып шыққанын, онан пері патшасына барып, маймыл суретін алмақ болып, өзін қызға жұмсағанын, ол қызға ғашық болғанын, ақырында пері патшасы соның бірін де бермей қуып жібергенін бастан-аяқ айтып берді. «Өңкей нәлет» деп долданып, пері патшасы Әмір деген шабарманын шақырып алып: «Сен Қылымда шаһарының патшасын тез барып алып кел», – деп, бұйрық қылды.

— Екінші кімде қандай арыз бар, – деді. Пері патшасы тағы да оң жағына қарап, Қайдарханға айтты.

Қайдархан тұрып:

— Мен де бір сорлы болып жүріп сізге кез келдім. Аруақтың түсімде берген аяны әлде сіз шығарсыз. Оқиғаңды біреуге айтып тамамдасаң, мұратыңа жетерсің деген еді, тамам етіп айтып болған соң сізге кез болып отырмын, – деді. Бұл Қайдархан аң аулап шыққанын, онан киік кезігіп оны қуғанын, онан ұлы судан өтіп сарайға келгенін, онан Күләнданың суретін көргенін, шалдан барлық оқиғаның жайын естігенін, онан кемеге мініп, онан қашып құтылғанын, онан бейітке келгенін, сонан осы патшаның өзіне жолыққанына дейін айтып өтті.

Сонан соң пері патшасы бір шабарманын тағы шақыртып алып: «Тез барып, адамзат Ұрмая шаһарының қызы Күләнданы алып кел», – деп жібереді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру