Сатиралық ертегі: Алдар Көсе мен досы

Сатиралық ертегі: Алдар Көсе мен досы

Бір сапар Алдар көсеге бір сараң бай келіп, дос болыпты. Сол уақыттағы ханның өте сұлу қызы бар екен, көрем деген адам әрбір көргеніне мың тіллә беріп, көреді екен. Әлгі сараң бай сол ханның қызын көруге көңілі кетіп, досына айтыпты:

– Мені ертіп барып, маған ханның қызын көрсет, – деп. Алдар көсе досына:

– Жақсы, көрсетейін, ол қызды көрген адам әрбір көргеніне мың тіллә беріп көруші еді, мен сізге бір тиынсыз көрсетейін, – депті. Досынан сұрапты:

– Сен маған кәзір екі теңге бер, мен кейін берейін, – депті. Бай:

– Мақұл, кейін берсең, берейін, – деп, екі теңгені беріп, екеуі ханның қызы жаққа келе жатып, жолда бір қой жайып жүрген қойшыға жолығады. Алдар көсе қойшыға айтты:

– Мен екі теңге берейін, сен маған бір жаман лақ бер, – деп, қойшы бала «мақұл» деп, бір лақ әкеп беріпті. Сонан соң Алдар көсе айтады:

– Шырағым, қойшы, сен мына екі теңгені де, лақты да алып, маған бір арықтау тоқты бер, – деді.

Ол байғұс қойшы ойлайды: теңге де, лақ та менікі болса, пайда ғой деп, оны алып, бір тоқты әкеп береді. Көсе тағы айтты:

– Қарағым, енді былай болсын, сен, міне, теңгені де, лақты да һәм тоқтыны да ал, маған бір ешкі бер, – деп. Мұны естіп, ақымақ қойшы бәрін алсам, байып кетемін ғой деп, анасынан туғандай қуанып, бір ешкі алып келіп берді. Ақыры, осы алдаумен бір үлкен қойын алып, кетіп қалды. Екеуі қойды алып, қыздың ауылының алдында бір өзен бар еді, соған барып, қос салып отырған екен. Хан қызының күңі суға келсе, екі адам отыр.

– Қайдан жүрсіңдер, не қылып отырсыңдар? – деп сұрады.

Алдар көсе айтты:

– Біз көктен түскен адамбыз, – деп. Күң қайтып барып, ханның қызына айтады:

– Сондай адамдар отыр, – деп. Ханның қызы бұларды көрмек болып, малайларымен келіп, жақындағанда Алдар көсе досына айтады:

– Жақсылап көріп ал, – деп, ол біраз тұрып, кетіп қалды.

Баяғы күң тағы бір суға келгенде бұлардың бір қойды балталап жатқанын көреді. Ол күңі бұлардан «Не қылып жатырсыңдар?» – деп сұрады. Бұлар «соямыз» деді. Күң жүгіріп барып, хан қызына айтты.

– Баяғы адамдар қой союды білмейді екен, бір қойды соямыз деп, балталап жатыр, – деді. Сонда ханның қызы тағы келіп, тамаша қылып тұрғанда, бұлар тағы көріп алды. Хан қызы күңіне айтып, оларға барып, союды үйрет деп, күңді жіберіп, үйретеді. Бұлар үйіне барған соң, хан қызы күңді тағы жіберді.

«Біліп кел, не қылып жатыр екен» деп. Ол күң келсе, ошақ қазып, етті ошаққа салып, үстіне су құйып, бетіне қазан төңкеріп, от жағып жатыр екен, күң келіп, тағы сұрады:

– Не қылып жатырсыздар? Бұлар:

– Пісірейік деп жатырмыз, – депті. Күң қайтып барып, хан қызына айтып, оларды ертіп келіп, астына от жағып, етті қазанға салып, пісіруді үйретті. Бұл келгенде, тіпті, анықтап көріп алыпты.

Біраздан кейін күң тағы қайтып айналып келсе, бұлар қазаннан етті алып, ол жағына бір тигізіп, бұл жағына бір тигізіп отыр екен. Күң «Не қылып отырсыздар?» десе, «Жегеніміз де осындай», – депті. Хан қызын ертіп әкеліп, енді бұларға тамақ жеуді үйретті.

Енді кеш болған соң, «Бұлар алыс жерден келген мейман екен», – деп, хан қызы сарайына алып келіп, қонақ қылып, қондырыпты. Түнде екеуіне бір оңаша тамға төсек салып жатқызса, бұлар аяғынан өздерін жоғары асып, бастарын төмен салбыратып, асылып тұр. Хан қызы мен күң келіп, бұларға «Неғып асылып жатырсыңдар?» десе, «Өзіміздің жатысымыз осындай», – депті. Сонан соң бұларға қыздардың жаны ашып, күң Алдар көсені, хан қызы бай-патшаны қойындарына алып жатыпты. Түнімен қыздың қойнында жатып, көңілі бітіп, ертеңіне ауылына қайтыпты.

Жолда келе жатып, бай Алдар көсеге: «Екі теңгемді бер», – деп сұрапты. Алдар көсе:

– Мақұл, берейін, тұра тұр. Әзір жанымда пұл жоқ, – депті. Сонан соң бай-патша екі–үш күнде пұлымды бер деп, келе берген соң, бір күні тағы келе жатқанда қатынына айтыпты:

– Анау менің досым келе жатыр пұлын сұрап, мен өтірік ауырайын, ол келіп, мені сұраса, «Ауырып жатыр» [деп айт] – депті. Ол келіп, «Досым қайда?» десе, қатыны: «Ауырып жатыр», – депті. Бай ауруының өтірік екенін біліп, «досымды көріп, өлсе, қолымнан жуып, көміп қайтайын», – деп, үйге кіріп отырыпты. Сонда Алдар көсе қатты ауру адамға ұқсап, біраздан кейін өлген адамдай болып, көзін жұмып жатыпты. Сонан соң досы бір қазанға суды қайнатып, әбден ысытып, «сүйегін өзім жуамын» деп, жуғанда көсенің бір қабат терісі сыпырылып, көлдіреп қалыпты. Астына шеңгел салған екен, оның тікені етіне кіріп кетіпті. Сөйтіп, ақыретке орап, апарып, көміп қойған жерінен көсе «тіріліп», үйіне қайтып келіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу
Пікірлер 2
  1. Лаура мусаева малик мусаев
    0 + 0 -
    Рахмет ертегі унады бизге жаксы шыкты балаларға жумыстарыз сатиллик тилеймин жанеде табыс тилеймин коп коп рахмет
  2. Лаура мусаева малик мусаев
    0 + 0 -
    Унады