Жалайыр хан мен Сағат

 Жалайыр хан мен Сағат

Бұрынғы заманда бір ханның перзенті болмай жүргенде, әйелі жүкті болыпты. Ол босануға таянған уақытта хан уәзірлерімен аңға шығып кетіпті. Әйелі ұл туса, сүйінші сұрай келген адамның басынан төмен алтын құятын болып уәде қылады. Бір күні ханның әйелі толғатыпты. Онымен бірге, үйіндегі малшының әйелі де толғатыпты. Екеуі де ұл табады. Бір жеті өткеннен кейін ханның баласын өз бесігіне, малшының баласын өз бесігіне салады.

Ханның баласының аты Жалайырхан, малшынын баласының аты Сағат болады. Жалайырхан да, Сағат та жетіге толады. Екеуін де мектепке береді. Жалайырханнан кейін Сағатты да хан жақсы көреді. Хан бір күн қиял құшып отырады да, екеуін де шақырып алады. Екеуінің де бетінен сүйіп, екеуін де жақсы атқа мінгізіп, қаншама нөкер ертіп, аң аулауға шығады. Әр күн осылай етіп, хан сонымен қызықтап жүреді.

«Біздің балаларымыз тұрғанда, малшының баласымен шығарғаны несі?» – дегенді айтып уәзірлер күндеп, күңкілдейді. Хан уәзірлерге күлкі болмайын деп, Сағатты қалдырады да Жалайырханды уәзірлердің баласымен аңға шығаратын болады.

Күндерде бір күн Жалайырхан уәзірлермен аңға шығып жүргенде қолындағы құсы қашып кетіп, дарияның ар жағына өтеді. Бұл да өтпекші болып, суды жағалап әбігерленіп жүргенде, дарияның ортасымен салға мініп кетіп бара жатқан бір сұлу қызды көреді. Қыздың сұлулығына қайран қалып: «Не болса да, сөйлеп қалайын!» – деп суға түседі де, алдына бара алмай: «Перизатсыз ба? Адамзатсыз ба? Қайдан боласыз? Қайда барасыз? Іздесем, қайдан табармын?» – деп дауыстап сұрайды. Сонда қыз дауыстамай, мынадай ишарат білдіреді. Әуелі аузын ұстап, қолын арқасына сілтейді; маңдайынан бір басып, қолын артына сілтейді; шашының бір өрімін алдына, бір өрімін артына қайырып, бір қолын басынан аса көтереді де жүре береді. Ханзада мұнан еш нәрсе де аңғара алған жоқ. Өңінде көрсе де, түсінде көргендей бұған қиын болады.

Сөйтіп, күн-түн соны ойлаумен, ханзаданы қайғы-қасірет басады. Қыздың ишаратының шешуін таба алмай, ауру болады; ешкіммен сөйлеспейді; ешкімге бір ауыз жауап та бермейді. Бақтырмаған тәуіп те қалған жоқ, ешкім ауруын біле алмайды.

Бір күні хан баласын ойлап, қиялданып отырғанда, үйіне Сағат келіп кіреді. Хан ана бетінен бір, мына бетінен бір сүйіп: «Құрдасың осындай болды. Сен барып, амалын таппасаң, бізден дәрмен кетті», – дейді. Сағат ханзаданың үйіне келіп, екеуі онаша отырып сөйлеседі. Өзінің бала жастан бірге өскен серігі келгеннен кейін ханзада да бастан-аяқ көрген оқиғаларын айта бастайды. Сағат құрбылық ретімен біраз өкпесін айтқаннан кейін, былай дейді:

— Дауыстамай жүре бергенінде, өзің де сөйлеседі екенсің. Ол дауыстауға ұялып, ишарат еткені, ол да өзіңдей асыл зат екен. Аузын ұстап қолын арқасына сілтегені: «Судың ар жағындағы өзіңдей ханның қызымын», – дегені. Арқасын басып қолын алдына сілтегені: «Күйеуім ұрып-ұрып, отырғызып қояды», – дегені. Маңдайынан басқаны: «Судың төменгі жағындағы бір ханның келінімін, маңдайыма жазғаны сол болды», – дегені. Шашының бір өрімін артына, бір өрімін алдына қайырып, қолын басынан асыра жоғары көтергені: «Ерім алдымда болса, сен артымда: ерім артымда болса, сен алдымда, – достықта осындай болайық және мені іздесең, үйімнің алдында биік шұбар ағаш бар, осыдан табармын», деп қолын көтерген екен, – дейді. — Енді мұны табу оңай, атаңнан тозбас тон, азбас ат, қоржындап алтын алу керек, – дейді Сағат.

Ханзаданын Сағатпен сөйлесін отырғанын есіткеннен кейін жұрт барып, ханнан сүйінші сұрайды. Хан қуанып, той қылады. Ханзада енді жазылады. Хан ханзаданың айтқанын қылып, Сағат екеуін жабдықтап жөнелтеді.

Екеуі баяғы сұлуды іздеп келе жатады. Айдан ай, жылдан жыл өткенде, дарияның жағасымен жүріп отырып, бір шаһарға келеді. Қаланы аралап жүріп, біреулерден сұрайды.

— Бұл ханның келіні бар ма? Қызы бар ма? Болса, қай ханның қызы? – дейді.

Бір адам жауап береді:

— Ханзадамыздың қалыңдығы судың жоғарғы жағындағы ханның қызы еді: қазір бұл ханның келіні болып отыр, – дейді.

Сағаттың үйіндегі шешуі тура келеді. Онан соң екеуі іздеп отырып, ханның келінінің бау-бағын сұрап табады. Баудың ішін аралап жүрсе, бір кемпір гүл теріп жүр екен. Бұлар соған жолығады. Кемпір бұларға:

— Ханның келінінің бауында не қылып жүрген адамсыңдар? Кетіңдер! – деп ұрсады.

Бұлар кемпірге бір уыс алтын беріп, жүгіріп жүріп гүлін теріседі. Қолына алтын тигеннен кейін кемпір қуанады да үндемейді. Терген гүлдерін екеуі кемпірге беріп тұрып:

— Мұны кім теріп берді? – десе, «өзіңіз көрген теріп берді» деп айтыңыз, – дейді.

Гүлді алып, алтынды алып, кемпір қуанып кете береді. Келген соң хан келіні:

— Мұны қалай тез тердің? Әлде біреу теріп берді ме? – деп сұрайды. Кемпір:

— Өзің көрген теріп берді, – дейді.

Ханның келіні ашуланып:

— Өзім көрген кім екен? Сен бұзыққа жориын деп жүр екенсің! – деп, кемпірді ұрып-ұрып отырғызып қояды.

Ертеңіне келіншек кемпірді гүл теріп келуге тағы жібереді. Кемпір келсе, баяғы екеуі тағы жүр. Кемпір ашуланып:

— Кетіңдер! Сендерге бола келіннен таяқ жедім, – дейді.

Бұл жолы кемпірге екі уыс алтын беріп:

— Ашуланбаңыз, – деп, тағы гүлдерін теріп береді де: – Сұраса, кешегі айтқаныңды айт, – дейді.

Кемпір тағы қайтып келеді, хан келіні тағы сұрайды, кемпір кешегі айтқанын тағы айтады. Келіншек кемпірді ұрып-ұрып, тағы отырғызып қояды.

Ертеңіне кемпірді тағы гүл теріп келуге жібереді. Келсе, баяғы екеуі әлі жүр. Кемпір ашуланып:

— Күнде-күнде бауда не істеп жүрген адамсыңдар? Кетіңдер! Сендерге бола таяқ жеп, бейнет шегетін шамам жоқ. Бір күні өліп қалармын! – дейді.

Бұл екеуі қоржыннан үш уыс алтын алып беріп:

— Ашуланбаңыз, шеше! – деп, гүлін теріп береді де: — Сұрай қалса, бұрынғы жауабыңызды айтыңыз, – деп, кемпірді жөніне жібереді.

Кемпір келеді. Келіншек тағы сұрайды, кемпір қорқа-қорқа, дірілдеп, баяғы сөзді қайта айтады. Бірақ бұл жолы келіншек ұрмайды, кемпірді жетектеп, оңаша бір үйге алып кіреді. «Енді өлдім-ау», – деп ойлайды кемпір. Келіншек кемпірге әлгі үйдің ішінен бір қапқа көмір салдырып алады да есік алдындағы шұңқырға апарып тастатады. Сонан басқа еш нәрсе айтпай, ертеңіне кемпірді гүл теріп келуге тағы жібереді. Кемпір келсе, баудың ішінде баяғы екеуі тағы жүреді. Кемпір бұрынғыдай емес, мәз-мейрам. Ұрысқан жоқ.

— Иә, балалар, амансыздар ма? – деп, сұрайды. Сағат:

— Бүгін келін ұрмады ма? – дейді. Кемпір:

— Ұрған жоқ. Қолымнан тартып, оңаша үйге кіргізді. Мен өлтіреді ғой деп ойлап едім, өлтірмеді. Бір қапқа көмір салдырды, есік көзіндегі шұңқырға әкеп тастатты. Сонан басқа еш нәрсе де айтқан жоқ, – дейді.

Жалайырханға сонда Сағат тұрып:

— Есік алдындағы шұбар ағаш кесіліп, отқа жағылып кеткен екен. Көмір салғаны соны айтқаны. «Шұбар ағаштың орны үлкен шұңқыр», – дегені. Кемпірге көмір әкеп тастатқаны – саған: «Бүгін сол шұңқырға келіп жат, өзім барып жолығамын», – дегені. Енді сен кешке бар да сол шұңқырға түсіп жат, өзі келіп жолығар, – дейді.

Жалайырхан келіп шұңқырға түсіп жатыр, келіншек әлі жоқ. Сөйтіп жатып, ұйықтап қалады. Бір уақытта ханның келіні келеді. Келсе, жігіт ұйықтап қалған; ұйқысын бұзып оятпай, қалтасына екі асық салып кетеді. Жалайырхан сол ұйықтағаннан ертең тұрады. Қараса, таң атып қалыпты. Жүгіріп Сағаттың жанына келеді. Сағат:

— Жолықтың ба? – деп сұрайды.

Жалайырхан:

— Жолықпадым, – дейді. Сағат Жалайырханның, қалтасын қарап, манағы келіншек салып кеткен екі асықты алады.

— Сен шықпады дейсің? Мынау не? – деп Жалайырханға ұрсады. Ол күні күн батады, түн болады.

— Бүгін тағы ұйықтап қалып жүрме! – деп, Сағат Жалайырханды тағы жібереді. — Егер бұл жолы ұйықтап қалсаң, менен жақсылық көрмейсің! – дейді.

Жалайырхан шұңқырға түсіп жатады: екі көзі ханның үйі жақта болады. Жуық арада келіншек тағы шыға қоймайды. Ханзада қарап жатып, тағы ұйықтап қалыпты. Келіншек оның ұйқысын бұзып оятпай, қалтасына екі жаңғақ салып кетеді. Таң ата Жалайырхан да оянып, Сағаттың жанына келеді.

— Жолықтың ба? – деп сұрайды Сағат.

— Бүгін ұйықтамастан қарап отырдым, бірақ шықпады, – дейді.

— Япырмай, қалай шықпады екен! – деп, Сағат Жалайырханның қалтасына қолын салып қараса, екі жаңғақ шығады. — Келіпті ғой, белгісі мынау! – деп, екі жаңғақты көрсетеді. — Сені: «Ойын баласы екен» – деп, кешеден бері қалтаңа асық, жаңғақ салып, күлкі қылып жүр, – деген сөзді айтып, Сағат Жалайырханды сөгеді.

Ол күн бітіп, түн болған соң Сағат Жалайырханды тағы жібереді. Бірақ бұл жолы ханзаданың табанын тіліп, тұз сеуіп жібереді. Жалайырханда ұйқы жоқ, жанымен қайғы; тұз ашытып, безілдетіп отыр. Бір уақытта келіншек келеді. Жалайырханмен көрісіп, амандасады. Бір-бірімен танысып, анау-мынау естен шығып, ойнап отырған жерлерінде ханның күзетшісі көріп қалып, екеуін ұстап байлап алады. Сол уақытта ханның келіні Жалайырханға:

— «Сағат, Сағат, атың арпаға түсті! Бүгін алмасаң, ертеңге қалса, екі құлағы шұнақ!» – деп үш рет дауыста, – дейді.

Жалайырхан әлгі сөзді айтып дауыстайды. Сағат мұны естіп Жалайырхан қолға түскенін біледі. Түн ішінде базарға барып, бір әйел шапаны мен паранжы сатып алады. Онан кейін бір наубайға барып, жүз нан сатып алады. Оларды біреуге арқалатып, өзі шапан бүркеніп, паранжыны бетіне жауып, зынданға қарап жүре береді. Жалайырхан мен келіншек зынданда. Сағат зынданның қарауылшысына жолығады.

— Не қылып жүрсің? – дейді қарауылшы.

— Түнеугүні бір қатты ауырғанымда, зындандағы пенделерге жүз нан құдайы айтып едім, сол нанымды әкелемін. Өзім – әйел адам. Күндіз бере алмаймын, түнде нандарымды зынданға түсіп, қолымнан беріп шықсам екен, – деп қарауылшыдан өтінеді. Қарауылшы:

— Қолыңыздан беріп шыға қойыңыз, – деп, арқан байлап зынданға салады.

Зынданның түбінде жатқан Жалайырхан мен келіншекті көріп, қуанысады. Сағат паранжыны келіншекке беріп, оны шығарып жібереді де, өзі зынданда қалады. Ертеңіне ханның күзетшілері ханға:

— Келініңізді біреумен жатқан жерінде ұстап алып, зынданға салып қойдық, – деп хабар етеді.

Хан дереу келініне жібереді. Келіні үйінде іс тігіп отыр екен. Күзетшілер барып, зынданға салғандарды алып келеді. Келсе келіні емес, бөтен екі кісі. Хан бұл екеуін қоя тұрып, мына күзетшілерді дарға асуға бұйрық қылады. Күзетшілер:

— Хан, тақсыр! Тұтқынымыз анық келініңіз еді. Бізді нақақтан өлтірейін деп тұрсыз. Армансыз болайық тым болмаса: халықты жинаңыз да, бір үлкен қазанға быламық қайнатыңыз. Ол быламықтың ішіне алтын салыңыз. Егер келініңіз ақ болса, сол алтынды қайнап тұрған быламық ішінен қолын тығып алып шықсын. Егер қолы күймесе ақ болғаны. Егер күйсе қара болғаны дейді.

Хан бұларын мақұл көріп, айтқандарын қабыл алып, ертеңіне халықты жинайды. Орталарында қазан қайнап, ішіне алтын салынған. Ханның келіні быламыққа қолын тығып, алтынды алайын деп келе жатқанда Сағат пен Жалайырхан екеуі қайыр сұраған кісі болып, мүсәпірсіп келеді. Жалайырхан ханның келінінің қолынан ұстап тұрып ханға айтады:

— Тақсыр, бұл ұят емес пе? Бүкіл жұрт алдында келініңізді масқара қылғаныңыз не?

Сонда келін тұрып:

— Ей, халық, мен осы ханның баласына тигелі қолымды ұстаған жігіт осы, мұнан басқа ешкім де ұстаған жоқ, – деп барып, алтынды алып шығады. Келіншектің қолы күйген жоқ. «Ажалымызға басқа біреу ханның келіні болып көрінген екен!» – деп, күзетшілер өлімге мойындарын сұнып тұра береді.

Күндердің бір күнінде хан жорыққа аттанбақ болып: «Тайға мінген де, танаға мінген де қалмай, жиылсын!» – деп, жұртқа жар салады. Жұрт жиылғаннан кейін, хан бір қолға баласын басшы етіп жөнелтті де, өзі кейін шықпақ болады. Хан шығайын деп тұрғанда, Сағат келеді де:

— Тақсыр! Өзім сізбен жорыққа шықпақшы болып тұрмын. Бір қарындасым бар еді. Өзім келгенше, сол қарындасым сіздікінде тұрса қайтеді? – дейді.

Хан қабыл етеді. Сағат Жалайырханды қызша киіндіріп, ханның үйіне жібереді. Жалайырхан қыз болады. Сағат Жалайырханды ханның келінінің жанына қояды да, өзі жорыққа кетеді.

Хан жорықтан қайтып, шаһарына келе жатқанда, Сағат: «Бұл менің досым Жалайырхан мен өз келінін аямай, зынданға салып та өлтірмекші болған еді ғой, «Еруліге қарулы» деген, – деп ойлайды да, ебін тауып, ханның баласын өлтіреді. Жалайырхан да қыз киімін тастап, баяғы жігіт қалпына түседі. Бір күні Сағат келіп, ханға арыз қылады.

— Тақсыр, түнеугүні үйіңізге қойып кеткен қарындасымды шығарып берсеңіз екен! Күйеуі келіп, ұзатайын деп тұрмын, – дейді.

Хан кісі жіберсе, қарындасы жоқ болып шығады. Сонда Сағат келіп, бер-бердің астына алып, әбден қысады. Хан: «Енді қайтеміз?» – деп баласына кісі жібереді. Ол келмеген боп шығады. Сонда Сағат:

— Менің қарындасымды сіздің балаңыз алып кеткен! – дейді.

Хан сасады. Сағат мазасын ала бергеннен кейін, хан: «Мынаның қарындасын балам шын алып кеткен ғой», – деп ойлап:

— Сабыр етіңіз. Күйеуіңе сол мырзаның әйелін алып берсем, разысың ба? – дейді.

Сағат:

— Әйел деп жүрмесе? – дейді. Сонда тұрып:

— Олай болса, айыбына өзіңе өзімнің қызымды берейін, – дейді. Сағат бұған көнеді. Өзі ханның қызын алып, Жалайырханға келінін қосып, қаншама сән-салтанатпен еліне келеді.

Отыз күн ойын, кырық күн той қылып, олар мұратына жетеді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру