Бала бойында азаматтық пен патриотизімді қалыптасыруда мектеп пен отбасы қарым - қатынасы

 Бала бойында азаматтық пен патриотизімді қалыптасыруда мектеп  пен отбасы қарым - қатынасы

Мемлекетіміз бен Үкіметіміз өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту мәселесіне шексіз қамқорлық жасап келеді. Тәрбие жұмысын жүргізу—қиын да күрделі іс. «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлаудан басталады. Себебі, ата-анасын сыйламаған бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтіре алмайды» деген қазақтың белгілі ағартушы педагогі Ыбырай Алтынсариннің ата-ананың бала тәрбиесіндегі атқаратын рөлін айрықша атап көрсеткен бұл сөзі бүгінде өз мән-маңызын жойған жоқ.
Бүгінгі мектеп партасында отырған оқушы–егемен еліміздің ертеңгі болашағы. Бала тәрбиесі—өте күрделі құбылыс. Жас ұрпақтың тәрбиесі–қоғам алдындағы ортақ іс.
Бала бойында азаматтық және патриотизмді қалыптастыруда мектеп пен отбасының арасындағы қарым-қатынастың алатын орны ерекше.
Баланың алғаш бастапқы тәрбие мектебі алтын бесік-отбасы болса, екіншісі, алтын ұя-мектебі. Бұл екі ортаның да мақсат-мүддесі ортақ. Отбасы, ата-ана адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып жетілдірсе, адам бойындағы бар игі қасиет мектеп қабырғасында қаланады. Бұл киелі жерде қызмет ететін мұғалім мен ата-анаға жауапкершіліктің үлкен жүгі артылған.
Ұлы Абай атамыз «Адамның адамшылығы-ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп көрегендікпен ой түйген. Бала өміріне қажетті тәлім-тәрбиенің іргетасы ата-ана арқылы отбасында қаланады.
Отбасы–адам тәрбиесі үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады. Отбасының басты қызметі–бала тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі–бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі.
Мектеп қызметі қазіргі заман талабына сай толық өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру үшін тұлғаға бағдарланған болуы тиіс. Демек, оқушыны өзін-өзі дамытатын мәдениет адамы ретінде қарастыратын балаға деген құндылық қатынас орнату керек. Оқушы өзін басқалардың арасынан шығарып, бөлек қарамайынша, өз өмірінің мағынасын, өзін-өзі жете түсінбейінше, толыққанды білім алып, дамуы мүмкін емес.
Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы ата-аналармен, қоғам мен мектептің бірлескен әрекетінде екені еш уақытта күмән туғызбайды. Бала тәрбиесі мен дамуындағы басты рөл атқарушы отбасы. Тәрбие–алдын ала жасалған арнаулы жоспар бойынша мақсаты бағыттала және ұйымдастырыла жүргізіледі. Бала өмірінің басым бөлігі отбасында өтеді. Отбасы–адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы–ата-ана. Сондықтан бала мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі оның алғашқы ұстазы–ата-анасы. Отбасы мектеппен бірлесіп оқу-тәрбие үрдісінің не табысты не табыссыз болуын анықтайтын тәрбиелеуші ортаның факторларының маңызды кешенін туғызады. Қазіргі мектеп отбасының қолдауына бұрынғыдан да күштірек мұқтаж, бұл жерде сөз терең түсіністік пен өзара құрметке құрылған серіктестік жайында болып отыр. Педагогтың ата-аналармен жұмысы ынтымақтастық болмайынша, ата-аналарды оқу-тәрбие үрдісіне белсенді тартпайынша мүмкін емес.
Ата–ана, мектеп, оқушы үш тағаны берік болса, алынбайтын қамал жоқ. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп өмір сүретіндер, бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Яғни тәрбиенің түпкі мақсаты–қоғамның нарықтық қарым–қатынасқа көшу кезінде саяси экономикалық және рухани дағдарыстарында жеңіп шыға алатын ізгілігі мен ХХІ ғасырды дамытушы, іскер, өмірге икемделген, жан–жақты, мәдениетті дара тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру» деп тұжырым жасаған. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан –2030» стратегиялық бағдарламасында «Біздің балаларымыз ғалымдар, инженерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, спортшылар, еңбеккерлер әртүрлі кәсіп иелері болады» деп келешек көк жиегіне көз тігеді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл толу тұсында Қазақстан кемел жетістіктердің жасампаздық істерін төрткүл әлемге таныта білді. Кең байтақ, қазыналы, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, ынтымақтың ордасы болған, Отанымыздың өркені дұрыс жайылуға тиісті. Тәрбиенің бастамасын бала жан ұядан алады. Отбасы әрбір бала үшін алтын бесік, сондықтан әрбір отбасы тәрбие тірегін осалдатпағаны абзал. Құрметті ата–ана, ұстаздар қауымы ұрпақ тәрбиесіне сергек қарау, серпінді тәрбие беру кезек күттірмес күн талабы.
Қазіргі заманымыз жақсарып, халықтың әл-аухаты артып келеді. Дегенмен де әртүрлі діни көзқарастағы адамдардың үгіт-насихатына балалардың еріп кетпеуін қадағалағанымыз жөн.
Ата-аналар балаларды мүмкіндігінше көп уақыт үйде жалғыз қалдырмауға, немен шұғылданатынын, мектепке қалай барып келуін, күнде қанша сабақ болып, қаншада қайтатынын біліп отырулары керек.
Баланың сабақтан тыс уақытын қалай ұйымдастыру керек? Олардың кітап оқуына, мәдени тынығуына жағдай жасап көмектесу қажет. Осы орайда қаламыздағы мектептен тыс қосымша білім беру мекемелерінің алар орны ерекше екенін атап өткім келеді.
«Тәрбие отбасынан басталады» десек те, күйбең тіршілікке алданып жүріп, отбасындағы әрбір баланың әрекетін, қылықтарын бағалап, бағыт-бағдар беруге көңіл кейде аз бөлінеді. Әрбір ата-ана баласының ынтасын, қызығушылығын байқап, оның өзін-өзі дамыту үшін жағдай жасап, ықпал етуі керек.
Мектеп пен ата-ана ынтымақтаса жұмыс жүргізсе, балаға тиісті көңіл бөле білсе, олармен санаса білсе, келешектің шын жанашыры, елдің арқа сүйер азаматтары тәрбиеленіп шығары сөзсіз.
Бала–Отанымыздың келешегі, біздің жалғасымыз. Сондықтан бала тәрбиесі–баршамызға ортақ іс. Әр ата-ана өз баласын еліне, халқына шын берілген, халқын құрметтей алатын, дені сау, білімді, еңбексүйгіш, жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуді борышым деп есептеуі керек.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру