Константин Паустовский | Түнделеткен күйме


Мен қиялдың күші туралы, оның біздің өмірімізге тигізетін әсері туралы жеке бір тарауды жазғым келіп еді. Бірақ, біраз ойланғансын, мен со тараудың орнына ақын Андерсен туралы әңгімені жаздым. Меніңше, бұл әңгіме сол тараудың орнын басады және қиял тақырыбы туралы айтылатын жалпы сөзден гөрі, оған айқынырақ мәлімет береді.

Венецияның "Чартоза" атты ыбырсыған ескі мейманханасынан сия іздеп табу қиын. Сияның қажеті қанша мұнда? Келімді-кетімді қонақтар есебіне бұрқыратып ақша жазу үшін керек пе?

Рас, Христиан Андерсен "Чартозаға" келіп жайғасқанда, қола сауыт түбінде жылтырап болар-болмас сия қалған екен. Ол со сиямен ертек жаза бастады. Бірақ, сағат сайын ертегісі сұйылып, жібі босаңси берді, өйткені, Андерсен әлденеше рет сия үстіне су құйып еді. Бірақ ертекті аяқтай алмады. Көңілді аяқталатын ертектің соңы сауыт түбінде бұғып қалғандай.

Андерсен мырс етіп, келесі ертегімнің атын: "Қаңсыған сия сауыттың түбінде қалған тарих" деп атармын деп ойлады. .....
Әңгімелер
Толық

Ұры емес қоғам кінәлі ме

Теледидарда немесе бас қосқан жиындарда қоғамдағы келеңсіздіктер талқыланып жатады. «Ұрлық, алаяқтық көбейіп кетті, арсыздық, ұятсыздық өршіп кетті, қоғам бұзылып бара жатыр» деген сияқты тақырыптар қозғалады. Сонда біреулер «Ұры кінәлі емес, қоғам кінәлі» десе, екіншілері «Ұрламағанда қайтсін енді, жоқшылық бас сауғалатқанда амал бар ма?!» деп әңгімеге май тамызып отырады. Негізінде, ойлап қарасақ, ұрлық пен кедейліктің еш байланысы жоқ. Ауқатты отбасыдан шыққан ұрылар мен әлімжеттілік қылатын баскесерлер елде жетіп артылады. Қаншама кедей отбасылар бар адалдық шеңберінен шықпай, ар-ұят, адамгершілік қағидалары аясында берекелі ғұмыр кешуде. Біреудің ала жібін аттау ойларына да кірмейді.

Ал қоғамдағы келеңсіздіктердің шешімін халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов жақсы түсіндірген екен: «Мен ұят деген сөзді өте жоғары бағалаймын. Ұят дегенді ұлы күш деп ойлаймын. Адам­шы­лықтың, адалдықтың, уәдешіліктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қа­зығы – ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұры-қары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. Ұят – ең қымбат қасиет, ұяттыда иман бар.»

Иә, адалдық пен ар-ұят бір-бірмен тығыз байланысты қасиет. Мәселенің бәрі тәрбиеге келіп тіреледі. Ата-бабамыз «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген емес пе?! Сондықтан бала тәрбиесіне мұқият көңіл бөлу керек. Бала-шағаға кішкентайынан ешкімге қиянат жасамауды, ешкімнің ақысын жемеуді, адал болуды, ар-ұятты болуды жақсылап үйрету керек. Адал болуды, ар-ұятты санасына сіңіріп өскен бала ешқашан ұрлыққа, опасыздыққа бармайды. Өзіміз де ар-ұятқа жіті мән берейік. Ар-ұят түзелсе, қоғам да түзеледі.

.....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Ол күнгі Алматы

Қара ұрт оны әбден түсінеді. Бірақ көптен көріспегендіктен мынаның қалайша оралдырып жүргенін естімек еді. Өзінікіне ұқсай ма, жоқ па? Соны байқамақ. Сондықтан:

— Шын ба, елуге жете ме? — деді.

— Жетпей қоя ма? Өзің ойлап көр. Охотыға қалай шықтым, солай кем болса бір түс киіз, бір сырмақ, немесе алаша, кілем, не болмаса сандықта жатқан ішік, шапан алам! — деді. "Охоты" деген соңғы айларда бұлардың тілінде ауылға барып, шабуыл жасап қайту мағынасында болатын. Семіз қызылдың бұл айтқаны шын екенін осы Фонтан көшесінің өзі-ақ өн бойында көрсетіп тұр.

Әр көшенің басынан кіре бере, Тәшкен аллеясына шейін байқап отырсаң: әлденеше бақшаларда, немесе тәуір үйлердің терастарында ылғи қызарып, аламыштанып, жарқырай жайылып тұрған қазақы қолды жасауды көресің. Бұл үйлердің бәрі де қала чиновниктері мен көпес, немесе мещан атауының үйлері. Соның кейбірінде әдемі оюлы сырмақ, кейінде шебер кестелі түс киіз, кейінде су жаңа; мұндай қызарғаны жоқ үйлер салам шатырлы, аласа дуалды кедей шоқпыт үйлер ғана. Одан басқаның бәріне қазақ аулынан шыққан жасаулы келіндер түскен дерсің.

Бағанағы шал-кемпірді шошытқан қала бұл күндерде сол айналасын жалмап жұтып, қызара бөртіп тұрған талан-тараж қаласы еді. Семіз қызыл осы жасауларды әлгі чиновник, тілмаш, көпестердің үйіне жеткізіп, арзан қол қып өткізушінің бірі еді. .....
Әңгімелер
Толық

Шерхан Мұртаза | Нөсер


Самолет таңғы бесте ұшады. Аэропортқа самолет ұшардан бір сағат бұрын жету керек. Ереже солай. Бұл үшін түнгі үште ұйқыдан тұрып, жолға шықпаса болмайды. Түнгі үште аэропортқа экспрестен басқа көлік жүрмейді. Экспрестен қалып қоймау керек.

Ақиқат түнде төсекке жатар алдында осыны қайта-қайта ойлап еді. Сондықтан шығар, оның ұйқысы мазасыз болды. Түрлі-түрлі түстер көрді. Ол Күншуақ қаласы мен Боранды станциясының арасында жүретін жолаушылар пойызының ревизорынан жас күнінде жаман қорқушы еді. Каникулға шығып, жүрегі алып-ұшып, көптен сағынған үйіне асығып бара жатқанда, билетсіз Ақиқатты тікірейген жез мұртты, дөп-дөңгелек сары көзді, қалың қабақ ревизор бұра бастырмай, тамбурда тұрған жерінен ұстап алып, қатты қысушы еді-ау.

Міне, мына түнде сол жез мұртты, дөңгелек сары көзді ревизор түсіне кірді. Бір мезгіл ревизор үп-үлкен мысыққа айналып, Ақиқатты бір аяғымен басып ұстап тұрып, папкасынан айып қағазын суырып жатты.

Ақиқат осы түстен оянып кетіп, жол жүретіні есіне сап ете қалып, сағатқа қарады. Ала көлеңке үйдің ішінде кішкентай қоңыраулы сағаттың фосфорлы жасыл тілі жарқырап түнгі бірді көрсетті. Кішкентай сағаттың жарқыраған жасыл тілі томпаңдап жүгіріп бара жатты.

— Ақантай, неге ұйықтамай жатырсың? Әлі ерте ғой, — деді Ақлимаш ұйқылы-ояу еріне қарай аунап түсіп. Терезеден түскен ай сәулесінен ақ маңдайы көрінді. — Сені мен ешқайда да жібермеймін, — деді жас келіншек буынсыз ақ білегімен жігіттің мойнынан қапсыра қатты құшақтап алып.

Жұбайының жүрегінің астынан бірдеңе бүлк-бүлк етіп бұлқынып-бұлқынып қалғанын Ақиқат анық сезді. .....
Әңгімелер
Толық

Василий Шукшин | Әйелі ерін Парижге аттандырды


Колька Паратов әрбір апта сайын сенбі күні кешкісін қора ішінде концерт береді. Үш қатарлы гармонын алып шығады да онысын құлаштай түсіп, әнге басады:

Күйеуіне Париж жаққа аттанған

Салды әйелі жолыңа деп кепкен нан...

Ара-арасында Колька бөксе жағын бұлтыңдатып билеп те алады.

Тара-рам, тара-рам, та-та-ра-рам

Три-рам, три-рам, та-та-та.

Кешкілікте тұс-тұстан қораға шыға қалған кемпірлер күледі. Үйді-үйлеріне кірмей тыста жүрген балалар да мәз-мейрам болады.

Ал ішінен тұрды әйелі күбірлеп:

Құрысаңшы, құрыр болсаң бүгін деп.

Тара-рам, тара-рам, та-та-ра-рам.

Колька қоңырқай көзді, ашаң жүзді, бұйра шашты әсем жігіт. Бойшаң болмағанымен мытым денелі, апайтөс – сібір жігіті, мұндай жігіттер 1941 жылғы Москваның есінде. Көзі оттай жайнаған ақ тонды жігіттер күн демей, түн демей көшелермен ағылып, өзінің сол кейпімен алып қалаға медеу болған-ды. .....
Әңгімелер
Толық

Бейімбет Майлин | Мұқыл сиыр қызыл бұзау


Берденде айнала санағанда үш-ақ тұяқ бар: жауыр қара ат, мұқыл сиыр, қызыл бұзау. Ашаршылық, жұттан бері осы үш малының саны артқан да емес, кеміген де емес.

Қатыны Кәкіш ашуына мінгенде Берденді кейде бүріп алады:

— Жұрттың бір малы екеу болып, ілгері басып барады. Ашаршылық жылы Дәуқараның адал қарасы қалмап еді, осы күні 10 шақты мал қылып алды. Сенің берекең жоқ, ырысың жоқ — деп күйдіреді.

Кәкіштің ашулы сөзіне Берденнің құлағы үйреніп болғандықтан елемейін десе де, адал қарасы жоқ адамдардың жылдан жылға мал санын арттырып бара жатқандығы есіне түскенде Берден ойланады:

"— Апырмау, солар қалай өсіреді екен? Мен ретін келтіре алмай қойдым: азғана астық ішуден артылмайды. Жалғыз сиырдың бұзауы жыл сайын жұмсалумен келеді — бір жылғысын баламның қайнына қалың малға бердім, келер жылғысын қатынның төркініне азаға салдым, былтырғы бұзауын құдаға сойып берген тоқтының төлеуіне бердім. Осының ішінде орынсыз жұмсаған жерім бар ма? Жарлымын деп жегжат адамдармен алыс-беріс қылмай қалай тұрасың? Жыл тәулігінде келетін құдаға тоқты соймай неғып шыдарсың?!.." Берденнің ойы қызыл бұзауға келіп тоқырады. Қызыл бұзау — ұрғашы. Қызыл бұзау қолда тұрса, бірер жылдан соң бұзаулайды. Сиыр болады. Сиырдың саны екеуге толады. Екі сиыр бұзауласа, жылына екі төл қосып отырса, Берден ілгерілемегенде, кім ілгерілейді?!.......
Әңгімелер
Толық

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы | Өлең мен қара сөз ғибраты

Сонымен бу жалғаннан өттің, кеттің,
Мақсатқа, әуре - пенде, қашан жеттің?!
"Ас табылса, - дегендей,- дос табылмас!"
Бірі болса, бірі жоқ болып кеттің!
Бір соны жер қылған жоқ - шиыр, тебін,
Қайда барсаң, көрсетіп әркім ебін!
Жоқ болғаны жалғанда жаман екен,
Аузыңның, сөгер кісі, тіккен жібін.
Аспаннан жаңбыр болып жаудың-жаудың,
Сарқырап сай-сайынан тас пен таудың.
Құрғатып кептіретін күншуақ жоқ,
Болған соң ортасында қалдың даудың.

Акқан суды кұйып алатұғын - ешкімде түбі бүгін ыдыстың жоқтығынан, су қалпынан асып кетіп, арнасының өзін бұзып дал-дал қылды. Ақпайын десе, Құдай жаратқан бұлақтың көзі; ағайын десе, қалай ағарын, қалай барарын білмей аң-таң. Аң-таң болатұғыны - мынау замана тиғир (тифир) тауыпты, халық-жұрттың ортасынан опа қашыпты. Ол опа қашқанда, жалғыз қашқан жоқ, сахилыкты, өміруат, адамгершілікті ертіп алып, үшеуі бірге ілесіп шығып кетіпті. Бұл үшеуінің орнында үш нәрсе қалыпты: опа орнына - мүнафиклық, сахилық орнына - сараңдық, мәрауат орнына - хүсүдлік. Бұрынғы аққу мен қаз отыратұғын көлдердің басында қарға, сауысқаннан басқа дым жоқ. Бұлбұл жүретұғын бау-бақшаларда көзі шегір ұзақтан басқа құс жоқ. Есіл Ай мен Күн қатарымен жарыса жүретүғын аспан көкте бұлттан басқа қалған дәнеме жоқ. Бұрынғы уақытта ас пен тойға жұрт өңшең дүлділін қосушы еді. Енді ас пен той болса, алтын қоңырау, атлас жабу жапқан есектерін құлақтарын салпаңдатып, ұялмай алып барып қосып жатыр. .....
Әңгімелер
Толық

Эрнест Хемингуэй | Шал мен теңіз

Шал Гольфстримге қайығымен бір өзі ғана шығып жүрді. Міне, сексен төрт күн болды, теңізге күнде шығады, бірақ қармағына әлі де ештеңе іліккен жоқ. Бастапқы бір жарым айдай уақыт бойында бұған бір бала серік болған еді. Күн өте берді, қолға балық түспеді, содан соң баланың ата-анасы күдер үзіп, бұл шалды "жолын қырсық шалған сорлы-бейбақ" десіп, балаға енді басқа қайыққа ауыс деп әмір еткен-ді. Басқа қайыққа барғанда баланың жолы болып, серігі мен екеуі алғашқы аптаның ішінде-ақ үш ірі жайын ұстаған-ды. Шалдың жағаға күнде құр алақан оралғанын көргенде, бала оны қатты аяп, жаны ашитын; балықшының багор, гарпун секілді құрал-саймандарын, қайық үстіне құратын желкенін қарияның үйіне көтерісіп жеткізіп салу үшін ылғи алдынан шығатын-ды. Қарттың қайығының үстінде шиыршықталып жататын, он бойына кенеп жамау жапсырылған қырық сұрақ желкен — бейне тас-талқаны шыққан жасақтың құлаған туы сияқтанып елестейтін көзге.

Шал — титықтаған арық кісі еді; маңдайы, мойыны арса-арса; бетіне күрең-қоңыр дақтар түсіп, өңі шұбар тартқан, мұндай дақтар ыстық жақтардағы теңіз бетіне түскен күн сәулесінің адамның өңіне шағылысуынан пайда болады......
Әңгімелер
Толық

Талап Сұлтанбеков | Жүрек тулайды

.Профессор Садықов лабораторияға қабағы түксие кірді. Бұрын жұртпен жайдары сәлемдесетін ол бүгін тек басын изеп, үстіндегі болонья плащын шешпестен өз кабинетіне өте шықты. Бионикалық микротолқындарды зерттейтін «МТ-6» аппаратының жұмысын тәртіптеп, оны кезекті сеансқа дайындап тұрған аспирант Қайрат Саурықов профессордың кескінін көріп, аздап абыржып қалды. «Бүгінгі сеансқа тиым салмаса не қылсын»,— деп ойлады ол ішінен. Әйтсе де сыр бермей өз ісімен айналыса берді.

Ұзынша келген бөлменің ішінде үш адам бар. Әрқайсысы арнайы биотәжірибелерге лайықтап құрастырылған аспаптардың қасында тиісті жұмыстарын шұқылап үн-түнсіз қалды. Аға лаборант Жәмила Дәулетова жұлдыз құрттардың бір нешеуін колбаға салып токпен тітіркендірді. Құрттар бірінен соң бірі ыршып қарғып шығып жатыр. Қайрат «МТ-6» аппаратын жинастырды да токқа қосты. Қолына кәдімгі микрофонды ұстап Жәмила деп өте ақырын сыбыр етті. Оның дауысы аппараттың тырсылдаған дыбысына сүңгіп естілмей қалды. Дегенмен Жәмила жалт бұрылды.

— Қайрат, сен маған бірдеңе дедің бе?

— Жоқ,—деп жауап берді Қайрат.

Қайрат «МТ-6» аппаратын жоғары жиіліктегі токқа қосты да, басына радиоқұлақшынды киіп алды. Оцилографтан қызыл күрең жолақтар көрінді. Бұл оның миындағы биотолқындардыц экрандағы көрінісі. Қайрат Жәмиламен ойша сөйлесе бастады.

— Жәмила, сен маған дос едің ғой. Мен профессордың қабағынан қорқып қалдым. Сен мені естисің бе? Маған бұрылшы қазір.

Жәмила кері бұрылды да, жымиып күлді.

— Қорықпай-ақ қой. Садықов түнімен ғылыми советке баяндама әзірлеген. Бәлкім ұйқысы қанбаған шығар.

Жәмила бұл сөздерді күлімдеп тұрып ойша айтты. Бірақ Қайрат радиоқұлақшыннан анық естіді. Ол қуанып кетті. Бұлардың сөздерін бөлмедегі үшінші адам естімеген еді.

Қайрат университеттің биология факультетін бітіріп, биофизик мамандығын алған-ды. Аспирантураға тускеніне екінші жыл. Алған тақырыбы «Биотолқындардың түрлі адамдар организміндегі үндестігі». Биотолқындар жөніндегі көп жәй ғылымға бұрыннан да белгілі. Ол адам организмінде шағын мөлшерде пайда болып, білінер-білінбес магнит өрісін тудырады. Бар болғаны осы ғана. Алайда кейбір шет елдерде парапсихология деген ғылым бар. Бұл ғылыммен көптеген ғалымдар шұғылданады. Арнайы журналдар шығып тұрады. Бұл жөнінде «тоқсан тоғыз» ғылыми еңбектер де жазылған. Бірақ біздің ғалымдар мұның барлығын құр шимай деп ұғады. Расында да сенер-сенбесіңді білмейсің. Шет ел ғалымдарының ойынша адам организмі, дәлдеп айтқанда орталық ми қабығы шоғырланған биотолқындар шығарады. Ол бөгде бір адамға әсер етеді. Тіпті әлем кеңістігіне тарайды. Қашықтық талғамайды дейді. Бұл бұл ма, олардың айтуынша кейбір қабілетті адамдар көзден ұшқындайтын пікір толқындар арқылы біршама жерде тұрған жеке заттарды орнынан қозғауы да мүмкін екен. Тұтқасынан тартпай-ақ есікті де ашып жіберуі ғажап емес. Әрине, бұл бос сөз делік... Адам миында пайда болатын магнит өрісінің күші ұлпа жүнді де ұшыра алмайды. Дегенмен... .....
Әңгімелер
Толық

Бейімбет Майлин | Ел ермегі


Елде кәсіп жоқ. Қар кетісімен тырбанып бір-екі жер егін салса, жазғы кәсіпті сонымен бітті деп санайды. Көлеңкеге жатып, айран-шалабын ішіп, ұзақ күнді тек жатумен кеш қылады. Өзі қарап жатқан соң, жұмыс істегенді жақтырмайтын әдеті ғой, қит етсе орыстарды ермек қылады:

— Апырмай, орыс деген жан тыныштығын білмейтін "мақұлық"-ау. Шілденің ыстық күнінде шыжып жұмыс істеп жүргені. Бүйтіп тапқан малы құрысын! — дейді.

Орыстың кәсібі өнімді. Егінді көп салған соң, күзді күні астықты көп алады. Жаздай дамыл көрмей, тырбанып шөп жияды. "Жан тыныштығын" білгіш қазақтың бір-екі жер егіні қыс ішуіне жетпей қалып, бір күні дорбасын қолтығына қысып тамырына барады.

— Ай, тамыр, менікі ұн біткен. Сен маған бидай бер, менікі саған жер береді!..

Міне, оңай сауда! .....
Әңгімелер
Толық