Шерхан Мұртаза | Сталинмен қоштасу
Көктемнің келе жатқанын ең алдымен кәдімгі майда құстар сезеді. Шымшықтар шықылықтап, секеңдей бастайды. Бірлі-жарым наурызкөк көрініп қалады. Жәудіреген көздері моншақтай мөлдіреп, адамдармен ықыластана амандасқандай, шымшықтар сияқты секеңдемей, шошаңдамай, жорғалай басып, жаныңа жақындап: — Көктем келді, көзайым болыңыз! — дегендей ишара білдіреді.
Оны көп адамдар түсіне бермейді. Адамдардан құстар тілін білген тек Сүлеймен пайғамбар ғана болған. Ал, бірақ өкінішке орай, адамдардың бәрі Сүлеймен пайғамбар емес.
Ал бүгін кәдімгі шошақай шымшықтар да шықылықтамайды. Наурызкөк те көрінбейді. Шымшықтар мамық жүнін жел қобыратып, бұтақтарда бүрісіп-бүрісіп отыр. Олар да қалың қайғыдан қабырғалары қайысып, қара жамылып қалғандай.
Бүгін Сталинмен қоштасу күні.
Борис Фардзинов екеуміз бірге баруға келістік. Әсіресе бүгін жалғыз-жарым жүру өте қиын. Баратын жеріміз — Колонна залы. Мәскеудің дәл төрінде. Кремльден алыс емес.
Бірақ бүгін метромен жүріп болмайды. Трамвай, троллейбустан қайыр жоқ. Такси жалдауға біз сияқты студенттің қалтасы көтермейді. Бүгін, сірә, такси де жүрмейді. .....
Әңгімелер