Тоқаш Бердияров | Қаламақының қасиеті мен қасіреті
Әдебиет пәнінің мұғалімі Матанов Мақаштың ептеп жазатын да өнері бар-ды. Жалақысын түгелдей әкеп беріп, ал қаламақысын жымқырып «Сыра сайранға» салып жүрді. Үйге жиі-жиі масайып, кешеуілдеп келуді әдетке айналдырды. Ауруды «сатып алып», сабағына да бара алмай, күні бойы дөңбекшіп уһілеп жатқан күндері де болды. Шөлмектес доссымақтары көбейіп, қисық жолға түсті. Айрандай ұйып тұрған семья шырқы бұзыла бастады. Былапыт сөз, тарсыл-гүрсілден жас әйелі де қаншама зәбір шекті.
Бір күні Мақаңның зайыбы Сырбике өзінің көршілес құрбысына мұңын шақты.
— Майраш-ау, менің күйеуім әбден бұзылды, көп ішеді. Үйге көп жанжал шығарады. Енді қайттім сорлы басым?.. Құрбыжан-ау, ақылың болса айтсайшы!..
Майраш аяған сыңай білдіріп, досына былай деді:
— Мектепке барып күйеуіңнің жалақысын өзің алатын бол!
— Обалы не керек, жалақысын қолыма түгел тапсырады.
— Енді арақты кімнің есебінен ішіп жүр?
— Білмеймін.
— Кісі тонай ма, немене?
— Айтпашы қайдағыны... Құдай сақтасын!..
— Ә-ә-ә... ұқтым, ұқтым!—деді Майраш жымиып,— гонорарын саған әкеп бере ме?
— Генералы несі?
— Ойбай, байғұс-ау, сенің байың дырдай ақын боп, атағы әлемге жайылып кетті ғой!.. Мәссаған, осы күнге дейін хабардар емессің бе?.. Масқара-ай!.. .....
Әңгімелер