Қазақстандағы авиацияның дамуы
Қазақстандағы авиацияның дамуы 1926 жылдан басталады. Осы жылы Қызылорда аэропортының құмдауыт алаңынан алғаш болып аспанға ПО-2 ұшағы көтерілді. 1929 жылы Қызылорда – Мәскеу әуе жолы орнықты. Алматы – Мәскеу тұрақты әуе қатынасы 1940 жылы ПС-84 ұшағы арқылы жалғасты. 1970 жылы әуе жолының ұзындығы 75 мың км-ге жуықтады. Әуе жолы ол кезде Қазақстан астанасы – Алматыны одақтас республикалар астаналары және ірі өнеркәсіпті қалалармен байланыстырды. 1977 жылдан дыбыстан жылдам ұшатын ТУ-144 жолаушы алып ұшағы КСРО-да тұңғыш рет Алматы мен Мәскеуді жалғастырды. Республикамыздың аудан, облыс орталықтарының өзара әуе жолымен байланысы орнады. Республика әуе жолдарының ұзындығы 1975 жылы 80,0 мың км болды. Бұл сол кездегі жалпы одақтың әуе жолдары ұзындығының 11%-ы еді. Онан кейінгі жылдары ұшақ паркі сапа жағынан жаңартылып, сан жағынан өсе түсті. Республиканың әуе жолдарында Ан-24, Ил-18, Ил-62, Ту-134, Ту-154, Як-134, Як-40 ұшақтары жолаушыларға қызмет ете бастады. Жаңа техникалардың қолданылуына байланысты аэропорттар жүйесі едәуір ұлғайды. Ұшақтарды қондыру әрі қозғалысын басқарудың радио-радиолокациялық пен жарыққа негізделген техникалық құралдарын қайта құру және жаңарту жөнінде көп жұмыстар атқарылды. 1990 жылдардан бастап тәуелсіз Қазақстан Республикасы қалаларын дүниежүзінің көптеген қалаларымен байланыстырады. Астанадан тәулігіне – 150, Алматыда 200-ден аса әуе кемелері ұшады.