Әке туралы жүрек жарды ойлар. Дүниедегі ең қымбат адамның менің жеке тұлға болып қалыптасуымдағы еңбегі
Бақилық болған әкеге деген жүректі кернеген сағыныш. Әкенің бала өміріндегі орны, беретін тәрбиесі, қадір қасиетін айта отырып оқырманға ой тастауды мақсат еттім. Қазіргідей рухани жұтаңдыққа ұшыраған адамдарға сәл болса да түрткі болса шығарма өз көздеген жерінен шықты деп ойлаймын.
Әке - асыл қазына
«Бір әкенің тәрбиесін жүз
мектеп те бере алмайды»
Машина тактайдай түзу жолмен тартып келеді. Артқы орындыққа жайғасқан менің ойым сан саққа жүгіруде. Шуағын төккен күн де ата-анамның аялы алақаны сияқты жанымды жылытуда. Туған ауылыма бет алған мені бұрынғыдай ауылдың шетіндегі молалар қорқыта алмайды. Себебі онда ең жақын адамдарым, аяулы ата-анам, әпкемдей болған асыл жеңгелерім мен ардақты жездем жатыр. Сондықтан да ауылға жол тартсам ең әуелі мола басына барғым келеді. Асыл да ардақты әкешімнен айырылғаныма да міне бір жылға тақады. Уақыт деген мырзаның дегеніне бағынып сағатты күндерге, күндерді айлар мен жылдарға айырбастаудамыз. Барымыздан айырылып қалғанда ғана «Шіркін –ай» деп сан соғып қаламыз. Мен де ешқашанда бізді тастап кетпейтіндей көрінген жан әкемнен айрылғанымды мойындағым келмейді. Оның саңқылдаған дауысы әлі құлағымда, аялы алақаны маңдайымды күнде сипайтындай. Ой әкешім-ау, сені бүкіл бала-шағаң арқа тұтушы еді-ау. Мен баланың кенжесі болғандықтан ата-анама көп арқа сүйейтінмін. Аға –апаларыма ренжісем «папама айтам» деп қорқытушы едім. Енді міне Әкешімнен айрылып, қанатымнан қайырылғанда тілсіз суретімен сөйлесіп, мұңымды шағам. Соңғы рет көргенім, айтқан өсиеті әлі есімде. Бетіме ұзақ қарап « Туыстарыңнан алыстама, жаның қиналса қолтығыңнан демейтін солар. Әрқашанда бірлікте болыңдар»,- деп еді-ау. Бақилық болатынын білді ме жарықтық. Ұзақ уақыт қолымды қысып ұстап, жүзіме ерекше бір мейіріммен қарады. Шіркін-ай деймін, білсем ғой бұл менің әкемді соңғы рет көруім, үнін соңғы рет естуім, ақылын соңғы рет тыңдауым екенін... Онда мен қасында ұзағырақ отырар ма едім, көзім талғанша нұрлы өңіне қарар ма едім бәлкім... Бәріміз де уақытқа бағынған пендеміз. Машина күтіп тұрған соң асығыс кете бардым... Жанарыма тағы да жас толды. Жан әкем қанша жасқа келсе де айбарым, қорғаным еді ғой.. Қарапайым айтылған ақылында түсіне білсем терең мағына жатыр екен. Туғандарына деген жылы қарым-қатынас, баласының басына қиындық туса кімге арқа сүйеу керектігіне сілтеген бағыт-бағдар, ұрпақтарының бір-біріне қамқор болатынына деген үміт те жатқандай. Өзіме-өзім қайрат беріп әкешімнің айтқан ақылдарын, жүріс-тұрысын, балаларына, немерелеріне берген тәлім- тәрбиесін есіме аламын. Жауапкершілік, еңбексүйгіштік, өмірге деген талпыныс, әділдік, адамға жамандық жасамау, үлкенге деген құрмет. Санай берсем жүз мектеп те бере алмайтын тәрбиені әкем беріп үлгерген екен-ау... Әкеме барған сайын мені тастап кетпеңіз, мәңгілік мекеніңізге асықпаңызшы деп, оны жоғалтудан қатты қорқушы едім. Студент кезімдегі бір оқиға есіме түсіп кетті. Бір күні түсімде әкем қайтыс болып қатты жылап жатыр екенмін. Көзімді ашсам, алдымда бөлмелес барлық құрбыларым жиналып қалыпты. Жастығым су-су. Сен сондай қатты қиналдың, қалай оятарымызды білмей тұр едік дейді. Қандай түс көргенімді айтып едім қасымдағы құрбыларым да ата-анасын сағынып жүрген ғой жылап жіберді. Міне, ата-анаға деген сүйіспеншілік! Жылап-жылап бөлмеден шықтық. Көрші бөлмедегілер «сендерге не болған ?»,- деп таң қалды. Жан-жақтан білім аламыз деп Алматыға келген жастармыз. Бастапқы кезде ауылды, үйімізді сағына беретінбіз. Қазіргі жастарға қарап бізді қазақы тәрбиемен әлдилеген, отбасына, туғандарына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікке баулыған ата-анамызға деген алғысым шексіз. Көпке топырақ шашудан аулақпын әрине, алайда күнделікті естіп, көріп жатқан жан шошырлық қатыгездіктерден жағамызды ұстайтынымыз ақиқат. Өз ойыммен әлек болып отырғанда ауылға тақап қалғанымды да байқамай қалыппын. Алыстан ауылдың қарасы көрінгеннен өңешіме өксік тығылып, жанарым жасқа толып шыға келді. Бірден бейіт басына бардық. Менің қимастарым тып-тыныш мәңгілік мекендерінде ұйықтап жатыр. «Әттеген-айы» көп мынау жалған дүниенің өткінші екенін түсініп, уытты өкініш жүрегімді тілгілеуде... Әттең адамдар қамшының сабындай мына қысқа дүниеде бір-біріне қатыгездік танытпай мағыналы өмір сүрсе ғой деп ойладым. Қазіргі қарттар үйіндегі аталар мен әжелер де өмірге ұрпағы келгенде қатты қуанған болар. Ал үміт артқан баласы қарттар үйіне тапсырғанда қандай күй кешті екен байғұстар! Қара көз қандастарымыз ата-анасын керексіз қылып қарттар үйіне тапсырып жатқанын естігенде төбе шашың тік тұрады. Қайда кеткен біздің намысымыз, ұлттық рухымыз, ата-анаға деген сүйіспеншілігіміз? Ертең мен де осы күйде болмаймын ба, мен де қартаймаймын ба деп ойланса ғой жастарымыз.Жүректегі қатыгездікке кім кінәлі заман ба, адам ба? Меніңше, отбасындағы тәрбие және адамның туа біткен болмысы. Отбасында ата-анаға деген құрмет ерекше болса бала да соны бойына сіңіріп өседі. Ата-ананы тіршілігінде қадірлейік! Дүниеден озып кеткен ата-ана алдындағы өтелмеген перзенттік парызды ойлап жанымыз қысылғанша тіршілікте орындап жанымыз тыныш тапсын да дегім келеді.
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: Курмангалиева, аке, әке, шығарма, шыгарма, эссе, сертификат дайын