Синтаксис

Синтаксис -¬¬¬¬¬ грамматиканың өзекті саласының бірі, ол сөз тіркесінің және сөйлемнің грамматикалық жүйесін, құрылымын зерттейді. Синтаксис грамматикалық ілім ретінде мынандай негізгі екі салаға бөлінеді: 1.Сөз тіркесінің синтаксисі. Онда сөздердің өзара тіркесу қабілеттілігі, тіркесу тәсілдері мен формалары, сөз тіркестерінің құрамы, олардың түр-түрі қарастырылады. 2. Сөйлем синтаксисі. Онда сөйлемнің құрылу принциптері, сөйлемнің құрамы, олардың түр-түрі қарастырылады.
Синтаксис бұл мәселелерді сөздердің грамматикалық құрылысы жөніндегі ілімнен бөліп алып, олардан оқшау тұрған нәрсе деп қарамайды, өзара тығыз байланыста қарастырады. Сондықтан сөздердің морфологиялық құрылысы синтаксистің де грамматикалық талдауының негізі болады. Лексикология мен морфология тіл ғылымының дербес салалары болуымен қатар олар да синтаксистен байланысын үзбейді.
Сөз тіркесі- сөйлем құраудың материалы да, сөйлем- адам ойын айтудың негізгі формасы.
Сөз тіркесіне, сөйлемге материалдық негіз болатын- сөз. Сөз тіл білімінде лексикология мен семасиологияның зерттеу объектісі болуымен қатар грамматикада да әр түрлі ыңғайда қарастырылады. Сөздер өзара тіркеседі, тіркесу арқылы сөйлемге енеді. Осыдан келіп сөздердің тіркесе алу қабілеттілігі олардың басты грамматикалық қасиетінің бірі болып есептеледі.
Сөздердің өзара тіркесу қабілеттілігі әрбір грамматикалық топтағы сөздердің мағыналық және грамматикалық ерекшеліктеріне негізделеді. Оның үстңне тіркескен сөздер тобының сапасы әр уақытта бір түрлі болмайды, әр алуан болады. Мысалы, екі кейде одан да көп сөздер тіркесіп, бір лексикалық түйдек жасалады(аққайың, кетіп бара жатыр); кейде екі не одан да көп сөздер тіркесіп, синтаксистік тізбек жасалады(нұрлы әлем, күн сайын келу т.б.).
Лексикалық және басқа түйдекті тіркестер «сөз тіркесі» деген категорияға жатпайды. Лексика- грамматикалық мағыналары айқын сөздердің біріне бірі сабақтаса бағынып барып жасалған синтаксистік тобы ғана «сөз тіркесі» деп есептеледі. Өзара тіркескен сөздердің синтаксистік тобын сөз тіркесі деп тану үшін оның мынадай белгілеріне қарау керек:
1. Сөз тіркесінің құрамында кемінде толық мағыналы екі сөз болады.
2. Ол сөздердің бірі екіншісімен сабақтаса, мағыналық және синтаксистік байланыста айтылады. Олар салаласа байланыспайды, тек сабақтаса байланысады.
3. Тіркескен сөздер анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық қатынаста жұмсалады.
Осындай синтаксистік қатынас тек толық мағыналы сөздердің не түйдекті тіркес пен толық мағыналы сөздердің сабақтаса байланысу нәтижесінде пайда болады. Басқаша айтқанда, лексика- грамматикалық дербестігі бар сөздерден басыңқы- бағыныңқылы сөз тіркесі жасалады, ол сөздердің бұрынғы мағыналары бірігіп, жаңа лексикалық мағына пайда болмайды; мүшелік қарым қатынасты білдіретін қосымша грамматикалық (анықтауыштық пысықтауыштық не болмаса шақтық, мекендік, мееншіктілік т.б.) мағына пайда болады.
Сөйтіп,синтаксистңік қарым қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз.
Сөз тіркесі сөйлем құраудың шоғырланған материалы. Сөз тіркестерін құрауда зат есім мен етістіктердің қызметі ерекше.Олар көбіне сөз тіркестерінің басыңқы сыңары болады да, сапалық есімдер(сын есім, сан есім, есімше, сілтеу есімдіктері)мен үстеулер, еліктеуіш сөздер мен көсемшелер көбінесе сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңары қызметінде жұмсалады. ....
Рефераттар
Толық

Пунктуация туралы жалпы мағлұмат

Пунктуация жазуда қолданылатын тыныс белгілерінің құрамын атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналарын және оларды қолдану ережелерін зерттейді. Пунктуация – латынның «пунктум» деген сөзінен алынған. Пунктумның мағынасы – нүкте. Қазіргі уақытта пунктуация тіл білімінің тыныс белгілері туралы, оларды қолдану ережелері ілім деген мағынаны білдіреді. Тіл дыбыстарының таңбалары сияқты, тыныс белгілері де графикалық шартты белгі болып табылады. Бірақ шартты белгі болғандарымен, атқаратын қызметтері жағынан да, қолданылатын орындары жағынан да бұл – екі бөлек категория.
Әріп сөздің және оның формасының жеке дыбыстарын таңбалайды. Сондықтан ол - сөздің бір бөлшегі, жеке бір элементі болып есептеледі, де лексика мен морфологияға байланысты болады, яғни әрбір жеке сөзде қолданылады. Ал тыныс белгісі олай емес. Ол жеке дыбыс түгіл, тұтас сөзбен де беруге болмайтын күрделі ұғымды білдіреді. Мағыналарының күрделілігі жағынан алғанда, тыныс белгілері жазу тілінің көнерек заманында қолданылған пиктографиялық немесе идеографиялық белгілер тәріздес. Қолдану орны жағынан алғанда,тыныс белгілері, әріп сияқты, сөзде емес, сөйлеуде, сөйлемде қолданылады. Сөйлеудің, сөйлемнің қандай бөлшектерден құралғандығын, оларды қандай ырғақпен, қандай мәнермен, қандай сазбен оқу керектігін, қай жерде үзіліс, қай жерде кідіріс барлығын байқату қызметін атқарады. Сондықтан пунктуация сөйлеуге, сөйлемге, яғни синтаксиске, байланысты қолданылатын категория болып табылады.
Пунктуация, емле сияқты, дұрыс жазудың, жазылғанды дұрыс оқып, дұрыс түсінудің құралы.
Пунктуация жазылған мәтіннің мазмұнын, негізгі ойды дұрыс түсінуге, оны мәнерлеп оқуға мүмкіндік жасайды. «Пунктуацияның негізгі қызметі – сөйлемді жазуда ойды беруге қатысты бөліктерге бөлуді нұсқау», - дейді С.И.Абакумов. Яғни пунктуация тілдің басқа элементтері сияқты жазуда ойды дұрыс беруге қызмет етеді. Пунктуацияны игеру – адамның сауаттылық мәдениетін арттырады. Мектеп оқушыларының тыныс белгісін еркін қоюын қамтамасыз ету үшін мұғалімнің пунктуациялық іскерлігі болуы тиіс. Ондай іскерлікті пунктуацияны оқыту оқыту әдістемесі қарастырады.
Пунктуация – адамдар арасында қатынас құралы қызметін атқаратын жазу тілінің маңызды бір саласы. Сондықтан жалпы тіл, қала берді жазу тілі сияқты, пунктуация да жалпы халықтық болып табылады. Оны қолдануда болсын, оқып тануда болсын жалпы халық таныған заң, ережелер басшылыққа алынуға тиіс. Олай болмаған жағдайда, пунктуацияның әрбір белгісінің мәнін, атқаратын қызметтері мен қолданылатын орындарын тануда, білуде жазушылар мен оқушылар арасында бірлік болмаған жағдайда, тыныс белгілері өзінің қатынас құралылық қызметін атқара алмайды. Егер ол жазу практикасында орныққан, көпшілікке танылған заң, ережелерге сай болмай, теріс қолданылса, оқуды, түсінуді жеңілдету былай тұрсын, қайта оны қиындатады, теріс ұғымның, теріс түсініктің тууына себепші болады.
Жазғанды, айтқан ойды басқалар қалай қабылдайды дегенді әр уақытта естен шығармаған жөн. ....
Рефераттар
Толық