Жұмағали Саин | Еркін мен Ерік

Поезд заулап отырып П. қаласына келіп тоқтай қалды, баратын жерім осы қала болғансын мен де чемоданымды көтеріп, поездан түстім. Әдемі жаздың қоңыр салқын таңғы желі ақырын ғана соғып тұрды.

Мен көптің арасымен көзімді қыдыртып, жолдасымды іздедім, ол менің көзіме тез көріне қоймады. Станция басындағы қайнаған халық бірі мен бірі соқтығысып, кісіге жол да беретін емес, әйтсе де нәрселерімді сүйретіп, бір алаңға шықтым. Жолдасым да ұшыраса кетті.

— Ау, Жаубасармысың?

— Ой, сен Бекболатпысың.

Осы сияқты таңырқау аралас сөздермен екеуміз құшақтаса кеттік. Көріспегенімізге он жылдан аса уақыт болған екен, сағынып қалыппыз. Ол маған қарап:— Келгенің тіпті жақсы болды ғой, замандасыңмен екеуміз демалыс кезінде саған барамыз ба деп жүр едік, тіпті жақсы болды,— деп бір сөзін қайта-қайта айта берді. Машинаға отырып қалаға тарттық, әне-міне дегенше Жаубасардың үйіне келіп те қалдық. Біз үйге келіп кірдік. Жаубасар үй-ішімен мені таныстырды. Жайласып отырдық. Әлден уақытта үй иесі жан-жағына қарап:

— Ойбай-ау, даурығып жүріп ұмытып кете жаздаппыз-ау, әлгі, біздің Еркін мен Ерікті,— деді.

«Е, мұның екі баласы бар екен ғой»,— деп ойладым мен ішімнен.

— Кәмеш! Олар қайда кеткен?

— Жүрген шығар осында.

— Шақыршы мұнда! .....
Әңгімелер
Толық