Жұмағали Саин | Еркін мен Ерік

  Жұмағали Саин | Еркін мен Ерік

Поезд заулап отырып П. қаласына келіп тоқтай қалды, баратын жерім осы қала болғансын мен де чемоданымды көтеріп, поездан түстім. Әдемі жаздың қоңыр салқын таңғы желі ақырын ғана соғып тұрды.

Мен көптің арасымен көзімді қыдыртып, жолдасымды іздедім, ол менің көзіме тез көріне қоймады. Станция басындағы қайнаған халық бірі мен бірі соқтығысып, кісіге жол да беретін емес, әйтсе де нәрселерімді сүйретіп, бір алаңға шықтым. Жолдасым да ұшыраса кетті.

— Ау, Жаубасармысың?

— Ой, сен Бекболатпысың.

Осы сияқты таңырқау аралас сөздермен екеуміз құшақтаса кеттік. Көріспегенімізге он жылдан аса уақыт болған екен, сағынып қалыппыз. Ол маған қарап:— Келгенің тіпті жақсы болды ғой, замандасыңмен екеуміз демалыс кезінде саған барамыз ба деп жүр едік, тіпті жақсы болды,— деп бір сөзін қайта-қайта айта берді. Машинаға отырып қалаға тарттық, әне-міне дегенше Жаубасардың үйіне келіп те қалдық. Біз үйге келіп кірдік. Жаубасар үй-ішімен мені таныстырды. Жайласып отырдық. Әлден уақытта үй иесі жан-жағына қарап:

— Ойбай-ау, даурығып жүріп ұмытып кете жаздаппыз-ау, әлгі, біздің Еркін мен Ерікті,— деді.

«Е, мұның екі баласы бар екен ғой»,— деп ойладым мен ішімнен.

— Кәмеш! Олар қайда кеткен?

— Жүрген шығар осында.

— Шақыршы мұнда!

Кәмеш шақырды ма, әлде өзі келді ме онысын білгенім жоқ, әйтеуір есіктен бір жас бала мен сарала ит кіріп келді. Баланың бет-ауызына көзім түсіп кетіп еді, салтақ-салтақ екен, жүрегім айныды. «Япыр-ай бұл кімнің баласы болды екен, әке-шешесі бар бала болса мұның үсті-басын неге жумайды екен»,— деп ойладым.

Бұл кезде баланың бізде ешбір ісі болмады, итінің мойнындағы шынжырын түзеп, байлап жатты ма, әлде басқа бір ісі болып жатты ма, әйтеуір иттің мойнына жабысып жатты.

— Еркін, Еркін!—деді әкесі (осының баласы екен). Бала әкесінің шақырғанына жауап ретінде Жаубасардың бетіне бажырайып бір қарады да, сол бойынша итінің қасында тұра берді.

— Мына кісімен амандаса ғой,— деп, әкесі тағы да «ұсыныс» жасады. Бала сол тұрған орнынан қозғалмастан қатты да қалды, әкесі: «Біздің Еркін деген бала осы, өз еркі болмаса кісінің сөзіне өмірі құлақ аспайды, өзі бір принципиалды. Осы балам герой болады, ешкімнен қорқып селт еткен емес, анау иті Ерік өзімен жасты»,— деп, Жаубасар баласын, мақтап ала жөнелді. Мен аузымды ашып, көзімді жұмып дегендейін отырдым да қалдым. Тек болғаны ит пен балаға қайта-қайта қарай беремін, сүйтемін де өз көзіме өзім сенбеймін.

— Япырмай, осы бала рас осының баласы ма екен? Ғажап!..

* * *

Бала жайында әңгімелесуге мұршамыз келмеді, шәй ішкенімізше болмай-ақ қызмет таянып қалды. Ол да, мен де өз жұмыстарымызға кетістік. Уақасы жоқ, жата-жастана әңгімелесе жатармыз...

Мен қайтып келсем, жолдасым қызметінен қайтқан жоқ екен. Үйде бір жұпынылау киінген әйел жүр, тегі осы үйдің домработницасы болса керек, қайта-қайта ас үйге кіріп, шыға береді. Үйге келіп жайласып отырдым да мен бірер қағаздарымды ақтара бастадым: бірер қағазды оқып бола бергенімде есік ашылды, жалт қарасам Еркін мен Ерік екен. Мен төмен қарап қағазымды оқи бердім. Бала менің қасыма келіп, соқтығыңқырап тұрды. Бірер қабат етегімнен ұстап тартып-тартып қойды. Мен ойнап тұрған шығар деп үндемедім. Әлде менің үндемегеніме ашуланды ма, әлде бұл кісі тіпті не қылса да үндемейтін кісі екен деп қортынды шығарды ма, бала бір кезде қалтама қолын салып-ақ жіберді.

— Әй бала! Саған не керек?

— Ақша керек.

— Оны қайтесің?

— Маған керек.

— Неменеге керек?

— Тәтті алып жеймін.

Ұсақ болса берейінші деп қалтамды ақтардым, ұсақ ақша жоқ екен.

— Қарағым, қазір ұсақ жоқ екен, кейін берейін.

— Жоқ, маған қазір керек.

— Е, қазір қайдан алайын мен жоқ нәрсені, аулақ жүр өзің әрі,— деп балаға көзімді ежірейтіп едім. Ол сүзеген бұқа тәрізденіп қабағын түйіп кетпей тұрып алды.

— Бер деймін.

— Жоқ.

— Ендеше мен саған ит қосамын.

— Әй бала, қой, әкең келгенсін айтып жоныңды тілдірермін. Өзің неткен бейбастақ баласың, кет қазір қасымнан,— дедім мен шын ашуланып.

Өйткенше болмай-ақ баланың Ерік деген даусы шықты. Иттің аты ит емес пе, кімді тыңдасын, абалап келіп мені бас салмасы бар ма. Өлдім, талдым дегенде сол үй иелерінің жәрдемімен иттің тырнағынан әрең құтылдым. Су жаңа костюмді ит талап быт-шыт қылды.

Рәсуа болған қалпыммен орнымнан түрегелдім де жолдасыма ренжідім.

— Мына балаң жүрген бір тентек қой... осылай кісі бала тәрбиелей ме екен...

Әкесі ренжіді. «Япыр-ай, сізге қиын болды-ау, осы иттің (баласын айтқаны ғой) мінезі жаман деп мана сізге айтып кетермін деп едім, тарс есімнен шығып кеткенін қарашы. Бір елу-алпыс тиын бере салғаныңызда бұл бүйтпейтін еді және бір бет болғансын бетінен қақпайтын едік...»

Міне, әкесінің бар айтқан сөзі. Жаубасардың өз баласы туралы маған айтқан сөзін тыңдап отырғанымда данышпан Абай ақынның бала тәрбиесі туралы мына сөзі есіме түсті:

«Әуелі балаңды өзің алдайсың. Әне, оны берем, Міне, мұны берем»,— деп, бастап балаңды алдағаныңа бір мәз боласың, соңыра балаң алдамшы болса кімнен көресің?

«Боқта» деп біреуді боқтатып, «кәпір қияңқы, осыған тимеңдерші»,— деп, оны масаттандырып тентектікке үйретіп қойып... «пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді»,— деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?..»

Осы Абай айтып отырған бала осы Еркін, Абай айтып отырған жаман ата, ана біздің Жаубасарлар емес не?

Оқушы, сіздер де бұл хатты тек қана оқып шықпай, миларыңызға жүгіртіп, ойлап қараңыздаршы! Әрбір фактісін өз маңыңызда болған, не өзіңіз көрген фактілермен салыстырып қараңызшы, Еркін сықылды бала сіздің маңайыңыздан да табылып қалмас па екен?

Еркін қазір 6 жаста. Мен оның үй-ішімен мектепке дейінгі тәрбие мәселесі жөнінде сөйлесіп, оның ең бір күрделі мәселе екенін айттым. Соны біле тұрсақ та көпшілігіміз ескермейміз. Баламыздың кіммен ойнайтынын, қайда жүретінін көбінесе білмей қаламыз,— дедім. «Алдымен өз балаңа жақсы тәрбие беруге, онан соң сол жақсы тәрбиемен өсірген балаңды жақсы тәрбиемен өскен балалармен ойнауға, жамандықтан сақтауға тиісті емессің бе»— дедім мен Жаубасарға қатты кейіп.

— Баланың бетінен қақпаймыз, қорғаншақ етпейміз деп...— деді ол, баласының бұзық екендігін мойындаған адамша.

— Әрине баланы еркін өсірген жақсы. Ал тегінде осы біз еркін өсіру деген сөздің шын мағынасына толық түсінеміз бе осы?

— Меніңше көпшілігіміз толық түсінбейміз-ау,— деймін.

— Түсінсең айта қойшы, сен қалай түсінесің?

— Еркін өсіру, бетке қақпай, қағажу көрсетпеу!

— Жоқ олай емес, баланы еркін өсіру деген сөз толық мағынасында адамшылыққа үйрету деген сөз емес пе?

Адамшылық, ерлік деген қасиеттердің бәрі де барып тұрған тәртіпті, барып тұрған өнегелі, барып тұрған сүйкімді баладан шығатынын айтып жатудың керегі болмас деймін.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру