Бейімбет Майлин | Некеқияр

Екі перделі пьеса

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Қайралап – қыз әкесі, 60 жаста.
Қалампыр – қыздың шешесі, 50 жаста.
Зәуре – Қайралаптың қызы, 18 жаста.
Ылаңбай– атқамінер, парақор, 50жаста.
Кәрім – құда, 40 жаста.
Жәлен – күйеу, 30 жаста.
Жомарт – күйеу досы, 30 жаста.
Милиционер –25–30 жаста.
Рахмет –25 жаста.
Молда
Сары қатын
Қыз
Келіншек
Жігіттер

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Үйде Кәрім, Жомарт, Жәлен үшеуі. Кәрім шынтақтап жатыр. Жомарт шалқасынан жатыр. Босаға жақта бөрікті бұқтырта киіп Жәлен отыр.

Бірінші көрініс

Кәрім (шымылдық ашылған соң, біраздан кейін Жомартқа қарап). Бай-бай... Шалқуың-ай! Жартыбайдың үйіне Дүйсенбай болыс келгенде тап осылай жататын...

Жомарт (күлімсіреп басын көтеріп). Дүние кезек: бір кезде болыс шалқайса, енді мен шалқаймаймын ба?.. (Жәленге қарап.) Осыған кейігеннен жатырмын.

Кәрім (кейіп). Әй, енді бұ да шала өлтіріп отыр. Апырм-ау, адам деген айтқанды істеп шыға алмас болар ма? Кеше ауылдан шыққалы қақсадым: «Үлкендеу әйелдер, бойжеткен қыздар келсе ұшып тұрып, иба ғып сызыла ғой» деп... Мелшиіп отырады да алады... Түйедей-түйедей қыздар келіп жатыр, солармен ілесіп сөйлесіп, адам деген бір жасап қалмас па? Сомпиып күйеу отырған соң, олар қайтсін, кетеді де қалады... Әлгіде Үкібас үйіндегі құдағи келді: осы ауылдағы әйелдің ішіндегі тілдісі, адуыны сол. Сондай адамдарға сөзге мерт қылу деген өлім ғой... Ол кіріп келгенде, мынау мелшиіп отырып алып еді, әзілі аралас бірталай сөз айтып, шаңымызды аспаннан келтірді.

Жомарт. Осы өзім күйеу болмай, жұрт күйеуге жарымас: әлгідей құдағилар келгенде, шымшып-шымшып алармын ғой...

Жәлен. Көкетайлар-ау, біреуің «тұр» дейсің, біреуің «тұрма» дейсің, қайсыңның тіліңді алайын? Дұрысын айтыңдаршы, көкетайлар!

Кәрім. «Тұрма» деген кім?

Жәлен. Мына Жомарт айтты: қыз, қатын келгенде,түрегеліп сызылу бұл күнде қалған деді, тұрмай отыра бер деді. Әй, Жомарт, сен осылай дедің.

Кәрім (Жомартқа). Тұра қал. Сен қайдан шығарып жүрсің оны?

Жомарт (сасып). Маған жүрерде Жалақтың қатыны айтып еді.

Кәрім. Әй, ойбай!.. Жалақтың қатынынан үлгі алған соң сендер не оңайын деп едіңдер. .....
Әңгімелер
Толық