Бейімбет Майлин | Некеқияр
Екі перделі пьеса
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Қайралап – қыз әкесі, 60 жаста.
Қалампыр – қыздың шешесі, 50 жаста.
Зәуре – Қайралаптың қызы, 18 жаста.
Ылаңбай– атқамінер, парақор, 50жаста.
Кәрім – құда, 40 жаста.
Жәлен – күйеу, 30 жаста.
Жомарт – күйеу досы, 30 жаста.
Милиционер –25–30 жаста.
Рахмет –25 жаста.
Молда
Сары қатын
Қыз
Келіншек
Жігіттер
БІРІНШІ ПЕРДЕ
Үйде Кәрім, Жомарт, Жәлен үшеуі. Кәрім шынтақтап жатыр. Жомарт шалқасынан жатыр. Босаға жақта бөрікті бұқтырта киіп Жәлен отыр.
Бірінші көрініс
Кәрім (шымылдық ашылған соң, біраздан кейін Жомартқа қарап). Бай-бай... Шалқуың-ай! Жартыбайдың үйіне Дүйсенбай болыс келгенде тап осылай жататын...
Жомарт (күлімсіреп басын көтеріп). Дүние кезек: бір кезде болыс шалқайса, енді мен шалқаймаймын ба?.. (Жәленге қарап.) Осыған кейігеннен жатырмын.
Кәрім (кейіп). Әй, енді бұ да шала өлтіріп отыр. Апырм-ау, адам деген айтқанды істеп шыға алмас болар ма? Кеше ауылдан шыққалы қақсадым: «Үлкендеу әйелдер, бойжеткен қыздар келсе ұшып тұрып, иба ғып сызыла ғой» деп... Мелшиіп отырады да алады... Түйедей-түйедей қыздар келіп жатыр, солармен ілесіп сөйлесіп, адам деген бір жасап қалмас па? Сомпиып күйеу отырған соң, олар қайтсін, кетеді де қалады... Әлгіде Үкібас үйіндегі құдағи келді: осы ауылдағы әйелдің ішіндегі тілдісі, адуыны сол. Сондай адамдарға сөзге мерт қылу деген өлім ғой... Ол кіріп келгенде, мынау мелшиіп отырып алып еді, әзілі аралас бірталай сөз айтып, шаңымызды аспаннан келтірді.
Жомарт. Осы өзім күйеу болмай, жұрт күйеуге жарымас: әлгідей құдағилар келгенде, шымшып-шымшып алармын ғой...
Жәлен. Көкетайлар-ау, біреуің «тұр» дейсің, біреуің «тұрма» дейсің, қайсыңның тіліңді алайын? Дұрысын айтыңдаршы, көкетайлар!
Кәрім. «Тұрма» деген кім?
Жәлен. Мына Жомарт айтты: қыз, қатын келгенде,түрегеліп сызылу бұл күнде қалған деді, тұрмай отыра бер деді. Әй, Жомарт, сен осылай дедің.
Кәрім (Жомартқа). Тұра қал. Сен қайдан шығарып жүрсің оны?
Жомарт (сасып). Маған жүрерде Жалақтың қатыны айтып еді.
Кәрім. Әй, ойбай!.. Жалақтың қатынынан үлгі алған соң сендер не оңайын деп едіңдер.
Жомарт (ашулы). Әңгіме тұруда емес, жайдары ашық болып, тақылдап, ілінісіп отырса, қатындар қарсы сөйлемек түгіл, ығып кетеді. Мына кәпірді кім басынбасын: басының салбырап отырғаны мынау. Осы итке ерегескенде бүгін құрдасымды өзім жаныма алып отырсам ба екен.
Жәлен (ала көзімен қарап). Сенің ойыңның бұзықтығын айтпасаң да білем.
Жомарт. Тілін қара, тілін! Байғұс-ау, мен шынын айтам: сенің орнында мен күйеу болсам, жаңағы Рабиға сияқты балдыздарым келгенде, құшақтап сүйіп-сүйіп алған болар ем.
Кәрім (күліп). Қайдағыны айта бермеші, осы ит біреуін сүйемін деп масқара қылып жүрер.
Екінші көрініс
Далада тықыр білініп, есік ашылады. Құда, күйеу дұрысталып отырады, есіктен келіншек пен қыз кіреді, күйеу ұшып тұрып сызылады.
Кәрім.
Жомарт. Құдағиларға көрісейікші. (Көріседі.)
Келіншек (күйеуге). Отырыңыз, аяғыңыз талды ғой. (Күлімсірейді.)
Кәрім (қызға). Құдаша, бері, жездеңнің жоғарғы жағына отыр. (Жомарт ығысып орын береді. Амандық сұрасады.)
Келіншек (күйеуге). Сапарыңыз оң болсын! (Жан-жағына қаранып.) Бұл ауылдың қыздары қайда кеткен?.. Күйеуді жалғыз отырғызғандары несі?
Кәрім. Бізді адамға санамағаныңыз ба, құдағи, біз отырмыз ғой күйеудің жанында.
Келіншек (күлімсіреп). Неге адамға санамайын. Күйеу келген соң балдыздарының, жеңгелерінің жанында отыруы жарасты ғой деп айтамын. Сізді кеміткен сөзім емес, айыпқа бұйырмаңыз.
Кәрім. Айтарыңызды айтып салып, артынан «айыпқа бұйырма» деуіңіздің жөні қалай?
Келіншек. Қайдам. Мен айыпты боларлық сөз айтқан жоқ сияқты едім. Айыпты десеңіз айыбыңызды ала жатарсыз да.
Кәрім (күліп, Жомартқа көз қысып). Е, әйтеуір, берем деген аузыңыздан шықсыншы.
Келіншек (қызға қарап). Еркежан-ау, әлгіде «жездемнің құлағынан жұлам» деп келгенің қайда, енді неге сызылдың? (Қыз ұялып төмен қарайды.)
Жомарт. Құдаша жұлуға жараса, жездесі қашар ма екен.
Келіншек (Жомартқа). Айтпақшы, осы құда өлеңші деп еді, өлең айтып жіберсеңіз қайтеді?
Жомарт. Жаңылыс болып жүрмесін, құдағи, таныспай жатып тап бергеніңіз қалай?
Келіншек. Жасының даңқы естілмей жата ма. Жомарт. Қайдам... Шын құмартқан болсаңыз сізден немді аярмын...
Кәрім (Жомартты түртіп). Рас, құдағидың көңілі бітсін... Қонақ кәдесін берсейші, ауыл кәдесін құдаша айтар, құдағи айтар, бірдеме қылар. (Жомарт домбыраны алып ән салады):
Әуеде бір жұлдыз бар Темірқазық.
Бәйгеден ат келеді баурын жазып.
Қайрылып ақша беттен бір сүйгізсең,
Болады бір өзіме алты ай азық...
Қыз жеңгесіне қарап күліп, күйеуді шымшып алады. Күйеу селк ете қалады. Қыз да, келіншек те күледі.
Қансуда жатыр едім пішен шауып.
Су болды ақ көйлек жаңбыр жауып.
Есіме сен түскенде, беу қарағым,
Жығылдым ақбоз аттан есім ауып.
Қособа, мен қайтейін биігіңді,
Жан бауырлап атайын киігіңді.
Көлбеңдеген алдымнан сен кеткен соң
Қайда барып басайын күйігіңді?..
Үшінші көрініс
Есіктен Сары қатын кіреді. Жомарт өлеңді тоқтатады.
Сары қатын (Кәрімге қарсы отыра, жаулықты кейін итеріп қойып). Тұр,құда,аяғыңды жи. Шалжиып жата бергенше, басыңды көтерсейші, бүгін басынды көтеретін күнің емес пе.
Кәрім (тұрып). Ал, құдағи, көтердік, айта беріңіз.
Сары қатын. Айта берсек, күйеу келген соң, қазақтың қыз көрсететін әдеті болады, қонақ ас жеп қайтуға келдіңдер ме, әлде қыз көруде ойларың бар ма?
Кәрім. Е, көрсетсеңдер неге көрмейік?
Сары қатын. Көретін болсаңдар, күйеудің шал атасы, кемпір енесі бар, оларға деп әкелген шапан-шақпыттары бар шығар, басқа да кәде-жора ырымдары болады, соларын беріп, көріңдер. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» дегенді естулерің бар шығар...
Кәрім (күліп). Қалай болды, құдағи, мен құр көрсетеді екен десем, бірдеме сұрағалы отырсыз ба?
Сары қатын. Е, сұрамай... сұрамастық орын ба? Қазақтың; бұрыннан келе жатқан жолы. (Жан-жағына қарап.) Баяғының күйеуінің, қыз көре келгенде қоржыны болушы еді, осылардікі қайда?
Кәрім (күліп). Қорықпа, құдағи, қоржын табылады.
Келіншек (күліп). Қайдағы жоқты айтасың-ау, шешей...
Кәрім. Қоржын алып жүретін ол Николайдың заманы ғой, құдағи, бұл күндегі қоржынның не сәні бар дейсің?
Сары қатын. Қой, әңгімеге жұбауратпа, беретініңді бер!
Кәрім (маңызданып). Бұра сөйлеген күлуге жақсы деген, құдағи, әзілге айтам... Ер жеткен балалардың бірін-бірі амандықта көргені, танысқаны жарастықты ғой деп келіп отырмыз. Ауыз толтырып айта қойғандай әкелген нәрсеміз жоқ. Шапан-шақпаттың өзі бұл күнде болыңқырамай жүр ғой... Азын-аулақ тиын-тебеніміз бар, «орамал тонға емес, жолға жарайды» деген, әйтеуір қазақтың ырымы ғой...
Сары қатын. Байғұс, енді аруақты орынға ең болмаса бірер шапан тауып әкеле алмағандарың ба?
Кәрім. Бір шапанды табармыз ғой...
Келіншек. Шешей-ау, сені алдап отыр, ұтылма, шапандары көп...
Кәрім. Атай көрмеңіз, құдағи, бұйырмасын: дардай Қайырекеңнің шаңырағына бір шапансыз жең болмайды деп, құдаңның намазға киіп жүрген жалғыз шапанын сыпырып әкеліп отырмын.
Сары қатын. Жарайды,толық берсең, ақшаңа да көнейік.
Кәрім. Сұрап қараңдар, шамамыз келер ме екен.
Келіншек. Шамаларың неге келмесін: күйеу байдың баласы, қыз байдың қызы; бұл екеуінен алмағанда, қайдан аламыз?
Сары қатын (келіншекке). Келін, сен айтшы, мен ақшасының есебін де білмеймін.
Келіншек. Не сұрайтыны бар: жүз сом берсе, болады да.
Кәрім (жағасын ұстап). Астапыралда, құдағи, өлшемей кестіңіз...
Сары қатын. Көп болмас, құда, сендер түгіл, жалғыз аты бар Шапайдан да отыз сом алдық.
Кәрім. Ендеше сол 30 сомды алыңдар.
Сары қатын. Қой, ойбай, оны алып жаманатты болғанша, алмайықта, көрсетпейікте... Етегін ашып отырған Әлімнің қызы бұл емес... Алған-берген еш нәрсе болмайды, тек әншейін «пәленшенің қызын көрсеткенде пәлендей алыпты» деген аты болмаса, берсеңдер өз мерейлерің. Тіпті бермей кетсеңдер де, үйтіп ауыздарыңды қу шөппен сүртпеңдер... (Жәлен жалтақтайды.)
Кәрім. Ендеше, елу сом алыңдар.
Қатындаp. Жоқ!
Кәрім. 70 сом болсын, құдағи.
Жомарт. Ой, үстей бердің ғой.
Сары қатын (Жомартқа). Жай отыр, құда, Базарбайға мал жиып беретін сен емес.
Жомарт. Мал жиып бермегенмен, далаға тастай алмай жүрген дүние жоқ.
Сары қатын. Үйтіп ақша жанды болсаңдар, қыз көрем деп нелерің бар? Ендеше біз кетелік. (Жәлен жалтақтайды.)
Кәрім. Сабыр етіңіз, құдағи, салған жерден бола қоймады деп түңілуіңіз...
Сары қатын (ашулы). Келемеждеріңе көнетін адам жоқ! Жүз теңгелеріңнен жүз тиын кем алсам, атым құрысын!.. (Күйеуге қарап.) Мына шіркін тірі ме: «бер!»–деп бір ауыз сөз қыстырса, қайтеді екен?..
Жәлен (сасқалақтап). Әй, Кәрім, Кәрім...
Сары қатын. Ә... тірілді... (Күліседі. Кәрім ұялып, төмен қарап, ақша санайды. Сары қатын алып, қалтасына салады.) Қане, келін, қызды әкелейік.
Келіншек. Еркежан, сен қаласың ба?
Қыз. Мен де барам.
Кәрім. Құдағи, мен де сізбен кетейін. (Үйден шығады.)
Төртінші көрініс
Үйде Жомарт пен күйеу.
Жомарт. Ал, Жәлен, енді қызық болды: қазір қыз келеді. Құрдастың өзі ашық адам дейтін, бүріп кетіп жүрмесін: сен еркексің, ірілен; қыз келгенде, ұшып түрегелме; қызды мына төмен жағыңа отырғызып белінен былай (қолымен көрсетіп) орап ал. Мына тізеңді тізесінің үстіне сал... Амандасқан соң-ақ әңгімелесе баста.
Жәлен (үрейсіз). Айналайын Көкетай, осы маған не айт дейсің, ашып айт!
Жомарт. Ту... Сен бе, сен... Алайын деп отырған қатынына адам сөз таба алмай ма екен?.. «Жасың нешеде?» де; «Мені жақсы көресің бе, бозбалалармен ойнаған жоқсың ба?» де; «Өзің сұлу екенсің ғой», – деп шашынан былай (қолымен көрсетіп) сипап қой. Ит-ау, ауылда жүргенде аузың дамыл көрмейтін еді ғой... (Өзі түзеліп отырып.) Мен былайырақ отырайын, араға құдашаның біреуін отырғызып болмас па екен...
Жәлен (қыбыжықтап). Жомарт, Жомарт!
Жомарт. Немене?
Жәлен. Далаға шығып келсек қайтеді, ә!..
Жомарт. Әй, сен бе, сен... Сені үйретем деп қартаям ғой...
Бесінші көрініс
Бұл екеуі шығады. Сахна бос. Сары қатын мен келіншек Зәурені ертіп кіреді.
Сары қатын. Бәтір-ау, күйеу қайда?
Келіншек.Тыста шығар, келер. (Зәурені қолтықтап апарып көрпенің үстіне отырғызады.)
Зәуре (бөкебайын ашып қарайды. Көзінде жас, ренжулі. Сары қатынға). Жеңеше-ай, қыздан сорлы пенде бар ма екен?
Сары қатын. Неге, шырағым?
Зәуре. Ит етінен жек көретін адамыма еріксіз әкеліп отырсыңдар. Мен адам болсам, басымда ерік болса, Жәлен жырықты маңыма жуытар ма едім.
Сары қатын. Қой, дәнемесі де жоқ: жырық болса, қайтсін, құдайдың ісі... Кімнің байы оңып отыр дейсің, бәрі де сондай...
Зәуре. Жақсы болсын, жаман болсын – өзіңнің ұнатып тигеніңді айтсайшы... Жәленге қатын болып барғанымша, өзімді-өзім бауыздап өлтірермін!..
Сары қатын. Астапыралда, шырағым, олай дей көрме! Бүгін жаман сөз айтатын күнің емес, қайта тілек тілеп, құдайға жалбарынатын күнің.
Зәуре. Жәленнің тілегін тілей алмаспын! (Екі қатын таңданып біріне-бірі қарайды.)
Сары қатын (келіншекке сыбырлап). Сен естіп пе ең: осы беті қараны Рахмет азғырып жүр дейтін еді, дәуде болса сол рас.
Келіншек. Шын ба, шешей-ау?.. Өзі алмақ па екен?
Сары қатын. Өзі алмақ дейді... Бұл масқараны шығаратын шығар... Ақырзаман болған соң не болмас дейсің!..
Алтыншы көрініс
Жомарт пен Жәлен кіреді. Жәленді қыздың жоғарғы жағына отырғызады. Зәуре бөкебаймен бетін бүркеп отырады. Келіншек тұрып, шымылдықты түсіріп жібереді. Кесе тартқан шымылдықтың бер жағында Зәуре мен Жәлен көрініп, басқалары ар жағында қалды.
Жәлен (қыбыжықтап, қоқырайып дұрысталып, қыздың бөкебайын ашайын деп екі рет оқталып, үшінші ретте ашады. Зәуре тікіленіп бетіне қарағанда, Жәлен ұялып төмен қарайды. Біраздан кейін барып). Амансыз ба?
Зәуре (ашулы). Аман болмағанда қайтейін деп едің?
Жәлен. Жасыңыз нешеге келді?
Зәуре. Оны қайтпексің?
Жәлен. Тамыр бозбалаң бар ма, соны білейін деп едім.
Зәуре (ызбарланып). Өй, шірік! «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деп... сені күтіп отырмақпын ғой?
Жәлен (жақындай түссе, Зәуре сырылып қаша береді). Өзіңіз. (Басын сипай бергенде Зәуре қолын қағып жібереді.)
Зәуре. Тәйт әрі, жарбаңдама!
Жәлен. Ашуланбаңыз, былай дұрыстап отырайық. (Белінен құшақтай берем дегенде, Зәуре итеріп тастап ұшып тұрады.)
Зәуре. Сендей шіріктің құшағына кіргенше бауыздалып өлгенім жақсы! (Үйден жүгіріп шыға жөнеледі. Сары қатынмен келіншек «Еркежан» деп дауыстап олар да жөнеледі. Жәлен аң-таң. Шымылдықтың ішіне Жомарт басын тығады.)
Жомарт. Қара басты ма, қара басқыр?.. Осындай боларын елден шыққанда-ақ білгем... Саған жолдас болып келген мен ит!..
Жәлен (салбырап). Апырм-ау, енді қайт дейсің? Айт дегеніңді айттым. Құшақта деп ең, құшақтай берем дегенде, шыға жөнелді...
Жомарт (кейіп). Ит-ау, солай құшақта деппін бе? Тарпа бас салатын мал ма еді ол?..
Жәлен. Әй, құрысын, басым қатты...
Шымылдық.
ЕКІНІШІ ПЕРДЕ
Қайралаптың үйі, сол жақта құрулы шымылдық, төрде Кәрім, Молда, Ылаңбай, Қайралап отыр.
Бірінші көрініс
Ылаңбай. Қане, молда, неге тұнжырадың? Алатыныңды алып, құдалардың жұмысын бітіріп жібер.
Қайралап. Сүйте ғой, молдеке, сізді әдейі шақыртып едік.
Ылаңбай (күліп). Әдейі деме, кезіне келдің десейші, әйтпесе бұл молда шалқая береді.
Молда (күлімсіреп). Ылаңбайдың мен дегенде сайтаны бар.
Ылаңбай. Менікі – олжадан ортақ қылар ма екен деген құлаққағыс қой.
Молда. Олжаны ортаға салсаң, мен зиян қыла қояр ма екем?
Ылаңбай (өзі-өзіне). Мына құдай ұрған сезіп қалмаса игі еді?.. (Жұбауратып.) Қане, молда екеуміздің дауымыз бітпес. Кісілерді жинаудың қамын қылайық... (Құдаға.) Ау, сен неге жайластың? Молдаға беретініңізді беріп, жұмысыңды бітірсейші.
Кәрім. Молдекеңнің не сұрайтынын білдік пе?
Ылаңбай. Қане, молда, сұра!
Молда (ойланып). Қалай сұраймыз: шариғат бойынша ма, әлде қазақшылық ретімен бе?
Ылаңбай. Жарықтық, шариғаттың басын ауыртып қайтесің, өзіміздің жалпақ қазақшылықты айта берсейші.
Молда. Жиырма бес сом болсын.
Кәрім. Апыр-ай, тым жоғары соқты...
Ылаңбай. Ұстаған жерінен ағаш та сынады деген, молдеке де кемітер.
Молда. Екі жағы да ауқатты адамдар: бұдан кемі жарамас.
Ылаңбай. Мен орталарыңнан билік айтайын. Он бес сомды бірің бер де, бірің ал.
Қайралап. Сүйте қойыңдар. (Кәрім ақша санайды.)
Ылаңбай. Мына қара қалта бітер емес қой.
Кәрім (күлімсіреп). Қалтаның да сәні кетті ғой: құдағилардың енді бір қаптауынан не қалар дейсің.
Молдa (құдадан ақшаны алып). Куәлікке бір-екі жігіт керек.
Ылаңбай (бөлмеге дауыстап). Жігіттер бар ма? Бір-екеуің келіндер. (Молдаға) Су да керек шығар, молдеке?
Молда. Керек.
Ылаңбай. Бір аяққа су құйып әкеліңдер.(Молдаға.) Асты-үстіне бірдеңе жаппайтын ба еді?
Молда. Иә, о да керек.
Ылаңбай. Толқынай қайда? Аяқтың асты-үстіне шүберек керек. Тез әкеліңдер! (Есіктен екі жігіт кіріп, қолдарындағы су мен аяқты молданың алдына қояды.) Қане, молда, дайын болды, мыналарға үйрететініңді үйрете бер.
Молда (жүгініп, боқшадан қара кітапты алады).
Куәдүрміз, күәдүрміз,
Куәлікке жүрәдүрміз,
Танда хақ қасында,
Барша халык қасында,
Хак куөлік берәдүрміз... –
деп айтасыздар. Барып күйеудің өкіл атасын сұрап келіңдер.
Жігіттер (бірін-бірін итермелеп шымылдыққа кіріп... «Куәдурмізді» соғып, қайтып келеді). Сұрадық, өкіл атаға Кәрімді белгілеймін дейді.
Молда. Жарайды, енді қыздан барып сұраңдар. (Жігіттер кетеді.)
Ылаңбай. Қыздарды осы үйге неге кіргізбедіңдер?
Қайралап. Бірталай қыз-қырқын болған соң сыймас дедік.
Ылаңбай. Оларың да дұрыс болды. Байтудың қатыны келсе, мазамды алып болар еді.
Молда. Мазаңды алмай қайтсін, келінін азғырып сатып жібердің.
Ылаңбай. Кім сатты?
Молда. Сен!
Ылаңбай. Әй, молдам... Ал болсын, сонан қанша күнә табам?
Молда. Күйеудің адал некесін бұзсаң неге күнә болмасын?
Ылаңбай. Қой, молдам, Жарықпас кәлпе шариғатты сенен кем білмейді, некесін сол кісінің өзі қиып беріпті. Күнә болса, ол кісі неге кіріседі?
Жігіттер («Куәдурміз...» айтып кіреді). Сұрадық, айтпады...
Ылаңбай. Айтсын, күн кеш болып қалады!
Молда. Шариғаттың бұйрығынан бас тартуға болмайды, «айтсын» – деңдер... (Жігіттер шығып кетеді.)
Екінші көрініс
Есік ашылып милиция мен Рахмет кіреді. Үйдегілер сасып, молда кітабын астына тығады. Кәрім суды күпісіне тығамын деп төгіп алады.
Paxмет (шымылдықты түріп тастап). Күйеу мынау!
Милиция. Сабазыңның түрі де келген екен. (Төгілген суды көреді.) Мына суы несі?
Ылаңбай (сасқалақтап). Қол жуған ғой, тақсыр, отырыңыз! (Төрден орын береді.)
Милиция (отырып жазуға кіріседі. Молдова). Қай ауылдікісің?
Молда (қалтырап). Тоғызыншы.
Милиция. Атың кім?
Молда (сасқалақтап). Менің атымды жазып қайтесіз?
Милиция. Сен неке қиюға келіп отырған жоқсың ба? Молдасың ғой?
Молда. Ойбай, тақсыр, молда емеспін.
Ылаңбай, Қайралап, Кәрім. Молда емес, молда емес.
Милиция (кейіп кетіп). Молда болмасаң мынауың не? (Молданың астынан қара кітапты суырып алады, жұрт біріне-бірі қарайды.)
Ылаңбай (өзіне). Сұмдықты шығарды, менің сорым қойсын ба! (Рахметке.) Шырағым-ай, қазақшылықтан тысқары іс қылдың-ау.
Рахмет. Олжа үшін жап-жас қызды сүймеген адамына бергелі отырсың, сенікі де жөн-ақ па?
Ылаңбай (кекетіп). Жаныңның ашып жүргені ғой...
Рахмет. Мына көрімнен айырып, сүйгеніне қоссам, жанымның ашығанын сонда көрерсің!
Милиция. Ал енді, жиналып не істемек едіңдер, соларыңды айтыңдаршы!
Ылаңбай. Ойбай, еш нәрсе де істемекші емеспіз. Қазақ баласысың ғой, шырағым, өзің де білесің: қонақ келсе, тайлы-таяғымызға шейін жиналатын әдетіміз емес пе? Солай ғой, отағасылар? (Жанындағыларға қарайды.)
Кәрім, Молда, Қайралап.Солай, солай...
Милиция (күлімсіреп). Мына суларың не?
Ылаңбай. Ойбай-ау, мына қонақ шөлдедім деген соң алдырған суы еді.
Екі жігіт (кіріп келіп). Куәдірміз... (Айта бастайды. Үй ішіндегілер қол сілтеп қойдырады.)
Милиция.Тоқталмаңдар, айта беріңдер! (Жігіттер тағы кіріседі.)
Ылаңбай (кейіп кетіп). Құдай атсын сендерді! (Жігіттер тоқтай қалады.)
Милиция. Жарайды. Енді айтпай-ақ қойсаңдар да болады. Іс анықталды. Көрініп тұрған іске өтірік айтып, әуреленбесеңдер де болатын еді. Бірақ біздің қазақ өтіріксіз жүре ала ма, өлсе де өтірікке жабысып өледі ғой. (Рахметке қарап.) Бар, қызды шақырып кел! (Рахмет шыға жөнеледі.)
Ылаңбай (сасып). Шырағым, қазақ баласысың ғой, бір жолғы қатемізді кешіп, баланы әурелемей-ақ қойсаңыз.
Бәрі. Сүйтіңіз, шырағым, өтінеміз!
Милиция. Әурелемегенде, мынаған қоспақсыңдар ма? Бұл күнде әйелді малға сату, сүймеген адамына зорлап беру қалған. Әйел ерікті.
Ылаңбай. Жарайды, ол айтқаның да болсын, сүйгеніне-ақ қосайын, бірақ осы Рахмет алмаса болады!
Милиция. Қателесесіз, отағасы. Рахметке қосамын деп отырған адам да жоқ. Осы қызды аламын деп жанын салып жүрген Рахмет те жоқ. Мен келсем, қыздың өзінің арызы бойынша келіп отырмын. Рахмет елдегі көзі ашық азамат, партия мүшесі. Елде жылаған болса, зорлық-зомбылық көргендер болса, соларға жәрдемдесу, тиісті жеріне білдіріп көмек көрсету партия мүшелерінің міндеті. Рахмет мойнындағы міндетін ғана орындап жүр.
Ылаңбай. Құлдығым бар, тақсыр! Біздің бала өлсе де арыз бермейді... Бүлдіріп жүрген осы Рахметтің тап өзі!.. Шырағым, таныс болмаған соң білмейсің: ел болғанмен елдің өзі де ала ғой, мына Тама деген елмен дауымыз үзілген емес. Тама бізден жер даулайды. Ата-бабамыздан, баяғы Сырлыекемнен бері иемденіп келе жатқан жерімізге Тамалар көз алартады. Біздің бергіміз келмейді. Осыдан барып арамызда қыжыл әңгіме туады... Биыл Тама Есмағамбеттің баласы Қарашіліктің басын шауып жатыр екен, көре-біле ата жерімізге аяғын қалай бастырайық. Балалар атқа мініп дүркіретіп айдады да шықты. Содан бері екі ел араз. Рахмет сол ауылдың баласы. Рахметті айдап салып отырған әпербақан Сәрсембайдың Жетпісі. Жетпіс қаңғырып тамағын асырай алмай жүргенде, едәуір іргелі ауыл болып-ақ отырып едік, енді бас кеткен соң, олардың да басына бастағанын көрмейсің бе... Шырағым, осыны есіңе ал. Не істесең де, әділдік жөнімен істе.
Милиция. Оныңыз дұрыс. Дауларыңыздың бары да рас шығар. Бірақ Тама елі жер туралы кек аламын десе, сендердің қыздарыңды теңіне қосып кек алмайды ғой. Екінші жағынан құр сырттан пішуге де болмайды. Қазір қыз келген соң сұрайық: «Арыз бергенім жоқ, осы күйеуіме ризамын», – десе, мен қол қақпайын, өздеріңе қалдырып-ақ кетейін.
Молда. Бәрекелде, баланың сөзі дұрыс-ақ!
Ылаңбай. Дұрыс қой. Бірақ ашылмаған бала, сұрағанмен не айта қояр дейсің... Қазақ деген ымырамен отырған ел едік. Қыз беру, құда болу қазақтың ескі әдеті еді. Қазақ жүрген жерде қазақшылық болмай қалмайды. Күлесің-ау, қарағым. Түсіне қалды, айналайын қазағым. Орыс келсе, әлде қайтер еді, осы сіздің келгеніңізге мен мүлде қуанып отырмын. Біз де жөн білмейді емеспіз. Қайрекеңнің өзі өз болғалы ұзатқалы отырған қызы еді, көргелі отырған бір мерекесі еді. Құдай айдап той үстіне кез келдіңіз. Шыны ниетіңіз таза, бізге жамандық ойламайтын бала боларсыз... Мүшесінен құр қоймаймыз ғой: ат мінемін десең де осы Қайрекең бөгелмейді. Солай шығар, шалдар?
Бәрі. Бәріміздің де тілегіміз осы!
Милиция (ашуланып, Ылаңбайға). Отағасы, ептілігіңді қойсаң қайтеді? Ептілікпен жұмыс бітіріп әдет алған адам шығарсыз, бірақ сіздің қақпаныңызға түскелі отырған адам жоқ. Сөзіңізді қайтып алыңыз да, тыныш қана отырыңыз, әйтпесе ұят болар, өзіңізді айдап кетуге тура келер...
Ылаңбай (күрсініп). Қайтейін, шырағым, қазақшылықтың жөнін айтып отырмын. Айдаймын, түрмеге жабам десең, қылша мойным тұта...Сақал-шашымызға ақ кіргенде, қазақтың ел болғанын, қазақ жастарының ел бастағанын көріп қуандық па деп едік. Қуанту орнына жылатам десең өзің білесің да.
Милиция. Нақақтан күйдіретін ешкім жоқ. Айыбың болса, ешкім де маңдайыңнан сипамайды.
Үшінші көрініс
Рахмет пен Зәуре келіп кіреді. Зәуренің басында бос салынған бөкебай. Жұрт төмен қарап кетеді. Милиция амандасады.
Милиция. Қайралаптың қызы сіз боласыз ба?
Зәуре. Мен.
Милиция. Мына арызды сіз бердіңіз бе?
Ылаңбай (шошып кеткендей Зәуреге). Қарағым!..
Қайралап. Шырағым!..
Милиция. Тоқтаңдар! Неге кес-кестейсіңдер?
Зәуре (бөгеліңкіреп). Арыз менікі!
Қайралап (ышқынып). Қарағым-ау, не айтып тұрсың?
Милиция. Есітпей отырсың ба?
Ылаңбай. Жаңылдың ғой, шырағым!
Милиция. Тыныш отыр дегенді тыңдайсыз ба, жоқ па?
Ылаңбай (бөркін жұлып алып). Жоқ, тақсыр, арызым бар!
Милиция. Арызың болса, артынан ізденерсің, қазір мазаны алма, жұмыс бітіремін.
Ылаңбай. Жоқ, тақсыр, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген, бір-екі ауыз мұң айтудан тыя алмассың!
Милиция (жазып жатып). Мен «тақсыр» емес.
Ылаңбай. Біз қазақпыз ғой, білмеген адам у ішеді. Жолдас шырағым, бұл өзі жас бала... Сіздің алдыңызға келген соң қорыққанынан не айтқанын білмей тұр.
Милиция (басын көтеріп алып). Мынаның сөзі рас па, менен қорқып тұрсыз ба?
Зәуре (күлімсіреп). Сізден не деп қорықпақшымын? Қайта, қысылған жерде қол беретін адам сіз бе деп тұрмын.
Милиция. Дұрыс, менен қорқуға тиіс емессіз. Мен үкіметтің жұмсауымен келіп отырмын. Үкімет әйелді теңгеру, әйелді сүйгеніне қосу туралы заң шығарып отыр. Қалың малды жойып отыр. Қалың мал беруші мен алушыны үкіметке білдірсе, сот жазаландырып, екі жағын да бір жылдан түрмеге отырғызады. (Кәрім мен Қайралап ажырайып біріне-бірі қарайды.) Қалың мал алушы мен берушінің арасында делдалдыққа жүрушілердің жаласы да жеңіл емес. (Молда Ылаңбайға қарайды.) Құлқыны үшін ақшаға қызығып, қыздың ырза болған-болмағанына қарамастан неке қиятын молдалар да бар. Бұ да сотқа ілігетін қылмысты іс. (Ылаңбай молдаға қарайды.) Бірақ осының бәрі де ел ішінен әлі күнге жойылмай келеді. Атқамінер қулар, қалың малды судай сапырып, әйел саудасын кәсіп қылып отыр. Бұған бір жағынан жергілікті кеңес орындарының салақтығы себеп болса, екінші жағынан әйелдердің көзінің ашылмағандығы себеп: қазақ әйелі надан, қазақ қыздары ата-ананың ажарына қараймын деп, сүймеген адамына жылаумен кетіп жүр. (Қызға қарап.) Зәуре қарындас! Сіздің, бұл ісіңіз үлгілі іс. Бостандықты көксегендігіңіз, әйелдің де ерікті адам екенін білгендігіңіз. Басқа ел қыздары да сізден үлгі алу керек! Сіз секілді олар да кезінде үкіметке мұңын шаға алса, жәрдемдесуге үкімет даяр! Мұны істесек, біз әйел бостандығын ұзамай-ақ жүзеге асырамыз.
Төртінші көрініс
Ойбай салып жылап Қалампыр келеді.
Қалампыр. Қалқам-ау, қартайып келгенде бізді еңіреткендей, бізді жұртқа масқара қылғандай не жазығымыз бар еді? Желге, күнге тигізбей, сылап-сипап өсіргенде біз сенен осыны күтіп пе едік?..
Зәуре (мұңайып). Тәрбиелегендеріңе сөзім жоқ. Бірақ қайтейін, сүймеген адамыма неғып барайын? Айып өздеріңде. Мені шын балам десеңдер, жылатпауларың керек еді, сүйгеніме қосуларың керек еді! (Жәленге қарап.) Сендер жылайды екен деп мына көрімге неғып қана тиермін?
Милиция (қағазын жиып). Қане, менімен бірге қалаға жүресіз, киініңіз.
Ылаңбай. Ойпырм-ай, тақсыр-ай, тым болмаса бүгінше қалдырсаңыз қайтеді?
Милиция. Болмайды!
Зәуре киіне бастайды. Қалампыр келе жабысады.
Қалампыp. Қалқам-ау!.. Қайтейін! Бізді сорлаттың ғой! Бізді ел бетін көргісіз қылдың ғой! Жаман әкеңді тірі өлтірдің ғой! Бұдан да бізді тірідей көрге тығып кетсең болмайтын ба еді? (Зәуре үндемей, томсарып, әжесінің құшағында аз-кем тұрады... Милиция келіп айырып ала жөнеледі. Артынан дауыс қылып, Қалампыр ере шығады.)
Көйлек тіктім кестелеп,
Егін ордым дестелеп.
Сен кеткен соң, Зәурежан,
Әжем деп кім ескерер?!
Қыз да болсаң ұлдай ең,
Ұлдан тағы жұрдай ем...
(Алыстан талып естіледі.)
Қуанышымды қайғы ғып,
Ылаңбай-ау, қылдың сен!..
Бесінші көрініс
Үйде молда, Ылаңбай, Кәрім, Жәлен, Қайралап жылап отыр.
Молда (күрсініп). Апырм-ай, әлгінің кітабымды алып кеткенін көрдің бе? Бір пәлеге ілігіп жүрер ме екем?..
Ылаңбай. Ой, құдай-ай, мындағы жұрт қыздан айрылып отырса, кітапты айтады ғой. (Өз-өзіне.) Қызды шанасына бір мінгізсем, құла қасқа ат тақымыма тиетін еді, мына қырсықты көрдің бе!
Қайралап (көзінің жасын сүртіп). Мені ылаңға түсіріп отырған, Ылаңбай, сен!
Ылаңбай. Е, мен қалай ылаңға түсіріппін. Жөргекте қағып кеткен балаңнан көр!
Қайралап. Баладан не деп көрмекшімін?
Ылаңбай. Балаң дұрыс болса, сені масқара қылып кетпес еді...
Қайралап.Кетпегенде мынаған тимекші ме?
Ылаңбай. Әкесі берген соң, тию керек.
Қайралап. Кім берді?
Ылаңбай. Сен бердің! Бермесең малды неге алдың?
Қайралап.Әдемі жігіт деп сен неге алдадың?
Ылаңбай. Кім алдады?
Қайралап. Сен!
Ылаңбай. Қой, Қайралап, азырақ ернінің жырығы бар, сақалды келген қара жігіт деп сонда-ақ айтқам...
Қайралап (күйіп кетіп). Тіпу, лағнет!
Ылаңбай. Сен лағнет!
Қайралап.Ойбай, шұнақ құл-ай!.. (Екеуі тұра алысады. Апыр-топыр төбелес.)
Шымылдық.
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: әңгіме Бейімбет Майлин Некеқияр туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Бейімбет Майлин Некеқияр на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке