Балғабек Қыдырбекұлы | Үйшінің әңгімесі
— Оған міне елу жыл болып барады,— деп бастады Тоқсанбай қарт әңгімесін.— Кедейліктің кесірі не істеткізбеуші еді. Үй жонатын өнерім болатын. Содан төмен үй жасауға Ілеге түскен кезім бар-ды.
Осы Алатаудың бауырынан он түйемен төрт-бес кісі үй жонуға аттандық. Қоңыр күз болып, ағаштың жапырағы түсе бастаған кез. Алатау маңында қазақ үй жонуға қолайлы ешкітал өспейді. Мұндай тал осыдан үш-төрт жүз километр жердегі Топардың Ілеге құйған жерінде. Онда сыңсыған орман, қорыс. Біздің мақсатымыз осы көп ағаштың кеніне кіріп, он шақты күннің ішінде он үй жонып алып қайтпақпыз. Онда қазақ үйдің сүйегі бір қара тұратын. Ал бес кедейге он түйені жалға берген байға сегіз қанат екі үйдің сүйегін тегін жонып жеткізіп беруге міндеттіміз. Амал нешік көлігіміздің жоқтығынан екі атан түйеміз байға босқа кетеді.
Арада далаға екі күн түнеген соң жердің түрі өзгере бастады. Ит шайнаған орамалдай қалың қоңыр қырқа біртіндеп азайып барып жоқ болды. Енді бірыңғай боз жусан өскен жазық дала. Елсіз далада жаз күнінде шырылдап тыным таппайтын бозторғайлар мүлде жоқ, күз түсуімен олар түстік жаққа ауысып кетсе керек. Қыс келетінін уәйімдеп аспанда көз жетер-жетпесте ұзын мойын тырналар тырулап қайтып барады. Алыстағы төңкеріліп жазылып ұшқан тырналарды көріп бала күнімізде айтатын «арқан тарт, кілем жап, ақсақ қызға сәлем айт» дейтін өлең есіме түсті. Қоңыр күздің мизам ұшқан бозша даласында анда-санда дала құсы — бұлдырық көрінеді. Басқа күс та, аң да көзге түсе қоймайды. .....
Әңгімелер