Бердібек Соқпақбаев | Сарнауық жеңгей

Жаздың басы. Күн ыссы. Демалыс күн. Таудағы дачада түске дейін күрекпен жұмыс жасадым да, жуынып - шайынбаққа төменге, өзен бойына түстім.

Жер қазып, еңбек еткен адамның түрі белгілі: аяғымда тарпылдаған кирзо етік, бұтымда жұмыс істегенде киіп жүрген былғаныш көне шалбар. Кеуде жағым әдейі күнге күю үшін тыр жалаңаш. Ал басымда бір кездегі әдемі формасынан түк қалмаған, сап-сары боп қаңсыған сабан қалпақ. Басы көзім шаң-топырақ. Бетімде, жалаңаш денемде тердің қап -қара тарам-тарам, іздері.

Түрім осы. Бір қолымда қаңғырлаған бес шелек, екінші қолымда сабын, ысқырып өлең айтып, ағаштың қалың арасынан өзен бойына сопаң етіп, шыға келдім.

Әлгі ара кішкене ғана ашық алаң, бауырларын күнге қыздырып жайылып жатқан қой тастар. Тастың біреуінің үстінде дәл бет алдымда басындағы орамалын қолына алып, бетін желпіген, өзінен-өзі ентіккем бір әйел отыр.

Көздері бақырайған, жақ сүйектері шығыңқы, екі беті солыңқы бұл әйелді танитын секілдімін. Бірақ дәл кім екенін жөппелдемеде есіме түсіре алмадым. Сонда да қалт тұра қап:

— Есенсіз бе, — деп сәлем бердім.

Әйел ернін болар болмас жыбыр еткізді. Маған адам емес, жабайы аң көргендей біртүрлі тікірейе қарап қалған. .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Ана жүрегі


Салқын күздің сары таңын Балқия ана бүгін де жайсыз ұйқымен атқызды. Көзі ілінсе болғаны тағы да соғыс шықпай қойды түсінен.

Өте бір шошымал түсті Балқия таңға жақын көрді: жалаң аяқ жалан бас, көйлекшең қалпы қанды қырғын майдан даласын кезіп, жан ұшырып жүгіріп келеді екен. Іздегені жалғыз ұлы аяулы Мәмбеті. «Мәмбет! Мәмбет!» — деп Балқия пәрменімен ышқына айғайлайды. О жағы, бу жағынан гүрсілдеп жарылып жатқан тажалдарды елеп те қоймайды. «Мәмбеті Мәмбет!».

Кенет бұлттай қаптаған шаң мен түтін қойыртпағының арасынан Балқияның дәл алдынан Мәмбет шыға келді. Өз Мәмбеті, аңсаған алтын ұлы. Мылтық ұстаған қолын көкке сермеп, «апа!» деп, ол Балқияға қарай кұшақ жайып ұмтылды. Сөйткенше болмады, алып қоңыз тәрізденген қара сұр ірі танк Мәмбеттің арт жағынан сумаң етіп, ол да шыға келді. Жылан бауыры қаршылдап, өте шықты жосылтып. Мәмбет оған бір тал бұта құрлы да болған жоқ, танктің зіл кеудесіне көміліп қала берді...

«Мәмбет!» «Мәмбет!» .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Көйлек мәселесі


Күздің бұлыңғырлау бір күні, таңертеңгі мезгіл. Трамвай іші халыққа толы. Жанар кондуктордың тап қасындағы орындықта терезе түбінде ештеңеге көңіл аудармай, ойға шомып отыр.

Оның ұзын қайқыш кірпіктеріне ұялаған, күн шығар алдындағы орман үстіндегі бозғыл тұман секілді бір селдір көлеңке бар. Ол түнде ұзақ қадалып отырғандықтан ұйқы қанбағандықтың табы.

Трамвай, әдеттегіше, қоңырауын шылдырлатып кеп тоқтай қалды. Жұмысқа асыққан жұрт жабырласып тез мініп жатты. Тап осы кезде есік алдынан бір әйелдің шіңкілдей шыққан ашы даусы Жанардың тұнған ойының шырқын бұзып жіберді де, жалт бұрылып қарады. Бажылдап тұрған түбіт шәлі салған, шұбалаң қызғылт пальто киген, аяғында қонышына тірі ұстаған қызыл күрең туфлиі, қолында сол тұста былғары сумкасы бар сұңғақ бойлы, шегір сары келіншек еді. Жанар оны тани кетті. «Кербез ғой мынау, әкем - ау, қайдан жүр?!

Кербез бір аяғын трамвай баспалдағына салған күйде артына жалт бұрылды, жұртты бөгеп, қып – қызыл, қаймақтай жұқа еріндері жып-жып етіп шапылдап тұр.

— Сендер маған жоя көрсетпеңдер. Мінемін мінбеймін бе, өз еркім. Немене бәрің жабылып шу – шу етесіңдер. Алдағылар арырақ өтсін.

— Ішке кіріп сөйлеңіз, азаматша.

— Мінгіңіз келмесе, өзгеге жол беріңіз.

Жүретінін білдіріп, трамвай қоңырауын тағы шылдырлатты. .....
Әңгімелер
Толық

Агата Кристи | Мінез періштенің оқиғасы

— О, мадам, мүмкін болса сізбенен бір ауыз тілдесуге болар ма екен?

Эднаның мұнысы сандырақ секілді болып көрінуі де мүмкін еді, өйткені ол, Мисс Марплдың қызметшісі-тін. Сосын басқа біреу емес Мисс Марплдың өзімен сөйлесіп тұрған болатын.

Таныс үнді естісімен Мисс Марпл ізінше: «Әрине, Эдна. Ішке кір де есікті жап. Не айтайын деп едің?» —деді.

Айтқанын екі қылмай есікті жауып, Эдна ішке қарай жылжыды. Алжапқышының бір ұшын саусақтарымен бүктеп, бір-екі рет жұтынып қойды.

— Иә, не айтпақшы едің, Эдна?—деді Мисс Марпл жігерлендіре.

— О, мадам, рахым өтінемін. Немере сіңлім Глэдистің жайы еді. Жұмысынан айырылып қалыпты ол.

— Қойшы, рас па? Онысы қиын болған екен. Ол қыз ана Оулд Холлда тұратын Скиннерлердің қызметшісі емес пе еді?

— Иә, мадам, дұрыс айтасыз. Глэдис байғұс абыржып, қатты қамығып жүр.

— Бұдан бұрын да Глэдис жиі орын ауыстырып жүрді ғой, солай емес пе?

— Дәл солай, мадам, орын ауыстырғанға әуес-ақ. Бір жерге тұрақтап істей алмайды. Бірақ бір қызығы, осыған дейін ол өз еркімен кетіп жүрген!

— Ал бұл жолы ше, керісінше ме?— деді Мисс Марпл салқындау сөйлеп.

— Иә, мадам, сосын ғой оның қатты ренжіп отырғаны. .....
Әңгімелер
Толық

Агата Кристи | Жұмбақ әзіл


Джейн Хелиер таныстыруын аяқтай келіп: «Ал мына кісі... Мисс Марпл болады!» — деді.

Актрисаның аты актриса емес пе, ол көкейіндегісін көздеген жеріне тигізіп, сөзінің соңын көтеріңкі, салтанатты дауыспен аяқтады. Шындығында үнінде толқу мен салтанатты шаттық бар еді.

Өкінішке орай, соншама жар салып, ауыз толтыра мақтағаны нәзік келген қарапайым, жасы егде тартқан кәрі қыз болып шықты.

Джейн арқылы әлгінде ғана жаңағы әйелмен танысқан қыз бен жігіттің көздерінен көңілдері толмаған қомсыну мен толқу сезіледі. Екеуі де келбетті. Қыз, Чармиан Страунд, қараторының мүсіндісі де, жігіті, Эдвард Росситер, ақ сары шашты, жылы шырайлы еңгезердей жас екен.

Чармиан ентігін баса алмай: «Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын»,— деді. Бірақ көзінен күдік байқалады. Ол Джейн Хелиерге мұның қалай дегендей бір қарай қойды.

— Қымбаттым-ау,— деді Джейн әлгіге жауап ретінде,— бұл өте тамаша кісі, бәрін сол кісіге сеніп тапсыp. Осы жерге алып келемін деп едім ғой саған, айтқанымды орындадым. Енді ол Мисс Марплға бұрылып: «Бұлардың. шаруасын реттейсіз, оны білемін. Бұл сізге түкке де тұрмайды»,— деді.

Мисс Марпл жайдары көкшіл көзін Росситерге қадап: «Қандай шаруа еді? Құлағым сізде»,— деді.

— Джейн біздің досымыз,— деп Чармиан шыдамсыздана әңгімеге кірісіп кетті.— Эдвард екеуміз тұйыққа тіреліп қалдық. Джейн «қонаққа келсеңдер бір кісімен таныстырамын, ол кісі... былай... деген соң...» .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Бір қалта құрт


Біз, жас талап әдебиет әуесқойлары, талантына табынып, пip тұтатын Қасым ақын қатты сырқат.

Аяулы ақын ағаның өзіміз сүйіп оқитын жалынды төкпе жырлары соңғы кезде газет-журнал беттерінде сирек көрінетін болған. Мереке думандарға, елеулі уақиғаларға лайық келіп басылса, бұрыннан белгілі өлеңдері, бұрын жарық көрген дастандарынан үзінділер басылады, Жаздың сарша тамыз айында көктен жаңбыр тілеп дәметкен дихандарша біз ақыннан бұрын оқылмаған соны, жаңа жыр дәметеміз. Ал жаңа жыр жоқ. Оу, не болды? Бәрін жеңген өжет ақын, сонда, сырқатты жеңе алмай жатқаны ма? Сырқат ит оның қолынан қаламын тартып алып, қайырып бергісі келмей ме? Қасым бар да, елең жоғы — бұл қалай?

Бұрын мен Қасекеңді оқта-текте көшеде керетінмін. Қуана асып-сасып, анадайдан жүгіріп келіп сәлем берем. Хал сұрайды. Өлең қалай, туып жатыр ма дейді. Болды, жетеді маған. Ақын ағаның елеп айтқан екі-үш ауыз лебізі төбемді көкке жеткізеді.

Енді ол да жоқ. Қасым ақын көшеге шыға алмайтын болыпты деген сөз естимін. Ауыр сөз.

Қасекеңді көрейін, көңілін сұрайын деп, үйіне келдім. Жалғыз едім. .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Колхоздан келген қонақ


Есіл оянысымен көзін уқалай түрегеліп, бұрыштағы бала кереуетіне қараса, түнде онымен «жақсы түс көр» айтысып ажырасқан бұйра бас сары қыздың қарасы да жоқ. Көрпе-жастық кешегі күндізгі салтанатында тап-тұйнақтай жиюлы тұр. Есіл шифоньер айнасының алдында шашын өрігі тұрған анасынан:

— Мама, Зина қайда? — деп сұрады.

— Зина балалар бақшасына кетті.

— Қашан кетті?

— Әлгінде, сен ұйықтап жатқанда тұрып кетті.

Бұл хабар Есілге тым жайсыз әсер етті. Ол әлі де ұйқы табы айықпай, құрыстаныңқырап тұрған қабағын шыта түсіп, жабырқау кейіпте отырып қалды. Осы кезде мамасы:

— Ұйқың қанса, түрегел. Киін, — деп еді. Есіл мұны естімегендей, өз уайымын айтып жауап қатты:

— Мен енді кіммен ойнаймын?

— Түрегел. Аулада сен ойнайтын бала табылады.

Есіл тұрып, киіне бастады. Ол мамасымен екеуі Алматыға кеше кешқұрым келген болатын. Мамасы бұдан бұрын да мұнда талай келіп-кетіп жүрген адам. Ал Есіл болса бірінші рет.

Зинамен ол кеше теп-тез үйірсектеніп, екеуі бүкіл кешті тату ойнап, қызықты өткізіп еді. Енді сол серігі ұзақ күнге қасында болмайтынын білген соң Есіл қалай уайымдамасын. Мұндағы балалардан ол басқа ешкімді де танымайды ғой.

Шай үстінде де Есілдің қабағы ашыла қоймады. Мамасы оның көңілім сергітпекші болып:

— Мына әжең сені көшеге алып шығып, қала аралатып көрсетеді. Трамвайға мінгізеді,— деді.

— Ал сен ше? .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Жасырынбақ

Жасырынбақ ойнауды Әбдірахман шығарды. Тұрбек оны дереу қостады. Сыдық та қарсы болған жоқ.

Бірақ екі-екіден одақтасу үшін және бір адам керек.

Шақырып алатын ешкім көрінбес пе екен деп, үш бала қақпадан шығып, төңірекке көз салып тұр. Іштеріндегі ересегі Әбдірахман, бесінші класта оқиды. Дене тұрпаты ұзынтұралау, мінезі адуындау ақ сұр бала.

Тұрбек пен Сыдық екеуі төртіншіде оқиды. Біреу өзі тиіспесе, бұлар ешкімге шатақ іздеп ұрынбайтын басалқалы балалар.

Кешенің арғы бетіндегі өз қораларының үстінде рогаткамен сотқар Алмабек торғай атқылап тұр. Аңдығаны теректердің сонау ұшқары басы. Бірлі-жарым қонған торғай болса, атып тигізе алмай тұр. Басқа теректердің басында қаптап ұшып жүрген торғайлардың әлгі араға жоламауына қарағанда, Алмабек оларды әбден запы етіп, үркітіп бітсе керек.

— Алмабекті шақырсақ қайтеді? — деді Әбдірахман.

— Ой, құрысын. Ол шатақ шығарады, — деп Тұрбек пен Сыдық қабатынан без ете қалды.

Алмабек осы кезде бұларды керіп, айқай салды:

— Ей, неге топталып тұрсыңдар! Тараңдар! Атам!

Алмабектің сырын білетін балалар қақпаны тасалап, жасырына берді. Алмабек айтқанын істеді. Атып еді, тас ызыңдаған бойымен кеп қақпаға тиді.

Үйден Тұрбектің бірінші класта оқитын қарындасы Назым шықты. Екі иығында желбірі бар, жеңсіз көк шұбар көйлек киген, топ-толық қара домалақ қыз. Кезі шешесіне тартып шегірлеу.

— Біреуімізге Назым одақ болсын, — деді Сыдық.

Әбдірахман тыжырынып:

— Мұны қойшы, — деді.

Әңгіме өзі жайында екенін Назым біле қойды да, балалардың қасына келіп:

— Не? Не айтып тұрсыңдар? — деп сұрады.

— Бізбен жасырынбақ ойнайсың ба? — деді ағасы.

.....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Сол бір сапар

Жаз. Біріншіні бітіріп, демалысқа шыққанбыз. Ауданнан жарлық кепті: колхозаралық пионер лагері ашылады. Соған сабақты жақсы оқитын үш бала жібересіңдер. Әрқайсысы өзімен бірге бір пұт үн, бір серке (немесе қой) ала келуі керек. Бұл оның бір aй бойына ішіп-жейтін азығы болады дейді.

Аудан айтты — ауыл үшін заң. Колхоз басшылары мен бізді оқытатын мұғаліміміз абыр-сабыр қам істей бастайды. Қазіргідей емес, артельдің сіңіріне сүрінген кезі. Лагерьге баратын үш бала оңай табылғанмен үш пұт үн, үш серке оңай табыла қоймайды.

Осы барсын, осы барсын деп, арқадан басып таңдаған үш оқушының біреуі мен екем. Қалғаны Ахмет, Садық деген балалар. Жастарымыз шамалас.

Қазіргідей дыр еткізіп жөнелетін машина ол кезде жоқ. Колхозда ат арбаның өзі жетіспейді. Дегенмен колхоз бізді лагерьге жеткізіп салуға бір арбасын береді. Арба айдаушы Базарбай дейтін мінезі күйгелектеу, өзіміздің жамағайын.

Сонымен, аудан айтқан жағдайларды түгел жасап алып, лагерь қайдасың деп жолға шықтық.

Лагерьге бала жіберу ол кезде ел салтына енбеген. Лагерь ол не зат? Онда барған балалар не істейді? Бұны біз түгілі, ата - аналарымыз да жөнді білмейді. Әйтеуір сабақты жақсы оқитын балалар барады деген сөзге қарап, жаман болмаса керек деп топшылайды.

Лагерьдің қандай болатынын кезбен көріп білгенше, біз асығудамыз.

Лагерьдің ашылған жері Құмтекей деп аталатын жазық дала. Бұл арадан елу шақырым шамасы. Арбаға жегілген арық ат бір күнде алып бара алмайды. Ара қонып, ертең жетеміз деген жоспармен шығып келеміз. .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Менің атым Қожа


БІРІНШІ ТАРАУДА

Оқушы шығарманың бас кейіпкерімен, яғни менімен танысады.

Менің атым... Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер. Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп, көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл, өзіңе де ұнамайды-ақ. Әттең, қолдан келсе, табанда өзгертіп, әдемі аттардың бірін иемденіп алар едің. Бірақ амалың нешік, сен қызыл шақа болып жөргекте жатқанда, сондағы ақымақтығыңды пайдаланып, әке-шешең немесе шілдеханаға келіп, дуылдап отырған басқа біреу солай атап жіберген. Өскембайдың баласына Тыңжыртар деп ат қойған секілді, өзге қызу жұрт сол арада ду қостап: «Осы болсын баланың аты, осы болсын, мұнан жақсы атты дүниені шырқ айналсақ та таппаймыз» дескен. Міне, сол күннен, сол мезеттен бастап, әлгі ат сенімен бірге туғандай маңдайыңа шапталған да қалған. Енді одан көзің тіріде қашып құтыла алмайсың. Ұнатпасаң да, мойныңа іліп жүре бересің.

Өмірде осы тәрізді әділетсіздіктер толып жатыр. Жуырда мен газеттен оқыдым: қытайлардың ат қоюы қызық болады екен. Бала бес-алты жасқа толғанша, оның тәуелді аты болмайды. «Ортаншым», «Кенжем», «Сүйіктім», «Жұпарым» деген секілді шартты атаумен атап жүреді. Ал есі кіріп, бес-алты жасқа толғаннан кейін, бала өзіне қандай есім ұнаса, соны таңдап алады. Міне, әділдік деген. Осы дұрыс емес пе?

.....
Әңгімелер
Толық