Эрнест Хемингуэй | Килиманджаро қарлы тау

Килиманджаро - биіктігі 19710 фут, басын мәңгі қар басып жатқан тау, дәлірек айтқанда, Африканың ең биік шыңы. Масай тайпалары оның батыс шыңын "Нгайэ-Нгайэ" деп атайды екен, мұның мағынасы Тәңірдің тұрағы немесе құдайдың қонысы деген сөз. Сол шыңның құзар басында мерт болған қабыланның мұздап қатып-қурап қалған сүйегі жатыр. Осынау қарлы құзға қабыланды не айдап барғанын тірі жан білмейді.

— Бір ғажабы бұл дерт мүлде жаныма батар емес,- деді ол.- Әбден асқынып, меңдегенде ғана білінеді ғой деймін.

— Тіпті еш жерің ауырмай ма?

— Еш жерім ауырмайды. Тек қолқаны ататын мүңкіген иісі демесең. Енді ол жағын кешірерсің. Жүрегіңді айнытып тұрған болар.

— Олай деме, қайтесің олай деп.

— Аналарға қарашы,- деді енді сырқат,- Міне қызық, бұларды қай Құдай айдап әкелді? Құр тамашалау үшін қалықтап жүр ме екен, әлде иісті сезді ме екен бұл жыртқыштар.

Ол жатқан кереует қалың жапырақты мимозаның саясында тұрған еді. Осыдан күн нұрына шомылған жазықты кеңірек шолып әрі қарай көз жіберді де, ол анадай жерде қоқиланып жүрген үш құзғын құсты көрді, ал енді бірнешеуі аспанда қалықтап жүрді де қойды. Олардың тек жерге түскен көлеңкелері ғана тез-тез зымырағандай. - Машина бұзылған күннен бері олар сумаңдап осы маңнан кетпей қойды, - деді ауру. Бүгін бұл құзғындар бір нәрсені сезгендей жерге жалпиып-жалпиып қонып алған. - Алғашында мен болашақ әңгімелерімнің бір жеріне қыстырып жіберуіме септігі тие ме деген оймен олардың бар әрекетін бақылаумен болған едім. Бақсам, олай ойлауымның өзі ағаттық екен. .....
Әңгімелер
Толық

Эрнест Хемингуэй | Шал мен теңіз

Шал Гольфстримге қайығымен бір өзі ғана шығып жүрді. Міне, сексен төрт күн болды, теңізге күнде шығады, бірақ қармағына әлі де ештеңе іліккен жоқ. Бастапқы бір жарым айдай уақыт бойында бұған бір бала серік болған еді. Күн өте берді, қолға балық түспеді, содан соң баланың ата-анасы күдер үзіп, бұл шалды "жолын қырсық шалған сорлы-бейбақ" десіп, балаға енді басқа қайыққа ауыс деп әмір еткен-ді. Басқа қайыққа барғанда баланың жолы болып, серігі мен екеуі алғашқы аптаның ішінде-ақ үш ірі жайын ұстаған-ды. Шалдың жағаға күнде құр алақан оралғанын көргенде, бала оны қатты аяп, жаны ашитын; балықшының багор, гарпун секілді құрал-саймандарын, қайық үстіне құратын желкенін қарияның үйіне көтерісіп жеткізіп салу үшін ылғи алдынан шығатын-ды. Қарттың қайығының үстінде шиыршықталып жататын, он бойына кенеп жамау жапсырылған қырық сұрақ желкен — бейне тас-талқаны шыққан жасақтың құлаған туы сияқтанып елестейтін көзге.

Шал — титықтаған арық кісі еді; маңдайы, мойыны арса-арса; бетіне күрең-қоңыр дақтар түсіп, өңі шұбар тартқан, мұндай дақтар ыстық жақтардағы теңіз бетіне түскен күн сәулесінің адамның өңіне шағылысуынан пайда болады......
Әңгімелер
Толық